Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 3060 0 пікір 3 Қыркүйек, 2024 сағат 14:23

Ата тарих өзі сөйлесін (жалғасы)

Суреттер: urker.kazgazeta.kz және madeniportal.kz сайттарынан алынды.

Басы: Ата тарих өзі сөйлесін

«Бұргәмбіні алып болған соң, Саурықтың жолдастары кезінде әкеміздің мың жылқысын жылқышыларымен олжалаған, біз тегін кетпейміз деп Бұргәмбінің бар жылқысын алып, бұтханасындағы баланың үлкендігіндей мыстан жасалған бұтты, Бұргәмбінің жанынан тастамай ала жүретін гауһарын, екі көк кілемін олжалап қайтады. Екі көк кілем артқанда бір түйелік жүк болып, ширшықтағанда белін жіппен байлап қоймаса серпінмен жазылып түсіп қалады екен. Бұтты зергерлерге бұздырғанда басынан тауықтың жұмыртқасындай алтын шыққан, ішегін меруертті жіпке тізіп жасаған. Өкпе-бауыры Меке маржан деген асыл тастардан құрастырған екен» (Әскер Тойғанбекұлы. «Саурық батыр жайлы», «Іле газеті», 1992 жыл, 14 қазан).

Саурық Алпарұлы Қазақ халқына танылған жау жүрек батырлардың бірі болған, ол мөлшермен 1820 жылдан 1870 жыл аралығында жасаған. Ал, кейбір деректерде 1820 жылы туып, 1888 жылы қайтыс болған делінеді. Ол Албан елінің Құрман руының Орынтай атасынан тарайды.

Қазақ халқы басынан қилы-қилы, алма-ғайып, тар замандарды өткізді. Солардың ішінде 1916 жылғы айтулы халық көтерілістерінің бірі – «Қарқара көтерілісі» болды.

Ақ патшаның 1916 жылғы «25 маусым» жарлығы бүкіл қазақ даласын дүр сілкіндіріп, бейкүнә елді қанды қырғынға ұшырап, соңы үркінге жалғасқаны бәрімізге аян. Қазақ, ұйғыр, қырғыз халқы әділетті жақтап, ұрпақ сақтап қалу үшін жасаған Қарқара жәрмеңкесіндегі халық күресі аяусыз жанышталып, Жәмеңке, Ұзақ сияқты халық арыстары өз өмірін құрбандыққа шалады. Сол кезде халық арасында «Берсең бала өледі, бермесең шал өледі» деген тәмсіл сөз қалған. Бұл сөз сол кездегі халықтың ақ патша үкіметіне әскер бермеу үшін әділетті күрес жасаған тарихи шындықты бейнелеп беретін сөз еді.

Тарихи деректерге негізделгенде, сонау 1916 жылғы «Қарқара көтерілісін» Шар Россия үкіметінің құжаттарында «Албан көтерілісі» деп анық жазылған екен.

«1916 жылғы Қарқара көтерілісіне байланысты архив материалдарына қарағанда Ереуілтөбе мәжілісінен бір күн бұрын, яғни, шілденің 10-күні бір топ ел басшылары жәрмеңкеден он шақырымдай жерде «Қабан қарағай» деп аталатын жайлауда Құрман болысының ықпалды адамы Ұзақ Саурықұлының ауылында бас қосып кеңес құрады. Оған Мереке, Шілік, Торайғыр, Сарытоғай, Қоңырбөрік, Қожбанбет, Бөдеті, Иванов, Айт, Алжан болыстарының старшындары мен беделді адамдары қатынасып, әскерге бала бермейік деген шешімге келеді» (Сейдәлім Тәнекеев. «Ереуіл төбе әсерлері», «Атамұра» Қазақстан, Алматы 1994 жыл, 27-бет).

Тағы бір деректе «Шілденің 11-күні ертелетіп халықтың бас көтерер адамдары Ереуіл төбенің етегіне жиналады.

Архив материалдардағы деректер мен ел ауызына таралған әңгімеге негізделгенде, ұлт-азаттық көтерілісін үгіттеп, елді көтеріліс жасауға басшылық етті деп тергеуге алынған жиыны 67 адам екен. Олардың ішінде Жәмеңке мен Ұзақ сынды екі көтеріліс басшысының аты ерекше ауызға алынады. Сол себепті екеуін басқалардан он күн бұрын яғни шілденің 22-күні қамауға алып түрмеге жабады.

Қарқарадағы халық көтерілісі туралы талай-талай талантты қаламгерлер сөз еткен. Мұның ішіндегі ең атақтысы ғұлама заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» атты даңқы әлемге жайылған шығармасын ерекше атауға болады. Ұлы Мұхтар Әуезов «Қилы заман» атты шығармасының материалын жинауда Қарқара өңірінде үш ай мөлшерінде тұрғаны Қазақстанда басылған «Қарқара айбаты» атты кітапта анық жазылған.

Бұл жолы Мұхтар Әуезов Көдек Маралбаевпен кездесіп «Албан көтерілісі» туралы көптеген құнды тарихи деректерді ұғысқан, әрі Көдектің ел тарихына, әсіресе, халық көтерілісінің көсемдері Жәмеңке, Ұзақ қатарлы ел арыстарына арнаған өлеңдерін ықыласпен тыңдаған екен.

Қазақстандық белді зерттеуші Тоқтар Әлібекұлының архив, материалдан алып жазған «Көдекті Қарқара жайлауында кездестірген Мұхтар Әуезов оның қоғамдық қызметі мен ақындық дарынына ерекше баға берді» (Тоқтар Әлібекұлы. «Баласы мұны жазған Маралбайдың», «Әдебиет айдыны» газеті. Қазақстан, 2007 жыл, 19-шілде.) деген дәлелі ұлы Мұқаңның Көдекті арнайы іздеп әңгімелескенін тіпті растай түседі.

Тарихы қызыл қанға боялған, елдің ерлігі мен егейлігін бейнелейтін, ұлт рухының алауы лаулаған «Бұл көтеріліс туралы аз жазылған жоқ, әйтсе де Албан баласының басына түскен қилы заманды ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен артық жазған кім бар?» («Хантәңір етегі – Райымбек баба мекені», 2000 жыл, Алматы).

Ұлы Мұхтар Әуезов «Қилы заман» атты шығармасында «... Албанның елі де үдіре көшті ... артында қара түтін боп жәрмеңке қалды. Иесіз болып қаңғырап Алатаудың жайлауы қалды. Құлазып қыстау, қоңырсып жұрт қалды, кіндігін кескізіп, кірін жуған момындық күні қалды. Албан – Албан болғалы қыстың жұтын, жаздың індетін көрсетпеген, жер кіндігі Ата қоныс мекені қалды.

Tау-таудың саласында иесіз шулап, қора-қора қой қалды. Тау толған арқар, бұғы, елік, қара құйрық, таутекедей, жабайы жайын көршілері де қалды. Алдында белгісіздікке толған тұманды күндері құшағын жайды. Aртынан нәлет айтып, алдына қарай жол тартты» (Мұхтар Әуезов «Қилы заман», «Шыңжаң жастар-өрендер» баспасы, 1990 жылы, маусым, 263-264-беттер.) деп түйіндейді.

«Қаламгерлер арасындағы айтылған сөздерде үлкенді-кішілі көтерілістер туралы Мұхтар Әуезов неге қалам тартпады деген сұраулар жиі туды. Мұхтар Әуезов неліктен «Қарқара көтерілісін» жазды?

Бұл туралы Қарқара көтерілісінің көсемдерінің бірі – Ұзақ батырдың 140 жылдығына орай Сарбастау деген жердегі ас беруде белгілі жазушы Тұрсын Жұртбаев: «Ұлы Мұқаң басқа жақтағы көтерілісті жазса, көрмей қалған жоқ. Ол көтерілістің көбі идеологияға ұласты. Ал, нағыз қазақтың қанына тән көтерілісі осы өлкеде болды», – («Хантәңірі етегі – Райымбек баба мекені») деп айтқан құнды пікір есімізге түседі.

1916 жылғы «Қарқара көтерілісі» туралы мынадай деректерге ие боламыз «Бұратана халықтың адамдарын қан майдандағы қара жұмысқа алу туралы үкімге патша 1916 жылы 25 маусымда қол қойғаны белгілі. Осы арада тоқтап, көңіл аударып айта кететін тағы бір жай бар. Патшаның қол қойған үкімінде соғыстың қара жұмысына 19 жас пен 43 жас аралығындағы бұратаналар алынсын деп анық жазылған болатын. Ал, жергілікті әкімдер шақыруға тек 19 жас пен 31 жастың арасындағылар ғана қамтылсын деген жарлық беріп би-болыстардан тізім талап еткен» («Хантәңір етегі – Райымбек баба мекені») дегендерден патша үкіметінің халықты қан қақсатқан жауыздығын көруге болады.

1994 жылы Қазақстанда баспадан шыққан, Сейдәлім Тәнекеевтің жазған «Ереуіл төбе әсерлері» атты кітапта Шар Россия үкіметінің қанды балақ мансаптысы Подворков (Ақ желке) тұтқындау бұйрығы жарияланған 67 адамның тізімдігі ашық көрсетілген, бірінші топтағы 15 адам ату жазасына үкім етілген, екінші топтағылар 15 жылдан 25 жылға дейін қамауға алынатындар, қалған үшінші топтағы 39 адам 15 жылға дейін қамалып, дүние-мүлкі бір-ақ жиналып алынады делінген.

Шар Россия патшалығының жауыздығы әлден асты, халықты хайуан орнында көріп қан қақсатты. «Қарқара көтерілісінде» патша үкіметі халықты аяусыз қырып, қанын судай шашты. Бұл туралы адам шошынарлық мынадай деректерді кездестіруге болады: Халқымыздың бір туар перзенті Мұқаметжан Тынышбаевтың 6 желтоқсан 1917 жылғы «Қазақ» газетінің 254-ші санында жарияланған мәліметінде «1916 жылғы көтерілісте Албан тайпасындағы 69440 жанның 35100 адамы қырылғаны атап көрсетілген. Олардың көпшілігі «Әскери сейілдің» құрбаны болған әйелдер, балалар, қарттар» («Хантәңірі етегі – Райымбек баба мекені»).

Осындай аумалы-төкпелі тар заманда Шар Россия үкіметінің шектен асқан зұлымдығына ұшыраған қазақ халқы жан сауғалап, ұрпақ сақтап қалу үшін топ-тобымен Шынжаңның Іле өңіріне қашып өтті. Бұл қазақтардың Іле өңіріне тұңғыш келуі емес, өз ата мекеніне қайта оралуы еді. Деректерде айтылуынша, толықсыз санаққа қарағанда 1916 жылғы «Қарқара көтерілісі» туылғаннан кейін 16 болыс Албан еліндегі 15145 түтіннен 10740 түтін Қытайға қоныс аударылғандығы айтылады. Содан 1930 жылдардың бас шенінен бастап, Совет үкіметі тұсындағы әсіре солшылдық саясат салдарынан ашаршылық, ауру түрлі алым-салықтарға ұшырап, қазақтар және бір рет кең көлемді Қытайға қоныс аударды.

                                             ІV

Ұлттың пайда болуымен бірге, оның тарихы, шежіресі пайда болды. Мәдениетті халықтардың көбі жазбаша шежіре жазып қалдырған. Шежіре тарихын парақтар болсақ, бұдан бірнеше ғасыр қағаз бетінде түскен қазақ, ұйғыр, өзбек, түрікмен, башқұрт, қырғыз т.б. түрік тілдес халықтардың ортақ қазынасына айналған «Шайбани – нама», «Бабыр – нама», «Тарихи – Рашиди» қатарлы атақты кітаптарды атап өтуге болады.

Қазақ халқы туысқан түрік тілдес халықтар ішінде ататекті білуге ерекше мән берген ұлт. Сол себепті «Жеті атасын білмеген жетесіздіктің белгісі» деген тәрбиелік қуаты күшті мақал қалған.

Сол үшін шежіре қуған, атажол қуған туысқаншыл, бауырмал қазақ ұрпақтары «Қырық рулы қытай, қарға тамырлы қазақпыз» деп бір-бірін жат көрген емес, жеті атасының есімін қадір тұтып жаттап келеді. Атамыз қазақтан «Жеті атасын білген ұлы жеті рулы елді біледі» деген дана сөз қалған.

Халқымыз шежіре айтқандар мен шежіре жазғандарды ерекше құрмет етіп, қоғам қайраткері ретінде танып, білім иесі ретінде ардақтап отырған. Деректерде қазақта «Жетпіс жеті атасын тарататын» талантты шежірешілер болғаны айтылады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса, әр рудың өз шежіресі болған» («Қазақ Совет энциклопедиясы», 12-том, 232-бет) деген деректер бар. Әр ру, тайпалардың шежіресін хан, сұлтан, билер немесе солардың бұйрығымен әр рудың ақсақалдары мен шежіреші оқымыстылары хатқа түсіріп отырған.

Шоқан Уәлиханов «Есім ханның, Тәуке ханның, Сәмеке ханның, Әбілмәмбет ханның, сондай-ақ олардың ұрпақтарының шежіресі бар, ол шежірелерді Абылай және оның рулары сақтады» (Су Бейхай «Қазақ мәдениетінің тарихы», «Шынжаң халық баспасы», 2005 жыл, тамыз, 180-бет.), – дейді.

Қазақ халқының тарихы мен шежіресінің дерегі сонау V-VII ғасырдан басталды. Талай дәуірді бастан кешіріп келе жатқан қазақ халқы XV ғасырдың ортасына келгенде Алтын Орда хандығы және онан бөлініп шыққан Ақ Орданың ыдырауына байланысты батыс Жетісуда Қазақ хандығын құрды. Сонан Қасымханның тұсына келгенде (1511-1523 жылдары) оған қараған қазақтың саны бір миллионға жетіп күшті хандық болып қалыптасты. Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасынан XVIII ғасырдың аяғына дейінгі үш жарым ғасырдан астам өмір сүру барысында қазақ тілі ерекшелігі бойынша дамыған жазба әдебиеті, тарихы, шежірелері барлыққа келді. Осы үш жарым ғасырдан астам уақыт барысында қазақтың хан, сұлтан, билері шежіреге ерекше мән беріп, арнаулы оқымысты, ғалымдарды ұйымдастырып жаздырып, хан сарайында сақтап келген. Осы тұста Мұхамет Хайдар Дулатидың «Тарих Рашиди», Қыдырғали Жалайырдың, «Жылнамалар жинағы» қатарлы әйгілі кітаптар дүниеге келді.

XIX ғасыр мен XX ғасырда қазақ шежірелері жүйеге түсіріліп жазыла бастады. Қазақ шежіресін арнаға түсіріп, мазмұнын байытып, құрылымын кемелдендірген ірі оқымыстылардан Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіп Көбеев, Нұржан Наушабаев, Мұқаметжан Тынышбаев, Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы болды.

Әсіресе, Қытай қазақтарында 1980 жылдардан кейін шежіре жинау, реттеу, зерттеу жұмысы қолға алынып, «Шалғын», «Мұра», «Алқап» қатарлы журналдарда арнаулы шежірелер мен шежіреге қатысты зерттеулерден 100-ге жуық мақалалар жарияланды.

Қытай қазақтарынан шежіре зерттеуге ең алғаш жол салған тарих ғалымдарынан Нығымет Мыңжани мен Жақып Мырзаханов болды. Нығымет Мыңжанидың «Қазақ шежіресі жайында» («Алқап» 1996 жыл, 1-сан), Жақып Мырзахановтың «Қазақ шежіресінің жиналуы және қазақ тарихының зерттелуі жөнінде», «Қазақ шежіресінің жазба тарихи деректермен байланысы жөнінде», «Қазақтың шежірелік аңыздары және шежірелік таралуы жөнінде» деген ұласпалы мақалалары шежіре зерттеудің алғашқы беташары болды. Жақып Мырзахановтың арт-артынан жарияланған бұл үш мақаласы мазмұны мен зерттеу жағында кемелдік пен тереңдік байқатып, шежіре зерттеудегі бостықты толтырды. «Мұра» журналының 1995 жылғы 2-ші санында жарияланған Қадыс Жанәбілұлының «Керей тайпасы және батыр ханы – Тұғрыл» атты шежірелік мақаласының тарихи құны жоғары, тың өреде жазылған, жан-жақтылы ізденген тамаша мақала деп қарауға болады. Көрнекті тарихшы Жақып Жүнісұлының «Шежіре туралы толғаныс» («Іле тарихи материалдары», 21-ші сан) атты мақаласы шежіре жинаушылардың назарын өзіне аударып, шежірені қалай жинап, қалай жазу, қалай құрастырудың озық үлгісін назариялық жақтан көрсетіп берді. Жақаң бұл мақаласында қазақ шежіресінің өзіндік міні мен жетерсіз жақтары туралы: бірінші; жат көздің жасырынуы, ата тектің бұрмалануы; екінші; үзiктiлiгі; үшінші; кемелсіздігі, төртінші; анықсыздығы, бесінші; еркек кіндікшілігі; алтыншы; жыртыққа қол тығушылық қатарлы жақтарды ғылыми тұрғыдан жүйелі түсіндіріп берген.

1990 жылы Нығымет Мыңжани мен Әбдірашит Байболатұлының құрастыруында «Қазақ шежірелері» атты кітаптың «Іле халық баспасы» жағынан жарық көруі шөліркеп тұрған шежіре құмар оқырманның сусынын қандырды. Осыдан соң «Қазақ шежіресі» атты кітап 1996 жылы «Шынжаң жастар-өрендер» баспасы жағынан жарық көріп жұрт алқауына ие болды. 1999 жылы «Іле халық баспасы» жағынан Әбдірашит Байболатұлы құрастырған «Қазақ шежірелері» атты 2-ші кітабы оқырмандармен жүздесті.

Таяудағы отыз жылдан бері шежіре жинау, құрастыру, баспадан шығару жұмысы тың өреге көтерілді. Мысалы, «Керей шежіресі», «Найман шежіресі», «Мұрын шежіресі», «Уақ шежіресі», «Дөртуіл шежіресі», «Қызай шежіресі», «Түкібай шежіресі», «Ителі шежіресі», «Сасан шежіресі», «Қызай – андас тарих – шежіресі», «Албан шежіресі», «Қызай елі Жолболды шежіресі», «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр» (Алжан-Шажа шежіресі) қатарлы үлкенді-кішілі шежіре кітаптар арт-артынан баспадан шықты.

                                                V

Қазақ ұлты өз ата шежіресін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, жоғалтпай, өшірмей өздерінің қымбатты мұралары ретінде сақтап келген ата дәстүрге бай, ата-жөн таратуға мәңгі мұрагерлік етіп келе жатқан ұлағатты халық.

Өз тарихын, шежіресін аумалы-төкпелі заманда атадан-балаға аманат етіп сақтап келген қазақ халқының құрамындағы Албан елі Ұлы жүздің ежелгі тайпалардың бірі. Тарихи деректерде айтылуынша, Албан тайпасы «V-VII ғасырда Жетісу өңіріндегі Дулат тайпасы билеген Юбан одағына кірген. Бұрынғы орыс ғалымдарының жазба деректерінде Aтбан, Aдбан, Aдман деп те кездеді. Қазақстанның кей жерінде Aбдан деп те айтылады. Ұлы жүздің өзге тайпаларымен бірге XIV-XV ғасырда Албан Қазақ халқының құрамына енді» деген көзқарастар айтылады» (Байұзақ Қожабекұлы Албани. «Тарихи таным», 181-бет).

Тарихшы Нығымет Мыңжани: «Қазақтың байырғы аңыз-шежірелері мен жазба әдебиетінде Yйсін деген атау екі түрлі мағынада: тар мағына да және кең мағынада қолданылады. Тар мағынадағы Yйсін – қазақтың Ұлы жүзінің құрамындағы тайпаның аты. Ал кең мағынадағы Yйсін – Іле алқабы мен Жетісу өңірін және Оңтүстік Қазақстанды мекендеген Ұлы жүз тайпалардың жалпы аты. Бұлар ежелгі заманнан бері осы өңірді мекендеген. Іле аймағындағы Албан, Суан, Жалайыр тайпалары осы Үйсін ұлысының тармақтары» (Нығымет Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», 78, 79-бет.), – деп өте анық тұжырым жасаған.

Албанның Сары, Шыбыл деген екі ұлы бар. Бүгінгі ірі тайпаға айналған Албан ұрпақтары Сары мен Шыбылдан өсіп-өркендеген ел болып Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан қатарлы елдерге бытырай қоныстанған. Албандардың бұрынғы ұраны Ұлы жүзге ортақ ұраны – Бақтияр болған. Кейінгі тайпалық ұраны – Райымбек болып қалыптасқан.

Қазақ халқының құрамындағы Албан тайпасы – басқа ұлыс, ру, тайпалар мен бірге қара нардың бұйдасын оққа қидырып, қара арғымақтың ерқасын оққа жұлдырып жүрсе де елін, жерін қорғап келген ер жүрек халық.

Қазақ халқы талай-талай қиын-қыстау зар замандарды бастан өткізді. Әне, соның бірі XIII ғасырдың басында басталған Шыңғысханның әлемге аты шулы жорығы бейбіт жатқан қазақ даласына орасан зор апат әкеліп, бейкүнә халық мекендерінен айырылып, торғайдай тозып қалалар мен аймақтары қаңғырап бос қалды. Атақты Отырар қаласының күлі көкке ұшып, дүние бойынша екінші орынды иелеген кітапханасы өртеліп, халық баға жетпес мәдениеті, тарихы, шежіресінен мәңгі айырылды.

Ғасырлар аунап, жылдардың жылжуына байланысты қазақ пен жоңғар арасындағы соғыс барған сайын ауырласып, 1723 жылға келгенде жоңғар қазақты ойсырата жеңді. Халықтың көзінен қанды жас ағып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырады. «Жер басып жүрген екі қазақтың біреуі өліп отырды. Қалай ықшамдасақ та, екі миллионнан еркін асқан халықтың тең жарымы қырылды» (Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі», «Шынжаң халық баспасы», 1999 жыл. 103-бет). «Байтал түгіл бас қайғы болып» халық өзінің баға жетпес мәдениетінен, тарихынан, шежіресінен айырылды. Қазақ шежірелері, міне, осындай ауыр бүлгіншілікке ұшырағандықтан қазіргі таратып жүрген шежірелеріміз 20-30 атадан ары аспайды.

Дәл осы аласапыран дәуірде Қангелді батырдың немересі Райымбек Түкеұлы жоңғарға қарсы атойлап алға шығып, еліне ерен еңбек сіңіріп қара ормандай қалың Албан елінің құрметіне бөленді. Содан бастап ел жауға қарсы шапқанда, бастарына күн туғанда Райымбек батырдың атын ұран етіп шақыратын болды.

Бұл туралы жыр жұлдыздарының бірі Көдек Маралбаев:

«Ұраным – Райымбек, затым Албан,

Құдайым несібемді түзден салған» деген өлең жолдары Райымбектің Албан тайпасына ортақ ұранға айналған қайталанбас тарихи тұлға екенін дәлелдейді. Сол замандағы ел ішіне таралған халық өлеңдерінің бірінде:

«Баласы Бәйдібектің Албан еді,

Қой жылы Қарқараны алған еді.

Ақ патша азап-қорлық көрсеткен соң,

Мұзартқа Албан үркіп барған еді» деген өлең шумағы босқын болған ел тағдырының аянышты көрінісін бейнелеп береді.

«Ұран ерте замандағы көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданатын ұлттар арасында төтенше маңызды орынды ұстады. Көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданатын ұлттар ерте заманда тынбай соғыстар жүргізді. Ұранды негізінен, жауға қарсы шабуылға өткен кезде, атойлап шепті алған кезде бір тұтас тәртіпке шақырудың, жауынгерлік жігерге дем берудің қаруы етті. Тайпа ұрандары өз ата-бабаларының немесе өз тайпасындағы белгілі батырдың атынан туады. Әр тайпаның өз ұраны болудан тыс, күллі қазақтың ортақ ұраны, яғни Алаш ұраны жарыққа шықты» (Су Бейхай «Қазақ мәдениетінің тарихы», 201-бет).

Аласапыран қиын-қыстау тағдырды бастан кешірген Албан тайпасының әрбір рулары ілгері-кейінді әр түрлі ұрандарды шақырып жүрді. Мысалы, Қоңырбөрікке ұран – Өтей, Айтқа ұран – Қалыбек, Алжанға ұран – Сырымбет, Бозымға ұран – Әлмерек болды, тек XVIII ғасырдың алғашқы жартысында Албан тайпасының ортақ ұраны Райымбек болып қалыптасты.

Тарихи деректеде айтылуынша, ру-тайпалардың таңбасын, ұранын, қоныстарын қазақ хандары, сұлтандары, билері белгілеп бөліп берген. Өз дәуірінде Майқы бидің 40 рудың басын қосып, олардың таңбасын белгілеп берілгендігі шежірелік деректерде көп айтылған.

Ал енді бір деректерде қазақ арасына таңбаны Тәуке хан (1680-1718) өз қолымен үлестіріп берген. Ол бас билермен кеңесіп «Жеті жарғы» заңын жасап, осы заң арқылы барлық тайпалардың ұранын атап, таңбасын белгілеп, қазақ хандық түзімін кемелдендірген әрі басқаруға қолайлы, туындаған дау-шарларды әділ, бір жақтылы етіп шешу үшін әрбір ру-тайпаларға өз шежіресін жаздырып хан ордасында сақтаған.

Қазақ халқы тайпа, рулардың таңбасын істетуге ерекше мән берген. Басқа тайпалар мен халықтар мал-мүлкін талан-таражыламау үшін малдарына да хан, сұлтан, билер бөліп берген өздерінің ен-таңбаларын белгі ретінде таңбалап қолданып отырған.

Қазақстандық білікті тарих ғалымы Байұзақ Қожабекұлы Албани «Албандар һәм Албания» атты мақаласында: «Дүниеде Албан атауы көп ұшырасады. Бүгінгі жер жүзі білетін Балқан тауындағы Албандар, оның мемлекеті – Албания, түрік халқы білетін Кавказдағы Албандар. Албан атауына назар аударыңыздар: Албан – Кавказдағы ежелгі халық; Албан – Балқандағы ұлт атауы; Албан – қазақ халқының құрамындағы көне тайпалы ел; Албан – Кавказдағы ежелгі өзен ...

Осыншама Албан атауы қайдан шыққан, түбі бір атаудан өрбіген бе? Бұл сауалға жауапты ежелгі заман жазбасынан табамыз. Мұның бәрінің тамыры Кавказ Албандарында, олардың құраған мемлекеті Албанияда жатыр.

Кавказ Албандары мен қазақ Албандарының тумалық тағдырын жоққа шығаруға болмайды», – деген ғылыми жорамалын ортаға қойды. Бұл жорамалдың дұрыстығына көз жеткізу үшін әлі де кемелді, толық ғылыми тұрғыдан дәлелдеуді қажет етеді.

Бәйдібек бабанның Жарықшақ деген ұлынан Албан, Суан, Дулат атты үш бала туған. Бұлар бүгінгі күні өсіп-өркендеген үш үлкен тайпалы елге айналып отыр. Албан, Суан, Дулат таңбалары негізінен күн таңбалы болып, бұл үш тайпаның таңбаларының негізінен өзара ұқсастау болуы, олардың жақын қандас екенін білдіреді.

Ататек шежірелеріміздің бірталайы өлең түрінде жазылған. Әр заманның ақын, жыраулары ата-бабаларының өмір жолын, ата-жөн таралуын, тіпті өз көңіл-күйлерінде қоса баяндап өлеңмен бейнелеп жеткізіп беріп отырған. Өлеңмен жазылған шежірелерді – «Ата өлеңнің» дамыған түрі деуге болады.

Қазақтың айтыс өлеңдерінің ішінде де «Ата өлең» қосылып айтылады, айтысушы екі ақын өз ру, тайпаларының шежіресін, өз елінен шыққан ел ағалары мен батыр, жырау, ақындарын, атақты байларын өлеңге қосу арқылы қарсы әріптесіне ата-бабалары арқылы мақтанып, өз елінің биік мәртебесімен салтанатын әйгілеп отырған.

Қазақ шежірелерінде өлеңмен жазылған ататек шежірені таныстыратын ата өлеңдерін молдап кездестіруге болады. Мысалы, «Арғынбек шежіресі», «Ежелгі қазақ шежіресі», «Шежіре – Үйсін ауған», «Шыңғысхан шежіресі», «Албан тарихы» қатарлы көптеген шежірелерді атауға болады.

Сол ата өлең шежірелерінің ішінде Көдек Байшығанұлы Маралбаевтың «Албан тарихы» атты шежірелік дастаны халықтың талай тарихынан, шежіресінен мол мәлімет береді. Ақынның «Албан тарихы» атты шежірелік дастаны халық ішінде айтылған ататек шежіресінің таралуын тіпті растай түседі.

Албанның қызыр шалған бел баласы,
Туылып Шыбыл менен Сары да өткен.
Шеті Көктас, Жалаңаш, Асыменен,
Баласы Қызыл, Қоңыр ары кеткен,
Сарының бел баласын және айтайын:
Сүйерқұл, Сүймендідей нәнің өткен.
Туылған Сүйерқұлдың төрт ұлының,
Екеуі қоныс алған арғы беттен.
Үш Қапақ Бәйсейіт ап Байынқолды,
Шоған мен Досалыға тауы жеткен.
Бір-екі Батыршаның баласына,
Қошқар мен Көміршінің сазы кеткен.
Айт, Бозым – Сүймендінің екі ұлы бар,
Осындай түсінеді парық еткен.
Өркені тамырлаған бүрлі ағаштай,
Бозымнан Сары, Жаншық анық өткен.
Байқасам Айт баласы үшеу-төртеу,
Азырақ құлақ салып сабыр етсең.
Таңатар бәйбішеден жалқы туып,
Мол жағы тоқалына ауып өткен.
Түгендеп теріп айту қиынырақ,
Осындай әр алуан халық өткен.
Албанның атақтысын бір терейін,
Қолайлы ел-жұртына жағып өткен.
Қызылбөрік – Ерсары, Айт – Ниязбек,
Белгілі анық қызыр дарып өткен.
Біреуден сұрап алмай құдай берген,
Жылқының бәлен жерге саны жеткен.

Билеген Жаркентті ер Уәлібай,
Жүз атқа бір ішікті нарық еткен.
Баласы Ниязбектің Сәрсенбай кеп,
Осыны жүз ат беріп алып өткен.
Ерекше нысапсыздық бағасы деп,
Жұртшылық естігенде айып еткен.
Атанған Қызылбөрік Мақсұт батыр,
Кесірді бір кісідей салып өткен.
Әкесі Қожамқұлға ас берерде,
Аямай малы-басын сарп еткен.
Жиыны бәлен атқа бәйге тігіп,
Еліне қазақ-қырғыз сауын еткен.
Үш атқа отауымен адам тігіп,
Халықты таңғалдырып дабыр еткен.
Алдынғы бес ат бірдей өзінен кеп,

Жұрт айтқан болғаны деп бағы өктем.
Мәмбеттен төмен қарай Алжан тарап,
Жайылып құйрығы мен жалы кеткен.
Атақты Райымбек батыр шығып,
Қақ бөліп қарасуды жарып өткен.
Атаның айналайын әруағынан,
Ұраны көңілімде жарық еткен.
Туылған сол атадан талай мықтың,
Санаулы күні бітіп бәрі кеткен.
Жанғабыл бір тұқымы даңғыл шешен,
Жүйріктің біреуі еді кәріп өткен.
Алдына жан салмаған ақ тұйғыным,
Жүрсе де жалғыз атпен жалы кеткен.
Билікті біле істеп Жетен шықты,
Ішінде Айт елінің Қалыбектен.
Алдына кезіккеннің ақ-қарасын,
Айырып, халайықты сабыр еткен.
Туғанға бұрмайтұғын туралығын,
Тұйғындай топты жарып мәлім еткен.
Ұйтқылы Сауырық батыр болған екен,
Қалмақты заманында шауып өткен.
Солтанқұл мен Сұлтанбек озған жүйрік,
Дубанға белгілі ғой мәлім өткен.

Біз қазақ шежіресіне қатысты деректерді Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы, Арғынбек Апашбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Төлебай Бөжекұлы, Шылбы Көмекұлы, Көдек Маралбаев, Асқар Татанайұлы, Албан Асан ақын, Құлмамбет Құланаян (1829-1907), Бөлтірік Атыханұлы (1870-1928), Шарғын Әлғазыұлы қатарлы ақын, жыраулардың шығармаларынан молдап кездестіре аламыз. Жоғарыдағы аталған ақын, жыраулар шығармаларынан тарихта өткен әйгілі адамдар, ірі оқиғалар, шежірелік аңыз, деректер, салт-сана, әдет-ғұрыптарды қарастыра зерттеудің маңызы өте зор деуге болады. Осы арқылы сахара мәдениетіне жататын шежірелерімізді толықтап, бай мазмұнды етіп, кемелді жазуға мүмкіндік туғызуға болар еді. Олар жазған ата өлеңдерінде өз дәуірінің тарихы мен мол шежірелік деректердің аршылмаған қайнар көзі жатыр.

Мен қазақ шежіресіне қатысты жүз неше кітапты оқып көріп, баспа бетінде жарияланған ататек шежірелерімізде мынандай ортақ олқылықтар бар екенін байқадым.

1. Шежіре кітаптарда адамдар тізімдігі негіз етіліп, қазақ ұлтының құрамындағы ру, тайпалардың мекенге таралуы, тұрмыс тіршілігі, салт-санасы, олардың қайсы хан, сұлтан, билерге қарағандығы, басқа тайпалардан парықталатын негізгі ерекшелігі, қарым-қатынасы, 500-600 жылдың ары жағындағы жасаған түп аталары кімдер екендігі жөніндегі деректер қағыс қалып, анық түсіндірілмеген.

2. Шежіре кітаптардағы көптеген тарихи аңыздар мен тарихи тұлғалардың жыл шегін айыру тіпті қиын, бір сыпыра күңгірт, көмескі жаңсақтықтар байқалады, тарихтағы ру, тайпалардың елін, жерін қорғаған аты шулы соғыстары бірде арыдан, бірде беріден баяндалып жатады.

3. Шежіре жазушы немесе шежіре жинаушылар өзі шыққан ру, тайпаларды негізінен толық айтады да, басқа ру, тайпаларды шала-шарпы шолып өте шығатын жайттер кездеседі.

4. Басылым көрген шежіре кітаптарда аталарды әр түрлі таратып келеді, бір кітапта былай таратса, енді бір кітапта басқалай таратады.

Міне, осыларды оқып отырып қайсысына сенеріңді білмей дал боласың, осындай әр түрлі көзқарастарды тарих ғалымдарымыз бен майталман шежірешілерімыз бір арнаға түсіру үшін әлі де ғылыми тұрғыдан жалғасты тереңдей зерттеу қажет деп ойлаймын.

Замандардың өтіп жылдардың жылжуымен сан ғасырғы үркін-қорқын, алапатты соғыстың әсері, әйгілі Шыңғысханның жойқын жорықтары, «Ақтабан шұбырынды» заманы, 1916 жылғы «Қарқара көтерілісі» қатарлы алмағайып ірі оқиғалар бейбіт күнімізді шайқалтып, ел ата мекендерінен босқын болып торғайдай тозды. Ашаршылық, ауру апаты жайлады, ата тарихымыз, ата шежірелеріміз жоғалды, өртелді, кейбіреуі басқалар жағынан қолды болды, шежірелерімізге үзік-үзік, жамау-жасқау түсті, ер басына күн туып етікпенен су кешіп, ер басы, ат басы сайда қалды.

Осыларды ойлағанда қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «Қазақ пен қырғыздың тарихы там-тұмдап болса да кезінде жазылған, көбі қағазға емес, тас бетіне, Орхон-Енисей жазбалары осының айғағы. Әттең, көбінің қадіріне жетпедік. Сынды, бүлінді, кейбірі зерттеймін деп келген әлдекімдердің қанжығасына бөктеріліп, Санкт-Петрбургке, сонау Англияға, Германияға дейін ұзап кетті», – деген салиқалы көзқарасын еріксіз есімізге салады.

Қытай қазақтары жарты ғасырдан бері халқымыздың әдебиетін, мәдениетін, тарихын, шежіресін қайта жинақтап, зерттеп үлкен табысқа жетті. Әсіресе, 1980 жылдардан кейін халқымыздың тарихы мен шежіресіне қатысты 100-ге таяу үлкенді-кішілі кітаптардың баспадан шығуы қазақтану ғылымының алтын дәуірге қадам тастағанынан дерек береді.

Шыңғыс тауынан туған үш алыптың бірі, шежіре атасы, кемеңгер Шәкәрім Қүдайбердіұлы:

«Елім-ай неге ерініп тек жатасың,

Ғылымға бір кіріссең дәм татасың.

Қалжың емес қам үшін жаздым мұны,

Кейінгілер білсін деп түп атасын», – деп айтқан алтын сөзі ата шежіресін ардақтаған зерделі ұрпақтар көңіліне өз сәулесін түсіріп, үлкен ой салады.

Мақаланың соңында айтар сөз тұтас қазақты бір қазыққа байлайтын ататек шежіремізді жинау, реттеу, зерттеу барысын ғылыми жүйеге түсіріп, анағұрлым кемелдендіруіміз қажет, өйткені шежіре тарихы ұлт тану ғылымының бір саласы болып табылады.

Ұлт танудың, зерттеудің игі қадамын тездету үшін ататек шежірелеріміз туралы мынандай жұмыстарды қолға алуымыз қажет.

1. Халық ішінде кең таралған әр түрлі қолжазба шежірелер мен баспа бетінде жарияланған шежіре кітаптарды салыстыра зерттеп, қауызын тастап, дәнін алу, бір арнаға түсіріп ғылыми тұрғыдан бірлікке келтіру, атап айтқанда қазақ халқының шежіресінің көп томдық жинағын баспадан шығару үшін құлшыныс жасауымыз керек.

2. Қазақ халқы ішіндегі әрбір ру, тайпалардың мекенге таралып қоныстануы, жүздерге бөлінуі, жан санының өрбіп-өсуі, шұғылданған кәсібі, экономикалық ахуалы, тарихта өткен хан, сұлтан, билері, ақын-жырау, ғалымдары, ру, тайпаларға аты ұран болған әйгілі батыр сардарлары, қол басшылары, қолданған таңбалары, басқа елдерге даңқы тараған атақты қалалары, салт-сана, әдет-ғұрыптары қатарлы жақтар шежіре тарихын зерттеуде маңызды факторлар болып есептеледі. Біз осы жақтардан ізденіс жасап, шежіре жазудың кемелді, толық қанды үлгісін жаратуымыз керек.

3. Ататек шежірелерімізде заманнан-заманға жалғасып келе жатқан қыз баланың атын шежіреге түсірмеу сынды көне көзқарастың тар шеңберін бұзып, әрбір атадан тараған ұл, қыздарды шежіреге толық жазып түсіруіміз қажет.

4. Тарихта өткен атышулы соғыстың салдарынан бір елдің енді бір елді жаулап алуынан туылған қазақ халқының құрамындағы кейбір ұлыс, ру, тайпалардың басқа елдің құрамына сіңіп кетуі, қазақ шежірелеріне дерексіз, күңгірт оқиғалар мен анықсыз аталардың тықпаланып кіріп бұрмалануы, ататек шежіремізге үлкен олқылық әкеліп, үзік-үзік, жамау-жасқау түсірді. Біз осы бостықты толтыру үшін тарихтан аты өшіп, көз жазып қалған ата-бабалардың есімдерін тауып, шежіремізді толықтыра алсақ, бабалар әруағы жатқан жерінен үш аунар еді.

Шежіре халықтың таңдаулы мәдениет байлығы, ол зерттеу құнына ие дәстүрлі халықтық мұра. Қазақ шежіресі шұғыл құтқарып, қорғауды қажет етіп отырған бейзаттық сахара мәдениетінің бір бөлшегі.

Шежіре тарихы – халық тарихы, ғасырдан-ғасырға жалғасқан ата тарихымыз өзі сөйлесін, оның Алтын шынжыры мәңгі үзілмесе екен!

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф.

Мақаланы дайндаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1948