Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 1345 5 пікір 19 Тамыз, 2024 сағат 18:18

Сәтжановтың сәтсіз қадамы

Сурет Бахтияр Тайжанның желідегі парақшасынан алынды

Бокс - Қазақстанның нөмірі бірінші спорт еді. КСРО кезінде де солай болған. 1984 жылы Ташкентте өткен КСРО чемпионатында төрт қазақ чемпиондық тәж кигенде ұлты өзбек боксшылар босаға сығалап қалған.

Қазақстан өз алдына егемен ел болғанда да Туымыз жығылмаған еді. Атлантадан бері алтынсыз қайтып көргеніміз жоқ.

Тұңғыш рет Токио олимпиадасынан алтынсыз қайттық. Сол кездегі Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов еді.

Қазақ боксының қолын алтынға жеткізе алмаған Сәтжанов қайтадан бас бапкер болып сайланды. Өзбекстанның даңқты құрамасының бас бапкері, Парижде бәске қойылған алтындарды қидай сыпырып алған Толқын Қылышев «Қазақстанда менен де тәжірибелі, тегеурінді бапкер көп» дейді.

Қайдан-ау деп қалдық.

Токиода алтыннан салым сала алмаған Сәтжановтың әттеген-айы, бас бапкер болса сала бұрынғы әріптесінің адресіне ауырлау сөздер айтты.

«Дұрыс, кешенді жоспар түзе алмаған. Басқа командалармен тиісінше оқу-жаттығу жиынына өткізбеген» деген сияқты.

Ауыр айып. Өткенде жазып едім. Айтжановтың адвокаты емеспін деп. Бірақ, әділеттен аттамау керек.

Парижде қазақ боксшыларының жеңісі ұрланғанын әлем көрді. Сәкен Бибосыновтың Хасанбой Дусматовты жеңгенін әлем эксперттері растады. Махмұд үш раунд толастамай ұрды. Кепе-көрнеу бермеді жеңісін. Жиырма секунд қалғанда есіл ер оң қолын сілтеп, жүрегі ыза, өкініштен жарылардай болып рингтан кетті.

Кінә Айтжановта емес еді. Қазақ спортының басында тұрған ағаларының арашаға тұрар абыройы жоқтығынан еді. Министр Аманша Ақпаев, Темірхан Досмұхамедовтер сол қарау төрешілердің кеңірдегін жұлып, қолында өлер еді.

Спорт функционерлері жауды тез тапты.

Кінә-Айтжановта екен. Парижде күн-түн ұйқы көрмей, көзінің асты ісіп кеткен, ауыр уайымнан жүзі қарайған, өкініштен өзегі өртенген ерді осылай оққа байлап құтылдық.

Бұл-саботаж. Қазақ боксына жасалған қастандық.

Бокс федерациясының қабылдаған шешімдерінің ішінде бас бапкердің құрамада шәкірті болмау керек екен. Күлкілі әрі өте аянышты. Бұл дегеніңіз, қазақ боксының дамуына түк те пайда бермеген, бірақ атақты классик Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» өзгеге кінә артудан, жамандаудан алдына жан салмайтын Қара қатындардың құрамаға келуіне тікелей жол ашу ғой.

Лондон олимпиадасында Юрий Цхай айтқан. Әлемдік бокс қауымдастығы біздің Данияр Елеусіновқа қатты таң қалыпты. «Бокс-қан төбелеске айналып кетіп еді. Елеусінов-хас өнер шыңына жеткізген қайталанбас тұлға» депті.

Сәкен Бибосыновты да осы қатарға жатқызар едік. Бойында бокстың бар кереметі бар. Яғни, бұл да оның ұстазы Мырзағали сияқты жігіттердің құрама басшылығына келуіне жабылған қақпа.

Сәтжановпен алты аласы, бес бересіміз жоқ. Оның даңқты шәкірттері деп біреулер Рүстем Іргебаевты, Мақсат Бақтыбазаров пен Бауыржан Қайырменовті айтыпты. Алматыда «Жас Алашта» қызметте жүргенде Асқарбек Ғазизовпен қатты сыйластық. Өз ісінің фанаты еді. Аягөзден бір шоғыр талантты боксшылар шығарды. Бұл жігіттер туралы талай жаздым. Бәрі Ғазизовтің шәкіртіміз дер еді. Ринг бұрышында Асекеңнің сөмкесін көтеріп бір жігіттер жүрер еді. Мүмкін, солардың бірі. Қателессем, кешірім сұраймын.

Бірақ, Әлемдік санаттағы боксшы дайындай алмаған, яғни, шеберлігі жетпейтін бапкердің ұлттық құрамаға шақырылуына үзілді-кесілді қарсымыз. Бокстың нағыз жанкүйерлері солай оайлайды деп сенемін.

Мырзағалиға оппоненттері тағатын ауыр айыптардың бірі-боксшыларымыздың физикалық тұрғыдан әлсіздігі, яғни шаршап қалуы. Бұл әлдебіреулердің қалқан құлаққа ілген лапшасы.

Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхамедсабыр Базарбайұлы және ағайынды Оралбайлар бес раундқа қауһары жететін боксшылар екенін көрсетті.

Сондықтан, лақпа әңгіменің жетегіне ермеңіздер. Әлемдегі мықты құрамалармен бірлескен оқу-жаттығу жиындары жиі өтті. Яғни, бұл айып та қате.

Мырзағали Айтжанов Куба, Өзбекстан құрамаларымен бірге өткізген оқу-жаттығу кезінде саптың орта шенінде тұрған атақты Хулио Сезар ла Крузды, олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарын қалауынша ұтқан дарабозды жетелеп алға шығарып, саптың ең алдына қойды.

- Бұл - бокстағы ақсақалдарыңыз,-деді. - Даңқты боксшының және жасы үлкен азаматтың орны қашанда төр. Сендерге де осындай құрмет тілеймін,-деді.

Бүгінде екінші Олимпиада ойындарының жеңімпазы болған Баһадүр Жалолов бастап қазақ бапкерінің кесігіне ұзақ қол соқты.

Қазақ боксының жақсы жанкүйері ретінде айтарым, біз де талай әлем чемпионының томағасын сыпырған, әлемдегі үздік бапкер атағын бір емес екі рет алған даңқы азаматымыз Мырзағали Айтжановқа лайықты құрмет көрсетуіміз керек. Енді қазақ боксын абыройсыздықтан құтқарып алатын бір жол бар.

Мен білетін Мырзағали сәйгүлікке зәру емес. Шапаны да жетеді. Жетпей тұрғаны көңіл. Азаматты ардақтау. Бұл әлгілерді қойғанда Қазақстан Үкіметіне сын. Пайдаланып болған соң күресінге тастай салатын әлемдік санаттағы бапкеріміз көп емес.

Әлі де кеш емес. Мемлекет тарапынан еңбегі бағаланып, ат міңгізіп, шапан жапса қалың жанкүйердің өкпесі тарайды. Ұлттық идеологиямыз қайта қалғып кетпейді. Ерлан Карин бастаған идологтарымыздың бас көтеретін жері осы. Батырларымызды жерге жыға берсек рухсыздыққа ұрынамыз. Онсызда жоғалтқанымыз көп. Ал, Сәтжанов сәттілік серік болсын!

Бахияр Тайжанның желідегі жазбасы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1433
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5114