Жексенбі, 13 Қазан 2024
Әне, көрдің бе? 1849 5 пікір 26 Қыркүйек, 2024 сағат 14:51

Ресейге салынған санкция: «Екі жеп, биге шығушылық»

Сурет: eurasianet.org

Иә, Ресейге салынған санкциядағы «екі жеп биге шығушылық та» «қазақ ізінің» жоқтығы қуантады.

Батыс Петр ашқан терезені жапқанымен, есебін тапқандар Путин режімінен нәпақа табудың сан түрлі амалын ойлап табуда. Осы сауалға қатысты Батыс БАҚ жауап іздеуге көшті. Соның бірі «Армян схемасы».

Бұл арадағы біздің «Армян схемасы» дегендегі айтпағымыз - люкс автомобильдердің Ресейге қалай жол тартушылығы жөнінде. Таяуда британдық Sky News телеарнасы жүргізген тергеу барысында Арменияның қатысуымен күрделі схема анықталды. Оған білек сыбана қатысушылардың арқасында Ресейге санкциялардан тыс Батыста өндірілген люкс автомобильдер жеткізіліп жатыр.

Британдық тележурналистердің айтуынша, бұл «бизнеске» бірнеше топ қатысады. Олардың біреуі Грузияның Ресеймен шекарасындағы «Жоғарғы Ларс» шекара бекетіне не Тбилиси автосалондарынан, не тікелей Поти мен Батуми порттарынан автокөліктер жеткізеді. Бұл жерде машиналар бірнеше күнге қалдырылып, тиісті құжаттар әзірленеді.

Санкцияны айналып өтушілікке қатысты індете журналистік зерттеу жүргізіп жүрген британдық журналистер Арменияның қатысуымен жүзеге асып келе жатқан күрделі схеманы анықтады. Армяндар түрлі тетіктер арқылы Ресейге санкцияларды айналып өтіп, Батыста өндірілген люкс автомобильдерге қол жеткізуіне жағдай жасап келеді.

Себебі Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялар енгізгеннен кейін Гүржістан тиісінше Ресейге автомобильдер жөнелтуге тыйым салды. Бірақ, кейін келе белгілі болғанындай, автокөліктерді шекара арқылы тасымалдаудың «кейбір тәсілдері» бар екендігін Батыс та сезіне бастады.

ЕуроАЭО-ға мүше Армения қолында бар мүмкіндігін құр жібермей, люкс автомобильдерге транзиттік тіркеу нөмірлерін беріп, одан әрі тиісінше ресейлік сапарға «дайындайды». «Армян» құжаттары «Верхний Ларс» кеденіне келіп түскеннен кейін, Грузия азаматтары Ресей шекарасын ешбір қиындықсыз люкс автомобильдермен кесіп өтеді. Бұл харекет ресейлік кеденшілердің деректерінде көрініс таппайды.

Осылайша, Sky News журналистерінің пайымдауынша, Ресейге армян нөмірлі автокөлікті алып бара жатқан адамды санкциялық режимді бұзған деп айыптау мүмкін емес. Осылайша Ресейге қымбат BMW, Lexus, Mercedes, Range Rover, Porsche және Lamborghini модельдері келіп жетеді.

Осыған байланысты, бірнеше ай бұрын Sky News Әзербайжанға Land Rover автокөліктері экспортының күрт өсуін кейіннен, оны Ресейге қайта сатумен байланысты ма деген мәселенің басын ашуға тырысты. Алайда британдық тележурналистер Еуроодақ санкцияларының бұзылғанын дәлелдеген фактілерді келтіре алмай пұшайман күйге ұшырады.

Люкс автомобильдерді Ресейге тасымалдаудың «сұр» схемаларының бірін ашқан британдық телеарна Армения мен Ресей арасындағы тауар айналымының қарқынды өсуі санкцияланған тауарлардың едәуір бөлігінің РФ аумағына армяндық делдал компанияларының көмегімен келуімен тікелей байланысты екенін дәлелдеді.

Бізде де, шын мәнісінде Орталық Азиядағы орыс тілді жылмақай бизнесмендер Путиндік режімнің сойылын соғып, санкцияны айналып өтуі үшін қандай «сұр схема» қолданып жүргені бір Құдайға ғана дүние.

Abai.kz

5 пікір