Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2610 5 пікір 4 Қазан, 2024 сағат 12:42

«Көсемдік дерт»

Сурет А.Мауқараның жеке мұрағатынан алынды.

(пәлсапалық-эссе)

Адамдағы сенімнің ең жоғарғысы жалғыз Жаратушы Иеге арналған сенім яки имани сенім.

Бірақ, адамзат баяғыдан бері өздері ат қойып алған көптеген құдайларына әлі сенумен келеді. Тіпті, перғауын өзін Құдаймын деп жариялады, адамдарды өлтіріп, тірілте аламын  деп, екі тұтқынның бірін өлтіруге бұйрық беріп, бірін босатып жібереді. Сонда, оған келген Пайғамбар «Шығыстан шығатын Күнді батыстан шығара аласың ба?» дегенде, ол үнсіз қалды.

Дәл сондай, Жаратушы Иенің хақ дінін әкелген Исаны және оның анасы Мариямды құдай деп санайтындарға да, балшық пен тастан жасап алған құдайларына мал сойып құрбан беріп, олардан игілік сұрайтын Мекке тұрғындарына да  «Осы құдай деп атағандарың Көктер мен Жерді жарата ала ма?» дегенде ешбірі жауап бере алмайды. Адамзатқа Құран арқылы келген ақырғы Хақ дін осының бәрін керемет дәлелдермен қанша айтса да, қазіргі адамдар да қаншама дінге яки өз-өзінің құдайына табынатын қырсықтығын қояр емес.

Баяғыдан келе жатқан «Неге бұлай?» деген жауапқа Құранның өзі де қаншама кемел жауаптар берген: Өзінің жақсы көргенін құдай санайтын эгоистік, өзімнің жеке құдайым бар дейтін топтық құрғақ намыс және өзінің тар көзқарасынан өзгені ұққысы келмейтін ойламсыздық... Осының бәрі Жалғыз Жаратушы Иенің бар екенін табиғи түйсікпен сезе тұра, Оны саналы түрде ұға алмайды, ұққысы келмейді.

Өйткені, Жалғыз Жаратушы Иені тану дегеніміз, Оған таза көңілмен мойынсұнып, ілім арқылы ғана жететін жалғыз жол. Жалғыз Жаратушыны «Бар» деп, айтқандар «А» қарпін ғана білетін сауатсыз адам, ал «Жоқ» дейтіндер, тіпті, өзінің адамдық қабілетінің қайдан келгенін білмейтін ойламсыз мақұлық деген сөз. Былайша айтқанда адамдар Бір Құдайды танымағандықтан, танығысы келмегендіктен өзінің тар санасына жақын, көзіне көрінетін көп құдайшылдықты ұстануға ұшырайды.

Сондықтан, саналы адам Бір Құдайдың Құран арқылы хабарланған мынандай негізгі сипатарын үйренуі шарт. Мұны Алла Тағаланы танудың әліппесі деуге болады. Құандағы Алла Тағаланың болмыс сипаты алтау:

БАР, бүкіл барлық соны біліреді; Бар болуының бастауы жоқ ӘУЕЛГІ; Бар болуының ақыры жоқ МӘҢГІ; Серік, сыңар, қосағы, ұрпағы жоқ ЖАЛҒЫЗ-ДАРА,; пішін, бейнеге сыймайтын ҰҚСАССЫЗ; Ештеңеге тәуелсіз мұңсыз, мінсіз МҰҚТАЖСЫЗ;

Ақыл-есі толық, дұрыс ойлай алатын кім болса да, бұл аталған сипаттардың ешбірі айнала дүние мен шексіз әлемдегі үлкен-кіші жаратылған болмыстарға сай келмейтінін түсіне алады. Түсіне алмайтындар болса, мен бәрін білем дейтін, Материяны яки Көктер деп аталған шексіз ғарышты, Ай мен Күнді тағы басқаның құдай санайтын атеистер мен соған ұқсас сенімдегілер.

Құранда хабарланған Алла Тағаланың қарекет сипаты сегіз:  ЖАНДЫ бірақ  жаратылғандардың жанына ұқсастығы жоқ; ІЛІМ иесі бүкіл шақты, бар тарапты қамтыған теңдессіз ілімге ие;  СӨЙЛЕУШІ жаратылыстағыдай сөз, дыбыс, қалам, тілге қытыссыз СӨЗ иесі;  КӨРУШІ алыс-жақын, үлкен-кіші, жарық-қараңғыға тәуелсіз бәрін бір сәтте көретін; ЕСТУШІ, ұзақ-жақын, айқын-көмес, әлсіз-қуатты бәрін бір сәтте естуші; ЖАРАТУШЫ мүлде жоқтан бар етуші; ҚАЛАЙТЫН-ТІЛЕЙТІН әлемді жаратуды, адамды жаратуды басқа бүкіл жанды-жансыз құбылыстың бәрін жаратуды қалайтын теңдессіз; ҚҰДІРЕТ-КҮШТІҢ ИЕСІ шексіз әлемді басқарып-бақылаушы, сәл қателік жібермейтін мүлтіксіз игеруші, адамдардың іс-әрекетін, жанды-жансыз алапат күштердің бәрін бағыттаушы;

Міне, осы аталған он төрт сипаттың әр бірі  мына жаратылған шексіз дүниедегі сансыз құбылыс ретінде көреу-көмес көрініс береді. Оны Құранда Алланың «Көркем есімдері» деп атайды, Құранда 99 есім аталады.  Жалпы Исламда 1001 есімді адамзаттың  асқан даналары ғана өзінің шектеулі ақылымен түсіне, ұға алады, расында, оның шегі жоқ делінген.

Адамзат осы көріністерді ғылым ретінде қолданып мынау дүниені таныйды. Түпсіз ғарышты телескоппен бақылап, өте нәзік затты электрондық микроскоппен көре алады. Осылай айналаны зерттеу арқылы абсолют ақиқатты ашады. Қазір адамзат пән ғылымы арқылы үйреніп, қасиеттерін игеріп, игілікке қолданып жатқан ғылымның бастау-көзі осы есім-көріністері. Мұны Исламда Аллатану ілімі яки Мағрифатуллаға жетудің алғашқы қадамы деп біледі.  Бұл абсолют ақиқатқа жетудің бастамасы. Яғни, қазіргі игерген ғылымдар саласы, деген сөз.

Осы алғашқы ғылыми танымды, имани-сенімге келмеген адамдар бірден-бір ақиқат деп, ойлайды. Сөйтіп, Аллатану ілімінің келесі сатысы ТЫЛСЫМ АҚИҚАТТЫ біле алмай тұйыққа тіреледі.

Ал, Аллатану ілімінің ТЫЛСЫМ АҚИҚАТЫ дегеніміз нағыз ақиқаттың өзі. Құранда аталған: «Уахи және аян хабарлар», «Періштелер дүниесі», «Жын қауымы», «Шайтандар әлемі», «Бұрынғы қауымдардың басынан кешкен ғажап оқиғалар мен олардың жер бетінен жойылуы», Оларды жойған жүректі жаратын ғаламат дауыс, аспаннан жауған жазалау тастары»,  «Теңіздің адамдарға жол ашып жарылуы», «Тастан жаралып жанды түйенің шығуы»,  «Әбәбил құстарының Қағбаны жаулаушыларға тас жаудыруы», «Ақырғы пайғамбардың көкке сапары», «Қиямет-қайым оқиғасы», «Адамзаттың түгел қайта тірілуі», «Махшар алаңына жиналып, Жалғыз Жаратушының алдында сұраққа тартылуы», ең соңында дүнеге келген бүкіл адамзаттың мәңгілік дүние «Жаннат» пен «Жаханнамға» тұрақтауы...

Әйтсе де, имани-сенімге келмеген, Бір Алланы танымаған өзін-өзі асқан ғалым санайтындар, Абсолют ақиқатты игеріп таныса да оның түп Иесін түсінбейді. Сөйтіп, ТЫЛСЫМ АҚИҚАТЫ ұқпағандықтан шексіз әлемнің қалай пайда болғанына санасы жетпей әлі басын қатыруда, басқа дүниеден тіршілік іздеп қаңғыруда.

Онымен қоймай, сонша кемел жаратылған өзінің ғажайып дене-мүшесі мен триллион гегабайттық ми-компьютерін өзінен-өзі эволюциямен пайда болды, деп алжасуда.  Одан да сорақысы, адамзат яки басқа кемел пішінді жанды жаратылыс, баяғы миллиард жыл бұрын, теңіздің бір бұрышында  қараптан-қарап қоймалжың заттар жиналып әлгіні найзағай соғып өзара әрекеттесуден оқыстан пайда болды, деумен келеді. Жаратушыны Иені жоққа шығарудың «ғылыми» түрі осындай күлкілі.

Міне, жалпы осы таным бойынша адамзат қауымының СЕНІМ дәрежесін яки имани-сенімін анықтауға болады:

Ең жоғарғы сенімге ие адамдар бүкіл пайғамбарлар; екінші қатарда Пайғамбарларға сенген, ерген олардың адал достары; үшінші қатарда Пайғамбарлар әкелген дін мен ақырғы Пайғамбар Құран арқылы жеткізген Хақ дінді кейінгілерге үйретуші Исламның жанкешті ғалымдары; төртінші орында осы Хақ діннің бүкіл бұйрықтарын жан-тәнімен беріле орындаушы тақуа мұсылмандар; бесінші орында Хақ діннің алты сенімі мен бес парызын орындайтын қарапайым мұсылмандар; алтыншы орында имани қағидаларды шала-шарпы білетін әрі жүрдім-бардым орындайтын әлсіз мұсылман қауымы; жетінші орында Исламның қағидаларынан ештеңе білмейтін, «Иә, Құдай бар ғой, Пайғамбар жарықтық жақсы ғой» деген ең төменгі түсініктегі өзін «мұсылманмын» деп атайтын Исламға тіке қарсы келмейтін тобыр-көпшілік.

Енді, сегізінші орында қандай адамдар тұрады десек, Исламға қарсы, Хақ дінді қабылдамай оған дұшпандық жасайтын, Пайғамбарды жамандайтын топтар;  Хақ діннің бұзылған тармақтарын ұстанатын қауымдар; Хақ дінді өзінің көзқарасымен бұрмалап ұстанатын көптеген ағым-топтар; бұл дүниелік пайданы мақсат еткен әртүрлі секталарда жүргендер; ұлтшылдық көзқарасын дінмен байланыстыратын топтар; ақырет дүниесін мүлде жоққа шығаратын, Жаратушыны Иені танымайтын атеист-материалистер тобы;  ең соңында өзінің шолақ дүниетанымы мен тар көзқарасынан шыға алмаған санасы төмен топтар.

Мұнда аталғандарды сау ақылмен зейін қойып ұғатын адам, өзінің қандай сенімде екенін біле алатындай «сенім-кестесі» дейміз. Бұл кәдімгі химиялық кестеге ұқсайды, ешкім бұдан тыс қала алмайды.

Міне, енді анау тақырыпта қойылған «КӨСЕМДІК ДЕРТ» деген сөздің мәнісін осы сенім сатылары арқылы нақты түсіне аламыз.

«Көсемдік дерт» дегеніміз, «менің ашқан ғылыми жаңалығым, менің дана бастауым, менің болашаққа деген сара жолым, біздің партиямыздың дана саясаты, менікі ғана дұрыс, мен айттым болды...» дейтін жеке адамдар мен топтардың  өзімшіл ұстанымы.

Яғни, дүниені, қоғамды, ғылымды, ортаны, ұжымды, ағайын-туысты, отбасын өз талғамы, өзінің жақсы көретін жағдайымен ғана өлшейтіндер, бәрін сол бойынша болсын дейтін топас сананың көрінісі. Тобырлық сананың рухани дерті.

Имани-сенімнің ең биігіне жеткен пайғамбарлар «көсемдік дерттен» қорғалған. Олар, Жалғыз Жаратушы Иенінің өзіне келген бұйрығын жеткізуші, соны мүлтіксіз орындаушы, өз пікірін сонымен бақылаушылар.

Оларға ерген адал достары яки сахабалар да «көсемдік дерттен» сау болады, пайғамбарының айтқанымен, жолымен ғана жүргендер.

Исламның жанкешті ғалымдары да «көсемдік дерттен» аман болуға тырысатын санасы аса алғыр дана адамдар; тақуа мұсылмандар «көсемдік дерттен» өзін шариғат бойынша шамасынша қорғайды аракідік «көсемдік дертке» шарасыз ұшырайды; қарапайым мұсылмандар айнала өмірдің сан-алуан жағдайынан  «көсемдік дерттен» аман қала алмайды; ал, әлсіз мұсылман қауымы мен дінсіз тобыр-көпшілік үнемі бұл дерттің құрсауында жүреді.

Имани-сенімнің жеті тобына қамтылғандардың бесінші сапқа дейінгілері Хақ діннің тура жолымен жүретіндер болғандықтан, қиыншылық жолықса сабыр сақтап, байлық-бақыт басына келсе аспай-таспай өмір сүретіндер. Өйткені, олар бұл дүниегі машақаттармен өзінің иманы сыналып, мәңгі ақырет дүниесінде Жаннатқа таңдалуда екенін түсінгендер, содан үміт еткендер. Расында, бұл топтағылар Құранда жаннаттықтар деп сүйіншіленеді.

Ал, алтыншы, жетінші топқа саналған әлсіз мұсылман дегендер, бұл дүниеде адасушы топтарға қарай ауытқуы, соларға еріп кетуі өте ықтимал. Ондайлар бұл дүниедегі машақаттарды жеңе алмай, рухани жетілуден кенде қалатыны Құранда қатты ескертілген. Әрі осы топтағылар хақ дінге бір кіріп, бір шығатын, сегізінші топтағылардың алдау-арбауына оңай ұшырап адасушы бағытқа кететіні Құран мен хадистерде молынан баяндалған.

Ал, сегізінші топ деп атаған әртүрлі сенім-секталарға кіріп алғандар мен атеистер «көсемдік дерттің» нағыз иелері. Әрі осы рухани дертті пандемия, эпидемия дәрежесінде адамзатқа жайып, қаншама қауымды тура жолдан адастырып, мына дүниенің мың-сан шиырымен басын айналдырғандар.  Бұл топтағылар алдағы мәңгі ақырет дүниесінде өзін-өзі жаханнамға дайындаушылар екені Құран аяттарында қаншама рет ескертіледі.

Бірақ, Құранда олардың құлағы бітеліп, көзі перделеніп, көкірегі мөрленген дейді. Содан да, бұл топтағылардың ақиқат ғылымды игерген атеист-материалист өкілдері дүние өзінен-өзі жаралды, жандылар да оқыстан, қолайлы жағдайдан өздігінен пайда болды, адам да солардың сатылап дамуы мен күрес-талас жолындағы эволюцияның миллондаған уақыттағы нәтижесі, дейін жалған теориясы соңғы үш-төрт ғасырдан бері орта мектеп оқулықтарынан орын алған, қазір де ең соңғы ғылыми ізденістердің бағыты болып өз үстемдігін әлі жүргізуде.

Ал, осы жалған теориядан бастау алатын қоғамдық ғылым дәрежесіне көтерілген ғылыми коммунизм қағидасы адамдардың бай-кедейлігін қарама қарсы, дұшпандық тапқа бөліп, оның соңғы нәтижесі тап күресі деген қанды төңкеріске жалғасып алапат қырғын-апатқа ұласқан адамзат қоғамындағы сұмдық тәжірибе болып қалды, оның зардабы әлі жүз жыл бойы жалғасуда.

Осындай қоғамдық орасан бүліншілік жасау арқылы өкімет басқаруға келген асқан мансапқор пенделер диктаторлық билік дейтін ешкімнің бақылауына жол бермейтін үстемдікпен қоғамды қатерлі катаклизмге ұшыратуда. Қоғамдағы қарапайым қауымның, жеке адамдардың тағдырын ойыншық етуде. Өз мансапқорлығын ұлғайту үшін еларалық соғыстар ашып қарапайым адамдардың ұрпағын соғыс құрбанына айналдыруда.

Осындай әділетсіз билігін ұзақ жылар сақтау үшін таптық Большевиктік, әлемдік Коммунистік, ұлтшыл Арилік, жеке елдерде топтық Ардын Хувьсгалт Нам (моңғолия) және басқа елдерде осыған ұқсас Нұр-Отан, секілді партиялық топ құрып, мафиялық күш-қуатқа ие болады. Өз дегендерін халықпен санаспай істеуді  немесе санасқан секілді алдамшы сайлаулар жасауды олар нағыз «басқарушылық» деп, ойлайды.

Осы қоғамдық көріністер мен құбылыстар Құранда Муса пайғамбарға қарсы шыққан Перғауын үстемдігі, Ибраһимді отқа лақтырған Намруд, Қағбаны құлатуды мақсат еткен Әбіраха және Ғад, Самуд, Хижр секілді тағы қаншама қауымдардың билеушілері бойынша көптеген мысалдармен тамаша дәлелденген.

Құран шеңберінде анықталған осы, сегіз топқа бөлінген сенім-наным яки имани-сенімнен ешкім тыс қала алмайды. Ақыл-есі толық, біршама дұрыс ойлай алатын кім болса да, өзінің қай топта екенін өзі де анықтай алады.

Сонда, бұрынғы болған, қазіргі болып жатқан және келешекте болжанған адамзаттың басынан өтіп жатқан қайшылықтар мен қоғамдық, экологиялық апаттардың бәрі де осы «көсемдік дерттен» туындайтынын көре алады.

Олай десек, біздің көп айтып армандып, шама шарқымызша күресіп, болса екен деп жүрген «демократиямыздың» негізін салғандар Пайғамбарлар екенін ұға аламыз.

Қазіргі, өзін демократиялы еліміз деп санайтын елдердегі ашық сайлау, әділ сот, адал еңбек, әлеуметтік көмекті өрістету,  адамды нақақ өлтірмеу, алаяқтықты және қоғамдық ұрлық пен парақорлықты тыю... бәрі де Исламның әкелген құндылықтары.

Әйтседе, осы елдерде Исламның қоғамдық тыныштық пен ізгілікті сақтауға арналған өте маңызды ұстанымдары пайызды пайдаланбау, параны ауыздықтау, зинаны болдырмау, сауда-саттықтағы тазалық, ата-ананы аялау, жетім-жесірлікке көмек мәселелері аз ескерілуде.

Сөз соңында, Жалғыз Жаратушы Иеден пайғамбарлар арқылы келген осындай Ислам пәрмендері неге орындалмайды, ендеше!? деген сұрақ болуы сөзсіз.

Иә, Құранда оған да толыққанды жауап берілді, әрбір адамды сананың биігіне жеткізу, кемел қасиетке ие болдыру үшін Алла Тағала адамға өзіндік таңдау еркін берді, осы таңдау құқын пайдалану арқылы адам не жетіледі, не төмендейді. Міне, бұл сондықтан сынақ дүниесі деп аталады әрі мына болып жатқан сан-сапалақ көріністер мен құбылыстар да соның айғағы.

Өйткені, жер бетінде өмір сүріп келе жатқан бүкіл адамзат, сырты адам қалпында болғанмен сана деңгейі әртүрлі. Өте қысқаша атасақ: сәбилік сана, тобырлық-көпшілік сана, кәсіптік сана, ғылыми яки логикалық сана, имани сана, әулиелік сана және пайғамбарлық сана деген жеті деңгейге бөлінеді.

Құранда бұл сана деңгейлері де толық сараланған яғни Алла Тағала адамды әр түрлі дәрежеде жараттым, дейді. Бұл қоғам болып тұрудың шарты, бірі басшы бірі жұмысшы, бірі ғалым, бірі надан, дегендей. (Жәндіктер мен жануарлар дүниесінде де сондай, аралар мен құмырысқалар қоғамдасады, айғыр үйірлеседі...)

Адамның қандай дәрежелі боп тууы Құдайдан бұйырған тағдыры. Ал,  Құдайдың бұйрығын адамның қалай орындауы оның бұл дүниелік әрі ақыреттік тағдыры болады. Оны адамның өз қолына берген.

Сондықтан да, Ақырет дүниесінде адамдар сұраққа тартылып, өзінің бүкіл іс-әрекетін тексертіп, әділдікті көретіні содан.

Бұл дүниенің, Жер деген ғажайып мекеннің жаралуы тек осы мақсатта екені Құранда анық та түсінікті етіп айтылған.

Абай Мауқараұлы,

журналист-жазушы, дінтанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz   

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2045