Жексенбі, 13 Қазан 2024
Әріптестің әңгімесі 1912 4 пікір 26 Қыркүйек, 2024 сағат 15:02

Беларусь – «бодан». Ресей – агрессор. Украина – жеңімпаз!

Коллаж: Mezgil.kz

Ақырғы екі-үш күннен бері БҰҰ-да әлем басшылары бас қосуда. Бас ассамблеяның 79-шы бас сессиясында мінбер сұрап, кезек-кезек, рет-ретімен сөйлеп жатыр. Қазақстан атынан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу барып қатысқан. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды

ҚАЗАҚСТАН БҰҰ-ДА СӨЙЛЕДІ. НЕ ДЕДІ?

«БҰҰ-ға мүше барлық елдермен және оның институттарымен біздің планетамыз және бүкіл адамзат үшін жарқын болашақты қамтамасыз етуде күш біріктіру керек. Қазақстан сол үшін де бүгін осы жиынға қатысуда!», – деген Мұрат Нұртілеу өз сөзінде көпжақты ынтымақтастықтың, БҰҰ реформасының және климаттың өзгеруі, ядролық қауіпсіздік және цифрлық трансформация сияқты сын-қатерлерді шешуге бағытталған жаһандық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

1727260326422123.jpg

(Сурет ҚР Сыртқы істер министрлігі сайтынан алынды)

2,5 жылдан асып, 3 жылға тақаған Украинадағы соғыс тақырыбы жаһандық күн тәртібінен түспей келеді. Керісінше, соғы айларда Ресей тарапынан айтылып жатқан ядролық бопса және ядролық қақтығыс риторикасы қызыл шоқты қыздыра түсті. Сондықтан, БҰҰ Бас ассамблеясында Украинадағы соғыс тақырыбы бойынша айтылған бірлі-жарым сөзге және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылған әңгімелерге шолу жасағанды жөн санадық.

ПУТИН ЖӘНЕ РЕСЕЙ ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ ЖЕҢІЛДІ!

БҰҰ Бас ассамблеясының басты сессиясында өзінің президент ретіндегі ақырғы сөзін айтқан АҚШ лидері Жо Байден сөзінің көп бөлігін Украинадағы соғыс тақырыбына арнады. Оның сөзі негізінен әлем алдында тұрған сыртқы сын-қатерлерге арналды. Атап айтқанда, терроризм, Иранның әрекеттері, оның ядролық бағдарламасы, Израиль мен Хамас арасындағы соғыс және ең бастысы Ресейдің Украинаға басып кіруі туралы сөз болды.

1727260443672693.jpg

(Сурет news.un.org сайтынан алынды)

БАЙДЕН НЕ ДЕДІ?

*Ресей Украинаға басып кіргенде, біз жай наразылық білдіріп, сырттан бақылап отыра алар едік.  Бірақ, вице-президент Харрис екеуміз мұның әуелі БҰҰ институциясына және өркениетті әлемге қарсы шабуыл екенін түсіндік. Менің нұсқауым бойынша Америка Украинаға қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетуге бастамашы болып, сыртта қалмадық! Біздің одақтастарымыз бен НАТО-дағы серіктестеріміз, 50-ден астам ел Украинаның қасынан табылды. Бірақ ең бастысы, украин халқы көтерілді!

РЕСЕЙ УКРАИНАНЫ ЖОЯ АЛМАДЫ! НАТО БҰРЫНҒЫДАН КҮШЕЙЕ ТҮСТІ!

*Жақсы жаңалық - Путиннің соғысы сәтсіз аяқталды. Оның басты мақсаты Украинаны жою болды, бірақ Украина еркін болып қала береді! Ол НАТО-ны әлсіретуді көздеді, бірақ НАТО екі жаңа мүшемен, Финляндия мен Швециямен толығып, бұрынғыдан да үлкен, бұрынғыдан да күшті болды!

*Әлем тағы бір таңдау жасауы керек! Біз Украинаның осы соғыста жеңіске жетуіне көмектесеміз бе, әлде шегініп, агрессияның жалғасуына және Украинаның жойылуына жол береміз бе? Мен өз жауабымды білемін. Біз қазір шаршадым дей алмаймыз! Украина БҰҰ Жарғысына негізделген әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізбейінше, Украинаны қолдаудан бас тартпаймыз!

*Көптеген адамдар бүгін әлемге қарап, қиындықтарды көріп, бойларын үмітсіздік билеп алғанын білемін. Бірақ Әлемдік көшбасшылар ретінде біз олай сынып қала алмаймыз! Мен Украинадан Газаға, Суданға және одан тыс жерлерге дейін, соғыс, ашаршылық, терроризм, зорлық-зомбылық, адамдардың рекордтық қоныс аударуы, климаттық дағдарыс, қоғамдағы шиеленіс, демократияға төнген қауіп пен елеулі тәуекелдердің барын білемін! Бірақ, ондаған жылдар бойы бірге жасаған барлық нәрселердің арқасында менде үміт бар. Алда жол барын білемін... Соғыстан кейін де жол бар. Жағдай жақсарады! Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек!

1727260570808638.jpg

(Сурет Анадолы агенттігі сайтынан алынды)

ЕРДОҒАН: БІЗ УКРАИНАНЫҢ ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ ТҰТАСТЫҒЫН ҚОЛДАЙМЫЗ!

БҰҰ Бас ассамблеясының басты сессиясында сөз сөйлеген Түркия президенті Режеп тайып Ердоған Украинадағы және Таяу Шығыстағы соғыстарға қатысты бірсыпыра батыл мәлімдемелер жасады. Соның ішінде Украинаның территориялық тұтастығын қолдап сөйледі.

«Украинадағы соғыстың жалғасып жатқанына үшінші жыл. Біз әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуден әлі алыспыз!  Қарулану жарысы күш алған сайын дипломатияның өрісі де бірте-бірте тарылып барады. Біз Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне негізделген дипломатия мен диалог арқылы соғысты тоқтату үшін барымызды салатын боламыз!», - деді.

1727260690755165.jpg

(Сурет БҰҰ сайтынан алынды)

ЗҰЛЫМДЫҚ: УКРАИНАДА 15 МИЛЛИОН АДАМ КӨМЕККЕ МҰЖТАЖ!

Енді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинадағы соғыс тақырыбына арналған арнайы жиынына қарай ойыссық. Әуелгі сөзді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш айтты.

«Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысының салдарынан Украинада 15 миллион адам гуманитарлық  көмекке мұқтаж! 10 миллионға жуық адам өз үй-жайларын тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Ал соғыс басталғалы-бері Ресей 11 мыңнан астам бейбіт халықты аяусыз өлтірді.

Биылдың өзінде 6,2 миллион украин азаматына гуманитарлық көмек көрсетілді. Қыс жақындап келеді. Ал гуманитарлық көмек қорының жартысынан азы ғана қаржыландырылды. Сондықтан, донорлар жылдамырақ қимылдауы керек», - деді БҰҰ Бас хатшысы.

1727260783151905.jpeg

(Сурет V_Zelenskiy_official-дан алынды)

ЗЕЛЕНСКИЙ: БҰЛ СОҒЫСТА ЖАЛҒЫЗ АГРЕССОР БАР. ОЛ – РЕСЕЙ!

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украина мәселесі қаралған жиынына Украина президенті Владимир Зеленский де қатысты.

«Әлемдегі кей кісілер Путинмен кездесіп, келіссөз жүргізгісі келеді. Түсінбеймін, онымен не туралы сөйлесуге болады? Оның аузынан не естігілері келеді? Ресейдің заңсыз президенті Путиннің көптеген халықаралық нормаларды бұзғаны сонша, енді оның өзі тоқтамайды. Ресейді соғысты тоқтатуға, бейбітшілікке мәжбүрлеу керек! Бұл соғыста – БҰҰ Жарғысын бұзушы жалғыз ел – Ресей! Бұл соғыста жалғыз агрессор бар. Ол – Ресей!

Күндердің бір күнінде дәл осы залда әлем Ресейдің Украинаға қарсы соғысының тоқтағанын еститін болады. Уақытша тоқтатылғанын немесе уақытша тежелгенін емес, шын мәнінде соғыстың аяқталғанын естиді! Және соғыс қайсыбір тараптың шаршағаны немесе әлдекімдердің Путинмен саудаласып, келіскені үшін емес, БҰҰ Жарғысының орындалғаны үшін аяқталатын болады!», - деді Украина президенті.

Зеленский әділетті әлем құру жолы Украина ұсынған бейбітшілік формуласында жазылғанын және оны БҰҰ Жарғысы негізінде ғана жүзеге асыруға болатынын атап өтті. «Соғысты тоқтатуға болады, бірақ ол үшін бірігіп, ауызбіршілікте болуымыз керек», деп қосты ол.

1727260913545568.png

(Сурет: Telegram-канал NEXTA)

БОРРЕЛЬ: БЕЛАРУСЬ РЕСЕЙДІҢ БОДАНЫ!

Ал Еуродипломатия басшысы Беларусьті Ресейдің боданы деп атап, Украинаға көмекті тоқтатпауға үндеді.

«Мен мұнда соғыстың құны қымбатқа соғуда деген кейбір «бейбітсүйгіш» мырзаларды тыңдап отырмын. Біз де бейбітшілікті сүйеміз! ЕО бейбітшілікті жақтаушы! Бірақ, біз Украинаны одан да қатты жақсы көреміз! Сіздер емес, Украина халқы қазір бейбітшілік үшін ең жоғарғы құнды, яғни өз өмірлерін бәске кігіп отыр! Соғысты тоқтатудың жалғыз әрі жылдам жолы – басқыншыларды қуып шығу. Сонда ғана соғыс тоқтайды!

Біз көмекті тоқтатсақ, Украина жеңілуге мәжбүр болады! Біз соғыстың олай аяқталғанын, Украинаның жеңілгенін қаламаймыз! Ұлттық бірегейлігінен, жері мен еркіндігінен айырылып, «екінші Беларусь» болғанын қаламаймыз!», - деді Еуродипломатия басшысы.

1727261062836945.jpg

(Сурет Синхуа агенттігінен алынды)

ҚЫТАЙ РЕСЕЙ-УКРАИНА КЕЛІССӨЗІНІҢ 3 НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМЫН АТАДЫ!

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиынына Қытай атынан Сыртқы істер министрі Уаң И қатысқан. Ол былай Украинадағы соғысты реттеудің 3 принципін атады.

Біріншісі: шиеленісті өршітпеу принципін ұстану керек, өйткені «соғыс алаңына неғұрлым көп қару жіберілсе, атысты тоқтату мақсатына жету соғұрлым қиын болады»;

Екіншісі: диалог пен келіссөздер – «Украинадағы дағдарыстан шығудың жалғыз жолы»;

Үшіншісі: «Украина дағдарысын» тежеу қажет, өйткені бұл әлемдік экономикаға үлкен салмақ түсіреді.

Уаң  И: «Бейбітшілік пен халықты басымдыққа айналдыру» және елдер арасындағы келіссөздерді ілгерілету үшін күш салу қажет», - деді.

Abai.kz

4 пікір