Жаңа соғыс: Ливандағы Елшілік шұғыл үндеу жасады
Израиль ресми түрде Ливандағы «Хезболлаға» қарсы кең ауқымды операция бастады! Оған «Солтүстік жебелері» деп ат қойды. Операцияның мақсаты - еврей мемлекетінің шекаралас аудандарын бомбалауды тоқтатып, тұрғындарды елге қайтару.
Израиль армиясы қазірдің өзінде «Хезболланың» мыңнан аса нысанасына шабуыл жасаған. 600-ге жуық адам қаза тауып, 1,8 мыңнан көп адам жарақат алған. Бұл ақырғы есептеулер емес. Демек, бұл сандар сәт сайын өзгереді.
Ливанның денсаулық сақтау министрі Фирас Абиад бір аптадан аз уақыт ішінде Израильдің шабуылынан 5 мыңға жуық адам жарақат алғанын айтады. Тек қана пейджерлер мен радиолардың жаппай жарылысы кезінде 3 мыңға жуық адам зардап шеккен. Ливан билігі бұл шабуыл үшін Израильді айыптап отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, ливандықтар 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыс аяқталғаннан бері алғаш рет осындай ауқымды шығынға ұшырауда.
Ливан премьер-министрі Наджиб Микати Израильдің жаппай шабуылын айыптап, оны «деструктивті жоспардың бір бөлігі» деп атады. Ол БҰҰ-ны «Израиль агрессиясын тоқтатуға» шақырды.
Израильдің Ливан аумағындағы операциясы қатысты пікір білдірген Израиль премьері Нетаняху: «Әлі түсінбегендер үшін мен Израильдің саясатын нақтылағым келеді: Біз қауіп күтпейміз, біз одан озамыз. Барлық жерде, әр майданда, кез келген уақытта. Біз жоғары лауазымды командирлерді жоямыз, террористерді жоямыз, зымырандарды жоямыз! Бұл тек бастамасы ғана. Кім бізге соққы беруге тырысса, біз оларға осылай жауап береміз!», - деді.
Қазақстанның Ливандағы елшілігі сол жердегі қазақстандықтарға үндеу жасады. Ливандағы шиеленістің күшеюіне байланысты Ливандағы Қазақстан азаматтарын қажетті сақтық шараларын сақтауға, атап айтқанда, жергілікті биліктің барлық нұсқамаларын қатаң орындап, қозғалысты барынша азайтуға шақырады.
«Ливанның оңтүстігінде және Бекаа алқабында тұратын азаматтарға жағдай қалыпқа келгенге дейін елдің салыстырмалы түрде қауіпсіз орталық және солтүстік аймақтарына уақытша көшуді немесе Ливаннан кетуді қарастырған жөн. Коммерциялық рейстер әлі жүріп жатыр», - делінген хабарламада.
Abai.kz