Жексенбі, 13 Қазан 2024
Абай.tv 6441 9 пікір 6 Қыркүйек, 2024 сағат 01:07

Қырғыз депутаты: Ресейге көмекке ОДКБ-ны жіберейік!

Қырғыз депутаты: «Путинге көмектесейік», - деді. Иә, сөйдеді. Қырғыз Жоғарғы кеңесінің (Парламент) ақсақал депутаты (64-те) Ысқақ Масалимов бүгін сөйдеп сөйледі.

Қырғызстан Парламентіндегі отырыста әріптестерін Украинамен соғыста Ресейді қолдаудың ықтимал нұсқаларын қарастыруға шақырды.

«Екі жылдан бері ұрыс жүріп жатыр... Бұрын бұл біздің одақтасымыз – Ресейдің ішкі ісі еді, біз бейтарап позицияны ұстандық... Бірақ қазір Ресей аймақтарына бомбалар түсіп жатыр. Онда миллионға жуық отандастарымыз жұмыс істейді, соларға алаңдаймын. Сонымен қатар, біз Ресейдің ҰҚШҰ-дағы одақтасымыз. Менің ойымша, біз мәселені терең зерттеп, қалай қолдау көрсетуге болатынын ойлауымыз керек», - деді әлгі жерде.

Бұл Масалимов бұнымен шектелмей, Ресей банктерімен әріптестікті уақытшы үзу туралы бастама көтерген Қырғыз Ұлттық банкіне шүйлігіпті. «Бұны Ресейге қарсы жасалған шара деп қабылдауға болады», - дейді депутат.

«Қолдау көрсетудің әртүрлі формалары бар. Әйтпесе, бізден санкцияларды сақтау талап етіледі екен. Яғни, Еуроодақ пен Америка санкция салады, сосын біз оны орындауға міндеттіміз. Біз бұл операцияға жауапты емеспіз. Біздің жалғыз стратегиялық одақтасымыз Ресей. Ең маңызды дәлел – ол жерде біздің бір миллион азамат жұмыс істейді», - дейді Масалимов.

Кезінде Қырғыз коммунистік партиясының тізгінін ұстап, Жоғарғы Кеңеске депутат болып келген Масалимовтың бұл айтқандары онсыз да Ресейдегі түрлі саясаткерлердің аузымен күн сайын айтылып, көтеріліп жүрген ҰҚШҰ күштерін Ресейге көмекке аттандыру туралы даулы мәселенің қызыл шоғын қайта үрлегенмен тең болды.

Әлгінде ғана Беларусь басшысы Лукашенко да ҰҚШҰ әскерін Ресейге көмекке аттандыру туралы сөз қозғаған еді. Енді Қырғыздан Масалимов шығып, бүйдеп отыр...

Айтпақшы, сол ҰҚШҰ әскері қазір Қырғыз жерінде. Бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізіп жатыр.

Түйін: Біз ҰҚШҰ күштерін Ресейге жіберуге үзілді-кесілді қарсымыз! Қазақстан СІМ-і Курскідегі жағдайларға қатысты өз мәлімдемесін жасап: «Қазақстан БҰҰ Жарғысын басшылыққа алып әрекет етеді. Біз кез келген жанжалдың дипломатиялық жолмен шешілуін қолдаймыз», - деген болатын.

Иә, әр мемлекет өз азаматтарын қорғауға міндетті. Мейлі ол шекараның сыртында болса да! Сондықтан, Ресейдегі отандастарын Масалимов пен Жапаров, жолын тауып, өздері құтқарсын! Бізден әскери араласуды мүлде сұрамасын!  Бұл біздің мемлекетік мүддемізге қайшы! Біздің жалғыз стратегиялық әріптесіміз - Ресей емес!

Abai.kz

9 пікір