Жексенбі, 13 Қазан 2024
Көкжиек 1634 3 пікір 26 Қыркүйек, 2024 сағат 15:11

Түркия. Журналистиканы қайдан оқуға болады?

Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды.

Түркияның қандай университеттері журналистика және ақпарат мамандарын оқытады?

Аңдатпа

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрлігіне шетелдік озық ғылыми технологияларды Қазақстанға әкелу мақсатында жыл сайын 500 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырған еді.

Отандық ғалымдарымызға арналған ғылыми тағылымдама жетекші шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтар мен салалық ұйымдарда ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған.

Бізге Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық Комиссия отырысының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №23-32-7.5 хаттамасына сәйкес Түркия Республикасындағы Башкент Университетіне «Әлеуметтік ғылымдар саласындағы менеджмент» бағдарламасы бойынша 12 (он екі) ай ғылыми тағылымдамадан өтуге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның қолдауымен 2024 жылғы қыркүйек айының алғашқы аптасында біздің Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы Башкент Университетінің Коммуникация факультетіндегі ғылыми тағылымдамамыз басталды.

Бұл мақалада «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша өтіп жатқан ғылыми тағылымдамамыздың алғашқы айында жинақталған Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі білім беру бағдарламаларымен, профессор-оқытушы құрамының және студенттерінің сандық құрамы туралы мәліметтермен қысқаша таныстыруды мақсат етіп отырмыз.

Кілт сөздер: «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы, «500 ғалым» жобасы, Түркия Республикасы, Башкент Университеті, Коммуникация факультеттері, қоғаммен байланыс, танытым.

Кіріспе

Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттерінде журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс, телевизия және радио салаларында кең ауқымды білім беру бағдарламалары бар. Түркия университеттері коммуникация бағытында жалпы білім беруден салалық мамандықтарға дейін ұсынатын білім беру бағдарламаларының алуан түрлілігімен, академиялық жетістіктерімен және жүргізетін зерттеулерімен танымал. Түркия университеттерінің Коммуникация факультеттері әлемдік деңгейде сапалы білім береді, журналистика және ақпарат саласында болашаққа бағытталған кәсіби мамандарды оқытып, даярлайды.

Сонымен қатар, іскерлік кәсіби саламен тығыз байланысы бар Түркия университеттерінің Коммуникация факультеттерінде мансапқа ұмтылған студенттерге тағылымдамадан өтуге, әлемдік деңгейдегі жетекші профессор-оқытушылар құрамының жетекшілігімен ғылыми жобалар бойынша жұмыс істеуге, кәсіби оқу бағдарламалары мен университеттік білімнен кейін кәсіптік бағдар алуға барлық жағдайлар жасалған.

Дереккөздер

Мақалада Түркия Республикасының астанасы Анкараға қаласында өтіп жатқан ғылыми тағылымдаманың барысында жинақталған нақты мәліметтер жарияланып отыр. Түркия университеттеріндегі Коммуникация факультеттерінің қызметі туралы тікелей түрік тіліндегі деректер топтастырылып, сарапқа салынды.

Мақаланы жазу барысында Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің (Türkiye Cumhuriyeti Yükseköğretim Kurulu – YÖK) [1], Түркия қоғаммен байланыстар қауымдастығы (Türkiye Halkla İlişkiler Derneği) [2], Коммуникациялық зерттеулер қауымдастығы (İletişim Araştırmaları Derneği) [3] және басқа да мемлекеттік және қоғамдық мекемелер мен ұйымдардың ресми сайттарындағы түрік тілінде жарық көрген мағлұматтарға талдау жасалды.

Мақсат-міндеттер

«Түркия Республикасында коммуникация және медиа салаларындағы ғылыми зерттеулер жүргізу тәжірибесі» тақырыбындағы ғылыми тағылымдамамыздың жоспар-кестесі бойынша мынадай ғылыми іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз:

- Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі журналистика, қоғаммен байланыс, жарнама, телерадио, т.б. бөлімдерінің білім беру бағдарламаларының мазмұнын зерттеу;

- Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі студенттермен жүргізілетін оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, қоғамдық және тәрбие жұмыстарын зерттеу;

- Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі журналистика және қоғаммен байланыс саласында студенттерге, магистранттарға және PhD докторанттарына арналған оқулықтарды, оқу құралдарын, ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерді зерттеу;

- Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі студенттерге, магистранттарға және PhD докторанттарына сабақ беретін профессор-оқытушылардың ғылыми және білім беру салаларындағы жұмыс тәжірибелерін зерттеу;

- Түркия Республикасында шығарылатын, әлеуметтік-гуманитарлық салалар бойынша Scopus және Web of Science халықаралық мәліметтер қорына енгізілген ғылыми журналдардың тәжірибелерін зерттеу;

- Түркия Республикасының QS World University Ranking: Top Global Universities-ке кіретін үздік университеттерінің ғылыми-білім беру саласындағы қызметтерін зерттеу;

- Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың әдіс-тәсілдерін зерттеу.

Бүгінгі технологияның дамуымен Түркия Республикасындағы университеттердің Коммуникация факультеттері оқу үдерісіне көптеген ерекше жаңалықтарды енгізуді мақсат етіп отыр. Жастарға ақпарат беріп қана қоймай, студенттерді шабыттандыратын, қарым-қатынас есігін кең ашатын және олардың мансап жолында дағдылар мен шығармашылық ойлауды қамтамасыз ететін білім ордалары – осы Коммуникация факультеттері деп айтуға болады. Мыңдаған жаңашыл көшбасшылар даярланып, алғашқы іргетасы жүз жыл бұрын қаланған бұл факультеттердің бірінші мақсаты – бүгінгі коммуникациялық әлемге өзгеріс енгізу.

Мақаланы жазу барысында журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс салалары бойынша ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттерінде қызмет істейтін Gilman Senem Gençtürk Hızal [4, 5], Çiğdem Baskıcı, Yavuz Ercil, Yunus Gökmen [6], Ebru Akçay [7] және басқа да ғалымдарының зерттеу әдістеріне ерекше назар аудардық.

Жинақталған нәтижелер

Түрік тілінде жарық көрген ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге сүйенсек, 2023-2024 оқу жылында Түркия Республикасындағы 41 мемлекеттік және 21 арнайы қорлардың құрылтайшылығындағы, барлығы 62 университеттің Коммуникация факультеттері студенттерді оқуға қабылдады. Бұған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы университеттеріндегі 5 Коммуникация факультетін қоссақ, түрік тілінде журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс және танытым салаларында болашақ мамандарды оқытып-даярлайтын Коммуникация факультеттердің саны 67-ге жетеді. Сондай-ақ жұмысын әлі бастамаған 4 факультет пен жаңадан ашылған 5 факультетті қоссақ, Түркияда 76 Коммуникация факультеті бар деп айтуға болады.

Жалпы алғанда, Түркия Республикасының мемлекеттік университеттеріндегі Коммуникация факультеттерінің 1992 жылы белгіленген жүйе тәртібі бойынша бөлімдерге бөлінуі одан әрі жалғасын тауып отыр. 1992 жылы Түркиядағы баспасөз және хабар тарату мектептері Коммуникация факультеттеріне айналдырылған кезде бұл факультеттерде 3 бөлім: журналистика, қоғаммен байланыс және танытым, радио, телевизия және кино бөлімдері болуы керек деп белгіленген еді.

Бұл мақалада ең алдымен мемлекеттік университеттердегі, содан кейін арнайы қорлардың құрылтайшылығымен құрылған университеттердегі Коммуникация факультеттері туралы мәліметтерді ортаға саламыз.

Жоғарыда айтылғанындай, Түркиядағы мемлекеттік университеттерде 41 Коммуникация факультеті бар. Енді оларға жеке-жеке қысқаша тоқталайық.

Түркиядағы коммуникациялық білім Ыстанбұл университетіндегі журналистика білімінен бастау алады. 1950 жылы Түркия журналистер қауымдастығының тапсырысы бойынша Ыстанбұл университетінің экономика факультеті жанынан Журналистика институты құрылды. Бұл институтта әсіресе арнайы білік-білімі жоқ, тәжірибе жүзінде қалыптасқан журналистерді оқыту қолға алынды. Институт 1980 жылы Журналистика және қоғаммен байланыс мектебі деп аталды. 1982 жылы ол Баспасөз және хабар тарату мектебі болып өзгертілді және Ыстанбұл университетімен біріктірілді.

1992 жылы Ыстанбұл университетінің Коммуникация факультеті құрылды. Бүгінгі таңда факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және публицистика, радио, телевидение және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 308 студентке арналған. Барлық білім беру бағдарламалары Коммуникациялық зерттеулер қауымдастығы (İletişim Araştırmaları Derneği – ILAD) тарапынан аккредиттеуден өткен. Осы үш бөлімде 71 оқытушы қызмет істейді.

Анкара университетінің Коммуникация факультеті 1965 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен Анкара университетінің баспасөз және басылым мектебі деген атпен құрылған. 1992 жылы Коммуникация факультеті болып қайта құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 207 студент. Факультеттің барлық 3 бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өтті. Факультетте 29 оқытушы жұмыс істейді.

Мармара университетінің Коммуникация факультетінің негізі 1966 жылы құрылған Ыстанбұл жеке журналистика мектебінен басталады. Мектеп 1971 жылы мемлекет қарамағына өткізіліп, Ыстанбұл журналистика мектебі деп аталды. 1982 жылы Мармара университетіне Баспасөз және хабар тарату мектебі деген атпен қосылды. Коммуникация факультеті болып 1992 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 239 студент. Факультетте 97 профессор-оқытушы қызмет істейді.

Анкара Хажы Байрам Вели университетіндегі Коммуникация факультетінің негізі 1967 жылы ашылған жеке Башкент журналистика мектебінен басталады. Мектеп 1971 жылы мемлекет қарамағына өткізіліп, журналистика және қоғаммен байланыс мектебі деп аталды. 1981 жылы Гази университетіне Баспасөз және хабар тарату мектебі деген атпен қосылды. Ол 1992 жылы Коммуникация факультеті болып аталды. Факультет 2018 жылы Гази университетінің құрамынан шығарылып, жаңадан құрылған Анкара Хажы Байрам Вели университетіне қосылды. Ол 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 253 студент. Факультетте 49 профессор-оқытушы құрамы бар.

Еге университетінің Коммуникация факультетінің негізі 1968 жылы ашылған Измир Караташ жеке журналистика мектебінен басталады. Мектеп 1971 жылы мемлекет қарамағына өткізіліп, Журналистика және қоғаммен байланыс мектебі деген атпен Еге университетіне қосылды. 1979 жылы ол Баспасөз және хабар тарату мектебі деп аталды. 1992 жылы Коммуникация факультеті болып құрылды. Факультет 4 бөлімде білім береді: бөлімдер журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино және жарнама деп аталады. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 336 студент. Факультеттің барлық бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өткен. Факультетте 50 оқытушы жұмыс істейді.

Анадолу университетінің Коммуникация ғылымдары факультетінің негізі 1977 жылы Анадолу университеті жанынан құрылған Кино және теледидар мектебінен басталады. 1980 жылы оның атауы Коммуникациялық ғылымдар факультеті болып өзгертілді. Факультет 4 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, коммуникация дизайны және менеджмент, кино және теледидар бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 331 студент. Факультетте 65 профессорлық-оқытушы құрамы бар.

Селчук университетінің Коммуникация факультеті 1992 жылы құрылып, 1993-1994 оқу жылынан бастап студенттерді қабылдай бастады. Факультет 4 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино және жарнама бөлімдерінде білім береді. Барлық 4 бөлімде екінші мамандық алу үшін білім беру бағдарламалары бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – бірінші білім бойынша 326 студент, екінші білім бойынша 316 студент, барлығы 642 студент оқуға қабылданды. Факультетте 53 оқытушы жұмыс істейді.

Галатасарай университетінің Коммуникация факультеті 1994 жылы құрылған. Студенттерді коммуникация деген жалпы атпен бір бөлім ретінде оқуға қабылдайды, бірақ оның 3 саласы бар: олар – радиотеледидар және кино, қоғаммен байланыс және жарнама, журналистика және интернет-хабар тарату. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 33 студент. Факультет ILAD аккредиттеуінен өткен. Коммуникация факультетінде 11 оқытушы жұмыс істейді.

Ататүрік университетінің Коммуникация факультеті 1997 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Мұнда екі жақты оқытады. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – жалпы алғанда 540 студент, оның ішінде бірінші білім бойынша 288 студент және екінші білім бойынша 252 студент. Факультеттің бірінші білім беру бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өткен. Факультетте 32 оқытушы жұмыс істейді.

Қожаели университетінің Коммуникация факультеті 1997 жылы құрылып, 1998-1999 оқу жылынан бастап студенттерді қабылдай бастады. Факультет 5 бөлімде: журналистика, визуалды коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино және жарнама бөлімдерінде білім береді. Журналистика бөлімінде екінші білім беретін бөлім де бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – барлығы 344 студент, оның ішінде бірінші білім беру бойынша 260 студент, екінші білім беру бойынша 84 студент оқиды, факультетте 33 оқытушы жұмыс істейді.

Фырат университетінің Коммуникация факультеті 1997 жылы құрылып, 2001-2002 оқу жылынан бастап студенттерді қабылдай бастады. Факультет 4 бөлімде: журналистика, визуалды коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – барлығы 553 студент, оның ішінде бірінші білім беру бойынша 316 студент, екінші білім бойынша 237 студент оқиды. Факультетте 17 оқытушы жұмыс істейді.

Акдениз университетінің Коммуникация факультеті 1998 жылы құрылған. Факультет 4 бөлім бойынша: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино және жарнама бөлімдерінде білім береді. Радио, теледидар және кино бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 326 студент. Факультетте 29 профессор-оқытушы жұмыс істейді.

Ержиес университетінің Коммуникация факультеті 2001 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде білім береді: олар журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдері. Үш бөлімде де екінші білім беретін және қашықтықтан білім беру бағдарламалары бар. Факультеттің бірінші білім беру бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – барлығы 708 студент, оның ішінде бірінші білім бойынша 273 студент, екінші білім беру бойынша 273 студент, қашықтан оқыту бойынша 162 студент оқиды. Факультетте 30 профессорлық-оқытушы құрамы жұмыс істейді.

Мерсин университетінің Коммуникация факультеті 2001 жылы құрылған. Факультет екі бөлімде: журналистика және радио, телевидение және кино бөлімдерінде білім береді. Факультеттің «Радио, теледидар және кино» бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өтті. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 148 студент. Факультетте 12 оқытушы жұмыс істейді.

Трабзон университетінің Коммуникация факультеті 2003 жылы Қарадеңіз техникалық университетінің құрамында құрылды. Факультет 2018 жылы Трабзон университетінің қарамағына өткізілді. Факультет 2 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 148 студент. Факультетте 13 оқытушы жұмыс істейді.

Хажеттепе университетінің Коммуникация факультеті 2005 жылы құрылған. Факультетте студенттерді қабылдайтын «Коммуникация ғылымдары» деп аталатын бір ғана бакалавриат бағдарламасы бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 75 студент. Факультетте 16 оқытушы жұмыс істейді.

Чукурова университетінің Коммуникация факультеті 2006 жылы құрылған. Факультет үш бөлім бойынша: журналистика, коммуникация ғылымдары, радио, телевидение және кино бөлімдерінде білім береді. Радио, теледидар және кино бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 237 студент. Факультетте 17 профессор-оқытушы жұмыс істейді.

Сивас Жумхуриет университетінің Коммуникация факультеті 2007 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, телевидение және кино білім береді және барлық 3 бөлімде де екінші білім беру бағдарламалары бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – жалпы алғанда 549 студент, оның ішінде бірінші білім беру бойынша 286 студент, екінші білім бойынша 263 студент студент білім алады. Факультетте 20 оқытушы жұмыс істейді.

Гиресун университеті Тиреболу Коммуникация факультеті 2008 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 222 студент оқиды. Факультетте 14 оқытушы жұмыс істейді.

Гүмүшхане университетінің Коммуникация факультеті 2008 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, телевидение және кино бөлімдерінде білім береді. Барлық 3 бөлімде екінші білім беру бағдарламалары бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – жалпы алғанда 404 студент, оның ішінде бірінші білім бойынша 212 студент, екінші білім бойынша 192 студент оқиды. Факультетте 20 профессор-оқытушы жұмыс істейді.

Йозгат Бозок университетінің Коммуникация факультеті 2009 жылы құрылған. Факультет үш бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 212 студент. Факультетте 12 оқытушы жұмыс істейді.

Газиантеп университетінің Коммуникация факультеті 2010 жылы құрылған. Факультет екі бөлімде: журналистика және қоғаммен байланыс және жарнама бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 184 студент. Осы екі бөлімде 7 оқытушы жұмыс істейді.

Дикле университетінің Коммуникация факультеті 2010 жылы құрылған. Факультет екі бөлімде: журналистика және қоғаммен байланыс және жарнама бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 159 студент. Осы екі бөлімде 7 оқытушы қызметкер жұмыс істейді.

Инөнү университетінің Коммуникация факультеті 2010 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Оның ішінде қоғаммен байланыс және танытым бөлімінде қашықтықтан білім беру бағдарламасы да бар. Факультеттің «Қоғаммен байланыс және танытым» бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – барлығы 394, оның ішінде бірінші білім бойынша 250 студент, қашықтықтан оқыту бойынша 144 студент оқиды. Факультетте 21 оқытушы жұмыс істейді.

Кастамону университетінің Коммуникация факультеті 2010 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Сонымен қатар әр бөлімде екінші білім беру бағдарламасы бар. Факультеттің «Радио, теледидар және кино» бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – жалпы алғанда 414 студент, бірінші білім бойынша 222 студент, екінші білім бойынша 192 студент оқиды. Факультетте 16 оқытушы жұмыс істейді.

Муш Алпарслан университетінің Коммуникация факультеті 2010 жылы құрылған. Факультетте журналистика бөлімі бойынша ғана білім беріледі. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 54 студент. Бөлімде 4 оқытушы жұмыс істейді.

Ондокуз Майыс университетінің Коммуникация факультеті 2010 жылы құрылған. Факультет 4 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, коммуникация және дизайн, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Қоғаммен байланыс және танытым бөлімінің екінші білім беру бағдарламасы да бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – барлығы 350 студент, бірінші білім беру бойынша 286 студент, екінші білім беру бойынша 64 студент оқиды. Факультетте 18 профессор-оқытушы жұмыс істейді.

Хатай Мұстафа Кемал университетінің Коммуникация факультеті 2010 жылы құрылған. Факультет 3 бөлім бойынша: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 120 студент. Факультетте 13 оқытушы жұмыс істейді.

Зонгулдак Бүлент Ежевит университетінің Коммуникация факультеті 2010 жылы құрылған. Студенттер факультеттегі қоғаммен байланыс және танытым бөліміне ғана қабылданады. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 54 студент. Факультетте 6 оқытушы жұмыс істейді.

Айдын Аднан Мендерес университетінің Коммуникация факультеті 2011 жылы ашылды. Факультет 4 бөлімде: журналистика, визуалды коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Қоғаммен байланыс және жарнама бөлімінде екінші білім беру бағдарламасы да бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – жалпы алғанда 350 студент, бірінші білім бойынша 296 студент, екінші білім бойынша 54 студент оқиды. Факультетте 26 оқытушы жұмыс істейді.

Памуккале университетінің Коммуникация факультеті 2011 жылы құрылған. Студенттер факультеттегі қоғаммен байланыс және танытым бөліміне ғана қабылданады. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 74 студент. Факультетте 5 оқытушы жұмыс істейді.

Чанаккале 18 Март университетінің Коммуникация факультеті 2011 жылы құрылған. Факультет екі бөлімде: журналистика және радио, телевидение және кино бөлімдерінде білім береді. Радио, телевидение және кино бөлімі екінші білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – барлығы 222 студент, бірінші білім бойынша 148 студент, екінші білім бойынша 74 студент оқиды. Факультетте 23 оқытушы жұмыс істейді.

Ниғде Өмер Халис Демир университетінің Коммуникация факультеті 2011 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 212 студент. Факультетте 14 оқытушы жұмыс істейді.

Сүлейман Демирел университетінің Коммуникация факультеті 2011 жылы құрылған. Факультет 4 бөлімде: журналистика, көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Көрнекі коммуникация дизайны бөлімінен басқа бөлімдерде екінші білім беру бағдарламалары бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – жалпы алғанда 750 студент, бірінші білім беру бойынша 402 студент, екінші білім бойынша 348 студент оқиды. Факультетте 24 оқытушы жұмыс істейді.

Ушак университетінің Коммуникация факультеті 2011 жылы құрылған. Факультет 4 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. Журналистика бөлімінен басқа бөлімдерде екінші білім беру бағдарламалары бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – барлығы 509 студент, бірінші білім бойынша – 297 студент, екінші білім бойынша – 212 студент оқиды. Факультетте 13 оқытушы жұмыс істейді.

Ақсарай университетінің Коммуникация факультеті 2012 жылы құрылған. Факультет екі бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 128 студент. Факультетте 9 оқытушы жұмыс істейді.

Болу Абант Иззет Байсал университетінің Коммуникация факультеті 2012 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Журналистика, қоғаммен байланыс және танытым бөлімдерінде екінші білім беру бағдарламалары бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – жалпы алғанда 340 студент, бірінші білім беруде 222 студент, екінші білім бойынша 118 студент оқиды. Факультетте 23 оқытушы жұмыс істейді.

Сакария университетінің Коммуникация факультеті 2012 жылы құрылған. Факультет 4 бөлім бойынша: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, коммуникация және дизайн, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, коммуникация және дизайн бөлімдері ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 274 студент. Факультетте 21 оқытушы жұмыс істейді.

Мунзур университетінің Коммуникация факультеті 2012 жылы құрылған. Факультет екі бөлім бойынша: қоғаммен байланыс және танытым, радио, телевидение және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 108 студент. Факультетте 8 оқытушы жұмыс істейді.

Карабүк университеті Түркер Инаноғлу Коммуникация факультеті 2016 жылы құрылған. Факультет екі бөлімде: журналистика және радио, телевидение және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 96 студент. Факультетте 8 оқытушы жұмыс істейді.

Маниса Желал Баяр университетінің Коммуникация факультеті 2016 жылы құрылған. Факультет тек қана қоғаммен байланыс және танытым бөліміне студенттер қабылдайды. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 54 студент. Факультетте 9 оқытушы жұмыс істейді.

Түркия Республикасында арнайы қорлардың құрылтайшылығындағы 21 құрылтай университетінің Коммуникация факультеттері студенттерді оқуға қабылдайды. Бұл факультеттердің мемлекеттік университеттердегі Коммуникация факультеттерінен басты айырмашылығы – олар ұсынатын бакалавриат бағдарламаларының алуан түрлілігінде. Ең көп бағдарлама әртүрлілігімен Ыстанбұл Билги университеті, Үскүдар университеті, Ыстанбұл Айдын университеті, Ыстанбұл Бейкент университеті, Бахчешехир университеті және Ыстанбұл Медипол университеті ерекше орын алады.

Ыстанбұл Билги университетінің Коммуникация факультеті 1996 жылы құрылған. Факультет 8 бағдарлама: цифрлық ойын дизайны, визуалды коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және танытым, коммуникацияларды жобалау және басқару, радио, теледидар және кино, жарнама, өнер және мәдениетті басқару, жаңа медиа және коммуникация бағдарламалары бойынша білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота бойынша 623 студент оқиды. Факультетте 34 оқытушы жұмыс істейді.

Йедитепе университетінің Коммуникация факультеті 1996 жылы құрылған. Факультет 5 бөлім бойынша: журналистика, визуалды коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және танытым, радио, теледидар және кино, жарнама дизайны және коммуникация бөлімдерінде білім береді. Факультеттің журналистика бөлімінен басқа барлық 4 бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 284 студент оқиды. Факультетте 23 оқытушы жұмыс істейді.

Башкент университетінің Коммуникация факультеті 1997 жылы құрылған. Факультет үш бөлім бойынша: қоғаммен байланыс және танытым, коммуникация және дизайн, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 148 студент. Факультеттің барлық 3 бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өткен. Факультетте 20 оқытушы жұмыс істейді.

Малтепе университетінің Коммуникация факультеті 1997 жылы құрылған. Факультет 5 бөлім бойынша: журналистика, көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және танытым, қоғаммен байланыс және танытым (ағылшын тілі), радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. Факультеттің барлық бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 185 студент. Факультетте 26 профессорлық-оқытушы жұмыс істейді.

Бахчешехир университетінің Коммуникация факультеті 1998 жылы құрылған. Факультет 6 бөлім бойынша: цифрлық ойын дизайны, қоғаммен байланыс және танытым, коммуникация және дизайн, жарнама, кино және теледидар, жаңа медиа бөлімдерінде білім береді. Қоғаммен байланыс және танытым бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 318 студент. Факультетте 34 оқытушы жұмыс істейді.

Кадир Хас университетінің Коммуникация факультеті 2000 жылы құрылған. Факультет 5 бөлім бойынша: көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және танытым, радио, теледидар және кино, жарнама және жаңа медиа бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 202 студент. Факультетте 19 оқытушы жұмыс істейді.

Ыстанбұл коммерция университетінің Коммуникация факультеті 2001 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және танытым, медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 177 студент. Факультетте 22 профессор-оқытушы жұмыс істейді.

Измир экономика университеті Коммуникация факультеті 2001 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: қоғаммен байланыс және жарнама, кино және цифрлық медиа, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. Факультеттегі барлық 3 бағдарлама ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 134 студент. Факультетте 14 профессор-оқытушы жұмыс істейді.

Яшар университетінің Коммуникация факультеті 2001 жылы құрылған. Факультет 4 бөлімде: көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. Қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өтті. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 188 студент. Факультетте 25 профессор-оқытушы жұмыс істейді.

Ыстанбұл Арел университетінің Коммуникация факультеті 2007 жылы құрылған. Факультет 5 бөлім бойынша: журналистика, көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, кино және теледидар, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 185 студент. Факультетте 15 оқытушы жұмыс істейді.

Ыстанбұл Айдын университетінің Коммуникация факультеті 2007 жылы құрылған. Факультет 7 бөлімде: журналистика, көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және танытым, радио, теледидар және кино, жарнама, телевизия хабарларын даярлау және бағдарламалау, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. Олардың ішінде журналистика, қоғаммен байланыс және танытым, радио, теледидар және кино, жарнама, телевизия хабарларын даярлау және бағдарламалау бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 422 студент. Факультетте 31 профессор-оқытушы жұмыс істейді.

Ыстанбұл Бейкент университетінің Коммуникация факультеті 2008 жылы құрылған. Факультет 7 бөлім бойынша: сандық ойын дизайны, көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, медиа және коммуникация, телевизия хабарларын даярлау және бағдарламалау, жаңа медиа, жаңа медиа (ағылшын тілі) бөлімдері бойынша білім береді. Қоғаммен байланыс және жарнама, телевизия хабарларын даярлау және бағдарламалау бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 466 студент. Факультетте 33 оқытушы жұмыс істейді.

Ыстанбұл Йени Йүзйыл университетінің Коммуникация факультеті 2009 жылы құрылған. Факультет 4 бөлімде: көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. Радио, теледидар және кино бағдарламасы ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 123 студент. Факультетте 19 оқытушы жұмыс істейді.

Ыстанбұл Медипол университетінің Коммуникация факультеті 2009 жылы құрылған. Факультет 6 бөлім бойынша: журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама, қоғаммен байланыс және жарнама (ағылшын тілінде), медиа және бейнелеу өнері, радио, теледидар және кино, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. Қоғаммен байланыс және жарнама, медиа және бейнелеу өнері, радио, теледидар және кино бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 414 студент. Факультетте 23 профессор-оқытушы құрамы жұмыс істейді.

Үскүдар университетінің Коммуникация факультеті 2011 жылы құрылып, 2013-2014 оқу жылында алғашқы студенттерін қабылдай бастады. Факультет 7 бөлімде: мультфильм және анимация, журналистика, көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және танытым, радио, теледидар және кино, жарнама, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. Факультеттің журналистика, көрнекі коммуникация дизайны және жарнама бағдарламалары ILAD аккредиттеуінен өткен. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 407 студент. Факультетте 33 оқытушы жұмыс істейді.

Ибн Халдун университетінің Коммуникация факультеті 2015 жылы құрылған. Факультетте студенттерді тек жаңа медиа және коммуникация бөлімі ғана қабылдайды. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 15 студент. Факультетте 7 оқытушы жұмыс істейді.

Фенербахче университетінің Коммуникация факультеті 2016 жылы құрылған. Факультет 3 бөлім бойынша: қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино, жаңа медиа және коммуникация бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 83 студент. Факультетте 11 оқытушы жұмыс істейді.

Хасан Калионжу университетінің Коммуникация факультеті 2017 жылы құрылған. Факультет 3 бөлімде: цифрлық ойын дизайны, көрнекі коммуникация дизайны, радио, теледидар және кино бөлімдерінде білім береді. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 89 студент. Факультетте 9 оқытушы жұмыс істейді.

Анкара Медипол университетінің Коммуникация факультеті 2018 жылы құрылған. Факультетке студенттерді тек қоғаммен байланыс және жарнама бөлімі ғана қабылдайды. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 52 студент. Факультетте 4 оқытушы жұмыс істейді.

Аврасиа университетінің Коммуникация факультеті 2021 жылы құрылған. Факультеттің көрнекі коммуникация дизайны және жаңа медиа және коммуникация бөлімдері студенттерді оқуға қабылдайды. 2023-2024 оқу жылындағы квота саны – 64 студент. Алайда факультет бетінде де, ÖSYM (Ölçme, Seçme ve Yerleştirme Merkezi – Түркия Өлшеу, таңдау және орналастыру орталығы) квота нұсқаулығында да оқытушылар туралы ақпарат жоқ. Студенттік квота оқытушысы жоқ факультеттерге берілген сияқты.

Истиние университетінің Коммуникация факультеті 2021 жылы құрылған. Факультетте 4 бөлім: көрнекі коммуникация дизайны, қоғаммен байланыс және жарнама, радио, теледидар және кино, жаңа медиа және коммуникация бөлімдері бар. 2023-2024 оқу жылындағы факультетке бөлінген квота саны – 144 студент. Факультетте 11 оқытушы жұмыс істейді [8, 9].

Қорытынды

Түркия Республикасының университеттерінде журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс және танытым саласында жоғары білімді мамандар даярлау мақсатында ашылған, бірақ белсенді түрде жұмыс жүргізе қоймаған 4 Коммуникация факультеті бар. Түркияның мемлекеттік университеттерінде құрылғанымен, Бурса техникалық университетінде 2010 жылы, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінде 2018 жылы, Анкара Йылдырым Бейазыт университетінде 2018 жылы, Боғазичи университетінде 2021 жылы ашылған төрт Коммуникация факультеті бүгінге дейін өз қызметкерлерін іріктеп қалыптастырмаған және студенттерді қабылдамаған.

Бұған қоса Түркиядағы бес университетте Коммуникация факультеттерін құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Resmi Gazete» басылымының 2023 жылғы 3 тамыздағы санында тағы да 4 мемлекеттік университетте Коммуникация факультеттерін ашу туралы Президент Жарлығы жарық көрді. Соған орай Килис 7 Аралык университетінде, Бандырма Онеди Ейлүл университетінде, Кахраманмараш Истиклал университетінде, Мимар Синан көркем өнер университетінде және арнайы қордың құрылтай университеті Алтынбаш университетінде Коммуникация факультетін ашу туралы шешім қабылданды.

Коммуникация факультеттерінде студенттерге сабақ беретін профессор-оқытушылар құрамының санына қарасақ, 97 оқытушысы бар және үш бөлім бойынша білім беретін Мармара университетінің Коммуникация факультеті алдыңғы орында екенін атап көрсеткіміз келеді. Одан кейінгі орында Коммуникация факультетінде 71 профессор-оқытушы қызмет істейтін Ыстанбұл университеті тұр. Оқытушылардың саны жағынан үздік үштікте Коммуникация факультеттерінде 65 оқытушы сабақ беретін Анадолу университеті және 53 оқытушы жұмыс істейтін Селчук университеті бар екенін айтуға болады.

Басқа жағынан алып қарасақ, Түркияның Анадолы аймағының көптеген қалаларындағы универсиеттерде ашылған Коммуникация факультеттері студенттерге сапалы білім беретін оқытушымен қамтамасыз ету барысында қиындықтарға тап болып отырғаны құпия емес. Мысалы, Муш, Зонгулдак, Денизли, Тунжели, Карабүк, Маниса, Аксарай, Диярбакыр және Газиантеп сияқты қалалардағы университеттерде құрылған Коммуникация факультеттерінде жұмыс істейтін оқытушылардың саны 10-ға да жетпейді.

Бұған керісінше, 2023-2024 оқу жылында бөлінген квоталарды ескере отырып, Ыспартадағы Сүлейман Демирел университетінің Коммуникация факультеті 750 адамға арналған квотамен ең көп студентті қабылдаған жоғары оқу орны болып отыр. Бұл факультеттен кейін 708 студенттік квотамен Ержиес университетінің Коммуникация факультеті, 642 квотамен Селчук университетінің Коммуникация факультеті, 553 квотамен Фырат университетінің Коммуникация факультеті, 549 квотамен Сивас Жумхуриет университетінің Коммуникация факультеті, 540 квотамен Ататүрік университетінің Коммуникация факультеті және 509 квотамен Ушак университетінің Коммуникация факультеті алдыңғы саптардан көрініп отыр. Мемлекеттік университеттердегі бұл факультеттердің барлығы теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, жоғары оқу орны мен өндірісте екі жақты білім береді.

Арнайы қорлар қаржыландыратын құрылтай университеттерінің арасында 623 квотамен ең көп студентті Ыстанбұл Билги университеті қабылдады. Бұл факультеттен кейін 466 квотамен Ыстанбұл Бейкент университетінің Коммуникация факультеті, 422 квотамен Ыстанбұл Айдын университетінің Коммуникация факультеті, 414 квотамен Ыстанбұл Медипол университетінің Коммуникация факультеті және 407 квотамен Үскүдар университетінің Коммуникация факультеті алдыңғы орындарда келеді.

Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттері Коммуникациялық зерттеулер қауымдастығы (İletişim Araştırmaları Derneği – ILAD) арқылы аккредиттеуден өткен 57 бағдарлама бойынша студенттерге жоғары білім беріп келеді.

Коммуникациялық зерттеулер қауымдастығы (İLAD) 2018 жылдан бастап өтініш берген Коммуникация факультеттерінің білім беру бағдарламаларын аккредиттеуді бастады. Жоғарыда айтылғанындай, бүгінгі күні ILAD тарапынан аккредиттеуден өткізілген журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс және танытым салаларындағы 57 бағдарланың 25-і мемлекеттік университеттердің Коммуникация факультеттеріне, ал 32-сі құрылтай университеттерінің Коммуникация факультеттеріне тиесілі. Бұл мәліметтер арнайы қорлар құрылтайшы болып отырған университеттердің Коммуникация факультеттері өздерінің білім беру бағдарламаларын аккредиттеуден өткізуде әлдеқайда белсенді екенін көрсетеді.

Қорыта келгенде, 2023-2024 оқу жылында Түркия Республикасындағы мемлекеттік университеттердегі Коммуникация факультеттеріне 11 мың 353 квота, ал қорлар қаржыландыратын құрылтай университеттеріндегі Коммуникация факультеттеріне 4 мың 723 квота берілді. Яғни Коммуникация факультеттерінде барлығы 16 мың 73 студент білім алу мүмкіндігіне ие болды [8, 9].

Түркияда жыл сайын 3 миллионға жуық жас университеттерге түсу үшін емтихан тапсыратынын ескерсек, Коммуникация факультеттеріне бөлінген 16 мың квота тым көп болмаса керек. Дегенмен, нақты мәселе жоғары оқу орындарына бөлінетін квотасының аз-көптігінде емес, жұмыспен қамту саласының өзекті екендігінде. Мысалы, коммуникация саласындағы өзіндік ерекшеліктерге шынайырақ қарайтын құрылтай университеттеріндегі журналистика бағдарламаларына бөлінген квота небары 207 болса, мемлекеттік университеттердегі журналистика бағдарламалары үшін квота 3676-ны құрайды. Олардың маңызды бөлігі – екінші білім беру квотасы.

Қорыта айтқанда, түрік тіліндегі ақпарат көздерінен жинақталған деректер негізінде мақалада қысқаша шолу жасалған Түркия Республикасы университеттеріндегі сапалы білім беруі, мықты материалдық-техникалық базасы, студенттерге ыңғайлы әлеуметтік жағдай жасауы арқылы жастардың журналистика және ақпарат саласында білікті мансап иелері болуына үлкен үлес қосып жүрген ең жақсы Коммуникация факультеттері ретінде Мармара университетінің, Хажеттепе университетінің, Ыстанбұл университетінің, Еге университетінің, Кадир Хас университетінің, Анкара университетінің, Галатасарай университетінің, Ыстанбұл Билги университетінің, Измир экономика университетінің және Анадолу университетінің Коммуникация факультеттерін үздік жоғары оқу орындары ретінде атап көрсетуге болады [10].

Бүгінде біздің ілесуіміз қиынға соғып отырған қазіргі заманымыздың тез өзгеріп жатқан технологиялық әлеміне қарқынды үлес қосып отырған Түркия университеттерінің Коммуникация факультеттері жас ұрпаққа жан-жақты терең жоғары білім беру ісін тек сөзбен ғана емес, көтеріңкі көңіл-күймен, көрнекілікпен және ең бастысы жүйелі тәртіппен ұсынып, студенттерге заманауи қарым-қатынаста кәсіби қадамдар жасауға көмектесіп, оларға барлық мүмкіндіктерді беріп отыр.

Әдебиеттер тізімі:

  1. https://www.yok.gov.tr/ana-sayfa
  2. https://www.tuhid.org/
  3. https://ilad.org.tr/
  4. Gençtürk Hızal G.S. Public Relations History in Public Relations Education in Türkiye: Meeting the Past in the Present, Akdeniz Üniversitesi İletişim Fakültesi Dergisi, 20(42), 2023.
  5. Gençtürk Hızal G.S. A Qualitative Study On The Communicative Needs, Expectations And Experiences During Covid-19 Pandemic: 65 Years And Over Ankara Sample, Connectist-Istanbul University Journal of Communication Sciences, 0(60), 2021.
  6. Baskıcı Ç., Ercil Y., Gökmen Y. Evolutionary Development of Born Globals Literature During the Period of 2002?2020, Journal of the Knowledge Economy, 1(1), 2024.
  7. Akçay E. Halkla İlişkilerin En Lezzetli Hali: "Gastro Halkla İlişkiler", Aydın Gastronomy, 8(1), 2024.
  8. İrvan S. Türkiye’de iletişim fakülteleri: Listeye her yıl yenileri ekleniyor // https://www.newslabturkey.org/2023/08/07/turkiyede-iletisim-fakulteleri-listeye-her-yil-yenileri-ekleniyor/
  9. https://dreambig.com.tr/ulke-universite-bolumleri/turkiye/iletisim-fakultesi
  10. Türkiye’deki En İyi İletişim Fakülteleri (neoldu.com)

Мырзантай Қожабайұлы Жақып,

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Журналистика» кафедрасының профессоры, Анкара қаласы,

Түркия Республикасы

Abai.kz

3 пікір