Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 2699 2 пікір 21 Тамыз, 2024 сағат 13:10

Алаштың біртуар азаматы - Халел Досмұхамедов

Көрнекілік сурет termincom.kz сайтынан алынды

Халел Досмұхамедов (1883-1937) – Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым-дәрігер, тарихшы, этнограф, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, әдебиетші, педагог, табиғаттанушы және ағартушы.

Ол Қазақстандағы денсаулық сақтау, жоғары мектеп пен баспа ісінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі. Жарияланған 70-тен аса еңбегінің 20-сы оқулықтар. Санкт-Петербургтің әскери-медициналық академиясын алтынмен бітірген.

Халел Досмұхамедов кәсіби қызметімен бірге қазақ зиялыларының қалыптасуына белсенді атсалысты. 1917 ж. Орынборда өткен Қазақ-қырғыз автономиясын жариялаған Тұңғыш жалпықазақ съезіне төрағалық етеді. Бұл құрылтай «Алаш» ұлттық партиясының қозғалысқа айналуының бастамасы болды. Ол Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланды. Алашорда тарағаннан кейін, басқа да қазақ зиялылары секілді, Халел Досмұхамедов те жаңа өкіметтің жұмысына тартылды.

Халел Досмұхамедовтің авторлығымен және жетекшілігімен оқулықтар, қазақ мектептері үшін оқу құралдары жазылды, мектеп бағдарламалары жасалып, ғылыми терминология құрастырылды.

1922 жал Халел Досмұхамедов Түркістан өлкелік денсаулық сақтау Наркомында оба індетімен күрес бойынша орталық комиссияны, Қазақ КСР денсаулық сақтау ұлттық комиссариатында емдеу-санитарлық ісін басқарды. Денсаулық сақтау комиссариатына жұмысқа кіріспес бұрын ол қазақ медициналық мамандарының дайындығына ерекше көңіл бөлді.

1927 жыл Қазақ мемлекеттік университетін құру бойынша комиссия төрағасы болады. 1930 ж. Х. Досмұхамедовті ҚазМУ профессоры етіп таңдап алады. Ғылым академиясы жанындағы Өлкетану орталық бюросының корреспондент мүшесі, Қазақ зерттеу қоғамының мүшесі болды.

Халел Досмұхаметұлы ғылыми-шығармашылық және оқу-ағарту, баспагерлік, ұстаздық жолында мерзімді баспасөз беттеріне  қоғам алдындағы өзекті мәселелер туралы мақалаларды тартынбай, адал көңіл, шын ниетімен өте көп жазады. Әсіресе, жаратылыстану және табиғаттану, зоология, анатомия, биология, гигиена, медицина пәндерінен оқу құралдары мен бағдарламалар т.б. жасауда Қазақстан түгіл Орта Азияда алғашқылардың бірі болып тиісті ғылыми терминдерді қалыптастырды, қолданды.

Мәселе, ол аталымдардың дұрысы, бұрысында емес, ең маңыздысы  болашақ зерттеулер мен оқулықтарға мықты іргетас, бағдар жасауда. Әрі оның бәрін ғалым Еуропа, әлемдік деңгейде басталып, үдей дамып жүріп жатқан  қоғамдық сана мен жаратылыстану  ғылымдарының жетістіктерін ескере отыра қолға алды.

1930 жылы «Алаш Орда ұлттық ұйымы» ісі бойынша тұтқындалып, 1932 жылы 5 жылға Воронежге жер аударылады. Ол жерде Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі ретінде жұмысын жалғастырады.

1938 ж. Халел Досмұхамедов екінші рет тұтқындалып, әуелі Мәскеу, кейін Алматыға жіберіледі. Ал 1939 ж. ату жазасына кесіледі. Алайда кассациялық шағым бергендіктен ісі қайта қаралады. Содан көп ұзамай 1939 жылдың 19 тамызында өкпе ауруынан Алматы абақтысының ауруханасында қайтыс болады.

1958 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып, ақталды. Әділетіне жүгінсек, тәуелсіз ел тұғырының тұрлаулы болуы үшін жан аямай еңбек еткен Халел Досмұхамедов сынды біртуар азаматтардың рухын еске алып, есімін қастерлеу әрі оның қай­рат­керлік тұлғасын ұлықтау бәрі­мізге ортақ парыз болуға тиісті.

Бағлан Ташимов

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984