Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Билік 2760 7 пікір 9 Қазан, 2024 сағат 14:09

Құйылсын көшің: Нағыз дипломат үшін бұл норма – табылмас қару!

Сурет Ауыт Мұқибектің жеке мұрағатынан алынды.

Кеше, 8-ші қазанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің  орынбасары Әлібек Бақаев мырзаның жеке қабылдауында болдым.

Қабылдауда Әлібек Әсетұлының қасында Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев бірге болды.

Соңғы он бес жыл көлемінде Ұлы көштің тағдыры үшін мен қақпаған есік жоқ! Ауыл әкімінен бастап, Президентке дейін қабылдауларда болып келемін. Соның ішінде естен кетпес тарихи қабылдаулар болды.

Оның біріншісі, әрине, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауы!

Мен қай қабылдауға да мұқият, жан-жақты дайындалып, қағазға жазылған нақты ұсыныспен кіремін.

Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауына кірерде Қасекең менен: «Ауыт мырза, естісем Сіз Қытайдан келіпсіз, қытайша жақсы білетін шығарсыз?», - деген сұрақ қояды-ау деп ойладым.

Тура солай болды. Қасым-Жомарт аға әңгімені дәл осы сұрақтан бастады.

Мен ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН басқа бір де бір тіл білмеймін. Қытайшамнан гөрі, орысшам «тәуір» секілді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен ауылда оқып, Алматыға ауылдан келдім. Менің қытайшам Сіздікіне жетпейді...», - дедім.

Қасекең жымиып күлді де, ары қарай нақты әңгімеге көшті.

Мен Президентке әр ұсынысымды нақты құжаттардың көшірмесімен, қағазға жазып апарған нақты заңдармен, фактілермен, тіпті суреттермен дәлелдеп түсіндірумен болдым...

Қабылдау бітіп, сыртқа шыққанда Ерлан Қариннің риза болғаны әрі қуанғаны соншалық, мені мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйгені есімде.

Сондай бір қабылдау – ол «Нағашыма хатқа» байланысты, Ақордада, Тұңғыш Президент кеңсесінің Басшысы, қазақтың аяулы перзенті Махмұд Қасымбеков ағамыздың кеңесесінде өтті.

Бұл енді Мәсімов пен Құлыбаевтың ойсырай жеңілгенін, қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп қабылданып кеткен қатаң заңды алты айға жеткізбей қайта қалпына келтіру туралы Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлық шығарғалы жатқанын естіп, Ақордадан ЖЕҢІС ТУЫН көтертіп шығарған қабылдау еді.

Одан кейінгі тағы бір тарихи қабылдау – сол кездегі Тұңғыш Президенттің Кеңесшісі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамыздың қабылдауы.

Мен Мұхтар Абырарұлының бір сағатқа жуық айтқан әңгімесін қазір түгел айтып бере аламын. Бір сөзін ұмытқам жоқ.

Мұхтар Абрарұлы маған алақандай іс қағазға: «Мұхтар, мына жігітпен жақсылап сөйлес. Сосын маған баянда...», - деп қолмен жазылған, соңына «Н» деп, қолын қойған Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасын көрсетті. Өзінің сол тапсырма бойынша шақырғанын айтты.

Бір өкінішім – Мұхтар ағадан сол бір жапырақ қағаздың көшірмесін сұрап алмағаным. Шынымды айтсам, батылым жетпеді. Мұхаңның мысы басып кетті...

Мұхаңмен болған сол жолғы кездесу мені кейін «НҰР ОТАН» партиясынан бірақ шығарды. Мұханың шақыруымен емес, өзімнің өтініш жасауыммен әрине!

Тағы бір естен кетпес қабылдау – экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлының қабылдауы.

Мұрат аға «Жас Алашқа» шыққан «Парламент үйі бұрхандар мүлгіп отыратын бұтхана емес!» деген мақаламды оқып, мені өзі шақырған болатын.

Мұрат аға сол кездесуден бастап, біздің ең сүйікті ағамыз, ақылшымыз болып кетті.

Мұрат аға арқылы Қуаныш Айтаханов, Жабал Ерғалиев ағаларымызбен таныстық. Нұрлан Оразалин мен Алдан Смайлов – бұрыннан таныс, өз ағаларымыз болатын...

Мәсімов пен Құлыбаев құлдыратқан Көші-қон заңының қайта қалпына келуіне, кемелдене түсуіне осы ағаларымыз бен Светлана Жалмағанбетова, Гүлнар Сейтмағанбетова секілді апайларымыздың еңбегі көп сіңді. Мен Бұл кісілердің жақсылығын екі дүниеде ұмытпаймын!

***

Құдайға тәубе, қазақта көкжал жігіттер баршылық!

Мен кешегі Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мырзаның сол ағалардың қабылдауынан кейінгі біраз үзілістен соң қайта жалғасқан аса жоғары деңгейдегі тарихи һәм саяси мәнге ие ерекше қабылдау деп бағалаймын.

Өңкей бір қатын-қалаш министрлер мен «Қатысым жоқ!» академиясының» жетесіздеріне өкпелеп, алтын басым қорланып жүрген кезімде, Әлібек Әсетұлының кешегі қабылдауы – менің сөніп бара жатқан үміт отымды қайта жаққандай болды.

Мен жоғарыда айтылған әр қабылдаудан шыққан соң, Астана тұрмақ, Сарыарқаға сыймай, арқаланып, жайнап кететінмін!

Сол күйді кеше де басымнан кешірдім. Біразға дейін өзімді қаңбақтай жеп-жеңіл сезініп, аспанға қалықтап ұшып кете жаздап жүрдім. Қуанғаным соншалық, біраз жігіттерге телефон соғып, қуанышымды бөлістім. Тіпті, Тұран-Сарыарқа даңғылдарымен жүретін 21 автобусқа емес, ай далаға – Уалиханов көшесімен кететін 70 автобусқа мініп кетіппін. Сөйтіп, Артём базарынан бірақ шықтым...

Сағат 15:30-да басталған кездесу 17:30-ға дейін жалғасты...

Сондағы ақылдасқанымыз ҮШ ұсыныс!

Оның біріншісі – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі ПРЕЗИДЕНТТІК БЕДЕЛІ мен ертеңгі ТАРИХИ ОРНЫНА тікелей қатысты мәселе!

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мырза мен ұсынған фактіні көріп, оның мәні мен маңызын бірден түсінді. Өзі танысып шыққан соң, Басшысына – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мырзаға жеткізетінін, ескерусіз қалмайтынан жеткізді.

Мен бұл ұсынысым туралы айтпаймын! Нәтижесін алдағы күндерде көре жатасыздар...

Ал, екінші және үшінші ұсыныстарым жайлы ашық айтуға болды.

Екінші, бір ауыз қазақша білмейтін, тіпті, білгісі де келмеген Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрі болып тұрған кезде Қазақстанға келгісі келетін этникалық қазақтарға үш жылға көп мәрте виза беру тәртібі енгізілген болатын.

Бұл ұсыныс 2015 жылы Мәжілісте Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасы талқылаған кезде осы жолдарды жазып отырған жігіттің ұсынуымен, депутат Нұртай Сабильяновтың қолдауымен мақұлданып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бері атқарылып келеді.

Қазіргі таңда шеттегі этникалық қазақтарға тағы бір сондай жеңілдік жасаудың таптырмас орайы келіп тұр.

Ол – шетелден бір айлық визасыз тәртіппен келген ұлты қазақ азаматтарға Қазақстаннан үш жылға көп мәрте виза беру тәртібін енгізу!

Бұл тәртіп жүзеге асса, біріншіден, тағдыры қыл үстінде тұрған Қытайдағы қазақтардың Атажұртына оралып, қоныстанып қалу үрдісін жеделдетеді; Екінші, Үрімжідегі виза кезегі мен жемқорлықтың жолын кеседі; Үшіншіден, ең бастысы, атқарушы билік пен заң шығарушы орган қағаз жүзінде қалдырған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗЫНЫҢ» нақты орындалуына біреу болса да жол ашылады...

Үшінші, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңының 8-бабындағы, жоғарыда айтылған, «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды», - деген норманы «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңы мен «Халықтың көші-қоны туралы» заңына қатарынан енгізуді ұсынамын.

Егер, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңының 18-бабындағы «Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады», - деген норманы ескерсек, аталған конституциялық заңының 8-бабындағы бұл норма Қазақстан Республикасының Конституциясында тұруы керек еді!

Қанша әрекеттенсек те, 2017 жылғы және 2022 жылғы Конституциялық реформа кезінде Ерлан Қарин мен Маулен Әшімбаевқа Президентке жеткізші, болмаса мені қабылдатшы деп, сонша жалындым! Өтінішіміз орындалмады.

Енді, осы шеттегі қазақтардың мүддесін қорғауға арналған норма қолданыстағы аталған екі заңға енсе де жетіп жатыр. Ол шеттегі қазақтар үшін ғана емес, құрметті дипломатиялық қызметкерлер, Сіздер үшін де пайлалы болмақ!

Шеттегі этникалық қазақтар саяси қысымға ұшыраған жағдайда, оның Қазақстан азаматы болып табылатын туыстары Сыртқы істер министрлігіне арыз жазып, көмек сұрайды. Сол арыздың негізінде, дипломатиялық қызметкерлер сол елдегі әріптестерімен сөйлесулер жүргізуіне тура келеді.

Олар сөзсіз өздерінің заңдарын алға тартады. Сол кезде біздің дипломатиялық қызметкерлер осы норманы көтереді. Қысқасы, олар автомат көтеріп шықса, біздің дипломатиялық қызметкерлердің қолында, ең құрығанда, РОГАТКА болуы керек қой!

Менше, дипломатиялық қызметкерлер бұл норамның аталған екі заңға енуінен қашпаулары керек! Оның атқарылуы – Қазақ дипломатиясының деңгейіне байланысты.

Дипломатияны қазақтан артық айтқан халық жоқ шығар, «Елдестірмек елшіден, Жауластырмақ жаушыдан...», - деп...

Егер, деңгейі төмен елші болса, бұл норманы өз деңгейінде шебер пайдалана алмай, ара қатынасты бүлдіруі әбден мүмкін. Ондай дмпломаттар сөгіс алуы, тіпті, қызметтен қуылуы керек!

Ал, нағыз кәсіби дипломаттар үшін бұл норма – табылмас қару!

Олар осы нормаға сүйеніп, ұлт тағдыры мен мемлекет мүддесіне қатысты мәселе туындаған жағдайда шеттегі қазақтың мүддесін майдан қылшық суырғандай етіп, шеберлікпен қорғай біледі...

Сондықтан, сөзіміздің тоқ етері, дипломатиялық қызметкерлер «...олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды», - деген нормадан қашпағаны дұрыс.

Тағы қайталап айтам, мәселе бұл нормада тұрған жоқ! Мәселе бұл норманы пайдаланушының ДЕҢГЕЙІНДЕ тұр!

Бұл жағынан алғанда, бұл норма Қазақ дипломатиясы үшін үлкен СЫНАҚ екені де рас!

Мен Қасым-Жомарт Тоқаев негізін қалаған Қазақ дипломатиясын осал деп ешқашан ойламаймын!

***

Әлібек Бақаев бауырымыз осы әңгімелердің бәрін мұқият тыңдады. Сосын ретіне қарай, өз пікірін айтты. Маған сұрақтар қойды...

Әрине, келіспеген тұстарымыз болды. Мен барынша қазақи жолмен, жорамен түсіндіруге тырыстым. Әлібек Әсетұлы оны өзінің бай дмпломатиялық тәжірибесіне салып, екшеумен болды...Сөйлесулердің нәтижесінде бір жүйеге келіп отырдық.

Одан бөлек, «Отандастар қорының» тағдыры туралы да әңгіме болды. Қордың заңдық тетігін қалыптастыруды ұсындым.

Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мызаның арнайы тапсырмасы барын жеткізді...

Ең кереметі, Әлібек ініміздің әр сөзі шынайы әрі ғылыми екені анық аңғарылып тұрды.

Қысқасы, Дархан Қыдырәлі секілді әр шөптің басын бір шалғандарға сеніп жүре берсек, алыстағы ағайынды одан ары «арам өлтіретін» түріміз бар.

Одан гөрі, бұрынғы әдетімізбен, осы Әлібек Бақаев бауырымыз секілді нағыз кәсіби мамандарға, өрелі азаматтарға сүйеніп, ұсыныстарымызды жүзеге асыруға әрекет жасағанымыз жөн секілді. Әлібек Бақаев секілді арда туған азамат інім тұрғанда, мен бұл ұсыныстарымның жерде қалмайтынына сенемін!

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1947