Бейсенбі, 3 Қыркүйек 2026
Күбіртке 153 0 пікір 3 Қыркүйек, 2026 сағат 14:48

Ресейлік мигранттар неге қаптап кетті?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазіргі күндері Қазақ қоғамында ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – Ресейден келген мигранттардың күрт көбеюі. Кейінгі жылдары, әсіресе 2022 жылдан кейін бұл жағдай жаңа сипат алып, еліміздің ірі қалаларында тұрғын үй бағасының қымбаттауына, еңбек нарығындағы бәсекенің күшеюіне және қоғамдық пікірдің күрт өзгеруіне әсер етті.

Қазірде, ел арасында «Ресейліктер Қазақстанға неге сонша көп келіп жатыр?» деген сұрақ жиі қойыла бастады. Әрине, бұл құбылысты бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес. Оған геосаяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени факторлар қатар ықпал етті.

Ең алдымен, Ресейден Қазақстанға келушілер санының артуына Украинадағы соғыс пен одан кейінгі саяси оқиғалар тікелей әсер етті. 2022 жылы Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін миллиондаған азамат өз елінен уақытша кетудің жолдарын іздей бастады. Сонын ішінде, Қазақстан олар үшін ең қолайлы бағыттарға айналды. Өйткені екі елдің арасында ұзын құрлық шекарасы бар, сондай-ақ, азаматтар визасыз қатынай алады, ал көптеген ресейліктер Қазақстанда орыс тілінің әлі күнге дейін өз күшінде екенін жақсы біледі. Сондықтан оларға бейімделу қыйындық тудырмайды.

Қазақстанның өзі де белгілі дәрежеде тартымды мемлекетке айналды. Елдегі салыстырмалы саяси тұрақтылық, банк жүйесінің жұмыс істеуі, цифрлық мемлекеттік қызметтердің дамуы және бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар көптеген ресейліктердің назарын аударды.

Әйелімнің елі Ақмола облысының Есіл қаласынан болғандықтан, үш-төрт жылда бір, қайын-жұртымызға барып келіп тұрамыз. Бұл жолы барғанымызда, осы аудандағы көптеген елдімекендердің бос тұратын көшелері, бұрындар кетіп, енді қайтып келген келімсектерге лық толып алыпты. Сұрастырып білгенімізде өткен жылдан бері Ресейден келіп жатқандар көп көрінеді. Үстіміздегі жылыда келіп жатқандар баршылық. Сонда ойлағанымыз, шекараны осымшама ашып қойып, келгендерді қабылдай беретін недеген елміз.  

Тағы бір айтарымыз, экономикалық факторлардың да рөлі зор болды. Ресейдің бірқатар халықаралық қаржы және сауда жүйелерінен шектелуі көптеген кәсіпкерлерге жаңа нарық іздеуге мәжбүр етті. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, тауар айналымы мен бизнесті жүргізуге қолайлы алаң ретінде қарастырылды. Кейбір кәсіпкерлер өз компанияларын немесе бөлімшелерін Қазақстанға көшірді.

Ел іші, көші-қонның қазіргі кері әсерлеріне назар аудара бастады. Ең алдымен, тұрғын үй нарығында сұраныс күрт өсіп, жалдамалы пәтер бағасы қалаларда айтарлықтай көтерілді. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларында бұл жағдай жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл құбылыстар Қазақстанның көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында да ықтимал тәуекелдер ретінде аталған.

Қазақстанда жалпы сыртқы көші-қонның оң сальдосы сақталғанымен, елге келушілер тек Ресейден ғана емес, ТМД-ның басқа мемлекеттерінен және өзге елдерден де келеді.

Көші-қон проблемасы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да нақты бір жауапкершілікті талап етеді. Кез келген мемлекет сияқты Қазақстан да заңсыз көші-қонға, экстремизмге, жалған құжаттарға және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Бұл ретте құқық қорғау органдары заң талаптарының орындалуын бақылап, ел аумағында жүрген шетел азаматтарының құқықтары мен міндеттерінің сақталуын қамтамасыз етуі қажет.

Қазақстан үшін ең маңызды жағдай – көші-қонды тиімді басқару. Мемлекет еңбек нарығының қажеттіліктерін, демографиялық ахуалды, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қатар ескеретін саясат жүргізуі қажет.

Айтарымыз, Ресейден Қазақстанға миграцияның күшеюі – бір ғана себептен туған құбылыс емес. Оның негізінде соғыс, геосаяси өзгерістер, экономикалық мүмкіндіктер, орыс тілінің елімізде әлі күнге дейін өз күшінде тұруы, визасыз режим сияқты бірнеше фактор жатыр. Осылардың барлығы қыйыншылыққа тап болған ресейліктердің жанталаса бізге қарай ағылуына жол ашып қойды. Қазақстан үшін басты міндет – ұлттық мүддені сақтай отырып, заңға негізделген, теңгерімді және тиімді көші-қон саясатын жүргізу.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 520
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 1868
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 472
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 440