Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Тарих 5128 17 пікір 29 Тамыз, 2024 сағат 14:04

Ата тарих өзі сөйлесін

Суреттер: urker.kazgazeta.kz және madeniportal.kz сайттарынан алынды.

                                                І

Сан ғасыр қойнауындағы тарихты жаратушы да, таратушы да қара ормандай қасиетті халық. Тарихы жоқ халық дүниеде болған емес. Қай халықтың тарихы, шежіресі болсын, оның сан ғасырғы бастан кешірген қым-қуыт, күрделі, бұраң жолдарымен байланысты туып және дамып, адамзаттың даңқты мәдениет қазынасынан енші алып, әр дәуірдің ұзақ керуен жолы тарих болып таңбаланып бізге жетіп отырған. Сол халық парасатының жауһары болған тарихты жинау, реттеу, зерттеу жұмысы әрқандай көзі ашық, көкірегі ояу жер басып жүрген азаматтардың мойнындағы киелі міндеті, ата-бабаларымыздың соңғы ұрпақтарға қалдырған аманаты.

Қазақ халқынан шыққан ғұламалардың бірі Төле би Әлібекұлы «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген екен. Сол тарихы тасқа жазылған ұлттардың бірі – қазақ халқы.

Қазақ ұлты – сан ғасырды бастан кешірген, тарихы ұзақ, дүние мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан ежелгі мәдениетті халықтардың бірі. Әлемде жалпы 15 миллионнан астам жан саны бар қазақ халқы бүгінгі күнi 40 неше мемлекетке бытырай қоныстанған. 2005 жылдың басындағы санаққа қарағанда Қазақстанда 8 миллион 720 мың, Өзбекстанда бір миллион 500 мың, Қытaйда бір миллион 296 мың, Моңғолияда 157 мың, Түркіменстанда 90 мың, Ауғанстанда 44 мың, Қырғызстанда 40 мың, Түркияда 30 мың, Украинада 15 мың, Иранда 15 мың, Тәжікстанда 12 мың, АҚШ-та 10 мың, Ресейде 680 мың, Германияда 7 мың, Белоруссияда 5 мың, Канадада 5 мың, Францияда 4 мың, Грузияда 3 мың, Әзербайжанда 3 мың, Молдовияда 3 мың, Литвада 2 мың, Аястанда мың, Эстонияда мың, Пәкістанда 3 мың, Англияда 2 мың, Швецияда мың, Австралияда 900, Сауда Арабияда 800, Австрияда 600, Аргентинада 400, Индияда 300 қазақ жан саны тұрады («Алтын бесік» журналы, 2005 жыл, 4-сан, Қазақстан).

Қазақ халқы ерте замандағы Орта Азияны мекен еткен түркі тілдес ру-тайпа, ұлыстармен ұзақ уақыт бірге жасасып, қоғам дамуы арқылы өз алдына дербес халық болғандығын тарихи шындықтар дәлелдейді. Қазақ ұлтының арғы тегіне қатысы бар тайпалар мен ұлыстардан Сақ, Ұлы иүзі (Ұлы жүз), Үйсін, Қаңлы, Алан және Ғұн тайпаларын атауға болады. Бұл тайпалар мен ұлыстар қазақтың өсіп-өрбуіне ерекше рөл ойнап, ұлт болып қалыптасуына алтын бесік болған түп аталарымыз деуге әбден болады. Жоғарыдағы тайпа, ұлыстармен байланыстыра қазақтың арғы тегін зерттеу көне тарихи кітаптар мен археологиялық қазбалар, қазақ даласынан табылған жартас суреттері бізге көп тарихтың көмескі көздерін ашып, дәлел көрсетіп бере алады.

Қазақ тарихын зерттеуде заманнан-заман бірге жасасып келген түрік тектес халықтардың тарихымен біте қайнасып кеткен. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазулар Түркі тектес ұлттарға ортақ мәдени мұра, аса құнды материал болып тарих сөйлеген тастар бізге есте жоқ ескі заманнан сыр шертеді. Олай болса қазақ тануды Түркі тектес халықтармен бірлестіре зерттеу керек екендігін тасқа ойылып жазылған дастандар мен қазақ эпосының арғы тамырластығынан байқауға да болады.

Қытайде қазақ тарихын зерттеу жұмысы жаңа Қытaй құрылғаннан кейін ғана жүйелі қолға алынды. Бұл салада Қытaй қазағынан шыққан әйгілі тарих ғалымы, тұңғыш оқымысты Нығымет Мыңжани қазақтың тарихы мен шежіресін, мәдениетін, тіл-жазуын, этнографиясын зерттеу жолында қыруар еңбек етті. Оның азаттықтың алғашқы мезгіліндегі қытайша басылым көрген «Қазақ тарихының дерегі» (1948 жыл) атты кітабы туысқан ұлттардың қазақ ұлтын тануға тыңнан жол ашты. Қазақ тануға қатысты үлкен кітаптардан Нығымет Мыңжани жазған «Қазақтың қысқаша тарихы» (1986 жыл), Жақып Мырзахановтың «Қазақ ұлты» (қытай тілінде), «Тарихи-этнографиялық зерттеулер» (1990 жыл), «Қазақ халқы және оның салт-санасы» (1992 жыл), Жақып Жүнісұлының «Қазақтың тегі және қалыптасуы» (1994 жыл) қатарлылар Қытайдағы қазақтанудың алғашқы оқулықтары болды. Содан кейін қазақтанушы Қытайдың әйгілі ғалымы Су Бейхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» (2005 жыл), Жақып Мырзаханов қатарлылар жазған «Қазақ мәдениетінің айдыны» (2006 жыл), Ясын Құмарұлының «Алыстағы атамұра», «Қазақ салт-дәстүрі», Айып Нүсіпоқасұлының «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» тағы басқа көлемді ғылыми кітаптар қазақтану тарихын тіпті тереңдете түсті. Сол Қазақ тану ғылымының бір тармағы – қазақ халқының ата тек шежіресі болып табылады. «Шежіре бүкіл халықты, атап айтсақ, тұтас Қазақты бір қазыққа байлайды, бұл – түбің, тегің бір деген сөз» («Қыстық руының шежіресі», Алматы, «Дәуір» баспасы, 2004 жылы, 4-бет).

ІІ

Қазақ халқының тарихының бір тармағы болған шежіренің өзі де атадан-балаға жалғасқан тарих. Олай болса шежіре деген не?

Шежіре – халықтың шығу тегін, қоныстанып таралуын, өсіп-өрбуін, елеулі oқиғаларын, хан, сұлтан, билерін, ақын-жырау, батырларын, таңба, ұрандарын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрыптарын, даму кезеңдерін т.б. жақтан баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы болып табылады.

Заманнан-заманға жалғасып келе жатқан халқымыздың ататек шежіресіне зер салар болсақ, оның түп-тамырының тым арыда жатқанын байқауға болады. Мысалы, «Алаш», «Жүз», «Қазақ» деген атаулар қалай қалыптасты, осы атаулардың шығу тегі туралы тарих ғалымдарымыз бен майталман шежірешілер өздерінің түрлі көзқарастарын айтып келеді. Бұл атаулардың шығу тегі туралы көбінесе шежірелік деректер мен халық арасында айтылып жүрген аңыздар негізінде баяндалып нақты дәп басып айтатын жазба дерек қалмаған.

Қазақ халқы арасына кең таралған тарихи аңызда «Қазақ», «Алаш», «Үш жүз» деген сөздердің шығу төркіні туралы былай баяндалады.

Сыр бойында 32 рулы елді билеген Қызыл арыстан деген хан болыпты. Ханның әйелі үсті-басы түгел ала бір ұл туады. Мұны жаман ырымға жорыған хан баласын Сырдарияның суына тастатып жібереді. Балық аулап жүрген бір кедей қария Сырдарияға ағып бара жатқан баланы құтқарып алып, бағып алады. Бала ержете келе ержүрек батыр болып, елге «Алаш» деген атпен таныла бастайды. Мұны естіген хан оны ордасына әкелмек болады. Бұған ханның қасындағы қарашылары Қотанбай мен Майқы би ала баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт қосып беріп, өз еркіне қоя беру керек деген кеңес береді. Хан бұған мақұлдық береді. Сонымен Қотанбайдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігіт Алашқа барып қосылады, келесі жылы Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігіт барып қосылады, үшінші жылы Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігіт барып қосылады. Осы үш жүз жігіт ешкімге бағынбай Алашқа еріп, ерлік жорықтар жасап көрші елдерді бағындырады. Сонымен «Қазақ» аталады, кейін бұлар бас қосып Алашты ақ киізге отырғызып хан сайлайды. Ел мұны «Алашахан» деп атайды. (Нығымет Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», «Шынжаң халық баспасы», 1991 жыл, ақпан, 2-басылуы, 28-бет).

Бұл туралы Қазақ халық арасында айтылатын:

«Алаш – Алаш болғанда,
Алатай ат болғанда.
Таңбасыз тай,
Енсіз қой болғанда.
Алаша хан болғанда ...»  – дейтін сөздер алғашқы қауымдық қоғамның хан сайлау қимылын аңғартса керек.

«Қотанбайдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігітке (Ұлы жүз) Сырдарияның басындағы жерлер; Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігітке (Орта жүз) Сырдарияның орта өңіріндегі жерлер; Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігітке (Кіші жүз) Сырдарияның төменгі сағасындағы жерлер беріледі. Қазақ қауымы өз еркімен Алашқа барып бас қосқан осы үш жүз жігіттен таралыпты» («Қазақтың қысқаша тарихы», 29-бет).

Қазақтар арасында қазірге дейін айтылып келе жатқан «Атамыз – Алаш, атымыз – қазақ, үш жүздің ұрпағымыз» деген сөзі қазақ шежірелерінің басы Алаштан басталатындығын түсіндіреді.

«Ханнама Батыс өңір шежіресінде»: «Үйсін елінің түтіні 120 мың, халқы 630 мың, әскері 188 мың 800» деген дерек жазылған. Осы Үйсін елі заманымыздан бұрынғы I-II ғасырлардан бастап Қытaйдың Батыс солтүстік өңірінде хандық құрған, ұлы «Жібек жолын» ашуда көрнекті рoл атқарған, тарихта ықпалы күшті ел екенін тарихи жазбалар бізге жеткізіп отыр.

Ал, ендігі ел аузында айтылған бір аңыздарда Орманбет би қайтыс болып, он санды Ноғайлы елі бөлінгенде Майқы қазақ ұлыстарын құрған ел басы ретінде айтылады. Ол Қызыл арыстанның тоқалынан туған баласы Ахметті (Алашахан) ұлықтауда үш жүздің ханы етіп сайлайды. Осы ұлыстағы бірінші туды ұстаған Үйсінге «Жалау», ортадағы Арғынға «Көз», жауға ең алдымен шабатын Алшынға «Найза» таңбасын сыйлапты. Майқы би қырық рудың таңбасын жартасқа ойдырып жаздырыпты. Майқы таңбасы ойылған таңбалы тас сол заманнан белгі болып қалып, жер атымен «Нұра таңбасы» деп аталыпты дейді.

Майқы би ақылды, білгір, шебер ел басы болумен бірге тіліне сөз асылы ұйыған шешен кісі екен. Сол дәуірде шешендікке келгенде Майқыдан өтетін қазақ болмаған. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз қазірге дейін ел есінде сақталған. Майқы би туралы кейбір ғалымдар тарихи деректерге негізделе отырып «Майқы би Шыңғысханмен замандас болуы мүмкін» деген меже айтса, Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресінің бір жерінде: «Шыңғысхан ұлы қаған болғанда тап басы, бектерге ұран, құс, ағаш таңба беріпті. Сонда ұлы жүздің Yйсін Майқы биіне: «Ұраның салауат, құсың бүркіт, ағашың қара ағаш, таңбаң сүргі болсын», – деп жазылыпты. Ендігі бір деректе Майқы би XIII ғасырдағы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының жорығында Моңғол әскерлерінің оң қанатын басқарған делінеді.

Абай Құнанбайұлы «Майқы би Шыңғысты хан көтерген он екі бидің бірі, шежіре деректері бойынша Ақарыстан (Ұлы жүздің арғы атасы) Ұзынсақал Ыбырайым, одан кейін Он би, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекірейіл тарайды» («Қазақ совет энциклопедиясы», 7-том, 384-бет.) деген.

Ал кей Қазақ шежірешілерінің айтуына қарағанда Ұлы жүз Ақарыстан (Байшора) – Ұзынсақал Ыбырайым (Жұмабай), Ыбырайымнан – Күрті, Күртіден – Кейкі, Кейкіден – Төбе би, Төбе биден – Құйылдыр, Қоғам, Мекрейіл, Майқы қатарлы төрт ұл тарайды. Бұл екі шежіренің таратылуына зер сала қарасақ, кейбір адам аттары ұқсамағанымен негізгі жақтан бір-біріне жақын келеді. Көптеген шежірешілер Майқыны Ұлы жүз Ақарыстан таратып келеді. Осыған қарағанда Майқы Ұлы жүздің Үйсіннен тарағаны шындыққа жанасымды деп қарауға болады.

XIX ғасырда өмір сүрген қазақтың Орта жүзінен шыққан атақты Естай ақыннан қалған Майқы би туралы айтылған мына өлеңге назар салайық:

Жол салған өткен күнде Майқы атамыз,
Осыдан үлгі алмаған қайсы атамыз.
Екенбіз бұдан бұрын басқа дінде,
Бұлтарып оның несін тайсатамыз.
«Қазы-ақ» деп хазірет Ешен есім берген,
Емес қой бұл оңай іс байқасаңыз.
«Қазы» деп атақ беру себебі не?
Мәнісін төменде ашып тарқатамыз:
Алыпты үш жүз жасақ алты арыстан,
Болжапты елін қорғап жауды алыстан.
«Ақтабан шұбырынды» жаугерлікпен,
Баласы алты арыстың сырға ауысқан.
Жасағы қаһармандай жауынгер боп,
Ысқырса қалмайды екен бір дауыстан.
Еліне үш жүз жасақ жиған Майқы,
Бұзықты содырменен тыйған Майқы.
Шығарып құнға кесік, жесірге жол,
Қазылық осылайша қылған Майқы.
Ұлғайып үш жүз жасақ неше мың боп,
Қалмақты кейін қарай қуған Майқы, – деген шумақтардан Майқы бидің қазақтың қамқор ел биі, бар қазақ үлгі тұтарлық әйгілі ел иесі екені айтылады.

Деректі аңыздарда айтылуынша, Майқының «Жеті жарғысы» (жарлық) қазақтар Сыр бойына барып ірге тепкеннен кейін, алты арысты үш жүзге бөліп, ту көтеріп «Жеті жарғыны» жариялағаны айтылады. Осыған қарағанда Майқы өз дәуірінде қазақтар өміріне елеулі өзгеріс жасаған, қазақты ең алғаш үш жүзге бөлуші, «Жеті жарғының» ең алғашқы негізін қалаушы, сахара мәдениетін көркейтуші, алты арыстың белді көсемі екенін аңғаруға болады.

Мақаламызда қазақ шежіресінің басы Алаштан басталады дегенді айтқанбыз. Сол «Алаш шежіресінің» бірінде: «Алаш – Киік ханның баласы, ол VI ғасырда жасаған. Мөлшермен 530 жылы туып, 610 жылдары 80 жыл жасап дүние салған. Бұл бұрынғы Yйсін тайпасының кейінгі ұрпақтары» («Қазақ шежіресі» «Шынжаң жастар-өрендер» баспасы, 1996 жыл, желтоқсан, 287-бет.) делінген.

Ғалым Телқожа Жанұзақов қазақ атауы туралы «Кавказдағы түрік тайпалары құрамында VI ғасырдан бастап жалпы есім және ұлт ретінде кездескен» («Қазақ деген сөз қайдан шыққан», «Жұлдыз» журналы, 1983 жыл, 3-сан) дейді. «Алаш шежіресі» мен Телқожа Жанұзақовтың баяндауында, Алаштың тарих сахнасынан көрiнуi мен қазақтың ұлт ретінде танылуы VI ғасырда екенін көруге болады.

1994 жылы Өзбекстанда басылған Зайыр Садыбековтың «Қазақ шежіресі» атты кітабында: «Әлімбай (Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында өткен атақты шежіреші) ақсалдың айтуынша, «Алаш» атауы (одағы) Сары Үйсіндердің билік құрған дәуірінде пайда болған. Ол – «Дешті Қыпшақ», «Қазақ» деген атаудан бұрын шыққан. Ертеде Сары Үйсіндер Іле мен Шу өзендерінің аралығындағы кең-байтақ жерді мекендеген белді тайпа болатын. «Алаш» солардың бір кездегі билеушісінің аты – ел ұраны, Сары Үйсіндер үстемдік дәрежеге көтерілгенде, оған тәуелді болған Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Оғыз (Сегіз Оғыз, Тоғыз Оғыз), Арғын (Қарлық), Алшын (қара қырғыз) тайпалары Алаш туы астында бас қосқан. Алғашында олар «Алты ел алаш», «Алты алаш» деп атанып жүріп, соңында «Алаш» деген қауымдық атқа ие болған» («Іле газеті», 2006 жыл, 21 қазан) дегенді айтады. Ол тағы да осы кітабында: «Алты алаш» және оның қазіргі ұрпақтарын былай таратады:

«1. Үйсін – 10 тайпа (ру): Ошақты, Шапырашты, Ысты, Сіргелі, Шақшам, Сары Үйсін, Албан, Суан, Дулат, Жалайыр.

2. Қаңлы – 2 тайпа (ру): Қаңлы, Шаншықылы.

3. Оғыз – 4 тайпа (ру): Найман, Керей, Уақ, Қоңырат.

4. Қыпшақ – 1 тайпа (ру): Қыпшақ.

5. Арғын (Қарлық) – 1 тайпа (ру): Арғын.

6. Алшын (Қара қырғыз) – 25 тайпа (ру): Адай, Таз, Есентемір, Ыстық, Байпақты, Масқар, Алаша, Тана, Серкеш, Алтын, Жапбас, Беріш, бұлар «12 Атабайұлы» атанады. Кете, Шөмкей, Төртқара, Қарасақал, Қаракесек, Шекті, бұлар «Әлімұлы» атанады. Тама, Табын, Тілеу, Рамадан, Жағалбайлы, Кердері, Керейіт, бұлар «Жеті ру» атанады» («Іле газеті», 2006 жыл, 21 қазан).

Осы шежірелік таралым бойынша «Алты алаш» және оның қазіргі ұрпақтары 43 тайпа (ру) екенін көруге болады. Міне, бұл қазіргі жазылған қазақ шежірелері ішінде бір жаңалық деуге болады. Десе де шежіреші «Алты алаш» және оның қазіргі ұрпақтарын 43 тайпа (ру) ретінде алты топқа бөлуі қандай ғылыми негізбен бөлінді, дәлел, факт келтіріп ашып түсіндірмеген.

Қазіргі ел арасында жиналған қазақ шежірелерінде баяндалған «Алаш», «Жүз», «Қазақ» туралы атаулардың шығу тегі бірден-бірге жалғасып әр алуан айтылымда бізге жеткені анық. «Алаш», «Жүз», «Қазақ» деген атаулар өзара тығыз байланысты болса да «Алаш» пен «Жүзді» өзара шатастыруға болмайды. Алаш – қазақ билеушінің аты, үш жүзді – қазақ халқын құраған, үш өңірдегі бірнеше тайпадан құралған жеке-жеке бірлестік деп түсінген жөн.

«Үш жүз» қазақ халқы сан ғасырлық тар жол, тайғақ кешулерді, күрделі жолдарды басу барысында қалыптасқан ат деуге болады. Ғалымдар «Жүз» ойрат тілінде тұтас нәрсенің бөлігі деген ұғым білдіреді десе, енді біреулері «Жүз» көне түрік тіліндегі «Дүз» (дала) деген сөзден шыққан дегенді айтады.

Кейбір зерттеушілеріміз Yш жүздің келіп шығуын Оғыз хан дәуірімен байланыстырады. Мысалы, «Оғыз ханның дәуірі, Сырдария жағасын қоныстанған Оғыз – Қыпшақ арасында екі күшті тайпа жасаған. Оның біреуін – Yш оқ, екіншісін – Боз оқ деп атаған. Қазақтар өзінің арғы тегін Yш оқ деп санайды. Қазақтың үш жүзге бөлінуі де осыдан шыққан.» («Асыл арналар», «Ұлттар баспасы», 1990 жыл, маусым, 272-бет).

Ендігі бір деректер «Оғыз ханның алты ұлынан тараған ұрпақтары көп еді. Күн хан оларды 24 тайпаға бөлді. Оларды екі-екіден бір ордаға бағындырып, 12 аймақ ел жасады. Бұл он екісінен тараған тайпаларды «Жүздік» деп атады. Қазақтың «Үш жүзі» осы кезде шыға бастады» («Асыл арналар», «Ұлттар баспасы», 1990 жыл, маусым, 274-бет) дегенді айтады.

Әйгілі әдебиетші Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты кітабында: «Ғалым Бижуріннің айтуынша, біздің дәуіріміздің 635 жылында қазіргі қазақ даласында, түрік тілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермеген шығыс шапқыншыларына қарсы үш орда құрған:

1. Үйсін жерінде – Ұлы орда.

2. Есіл Ертіс бойында – Орта орда.

3. Балқаштан Каспийге дейін Кіші орда болып топтасқан. Қазақ жүздері осы үш ордадан басталған. Мен осыған бейіммін» («Іле газеті», 2006 жыл, 21-қазан) дейді.

«Жүз» тарихы қазірге дейін нақты зерттелмеген. Көптеген ғалымдар дерек көздері мен тарихи аңыздарға негізделе отырып қазақты Yш жүзге бөлген Майқы би деп қарайды. Бұл көзқарас шындық негізінде шығарылған тұжырым деуге болады. Қазақ халқы арасында таралған тарихи аңыздар мен шежірелік деректердің басым көбі Yш жүзді бөлген Майқы би ретінде айтылуы осы көзқарастың дәлелі болса керек.

Ертеден айтылып келе жатқан қазақ шежірелерінде үш жүзді қазақтың үш баласы – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп таратып келеді. Ал қазақтың арғы атасы Алаш, Алаштан қазақ туған деп қарайды. Ақарысты Ұлы жүз деп атаған, одан Үйсін, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Сары Үйсін (Түркеш), Жалайыр, Шапырашты, Ошақты, Шанышқылы, Қатаған қатарлы тайпаларды таратады. Жанарыстың тұқымы Орта жүз деп аталады, одан Арғын, Найман, Керей, Уақ, Қоңырат, Қыпшақ қатарлы тайпалардан таралады. Бекарыстың тұқымы Кіші жүз деп аталады, одан: Алшынды, Алшыннан Әлімұлы, Байұлы, Жеті ру деп таратылады. Осы Yш жүз жалпы қазақ халқын құрап, тарихта қазақ деген ұлт атымен танылған.

Әйгілі қазақтанушы қытай ғалымы Су Бейхай қазақ ұлты туралы: «Бір қыдыру адамдар қазақ атауы XV ғасырда ғана қалыптасқан деп қарайды, амалиятта бұл – тарихи шындыққа жанаспайтын жаңсақ ұғым. Таң патшалығы тарихында Қазақ атауы Каса, Хаса немесе Аса түрінде аталды. Мысалы, «Таң патшалығының жаңа тарихы Парсы тарауында»: Парсылар шығыс жақта Тохар, Қаңлылармен шекаралас, олардың солтүстік жағында Түркілердің Каса ұлысы тұрады деп жазылған. Хұң Жұн «Юан патшалығы тарихындағы аудармаларға қосымша» атты кітабында: Tүркілер мейлінше күшейген кезде, ... батыс жағындағыларды Хаса, яғни Каса деп атады, олар Каспий теңізі мен Қара теңізінің солтүстігін мекендеп, сол арада тұрады», – дейді. Мұнан VII ғасырдан бастап қазақ деген аттың Қытай тарихи кітаптарынан орын алғанын анық көруге болады» (Су Бейхай «Қазақ мәдинетінің тарихы», «Шынжаң халық баспасы», 2005 жыл, тамыз, 8-бет.) деген цитаттардан қазақ деген атаудың қалыптасуы өте арыда жатқанын аңғаруға болады.

XV ғасырдың басында Алтын Орда мемлекеті жойылуына байланысты әр аймақтарда жеке-жеке хандықтар құрыла бастады. Солардың бірі – Жәнібек пен Керейдің бастауында 1455 жылы құрылған Қазақ хандығы. Содан үш жарым ғасырдан астам уақыт өмір сүрген қазақ хандықтары тұсында өз мәдениетін, әдебиетін, өзінің халықтық әдеби тілін жасау мен әдет-ғұрып, салт-сана, шежіре, тарих жинауға ерекше мән берді. Осы тұстарда «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ерсайын» сияқты эпостық жырлар, «Қыз Жібек» қатарлы салт жырлар жасалды. Асан қайғы, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қыдырғали Жалайыр сияқты әйгілі тарихшыларды, Сыпыра жырау, Шәлкез, Қолантайшы, Қазтуған, Доспанбет, Марқасқа, Ақтанберді, Жиенбет, Тәттіқара, Үмбетай, Шал, Бұхар қатарлы шашасына шаң жұқпаған ақын-жыраулар дүниеге келген.

Ендігі ат басын бұра кететін бір әңгіме – 1472 жылы Әз-Жәнібек ханның жарлығымен Әл-Ақ ордада жазылған «Шипагерлік баян» атты ірі ғылымнамалық шығарма әрқандай жанды таңдай қақтырып, тамсандырады. Ірі ғылыми еңбек «Шипагерлік баянның» авторы XV ғасырда өмір сүрген қара үзген шипагер, ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол Әз-Жәнібек ханның жарлығымен бұл кітапты жетпіс неше жыл жаһан кезіп жүріп жазып шыққан. Кітап жазылып біткеннен кейін ханға енді тапсырайын дегенде жаудың ордаға жасаған шабуылынан Жәнібек хан қайтыс болып, шипагер-ғалым Өтейбойдақ Ақ Ордадан әрең қашып құтылып, өз ата-мекенін зорға тауып, жазған кітабын құпия сақтайды. Ғалым қайтыс болғаннан кейін ұрпақтан-ұрпаққа құпия сақталып сан мәртебе көшіріліп, содан бес ғасырдан кейін Қытайда 1994 жылы желтоқсан айында «Шынжаң ғылым-техника, денсаулық» баспасы жағынан «Шипагерлік баян» деген атпен жарық көреді.

Осы басылым көрген кітаптың алғашқы бетінде ғалым өз өмірін қысқаша былай таныстырады: «Менен ұрпақ қалмаса да күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл – соңғылықтар қадірін біліп ұстана білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ.

Ой, дүние-ай!
Іске аспады арманым қаран қалды,
Шың басына шығарда арандалды.
Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем,
Жаман ат, жаман ырым мазамды алды.
Қалмады ұрпақ, Өтейбойдақ аяндалды,
Мені өшірмес «Шипалық баян» қалды.
Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге,
Тілкімменен жалғасқан аян қалды.

Атым – Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын. Ата-тегім Ұлы жүз, Зарман, Зарман ішінде Албан, мекенім Жетісу».

Өтейбойдақ жазған «Шипагерлік баян» атты бұл кітап қазақ халқының тіл, мәдениет, тарих, шежіре, философия, психология, астрономия, этнография, меторлогия, әскери ғылым, этика, эстетика қатарлы әр алуан ғылымнан мәлімет беретін халқымызға ортақ асыл мұра.

Ал бұл кітапта, «Қазғақ Күнбидің Созғақ Күнбиді құлатып орда көтергені, оның шыңғырамасы (ұраны) «Алаш» болғаны, тұңғыш баласының атын «Алаш» қойып, онан кейін «Алаша хан аталғаны» жайында аңыз тұр. Бұл әрине қазақтануға табылмайтын дерек дейді (Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян», 5-бет).

Ғалым кітабындағы «Шежіре» бөлігінде Қазғақ Күнбиге деййнгі 60 атаны бұтарлап таратып, жүйелі түсіндірген. Біз ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жазған ататек шежірелерінен мынаны байқаймыз. Бірінші, алғашқы Дештіден (Күнби) таратылған үшінші атаның аты Албан, осы бұрынғы Албан мен Бәйдібектің ұлы Жарықшақтан туылған Қазақ Албанның нендей қатысы бар. Қазақ Албаны бұрынғы Албанның тіке ұрпағы болуы мүмкін деген меже жасайсың, мұны айтудағы себеп түрік халықтарында бұрынғы ықпалды өткен ата-бабаларының тарих бетінен аты өшіп кетпеу үшін қайталап өз баласына сол атты қоятын әдет-ғұрыптар болған. Өйткені Бәйдібек бидің баласы, Албанның әкесі Жарықшақ жай адам емес, үлкен білім иесі, ел басқарған адам болған.

Сол заманда қазақтың уәзір, сұлтан, билері шежіреге қанық болған, көзі ашық, көкірегі ояу, өз заманының алдыңғы қатарлы көрнекті қоғам қайраткері, ел иесі Жарықшақ бабамыздың өзінің бұрынғы ата-бабасы Албанның атын өзі баласына қойып Албан деп атауы әбден заңды, шындыққа біршама жақын деуге болады.

Екінші, Өтейбойдақ шежіресінде Алашты қазақтан таратуы, қазіргі қзақ шежірелерімен бірдей шығуы үлкен ғылыми негізбен жазылған деп қарауға болады.

Ал Қазақ хандықтарының тұсында, өкілдік сипатқа ие үш ірі заң жарыққа шыққан: бірі – «Қасым ханның қасқа жолы»; енді бірі – «Есім ханның ескі жолы»; тағы бірі – «Тәуке ханның жеті жарғысы» деп аталған. Тәуке хан жоғарыдағы екі түрлі заңды толықтап, түзетулер жасап, кемелді «Тәуке ханның жеті жарғысын» жариялап Қазақтарды басқаруға қолайлы болу үшін қоныс ыңғайына қарай үш жүзге бөлді. Ұлы жүзге – Үйсін Төле биді, Орта жүзге – Қазыбек биді, Кіші жүзге – Алшын Әйтеке биді басшы қойды. Нақтап айтқанда, бұл бұрынғы жүзге бөлудің заңды жалғасы деуге болады.

                                           ІІІ

XVIII ғасырдың 18 жылы Тәуке ханның қайтыс болуына байланысты, үш жүздің ішкі ынтымағы ыдырай бастады. XIX ғасырдың бас шенінен бастап Қазақ даласында, Россия үкіметіне қарсы әр жерден шаруалар көтерілісі көтеріліп жатты. 1836-1837 жылдары Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі, Россия үкіметіне қарсы айтулы көтерілістердің бірі болды. Көтерілісшілер қосыны Россия үкіметіне қарсы қиян-кескі соғыс жасап қан төкті, патша үкіметі көтерілісті үздіксіз жаныштап, қазақтың жоғары жіктегілеріне ақша, шен беріп халықты қанаудың түрлі шараларын қарастырды. 1865 жылы шар Россия қазақ даласын билеу тәртібіне өзгеріс жасап, жаңа жоба жасаушылар комиссиясын құрды. 1868 жылға келгенде бұл комиссияның қазақ даласын басқару, билеу жөніндегі жаңа жобасын патша қабыл алып, 21-қазанда қол қойып бекітіп берді. Жаңа жоба (Қазақтар мұны «Жаңа низам» дейді) бойынша, бұрынғы сұлтандық арқылы билеу тәртібі өзгертіліп, оның орнына болыс, старшындыққа бөліп билеу тәртібі атқарылды. Екінші негізгі өзгеріс жер мәселесі болды. Жер Россия мемлекетінің меншігіне айналды да, қазақтардың тек жерден пайдалану құқығы ғана болды. «Жаңа жоба» атқарылғаннан кейін қазақ даласына орыс шаруалары көшіп келіп қала сала бастады. Қазақ шаруаларының мал бағатын жері тарайды және патша үкіметінің түрлі алым-салығы халықтың тұрмыс халін күннен-күнге төмендете берді. Бұл кездерде Шынжаңның жер-жерінде Чиң патшалығының әкімиятын аударып, жергілікті әкімияттар құрыла бастады. Сол әкімияттардың бірі 1866 жылы құрылған «Іле сұлтандығы» еді.

Мақаланың бұл бөлігінде ең алдымен сөз етпекші болған «Тазабек деген адам кім? Оның есімі шар Россияның, Қытайдің Іле өңірін жаулап алуымен нендей қатысы бар?» – деген сұрауларға негізделе отырып Тазабектың өмірбаянын қысқалай таныстырып өтелік.

Тазабек Мұсылманбайұлы XIX ғасырда өмір сүрген адам. Ол Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлмерек деген атасының Жәнібек деген тармағынан таралады.

Әкесі Мұсылманбай (тарихи деректерде Пұсырман деп те айтылады) 1000 неше түтін үйді басқарған би болған адам. Жоңғар шапқыншыларына қарсы тұрып қолына қару ұстаған ер жүрек батыр сардар еді. Мұсылманбайдың қасы екі көзін басып тұратын, адамға тіке қарамайтын сұсты адам болған. Бала көтермеген әйелдер одан бата сұраса, тілегі қабыл болып ұрпақ көреді екен деген сөз бар. Халық арасында Мұсылманбай батырдың туы желпілдесе, бәлен күні жорыққа аттанамын деп айтатын әулие шалыс адам екен деген аңыз таралған. Бұған ақын Көдек Маралбаевтың 1922 жылдары жазған «Ерлердің ерекшелігі» деген мына өлеңі куә болады:

Кәртейген Мұсылманбай мезгілі екен,
Неліктен желпілдейді туым депті.
Шабылып, ел күйзелген ахуал бар,
Хабары келіп қалар бүгін депті.
«Құртқа – Мамай шабылды, – деді жаушы, –
Олжаға келінім мен қызым кетті».
Батырың боз биені айтып сойып,
Тездікпен сарбаздарға жиыл, – депті.
Жүрерде бата жасап былай деген,
Ашулы айбарымен зілді-кекті:
«Иә, құдай, Тоқтарбайды бергін?!
Иә, құдай Тоқтарбайды бергін?!
Иә, құдай, Тоқтарбайды бергін?!
Ең соңғы тілегім ғой мұным» депті.
Тал түсте бейғам жатқан Көміршіде,
Тоқаңа сүркейлі ұран-дүбір жетті.
Атына үш ұмтылып: «Міне, ағайын,
Күн бітті, тағдыр жетті, буын кетті»
Атшысы қарт күреңді мініп қашқан,
«Қумаңдар, еліне айтысын тілін» депті.
«Тоқтарбай қырылған сай» деп аталып,
Жалғасып жер аты боп бүгін кетті, – деген өлең шумақтарынан қырғыздың атақты батыры Тоқтарбайды жеңіп мал мен жанын қайтарып келген ерлігін байқауға болады. Кегеннің Саржазындағы сол сай содан кейін «Тоқтарбай қырылған сай» аталып кетіпті.

«Тазабек батырдың әкесі Мұсылманбайды орыстары Пұсырман дейді екен. Мұсылманбай кезінде Төле бидің баласымен бірге Алжан Қангелді батырдың інісі есебінде он тоғыз жасында Мәнжу патшалығына елшілікке барған адам. Мұсылманбай жүзден асқанда пәниден өтіпті» (Мүсілім Адырбекұлы. «Ауылдың аманаты», Текес аудандық мәдениет мекемесі.).

Бұл туралы «1758 жылы қарашада Төле бидің баласы Жаулен және Қангелдінің інісі Пұсырман елші болып Астанаға барып, Чяңлұң патшаға жолықты. Чяңлұң патша оларға Фәншәнда арнаулы қонақасы береді, Уаң Нанюан оларды ертіп жүріп гүлшырақ тамашасын тамашалатты» (Нығымет Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», «Шынжаң халық баспасы», 1991 жыл, ақпан, 466-467-бет.) деген деректерге ие боламыз.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Тазабек әке жолын қуып, ержүрек, халықшыл, батыр сардар болып ержетеді. Исатай, Махамбет көтерілісі жанышталғаннан кейін Тазабек 1860-1870 жылдар аралығында халықтың басын құрап, қол ұйымдастырып шар Россия үкіметіне қарсы күрес жүргізеді. Патша үкіметі Тазабекті шақырып алып шен бермекші болғанда, одан бас тартады. Бұл күресті қазақ даласындағы Албан, Суан, Дулат тайпалары мен басқа рулы елдер де қолдап-қуаттап, Тазабек бастаған халық күресіне үн қосып ат салысады. Ол, патша үкіметі белгіленген «Жаңа жобаға» қарсы шығып, қазақ халқының еркіндігін көксейді.

Тарихи деректерге қарағанда, Тазабек 1781 жылы көктемнің бас шенінде «Іле сұлтандығы» үкіметіне хат жазып, өзіне қарасты рулы елін бастап көшіп келу өтінішін білдіреді. Іле сұлтаны Әләхан Тазабектің өтінішін қабыл алып жауап хат жазады. Шар Россия бұл істен хабар тауып әскер жіберіп түн ішінде Тазабек ауылын қоршауға алады. Тазабек бірнеше күнге созылған құралды қиян-кескі соғыс жасап, қоршауды бұзып, рулы елін бастап Іле өңіріне өтеді. Әләхән бұларды қазіргі Tоғызтарау ауданына орналастырады. Орта мектепке арналған «Шынжаңның жергілікті тарихы» оқулығында: «1781 жылы көкек айынан бұрын Қытaйға қарасты қазақтың Aлбан руының ел басы Тазабек қол бастап, шар Россияның отаршылдық үстемдігіне қарсы күресіп, жеңіліске ұшырағаннан кейін 1000 неше малшы семьясын бастап, Iле сұлтандық үкіметке бағынады» деп жазылған. Тазабек oқиғасынан кейін Aлматы, Aлатау өңіріндегі қазақтар Қытaй жеріне арт-артынан көше бастайды.

Бұл oқиға шар Россияның қазақ даласына жүргізілген өктемділігін шайқалтты. Патша үкіметі қазақтардың Ілеге қоныс аударуының алдын алу үшін, Тазабекке жалғаннан жала жауып, «Ел бүлдіруші» деген сылтаумен «Іле сұлтандығына» Тазабекті тапсырып беру талабын қояды. Бірақ, бұл талаптан «Іле сұлтандығы» бас тартады.

Россия үкіметі 1871 жылы мамыр айының 8 күнi Іле сұлтаны Әләханға ең соңғы ескертуін беріп, бір апта ішінде Тазабекті тапсырып беруді өтінеді. Болмаса әскер шығарамыз деп құқай көрсетеді. Тазабекті тапсырып бермеу сылтауын желеу ете отырып мамыр айының 15 күні Ілеге шабуыл жасайды. Мамырдың 17 күні Россия үкіметі Қорғас өзенінің Батыс жағасына басып кіріп, екі күннен кейін Mазар Қорғанысын басып алады. Іледе отырықтанған әр ұлт халқы бұл жолсыздыққа төзе алмай Россия үкімет армиясына қарсы соғысқа аттанып, алдыңғылар жығылса, соңғылар күресті жалғастырады. Жаңа қарумен қаруланған Россия армиясына төтеп бере алмай, маусым айының 9 күні маңызды жер кетпен қолдан кетеді. Маусымның 27 күні Іле сұлтаны Әләхан Шар Россия шапқыншы армиясына соғыс хатын тапсырады. Іле сұлтаны Әләхан басшылығында 4000-нан астам қазақ, тараншы (Ұйғыр), қуйзу, қытай т.б. ұлттардан біріккен жергілікті армия шапқыншы армияға қарсы ерлікпен соғыс жасайды. Неше жүздеген адам ерлікпен құрбан болады. Бұл соғыста Тазабек әскерлері де патша армиясына қарсы жанын сала соғыс жасап ерекше қайсарлық көрсетеді. Халық пен жергілікті армия бірлесіп Россия армиясына қарсы күрес жүргізсе де, озық қарумен қаруланған Шар Россия армиясына төтеп бере алмай шілденің 1 күні Қорғас қалашығы қолдан кетеді. Келесі күні Тазабек батыр қолға түседі де көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Шілденің 4 күні сан қилы сұрқия тәсіл қолданып Россия патша үкіметінің Іле ұзақ жорық армиясының қолбасы, генарал Кофман Колпаковский Құлжа қаласын басып алады.

Тазабек көтерілісі туралы тарихшы Жақып Мырзаханов арнайы тоқталып: «Россия үкіметі Іле районына сұғанақтық жасау туралы 1871 жылдың 22 ақпанымен 14 наурыз күндеріндегі екі ерекше мәжілісінде ресми бекім жасап болған. Тазабекті қайтарып беру жөніндегі ақтық талабы «Іле сұлтандығы» үкіметінің қабылдамауы, оның шапқыншылық жасауына сылтау, орай болды. Тазабек оқиғасынан пайдаланып Ілені алуы және оны он жыл билеуі, сондай-ақ Қытайға қайтарып беруі арнайы тақырып» (Жақып Мырзаханов. «Қазақ халқы және оның салт санасы». «Шыңжаң халық баспасы», 1992 жыл, қараша, 355-бет.) деп жазады.

Ақын Көдек Маралбаев «Тазабек батырға» деген өлеңінде:

Тазакем өз жер-суын қорып келген,
Сондықтан шығыспапты орыспенен.
Ақыры елін бастап өрге көшті ,
Неше рет жауап берген соғыспенен.
Ойында жocпapы бар көп істерден,
Іле басы Yш Арал жеріміз бар
Бұрынғы ата-мекен қоныс деген.
Жер, суға ие етіп кетті ұрпағын,
Айлалы, асқан батыр, ой істеген, –

деген өлең шумақтарынан Тазабек батырдың халық үшін күрескен ерлігі мадақталады.

Тазабекті ұстап әкеткен Россия патшалығы Алматы (Верный) түрмесіне апарып қамап тастайды. Россия үкіметі Тазабекті өлімге үкім етсе де, қазақ даласындағы халықтардың патшаға қарсы көтеріліп кетуінен алаңдап, шығарған үкімін атқаруға шарасыз қалады. Қазақ даласындағы қазақ, қырғыз, ұйғыр халықтарының «Есіл ерімізде айып жоқ, азаматымызды босатып берсін» деген әділ де қатаң талабының арқасында 1873 жылы (мөлшермен) Тазабектi Алматы түрмесінен босатып, оның үстіне жасырын түрде у жағып жібереді. Тазабек ауылынан бірнеше адам барып Алматыда оның құр сүлдері қалған тірі қаңқасын әкеледі. Жол-жөнекей арлы-берлі аунатып, аузына су тамызып күткен екі адамға Тазабек денесіндегі у дарып оларда қоса қаза табады. Тазабек oқиғасынан кейін Россия үкіметі Ілені он жыл билейді. 1881 жылы «Қытай-Россия Іле шартына» қол қойғаннан кейін, келесі жылы наурызда Іле аумағын Қытайға ресми өткізіп береді.

Тазабек өлгеннен кейін, патша үкіметі Тазабекке туыстық қатысы бар адамдарға құпия түрде анықтау жүргізеді. Тазабекпен аталас туыс Шалтабай Алпарұлы деген ақынды «Тазабекті тірілдіруші» деген сылтаумен түрмеге жабады. Шалтабай түрмеде жатқан кездерінде Тазабек, Саурық батырлардың ерлігін есіне алып, мынандай өлең жазған екен:

«Шалтабай менің атым, әкем Алпар,
Ауылды бір көруге болдым іңкәр.
Кешегі қырық солдатты бір қайтарған,
Тазекем өтіп кетті-ау, қайран сұңқар.
Орыстың екі көзін ояр ма еді,
Пышақты өткір қайрап сояр ма еді.
Екі ағам Тазабек, Саурық тірі болса,
Шірітіп абақтыда қояр ма еді?!»

Тазабек Мұсылманбайұлы халықтың еркіндік қозғалысы үшін күрескен есіл ерлердің бірі. Ол өзінің ыстық қаны арқылы тарих бетінде шұғылалы із қалдырды. Оның есімі әр ұлт халқының жүрегінде мәңгі берік сақталады.

1862 жылы Шар Россия Қытайдың қарауыл сыртындағы жерлерін қарулы күшпен басып алды. Сол жылы маусым айының 24 күні қазақ ұлтының ел басы Саурық бастаған қалың малшылар қарауыл ішіне көшіп келіп мал бағуды талап етеді. Олар Іле қол басына табыс еткен бір парша 12 ру басының бармақ басылған қағазында « ... Біз жеті атамыздан ұлы патша ағзамның жеріне көшіп-қонып жүргелі қазірге дейін 140 жылдан асты. Ал, бүгін орыстар біздің көшіп-қонып жүрген жерімізді өзіміздікі деп жатыр, бізден тартып алмақшы, бізді орыстарға бағыныңдар дейді ... біз бағынбаймыз ... шын пейілімізбен ұлы патша ағзамға бағынамыз» («Шынжаң жергілікті тарихы», Орта мектеп оқулығы, 181-бет.) делінген.

Міне, осы тарихи фактілерден қазақтың алдыңғы тобы Іле өңіріне 1722 жылдан бұрын қайта көшіп келіп Чиң үкіметінде қарайтындықтан дерек береді. Тарихшы ағамыз Жақып Мырзахановтың «Қызай елі Іле, Бұратала өңіріне келіп қоныстанғаннан кейін, 1767 жылдан бастап осы өңірде отырықтанған, Ұлы жүз Албан – Суан тайпаларымен бірге 1865-1866 жылғы Іледегі шаруалар көтерілісіне қатынасады...» (Жақып Мырзаханов. «Қазақ халқы және оның салт-санасы», 351-бет.) деген цитаттардан Қазақтың байырғы мекені болған Іле өңіріне қайта көшіп келгенін аңғаруға болады.

Саурық, Бөден батырлар Текес өңіріне келгеннен кейін Ойрат Қарауыл Mоңғолдары мен жергілікті Mоңғол қосындарымен талай рет қақтығысып соғыс жасады.

Бұл сияқты oқиға жайында Шоқан Уәлиханов 1864 жылы желтоқсанның 27 күні Россия үкіметіне жолдаған бір хатында: «Біздің Қызылбөріктер (Албандарды айтады – автор.) Текес бойында көшіп жүрген қалмақтарды мүлдем құртып жіберіпті. Қалмақтар қатын-баласынан, барлық мал-мүлкінен әбден жұрдай болып айырылыпты. Қазақтар мал мен тұтқын әйелдерді енді қайда қоярын білмей отыр деседі. Қалмақтардың қыз-қатындары Шіліктегі Шоқан бидің қолына түсіпті. Бұл меніңше, онша жақсы іс емес» (Шоқан Уәлиханов «Мақалалар мен хаттар жинағы», 1956 жыл, Алматы, 211-бет.) деген цитаттардан ел ішінде үнемі соғыс болып тұрғаны өте анық жазылған.

Белгілі жазушы Әскер Тойғанбекұлының хабарлауына қарағанда: «1860 жылдары Саурық қасына Бөден батыр мен Жанәлі батырды серік етіп, екі жүзге жуық қол бастап, Жұлдыздағы Бұргәмбіден кек алу шабуылына аттанады. Саурық қолының келе жатқаны хабаршыларынан естіген Бұргәмбі мыңға жуық адам мен Жұлдыздың Тайасу деген жерінен тосып айқасады. Ақыры айлалы батыр Саурық өзінен бес есе артық күші бар Бұргәмбіні жеңеді» (Әскер Тойғанбекұлы. «Саурық батыр жайлы» , «Іле газеті», 1992 жыл, 14-қазан).

Көдек ақын Саурық батыр туралы айтқан бір өлеңінде:

Саурық батыр туғанда,
Ерлікке құдай арнапты.
Өзіне серік батырын,
Сынап көріп таңдапты.
Елін қорғап, жау қуып,
Бармаған жері қалмапты.
Ерге лайық ат туар,
Қасқа атты құдай парлапты.
Шылбырын түрген ноқтамен,
Артынан еріп қалмапты.
Қысылтаяң кезінде,
Ерттеп мініп самғапты.
Жұлдыздан келген көп қалмақ,
Қазақты шауып зарлатты.
Күнес, Жұлдыз жағынан,
Ізін байқап шарлапты.
Келер жылға қаратқан,
Одан кекті алмақты.
Аттанып барса қол бастап,
Жазықта ешкім қалмапты.
Сайға кіріп, бекініп,
Кемпір-шал, арық мал қапты.
Бірнеше күн жол таппай,
Шақырыпты әруақты.
Қасқа атты мініп ақтарып,
Байқады тау-тас аймақты.
Мергенші тауып жол бастап,
Басқан тар жол, тайғақты,
Төбесінен құлдап кеп,
Жай түскендей жайратты.
Бекінісін талқандап,
Ызғытып малды айдапты.
Бір адам өлген соғыста:
Шейіт болған ардақты.
Бұргәмбіні шапқанда,
Текестің суын қандапты.
Төресінің үйінен,
Алтын мен гауһар, жамбы апты.
Бұрқанын шағып қараса,
Меруерттен ішек жалғапты.
Өтерінде бұл жалған,
Бәрімізді алдапты, –

деген тарихи жырдан Саурық батырдың ел қорғаған ерлігін аңғаруға болады.

(Жалғасы бар)

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1948