Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Көкжиек 1027 0 пікір 14 Қазан, 2024 сағат 14:56

Қаражатты ғылым-білімге құюдың түркиялық үлгісі

Суреттер Мырзантай Жақыптың мұрағатынан алынды.

Түркияның әлемге әйгілі хирург-ғалымы Мехмет Хаберал туралы қысқаша мәлімет

Түркияның әлемге әйгілі ғалымы, Анкара қаласындағы Башкент университетінің құрушысы Мехмет Хаберал (Mehmet HABERAL) мырзаны қазақ оқырмандарына қысқаша таныстырып өтейік.

Профессор доктор Мехмет Хаберал 1944 жылғы 29 қазанда Түркиядағы Қара теңіз аймағының Шығыс Қара теңіз бөлігінде орналасқан Ризе өңірінің Пазар ауданындағы Субашы ауылында дүниеге келген.

1954 жылы Зонгулдак Гази бастауыш мектебін бітірген. Орта білімін 1961 жылы Зонгулдак Мехмет Челикел орта мектебінде аяқтаған.

1967 жылы Анкара университетінің медицина факультетін бітірген. 1971 жылдың қазан айында жалпы хирургия мамандығы бойынша маман біліктілігіне ие болған.

1973 жылы АҚШ-тағы (Галвестон, Техас) Шрайнер күйік институтында (Shriner's Burns Institute) және Джон Сили ауруханасында күйікті емдеу бойынша магистр дәрежесін алған.

1974 жылдың 1 қаңтары мен 1975 жылдың 30 маусымы аралығында Колорадо университетінің Медицина мектебінде, трансплантация орталығында трансплантология бойынша жоғары білікті маман дәрежесіне ие болған.

1975 жылғы шілдеде Хажеттепе университеті ауруханасының жалпы хирургия бөлімінде Күйік және мүшелерді трансплантациялау бөлімдерін құрған. 3 қарашада Хажеттепе университетінің ауруханасында Түркияда алғаш рет тірі донор арқылы бүйрек трансплантациясын жасаған. Дүниежүзілік күйік қауымдастығының ұлттық өкілі болып сайланған.

1976 жылы жалпы хирургия кафедрасының доценті дәрежесін алған.

1978 жылы 10 қазанда Еуропалық органдарды трансплантациялау қоры (Eurotransplant) ұсынған ағзамен Түркияда алғашқы мәйіттік бүйрек трансплантациясын жасаған.

1979 жылы 3 маусымда заңды күшіне енген «Ағзалар мен тіндерді трансплантациялау туралы» заңның қабылдануын қамтамасыз еткен. 27 шілдеде Түркияда жергілікті жерден әкелінген мәйіттен алғашқы бүйрек трансплантациясын жасаған. 26-27 мамырда Анкарада 1-ші Ұлттық Күйік конгресін өткізген.

1980 жылы 4 қыркүйекте Түркия ағзаларын трансплантациялау және күйікті емдеу қорын құрған.

1982 жылы 12 наурызда Анкарада Түрік ағзаларын трансплантациялау және күйікті емдеу қорымен байланысты алғашқы Гемодиализ орталығын құрған. Жалпы хирургия кафедрасының профессоры атанған. Дүниежүзілік күйік қауымдастығының атқарушы кеңесінің мүшесі және сол қауымдастықтың Шығыс Жерорта теңізі аймақтық өкілі болып сайланған.

1983 жылы Анкарада алғаш рет орган трансплантациясы конгресін ұйымдастырған. Сол уақытқа дейін әлемде ең көбі 36 сағатқа ғана сақталуы мүмкін болған мәйіт бүйректерінің суық ишемия уақытын 111 сағатқа дейін ұзартқан зерттеу жүргізген. Медицина саласындағы табысты үлестері үшін Sedat Simavi Foundation, Health Sciences сыйлығын алған.

1984 жылы Жерорта теңізі күйік клубының негізін қалаушы мүшесі болып сайланған. Таяу Шығыстағы органдарды бөлісу және сатып алуды жеңілдету үшін Таяу Шығыс диализі және орган трансплантациясы қорын құрған.

1993 жылы Түркияның органдарды трансплантациялау және күйікті емдеу қорын және Хаберал білім беру қорымен бірге Башкент университетін құрған. Анкарада Башкент университетінің Физиотерапия және реабилитация орталығын ашқан.

Профессор доктор Мехмет Хаберал мырзаның ғылым мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі туралы мәліметтерді қазірше жоғарыдағы деректермен түйіндей отырып, ғалымның қазіргі кезде атқарып жатқан жемісті жұмыстарына қысқаша тоқтала кетейік.

Халықаралық деңгейдегі танымал ғалым, Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы Башкент университетінің құрушысы, профессор доктор Мехмет Хаберал мырза жақында Ыстанбұлда бүкіл әлемнің көрнекті білікті ғылым-білім қайраткерлерінің басын қосты.

2024 жылғы 22-25 қыркүйек аралығында профессор доктор Мехмет Хаберал мырзаның басшылығымен Дүниежүзілік адам ағзаларын трансплантациялау қауымдастығының 30-шы халықаралық конгресі алғаш рет Ыстанбұл қаласында өтті.

Еуропа мен Таяу Шығыстағы үздік жоғары оқу орындарының алдыңғы сапынан орын алатын Башкент университетінің негізін қалаушы профессор доктор Мехмет Хаберал мырза Түркияда алғаш рет бүйрек алмастыру отасын, екі мыңға жуық бүйрек және 400-ге жуық бауыр трансплантациясын жасап, 20-дан астам халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырған көрнекті ғалым ретінде кеңінен танымал.

Ыстанбұл Конгресс орталығында 22 қыркүйекте басталған съезд 25 қыркүйекте аяқталды. Орган трансплантациясы бойынша мыңдаған озық ғалымдар Ай жұлдызды Түрік туының астында әлем медицинасы аясында бас қосты.

Осыған дейін АҚШ пен Еуропада өткізіліп келген конгресс 2018-2020 жылдары профессор доктор Мехмет Хаберал мырзаның төрағалығы кезінде қабылданған шешімге сәйкес алғаш рет Түркияда өткізілді.

Ғылымдағы ең көрнекті дүниежүзілік Медавар сыйлығы 25 қыркүйекте Түркиядағы, Таяу Шығыстағы және Орталық Азиядағы ғылыми жетекшілік қызметінің құрметіне алғаш рет түрік ғалымына – профессор доктор Мехмет Хаберал мырзаға берілді.

Профессор доктор Мехмет Хаберал мырза біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда негізі қаланған және Сократ сияқты көптеген философтар білім алған Афины академиясының грек емес шетелдіктерге арналған алғашқы жоғары марапатына лайық деп танылды және бұл сыйлық ғалымға Грекия астанасында өткен салтанатты жиында тапсырылып, академияның мүшесі болып қабылданды.

Грекияның Денсаулық сақтау министрі, елшілері, бас діни қызметкері, ғалымдар және көптеген жоғары деңгейдегі қонақтар қатысқан рәсімде сөз сөйлеген профессор доктор Мехмет Хаберал Ұлы Көшбасшы Мұстафа Кемал Ататүрікті, оның достарын және сүйікті шейіттерімізді мейіріммен және алғыспен еске алып, әріптестеріне алғысын білдірді. Осынау ерекше оқиға грек ақпарат құралдарында «Афина академиясында – бір түрік» деген тақырыппен кеңінен орын алды.

Бұған қоса профессор доктор Мехмет Хабералға Ресей трансплантология қауымдастығы 2024 жылғы мамыр айында өткен 11-ші Мәскеу трансплантация конгресінде Демихов медалін табыс етті.

Профессор доктор Мехмет Хаберал әр сөзінде баса айтып жүргеніндей, Түркия ғылымды әлемге таратып, тасымалдауды жалғастырады.

Дүние жүзінде мойындалған ғалым Мехмет Хаберал – Қазақстанның жанашыр қамқоршысы

Профессор доктор Мехмет Хаберал Астана қаласына 2014 жылы барған сапарында Қазақстанда алғаш рет бауырды ауыстырып салу бойынша жас балаға және ересек адамға жасалған екі операциясы жақсы нәтиже беріп, сәтті өтті. Сол кезде операция жасалған пациенттердің бірі бір жасар ұл бала болатын.

Профессор доктор Мехмет Хаберал мырзаның өзі айтқандай, 2014 жылғы Қазақстанға келген сапарынан Түркияға оралған соң медицина саласында түркі халықтарына ортақ қоғамдық ұйым құру туралы ой келген. Осылайша, профессор доктор Мехмет Хабералдың бастамасымен Түркі әлемі трансплантологтары қауымдастығы құрылды.

Профессор доктор Мехмет Хаберал 2015 жылдың мамыр айында Астана қаласында өткізілген Түркі әлемі трансплантологтары қауымдастығының І құрылтайына құрметті қонақ болып қатысқан кезде Жамбыл облысында тұратын жас ата-ана ұлдарымен бірге Түркиядан келген хирург-дәрігерді іздеп келіп, алғыстарын айтып, сәлем берді.

Осы сапарында профессор доктор Мехмет Хаберал Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы клиника басшыларымен донорлық және транспланттау бағдарламасын ұйымдастыру мәселесі бойынша кездесулер өткізді.

2017 жылдан бастап профессор доктор Мехмет Хаберал Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде медицина саласы бойынша жоғары білікті ғылым докторларын (PhD) даярлау ісіне белсене көмек беріп келеді.

2018 жылғы наурыз айында Түркияның астанасы Анкара қаласында Көкту қазақ мәдениеті қоғамы құрылған болатын. Профессор доктор Мехмет Хаберал сол жылдың қазан айында Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшілігінің ғимаратында өткізілген Көкту қазақ мәдениеті қоғамының тұсаукесеріне арнайы барып қатысып, өзінің ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдірді.

2018 жылдың сәуір айында профессор доктор Мехмет Хабералдың қолдауымен Дүниежүзілік банктің жобасы аясында Семей медицина университетімен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалып, Семей қаласында ғылым және білім салаларында кеңес беруге арналған түрік бөлімі ашылды.

2019 жылғы желтоқсан айында профессор доктор Мехмет Хаберал Ақтөбе қаласына барып, Башкент университетінің атынан Ақтөбе медициналық кластерінің стратегиялық серіктесі сипатында халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Сонымен бірге профессор доктор Мехмет Хаберал Ақтөбе қаласындағы көп салалы медицина орталығында өткізілген Қазақстандағы трансплантацияның өзекті мәселелеріне арналған халықаралық симпозиумға қатысып, өзінің көпжылдық мол тәжірибесімен бөлісті.

2020 жылғы тамыз айында профессор доктор Мехмет Хаберал Жамбыл облысының сол кездегі әкімі, марқұм Бердібек Сапарбаевпен тікелей онлайн байналысқа шығып, Башкент университетінің мамандары жамбылдық дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге, соның ішінде тегін біліктіліктерін арттыруға дайын екенін мәлімдеді.

Түркияның әлем мойындаған хирург-ғалымы Мехмет Хаберал жақында Қазақстанға тағы да бара жатыр.

2024 жылғы 7-8 қарашада Алматы қаласында «Ортопедия мен Травматологиядағы қолданбалы ғылымның заманауи жетістіктері: биомеханикалық зерттеуден клиникалық сынаққа дейін» тақырыбында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылға арналған ғылыми-практикалық жоспарын жүзеге асыру шеңберінде халықаралық қатысумен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Іс-шараның ұйымдастырушылары: Башкент университеті (Түркия, Анкара), «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КЕАҚ (Қазақстан, Алматы), «Халықаралық Травматология және Ортопедия Ғылыми Орталығы» ЖШС (Қазақстан, Алматы).

Түркия, АҚШ, Жапония, Қытай, Польша, Ресей, Оңтүстік Корея ғалымдарының қатысуымен өтетін ғылыми-практикалық конференция барысында сериялық өндіріске инновациялық әзірлемелерді енгізу, ғылыми-технологиялық парктерді дамыту, халықаралық ғылыми ұйымдармен, ғылыми зерттеушілермен және ортопедия және травматология бойынша медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндірушілермен ынтымақтастықты орнату жолдары талқыланады.

Аталған ғылыми конференцияға Түркияның аты әлемге танымал хирург-ғалымы, Анкара қаласындағы Башкент университетінің құрушысы, профессор доктор Мехмет Хаберал мырза арнайы барып қатысуды жоспарлап отыр.

Ғұлама ғалым құрған Башкент университеті – әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының бірі

Әлем мойындап отырған ғұлама ғалым Мехмет Хаберал мырза 1993 жылы Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында Башкент университетін (Başkent Üniversitesi) құрды.

Профессор доктор Мехмет Хаберал мырзаның Башкент университетін құруына ғалымның ұстазы, Түркияның ғылым және білім саласын дамытуға ерекше үлес қосқан көрнекті ғалым, Билкент Холдингінің (Bilkent Holding) және Билкент университетінің құрылтайшысы, марқұм профессор доктор Ихсан Доғрамажы (İhsan DOĞRAMACI) ақыл-кеңесін беріп, жоғары оқу орнының Башкент университеті деп аталуын ұсынған екен.

Жақында Түркия Республикасының Жоғары білім кеңесі дайындаған 2024 жылы университеттер арасында жүргізілген бақылау мониторингі мен бағалау жұмыстарының жалпы есебі жарияланды.

Осы есепте Башкент университеті ең көп аккредиттелген бакалавриат бағдарламалары бар үздік 20 университеттің, бір студентке есептегенде ең көп басып шығарылатын кітап саны бар 20 үздік университеттің қатарына кірді.

Башкент университеті ғылым және жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, студенттер мен оқытушылардың ұлттық және халықаралық өзара алмасу бағдарламаларына қатысуы, халықаралық ынтымақтастықта жүзеге асырылатын жарияланымдар мен жобалар бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген жоғары оқу орындарының қатарынан орын алды.

Башкент университеті Түркиядағы жасыл, экологиялық тазалық индексі бойынша үздік рейтингі бар, сондай-ақ тұтынылатын энергияға шаққандағы энергия тиімділігін арттыру үшін инвестиция құйып отырған, суды үнемдеу инвестициясы бойынша ең жоғары мәнге ие жоғары оқу орындарының алдыңғы сапында келеді. Башкент университеті орналасқан аумаққа бес миллионнан астам ағаш отырғызылған екен.

Сонымен бірге Башкент университеті Түркиядағы профессорлық-оқытушылық құрамының ішіндегі әйелдердің үлесі ең жоғары университеттердің бірінен саналады.

Башкент университетінің құрамындағы 12 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 1 шет тілдерін оқыту жоғары мектебі, 7 жоғары кәсіптік оқыту мектебі, 1 мемлекеттік консерватория, 10 аурухана мен қолданбалы орталық, 2 емхана, 2 оңалту орталығы, 8 диализ орталығы, 24 ғылыми қолданбалы орталық, 30 денсаулық сақтау орталығы ғылым және жоғары білім саласында жастарға үздіксіз қызмет көрсетіп жатыр.

Бүгінде 52 мыңға жуық түлегі бар Башкент университетінде 19 000 студент оқиды, 1700 ғылыми қызметкер, жалпы 10 000 қызметкер жұмыс істейді және жоғары оқу орнындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыр.

Башкент университетінің кітапханасы – Түркиядағы ең үлкен университет кітапханасы ретінде кеңінен танымал.

Башкент университеті (Başkent Üniversitesi):

- Түркия Республикасы Студенттерді іріктеу және орналастыру орталығының (Öğrenci Seçme ve Yerleştirme Merkezi – ÖSYM) мәліметтері бойынша Анкара қаласындағы жыл сайын ең көп таңдау жасалатын құрылтай университеті;

- Оқытушылар мен профессорлар саны ең көп құрылтай университеті;

- Бір академиялық қызметкерге, яғни бір профессор-оқытушыға 7-8 студенттен келетін үздік университет;

- Студенттердің 61% үшін стипендия мүмкіндігі жасалған университет;

- Еуропалық Одақ аумағында арнайы белгісі бар және халықаралық деңгейінде танылып-мойындалған беделді дипломға ие болу мүмкіндігі мол университет;

- Денсаулық сақтау саласында құрылған алғашқы құрылтай университеті;

- ISO сапа сертификатын, халықаралық алтын, платина және гауһар сапа сыйлығын алған алғашқы құрылтай университеті.

Башкент университетінің арнайы көлік паркіндегі 120 жайлы автобусы қызметкерлер мен студент-жастарды Анкара қаласының әр түкпіріндегі 30-ға жуық нүктесінен университеттің кампустарына тегін тасымалдайды.

Башкент университетінің бірнеше қонақ үйлері мен жатақханалары, профессор-оқытушылар мен қызметкерлерді, студент-жастар мен қонақтарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған егістік алқаптары мен нан-тағам пісіретін наубайханалары, дүкендері де бар.

Башкент университеті – Түркия Республикасында ғана емес, бүкіл әлемде  өзіндік ғылыми жетістіктерімен кеңінен танымал ғылыми орталық, сапалы білім беретін үздік университеттердің бірі екенін ерекше атап көрсеткіміз келеді.

Башкент университеті – қаржы-қаражатты ғылым мен білім саласын дамытуға тікелей бағыттап, басқа қызмет түрлерінен түскен ақшалай табысты жоғары оқу орнын қаржыландыруға тиімді жұмсаудың нәтижесінде елеулі нәтижелерге қол жеткізіп отырған халықаралық дәрежедегі университеттің ерекше үлгісі.

Башкент университетінің ұжымы Түркия Республикасының демократиялық қағидалары мен ережелеріне сәйкес Ататүрік салған жолда көбірек еңбек етіп, елдің әлеуетін арттырып, даңқын көтеру өздерінің басты міндеті деп есептейді.

Башкент университеті (Başkent Üniversitesi) – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның «500 ғалым» жобасы бойынша Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері ретінде біз ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан жоғары оқу орны.

Бізге Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық Комиссия отырысының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №23-32-7.5 хаттамасына сәйкес Түркия Республикасындағы Башкент университетіне «Әлеуметтік ғылымдар саласындағы менеджмент» бағдарламасы бойынша 12 (он екі) ай ғылыми тағылымдамадан өтуге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның қолдауымен 2024 жылғы қыркүйек айынан бастап біз Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы Башкент университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатырмыз.

Бізді Башкент университеті Халықаралық қатынастар және алмасу бағдарламаларының үйлестірушісі Ирем Ашчылы (İrem AŞÇILI) ханым, Башкент университеті Коммуникация факультеті деканының орынбасары, профессор доктор Юнус Гөкмен (Yunus GÖKMEN) мырза және Башкент университеті Коммуникация факультетіне қарасты Радио, теледидар және кино бағдарламасының ғылыми қызметкері Наз Алмач (Naz ALMAÇ) ханым арнайы күтіп алды.

Еңбек демалысында болғанына қарамастан, Башкент университеті Коммуникация факультетінің деканы, профессор доктор Гилман Сенем Генчтүрк Хызал (Gilman SENEM GENÇTÜRK HIZAL) ханым бізге жиі-жиі хабарласып, Астанадан Анкараға аман-есен, жақсы жетіп алуымызға тілектестігін білдіріп отырды.

Ғылыми тағылымдама аясында 2024 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстанның Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Журналистика» кафедрасы мен Түркияның астанасы Анкара қаласындағы Башкент университеті Коммуникация факультеті арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық орнату мәселесі бойынша кездесу өткіздік.

Кездесуде Башкент университеті Коммуникация факультетінің деканы, профессор доктор Гилман Сенем Генчтүрк Хызал (Gilman SENEM GENÇTÜRK HIZAL) ханымды және Башкент университеті Коммуникация факультеті деканының орынбасары, профессор доктор Юнус Гөкмен (Yunus GÖKMEN) мырзаны Қазақстандағы жастарға журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс салаласындағы жоғары білім беру жүйесімен таныстырдым.

Ғылыми тағылымдамамыздың аясында Башкент университеті Коммуникация факультетімен бірге «Түркия Республикасында коммуникация және медиа салаларындағы ғылыми зерттеулер жүргізу тәжірибесі» тақырыбындағы зерттеу жұмыстарын мынадай салалар бойынша жүргізуді қолға алдық:

- Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі журналистика, қоғаммен байланыс, жарнама, телерадио, т.б. бөлімдерінің білім беру бағдарламаларының мазмұнын зерттеу;

- Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі студенттермен жүргізілетін оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, қоғамдық және тәрбие жұмыстарын зерттеу;

- Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі журналистика және қоғаммен байланыс саласында студенттерге, магистранттарға және PhD докторанттарына арналған оқулықтарды, оқу құралдарын, ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерді зерттеу;

- Түркия Республикасы университеттерінің Коммуникация факультеттеріндегі студенттерге, магистранттарға және PhD докторанттарына сабақ беретін профессор-оқытушылардың ғылыми және білім беру салаларындағы жұмыс тәжірибелерін зерттеу;

- Түркия Республикасында шығарылатын, әлеуметтік-гуманитарлық салалар бойынша Scopus және Web of Science халықаралық мәліметтер қорына енгізілген ғылыми журналдардың тәжірибелерін зерттеу;

- Түркия Республикасының QS World University Ranking: Top Global Universities-ке кіретін үздік университеттерінің ғылыми-білім беру саласындағы қызметтерін зерттеу;

- Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың әдіс-тәсілдерін зерттеу.

Сонымен бірге кездесуде мынадай ұсыныстарымызды ортаға салдық:

- Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Башкент университеті арасында журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс салаларында қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру;

- Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс білім беру бағдарламаларын таңдаған талапкерлер мен студенттер үшін «Түрік тілі» курсын оқу жоспарларына енгізу;

- Scopus және Web of Science халықаралық мәліметтер қорына енгізілген ғылыми журналдарда Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Журналистика» кафедрасы мен Башкент университеті Коммуникация факультеті ғалымдарының ортақ ғылыми мақалаларын бірге жариялау.

Кездесуде Башкент университеті Коммуникация факультетінің деканы, профессор доктор Гилман Сенем Генчтүрк Хызал (Gilman SENEM GENÇTÜRK HIZAL) ханым біздің барлық ұсыныстарымызға қолдау білдіріп, бірге жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

2024 жылғы 11 қазанда бізді Башкент университетінің бұрынғы ректоры, қазіргі Білім беру қызметінің үйлестірушісі, профессор доктор Мехмет Абдулкадир Вароғлу (Mehmet Abdülkadir VAROĞLU) мырза қабылдады.

Кездесуге Башкент университеті Халықаралық қатынастар және алмасу бағдарламаларының үйлестірушісі Ирем Ашчылы (İrem AŞÇILI) ханым және Башкент университеті Коммуникация факультетінің деканы, профессор доктор Гилман Сенем Генчтүрк Хызал (Gilman Senem Gençtürk Hızal) ханым қатысты.

2024 жылғы 11 қазанда Түркия Республикасы, Анкара қаласындағы Башкент университетінің ректоры, профессор доктор Хакан Өзкардеш (Hakan ÖZKARDEŞ) мырзаның қабылдауында болдық.

Басқосуға Башкент университеті Коммуникация факультетінің деканы, профессор доктор Гилман Сенем Генчтүрк Хызал (Gilman Senem Gençtürk Hızal) ханым және Башкент университеті Коммуникация факультеті Радио, телевизия және кино бөлімінің басшысы, профессор доктор Шебнем Пала Гүзел (Şebnem Pala Güzel) ханым қатысты.

Жоғарыдағы кездесулерде Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары білім және ғылым салаларындағы өзара ынтымақтастықты қарқынды дамыту мәселелері бойынша өзара пікір алмастық.

«Болашақ» Халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша Башкент университеті (Başkent Üniversitesi) Коммуникация факультетінде өтіп жатқан ғылыми тағылымдамамызға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қолдау көрсетіп отырғанын ерекше атап өткіміз келеді.

Мырзантай Қожабайұлы Жақып,

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Журналистика» кафедрасының профессоры, Анкара қаласы, Түркия Республикасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053