«Жайлы мектеп»: Атырау облысында алғашқы екі мектеп ашылды
Бүгін қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған екі мектеп пайдалануға берілді. Алмалы ауылдық округі Береке ауылында 1200 орындық №47 орта мектеп, Сарыөзек ықшамауданында 300 орындық №46 орта мектеп ашылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Білім ордаларының ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, тұрғындарды жаңа мектептердің ашылуымен құттықтады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін айтып, әр оқушының сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Бүгін есігін ашатын білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып-үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен айналысуына толық жағдай жасалды. Бұл мектепте мұғалім мен оқушының, мектеп пен ата-ананың байланысы артып, білімді де талантты, санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сенім мол, - деді С.Шәпкенов.
Жаңа мектептерде екі ауысымда оқитын 3000 балаға 120-дан астам ұстаз білім береді.
Баласын мектепке жетектеген ата-аналардың арасында Береке ауылының тұрғыны Ханшайым Көпбергенова бар. Ол сегіз немересін де №47 білім ордасына орналастырыпты. Әжейдің қуанышында шек жоқ, себебі енді немерелері заманауи жарақталған мектепте білім алады.
- Бүгін көптен күткен мектеп ашылды. Оның құрылысы басталып, аяқталғанға дейін куә болдық. Енді балаларды қабылдап жатыр. Мен де, басқа ата-аналар да дән ризамыз, себебі бұған дейін немерелерім осы ауылдағы мектепте оқыды, бірақ орын саны тапшы еді. Бүгін сол мәселе шешілгендей, жаңа мектепке орналасып жатырмыз. Балаларымыздың зейіні ашылсын. Еліміздің мақтанышы болсын, - деді Х.Көпбергенова.
Мектептерге Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар салынған.
Мектеп аумағы 2 жүгіру жолағымен, баскетбол, волейбол алаңдарымен, теннис кортымен, ойын және workout алаңдарымен жабдықталған.
Мектеп ғимаратында 2 спорт зал, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған екі асхана, 260 орындық акт зал және кітапхана бар.
Сонымен қатар психолог, логопед, медициналық кабинеттерімен, заманауи үлгідегі оқу сыныптарымен, физика, химия зертханаларымен және STEM кабинеттерімен жарақталған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында осы жылдың соңына дейін тағы үш мектеп пайдалануға беріледі.
2025 жылдың аяғында жайлы мектептердің саны 12-ге жетіп, 12 мыңнан астам оқушы сабаққа барады.
Abai.kz