Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Билік 2229 6 пікір 9 Қыркүйек, 2024 сағат 01:29

Көшпенділер ойындары - бұл көшпенділер олимпиадасы!

Суреттер Ақорданың телеграм арнасынан алынды.

Астанада V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ашылуы сән-салтанатымен өтті. 30 мың көрерменге арналған «Астана Арена» іші бүгін жанкүйерлер мен көрермендерге лық толды. 3 мыңға жуық өнерпаз қатысқан Көшпенділер ойындарының ашылуы – Олимпиада ойындарының ашылуынан еш кем болған жоқ.

Суреттер Ақорданың телеграм арнасынан алынды.

Көшпенділер ойынының ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірге Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзиёевтің, Татарстан басшысы (Раисы) Рустам Минниханов пен Түркіменстанның ұлт көсемі, Халк Маслахатының төрағасы Құрбан Бердімұхамедовтер арнайы келіп қатысты.

Сонымен қатар, шетелдік ресми делегаттардың қатарында: Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Суреттер Ақорданың телеграм арнасынан алынды.

Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен ұзын-саны 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ!

Әлемнің әр түкіпірінде бар Ұлттық спорттың байрақты бәсекесінің ашылуында Қазақстанның көк Туын елімізді мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің балалары көтеріп шықты. Онан соң еліміздің Әнұраны шырқалып, Олимпиадалық дәрежеде даярланған шоу-бағдарламамен жалғасты. Еларалық дода дәстүрі бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттерден келген спортшылар шерулетіп өтті.

Астанада басталған Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, тіпті, Австралиядан спортшылар келген екен.

Сурет Ақорданың телеграм арнасынан алынды.

«Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды.

Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді.

Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек», – деді Президент.

Жалпы Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары басталған әуелгіде: «Бұл байрақты бәсеке болашақта Олимпиадалық дәрежеге жетеді», - деп айтылған. Алайда, осыған дейін әр мемлекет өзінше өткізіп келді. Қырғызстан да, Түркия да сөйтті.

Бүгінгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қарап, Қазақстаннан кейін бірыңғай формат қалыптасады деп ойлаймыз!

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2070