Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3481 0 пікір 11 Наурыз, 2014 сағат 09:02

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНА ОРТАҚ

Бұл жолы газетіміздің дәстүрлі сауалына ОҚО-ның Құрметті азаматы әрі Қазақстанның Құрметті журналисті Байдулла Қонысбек мырза пікір білдірді. Оның айтуынша, Алашорда мемлекеті ХХ-ғасырда тәуелсіздігін сақтап қалғанда біздің санымыз бүгінде 50-60 миллион болар еді. Ал, белгілі ақын Темірхан Медетбек болса «Алаш арыстары қалдырған бай мұраны жан-жақты зерттеп, оны мемлекетіміздің тірегіне айналдыруымыз керек» деген ойын ортаға салды. Сондай-ақ, ақын Ұлықбек Есдәулет «Әлихан Бөкейхан да Ататүрік сияқты айтулы тұлға болғандықтан, оның мерейтойын түркі халықтары да атап өту керек» деп тосын ой білдірді. Бұдан бөлек тарихшы Мақсат Алпысбек пен белгілі журналист Болат Мүрсәлім де өз ойларымен бөлісті.

 

Бұл жолы газетіміздің дәстүрлі сауалына ОҚО-ның Құрметті азаматы әрі Қазақстанның Құрметті журналисті Байдулла Қонысбек мырза пікір білдірді. Оның айтуынша, Алашорда мемлекеті ХХ-ғасырда тәуелсіздігін сақтап қалғанда біздің санымыз бүгінде 50-60 миллион болар еді. Ал, белгілі ақын Темірхан Медетбек болса «Алаш арыстары қалдырған бай мұраны жан-жақты зерттеп, оны мемлекетіміздің тірегіне айналдыруымыз керек» деген ойын ортаға салды. Сондай-ақ, ақын Ұлықбек Есдәулет «Әлихан Бөкейхан да Ататүрік сияқты айтулы тұлға болғандықтан, оның мерейтойын түркі халықтары да атап өту керек» деп тосын ой білдірді. Бұдан бөлек тарихшы Мақсат Алпысбек пен белгілі журналист Болат Мүрсәлім де өз ойларымен бөлісті.

 

Байдулла ҚОНЫСБЕК, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының президенті:
«Алаштың ұлтқа еткен еңбегі ұшан теңіз»

1. Кеңес үкіметі бізге «Алаш қазаққа жау болды» деп үйретті. Ал енді 80-жылдардың соңына қарай Кеңес үкіметі «жау» деп таныған азаматтар халық қаһарманы болғанын біле бастадық. Жалпы, алаш арыстары Қазақ елін Ресейден бөліп алып, өз алдына бөлек тәуелсіз мемлекет етуді мақсат тұтқан ғой. Қазіргі кезде біз «қазақтың саны 11 миллионға жетті» деп мақтанып жатырмыз. Егер Алашорда мемлекеті ХХ-ғасырда тәуелсіздігін сақтап қалғанда, біздің санымыз бүгінде 50-60 миллион болар еді. Өйткені ХХ-ғасырда бізден саны әлдеқайда аз болған өзбектер қазір 30 миллион болып отыр. Жалпы, алаштың ұлтқа еткен еңбегі ұшан теңіз ғой. Сондықтан да оларды қалай кұрметтеп бағаласақ та артықтық етпейді. Мәселен, алаш арыстарына еліміздің әр түкпірінен ескерткіштер ашып, көше аттарын беруіміз керек. Бұдан бөлек алашқа арналған деректі және көркем фильмдер түсірілсе нұр үстіне нұр болар еді.
2. Жалпы мен алашқа қатысты іс-шаралардан қалмай, өз көзқарас ұстанымдарымды білдіріп отырамын. Сондай-ақ алдағы уақытта болатын кездесулерде алаш арыстарының жанқиярлық ерліктерін жастарға насихаттай түсемін. Өйткені, өскелең ұрпақтың ұлттық рухта тәрбиеленуі тікелей алаш идеясына байланысты болып отыр.

 

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

«Алашқа арнап өлең жазармын»

1. Біз әлі күнге дейін Әлихан Бөкейхан бастаған алаш арыстарының ұлтқа еткен еңбегін насихаттай алмай келеміз. Иә, олардың аттарын білеміз, кейбір тарихшыларымыз алашты жан-жақты зерттеп жатыр. Әйтсе де қалың жұртшылық алашты танып біліп жатыр деп айта алмаймын. Өйткені, олар туралы шыққан кітаптардың таралымы мүлде аз. Тіпті кейбір алаш туралы кітаптарды кітапханалардан да таппайсыз. Менің ойымша, осы мәселенің дұрыс шешілуіне Үкімет айрықша назар аударуы қажет. Жалпы, Алаш арыстары қалдырған бай мұраны жан-жақты зерттеп, оны мемлекетіміздің тірегіне айналдыруымыз керек. Өкінішке қарай, елімізде ешкімге пайдасы жоқ көптеген бағдарламалар көбейіп кетті. Менің ойымша, сол бағдарламаларды алаштық рухта жасасақ халыққа өтімді болар еді. Сондай-ақ, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның еңселі ескерткішін Астананың төріне орнату керек. Бұдан бөлек Астанадан бастап облыс, аудан және ауылдарға дейін алаш атымен көше аттары атсалса нұр үстіне нұр болар еді.
2.  Менің қолымда Әлихан Бөкейхан мен Алашорда мемлекетінің мерейтойын ұйымдастыра қалатындай ешқандай механизм жоқ. Сондықтан да үйіп төгіп уәде бере алмаймын. Әйтсе де алаш арыстарына арнап өлең жазып, олардың жанқиярлық еңбегін насихаттауға атсалысамын. Егер мүмкіндігім болса, әрбір алаш арысына ескерткіш орнатып, көше аттарын берер едім.

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

«Жастар алашты танып-білмей отыр»
1. Қос мерейтой Абайдың 150 жылдығы қалай аталып өтті, дәл солай ұйымдастырылғаны жөн. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде, өте жоғары деңгейді ұйымдастырылды. Сондықтан да мен алашты Абайдың тойынан кем өткізбеуіміз керек деп есептеймін. Түркия десе біздің көз алдымызға олардың ұлттық көсемі Ататүрік еске түседі ғой. Әлихан Бөкейхан да Ататүрік сияқты айтулы тұлға болғандықтан оның мерейтойын түркі халықтары да атап өту керек. Мәселен, аталған елдегі біздің елшілікке Үкімет тарапынан тиісті тапсырмалар берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, мектеп оқулықтарында алаш арыстары туралы жан-жақты мағлұмат берілуі қажет. Өкінішке қарай бұл бағытта «әттеген-айлар» баршылық. Сондықтан да болса керек, өскелең ұрпақ алашты толық танып-біле алмай отыр. Шын мәнісінде Үкіметіміз  жастардың отаншыл болуын қаласа, оларға алаш идеясын сіңіруі қажет. Өйткені, жастардың ұлттық рухта тәрбиеленуіне алаш арыстарының еңбектері бірден-бір себеп болады.
2. Шәкір Әбенов дейтін ақсақалымызды Ақордаға шақырған азаматтар «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа беретін батаңыздың жазбаша нұсқасын беріңіз» депті. Сонда ақсақал ашуланып: «Қайдағы мәтінді айтып тұрсыңдар? Алла Тағала аузыма қандай сөз салса, соны айтамын» деген екен. Сол сияқты Алла Тағала қандай жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді, соны атқарамын.

 

Мақсат АЛПЫСБЕС, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ еуразиялық зерттеулер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы:
«Алашты айтпай өте алмаймын»

1. Жалпы, Әлихан Бөкейханның туған жері Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы екені екінің біріне белгілі болса керек. Солай бола тұра, Қарағанды қаласында Әлекеңнің атындағы көше жоқ. Жергілікті азаматтар Қарағандыдағы бір көшенің атын Әлихан Бөкейханға алып беру үшін неше жылдан бері алысып келеді. Әйтсе де бұл игілікті істің жүзеге асуына облыс басшылығы селсоқ қарап отыр. Ал енді өз туған қаласында көше атын алып бере алмасақ, қалайша қос мерейтойды салтанатты түрде атап өтпекшіміз? Жалпы, бұл мерейтойларды атап өтуде жоғары жаққа жалтақтап қарау дұрыс емес. Менің ойымша, Әлихан Бөкейхан мен Алашорда мемлекетінің тойларын атап өту – тікелей ұлттық санаға байланысты. Яғни, қарапайым халық алаш идеясын жақсы түсінсе, билік өкілдерінен алаштың мерейтойын атап өтуді талап етер еді. Өйткені, билік қанша дегенмен халықтың талап-тілегімен санасып, өздерінің жоспарларын халыққа ұсынар еді.
2. Тарихшы болғандықтан өзімнің зерттейтін тақырыптарымда алашты айтпай өте алмаймын ғой. Мәселен, Алаш ұғымы мен идеясы туралы оқырманға тың дүниелер ұсынуға тырысамын. Жалпы, тарихшы ретінде алашты зерттеуде аянып қалмаймын.

 

Болат МҮРСӘЛІМ, алаштанушы:
«Алашты республика ретінде тануымыз керек»

1). Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Алаш автономиясының 100 жылдығын  екі бөлек атап өтуге тиіспіз. Бұл орайда Әлиханның туған күнін 1866 жылдың 5 наурызы (ескі күнтізбе) деп есептеу керек пе, әлде 19 наурыз (қазіргі күнтізбе) деу керек пе,  ақылдастар алқасы ғылыми тұжырыммен бір ізге түсіру керек. Дәл сол сияқты Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданған күн ретінде 12 (ескі күнтізбе) немесе 25 (қазіргі күнтізбе) желтоқсанның қайсысын тану керектігі ресми шешілгені жөн. Айта кететін жайт,  1917 жылдың 12 желтоқсанында ұлттық-территориялық Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданса, 13 желтоқсанда автономияны басқару үшін Алашорда үкіметі жасақталды. Әлімхан Ермековтің жазуынша, «Алаш автономиясы 12 желтоқсан күні түс ауа сағат үште дүниеге келді». ІІ жалпықазақ съезінің хаттамасына және жанама деректерге қарағанда, ертеңінде Алашорда құрылған.
2). Тарихи деректерге қарағанда, 1917 жылдың 12 желтоқсаны күні Ресей демократиялық федереративті республикасы ішіндегі Алаш мемлекеті дүниеге келген. Өйткені, одан бір ай бұрынғы «Алаш» партиясының бағдарламасында Қазақ автономиясын федерация ішіндегі құрдас мемлекет деп көрсеткен. Ендеше, 2017 жылы Алашорданың емес, Алаш автономиясының,  басқаша айтқанда, Алаш республикасының 100 жылдығы тойлануы керек. Бұл да ертерек басын ашып алуға тиіс қағидалы мәселе. Менің ойымша, Алашты республика ретінде тануымыз керек.
3). Қос мерейтойға қатысты Парламент жанынан немесе «Нұр Отан» партиясының «Аманат» клубының аясында, я болмаса Еуразия университеті жанынан қоғамдық негіздегі бастамашыл топ құрылса абзал. Топтың қай ұйым жанынан құрылатыны  және «бастамашыл топ», «ақылдастар алқасы», «қоғамдық комиссия» деген атаулардың қайсысын алатынынан гөрі оның ғылыми әлеуеті мен қоғамдық ықпалдылығы анағұрлым маңызды. Ол топ тұжырымды түрде Президентке екі мерейтойды лайықты деңгейде атау туралы ұсыныс хат пен Үкіметке мемлекеттік, қажет жағдайда халықаралық деңгейде өткізілуі тиіс шараларды атауы тиіс. Бастамашыл топқа М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов, Б.Аяған,  Е.Сыдықов, Т.Жұрбай, Д.Қамзабекұлы, С.Аққұлұлы сияқты тарихшы, алаштанушыларды, Парламент депутаттарын, Е.Қарин, Б.Әбдіғали, М.Тайжан, Б.Уәли, А.Сарым сияқты азаматтарды қосуды атар едік.  Қоғамдық топ екі атаулы мерейтойды өткізу жауапкершілігін ресми билік өз мойнына алғанша бақылаушы қызметін атқарғаны жөн сияқты.
4). Президенттің арнайы өкімімен Үкімет екі мерейтойға қатысты арнаулы Қаулы қабылдауға тиіс. Қаулыға алғышарт ретінде мемлекет Алаш автономиясына саяси-құқықтық баға бергені орынды. Мәселен, 2013 жылы ақпанда Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Әлихан Бөкейханның үзеңгілес досы, кезіндегі Дума депутаты, Кадет мүшесі Әлимардан Топчыбашының 150 жылдығы мен Әзірбайжан автономиясының 95 жылдығын лайықты атау туралы Үкіметке тапсырма беріп, Әзірбайжан Үкіметі өз қаулысында ол автономияны «Әзірбайжан демократиялық республикасы» деп көрсетті.
Ал енді Ә.Бөкейханның 150 жылдығына орай нақты ұсыныстарымды білдірейін:
– Дон зиратындағы Әлихан сүйегінің күлі жатқан бейітке көрнекі белгі орнату;
–  Әлиханның туған топырағы Қызыларайдағы жұртына, Омбыда тұрған үйіне, Самарада тұрған үйіне (бұрынғы Кугушев, 30), Орынбордағы бұрынғы Николаевская, 10 үйге, Семейдегі Комиссарская көшесіндегі үйге, Мәскеудегі Үлкен Кисловскийдегі үйге ескерткіш тақталар орнату керек. Тарихи тұлғалардың ізі қалған жерге белгі орнату  дүниежүзілік дәстүр;
– С.Аққұлұлы дайындаған көптомдықты қайтадан толықтыра, көп таралыммен шығару қажет;
– Әлихан энциклопедиясы жазылуы тиіс;
– Қазақстанның барлық қалалары мен аудан орталықтарының басты көшелеріне Әлихан есімін беру, Сыртқы істер министрлігі арқылы Омбы, Самара, Мәскеу, Орынбор қалаларынан, бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз елінен, Өзбекстан т.б. елдердің бас қалаларынан Әлихан атындағы көше атын беруді сұрау;
– Астана қаласындағы Ұлттық музейден Әлихан атындағы зал ашу;
– Қазақстанның елшіліктері көмегімен шетелдегі қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерде атап өту.
Сондай-ақ Алаш республикасының 100 жылдығына орай:
– «Алаш автономиясы» атты құжаттар жинағын құрастыру;
– Астана қаласының ең көрнекті жеріне «Алашорда» атты монументалды ансамбль ашу;
– Ресеймен шектесетін бекеттерге Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермеков есімдерін беру;
– Семейдің Жаңасемей аталатын әкімшілік бөлімін «Алаш» шағынауданы деп атау;
– Республика қалалары мен аудан орталықтарына Алаш аллеяларын ашу;
– Қазақстан мен шетел мұражайларындағы әлі де ашылмай жатқан құжаттарды, әсіресе репрессия кезіндегі деректерді жариялау;
– Облыстық, аудандық әкімдіктер қоғамдық ұйымдармен бірлесе Алашқа қатысты тарихи жерлерге экспедициялар ұйымдастыруы тиіс;
– «Алаш әні» атты ән байқауын, әдебиет, сурет, театр шығармаларына байқаулар жариялау;
– Алаш тақырыбына қатысты зерттеулерге мемлекеттік гранттар жариялау;
– «Алашорда» атты телехикая, көркем және деректі фильмдер түсіру;
– 2017 жылды Алаш жылы деп жариялау қажет.
2. Әлихан мен Алаштың мерейтойларына қолдан келгенімше қызмет етуге тырысуым керек сияқты.

Дайындаған Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ
«Жебе» газеті, 6 наурыз 2014 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340