Пұлымызды мақтайтын, тілімізді таптайтын Черчесовке шектеу бола ма?
Біздің ұлттық құраманың қақпасына қарсыластар салған әр гол үшін біз Черчесовке 80 миллион теңге төлеп отырмыз!?.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов тағы да мемлекеттік тілімізді мазақтады… Қазақ тілін қорлау - Қазақты қорлау! Мемлекеттік тілді қорлау - Мемлекетті қорлау!
Черчесов бұдан бұрын да, биыл, 2024 жылы жазда ғана қызметіне кірісіп, 4 маусымда тілшілерге арнап брифинг өткізгенде қазақша сұрақ қойған тілшінің сауалына шамданған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қатты сынға ұшыраған. Осыған байланысты сол кезде де спорт туралы 1bol.kz. сайтының сұрақтарына жауап берген едфутболім.
«Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов журналист Нұрсұлтан Құрманға: «мен осетин тілінде сөйлесем қалай болады» деген сөзді қай оймен, қандай санамен айтып тұр?! Осетин тілінің бұл жерде не қатысы бар? Біріншіден, ол осетин тілінде де олай сөйлей алмайды. Қазақстанда мемлекеттік тіл орыс тілі де, осетин тілі де емес – қазақ тілі. Қазақстанға келіп айтпай, осетин тілінде алдымен Мәскеуде сөйлеп алсын. «Аудармашы федерация президенті болды» дейді, Қазақстанға келген соң аудармашыны өзі жалдап алсын. Бұл – бір. Екіншіден, кезінде министр, вице-министрлерді алып келіп, олар мемлекеттік тілді білмей тұрған кезде, «осы қызметке оны кім қойды, сол аудармашы болсын» деп талай жазғанмын. Сол секілді Черчесовті кім шақырды, ол министр ме, вице-министр ме, әлде федерация президенті Әділет Барменқұлов па, солар аудармашы болсын. Барменқұлов енді өмір бойы аудармашы болсын. Басқа жұмысын қойып, жүрсін қасында, шақырған сол ғой! Ол Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда немесе Әзірбайжанда солай айта ала ма? «Өзбек тілінде сөйлемеймін, қайсысың аудармашы боласың?» дей ала ма? Бұл Тәуелсіз Қазақстанды басынғаны! », - деп жауап берген едік.
Енді міне, кеше тағы да осы келеңсіздік қайталаныпты. Черчесов Словенияға қарсы ойыннан кейін, кезекті рет жеңілістен соң баспасөз мәслихатында өзіне қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні тағы келемеждепті... Черчесовтің қазақша сұрақ қойған журналиске "Сен қазір французша сөйлеп тұрсың ба” деуі халықтың наразылығын тудыруда. Өткен жолы осетин тіліне, бұл жолы француз тілімен шатыстырады. Әйтеуір, тек Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі болмауы керек.
Мені бір елең еткізіп, қуандырғаны - Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан болған оқиғаға қатысты түсініктеме беруін талап етіп, ресми сауал жолдауы. Хатта «Конституция мен "Тілдер туралы" заңда қазақ тілінің ерекше мәртебеге ие екендігі және оны барша азаматтар құрметтеуге міндетті» екені айтылған. «Министрлік ұлттық құраманың бас бапкерімен мемлекеттік тілді құрметтеу қажеттілігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті»,-дейді ведомство хабарламасында.
Сонымен бірге Черчесов мемлекеттік тілді кекеткені үшін 750 мың теңгеге жуық айыппұл төлегені туралы ақпарат тарауда.
Құдайға мың да бір шүкір, біздің мемлекеттің министрлері де мемлекеттік тілін талап ете алады екен-ау? Бұл 33 жылдық Тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш оқиға шығар. Биыл екі ай бұрын қыркүйектің басында Туризм және спорт министрі етіп, Ербол Мырзабосыновты тағайындауға ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитеті депутаттарының келісімі сұралғанда қолдағаныма қуанып отырмын. Тек қолдап қана қоймай, спорт саласын біраз сынап, ескерту де жасаған едік, босқа кетпепті. «Ұлттық мүдде қорғалмаған жерде даму болмайды.Тек қана ұтылуды білетін ұлттық құраманың бас бапкерін қайдан тапқансыздар? Неге ол мемлекеттік тілімізді табанға таптайды? Ал оны қолдап, футбол федерациясының президенті Адилет Барманкуловтың «Черчесовке қазақ тілін білу міндетті емес» дегені не масқара? Мемлекеттік тілімізді – мемлекеттік мүддемізді табанға таптайтын мамандардың не керегі бар, кетсін Барменкуловымен қосылып!»-деген едік. Айтқан сынымыз босқа кетпегені - енді міне, министрліктің Федерациядан түсінік талап етуі.
Бас бапкердің бұған дейінгі сұхбатында «Қазақстан орыс тілді» деп айтуы, елімізді әлі тәуелсіздік алмаған дегенмен бірдей. Черчесовті шақырған шенеуніктер Қазақстанның 33 жыл бұрын тәуелсіздік алғанын біле ме? Білмесе, олардың да, Черчесовтің де есіне салып қою керек осылай! Бұл баяғыдан айтып келе жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң керектігі күн санап өшіп бара жатқанын, еліміздегі ең басты мәселе екенін көрсетеді. Біз өткен жолы да, бұл жолы да Мемлекеттік тілді – мемлекеттік мүддені қорғаған ұлтшыл журналист бауырларымыз Нұрсұлтан Құрман мен Бекасыл Сейтханға көп рахмет айтамыз. Бұл бұдан бірнеше жыл бұрын журналистерге қарата айтқан: «Тәуелсіз Қазақ Елінде кім болса да, ұлтына қарамай тек мемлекеттік тілде сұрақ қою керек!» -деген кеңесіміздің босқа кетпегенін білдіреді.
Биыл 30 жылда алғаш рет азаматтық алу үшін мемлекеттік тіл білуді міндеттейтін заң қабылдадық. Мысалы, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеген, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Азаматтық алу үшін емтихан тапсырсын деген талапты талай жылдан бері парламентте “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев екеуміз көтеріп жүріп, екі жыл бұрын заңға мен ұсыныс жасап енгізген едім. Станислав Черчесов келген Ресейде мемлекеттік тілді білмесе, миллиондарға шомылған футбол шенеунігі тұрмақ, көшеде аула сыпырушы қызметіне де алмайды. Ал бұл біздің елге келіп шалқаяды. Енді тек Мемлекеттік тілді білу талабын тек азаматтық алуда ғана емес, Ресейдегідей шетелден келгендер жұмысқа тұру үшін де міндеттеу қажет!
Ал енді, шетелдік Черчесовке Қазақстан Футбол федерациясы қанша жалақы төлейді? Жылына 1 миллион 200 мың еуро! Ресей баспасөзінен бастап, Қазақстандағы сайттардың бәрі осылай шулап жазды. Федерация «бас бапкердің қанша жалақы алатыны құпия» деп жасырды. Бұл туралы Ratel.kz сайты: "Ол неге құпия? Федерация Черчесовтың жалақысын жасырып отыр"-деп жазды.
Бұл 1 миллион 200 мың еуро біздің теңгеге шаққанда курсы қазір 1 еуро 533 тг болып тұрса, 640 миллион теңге болады жылына!!! Бұл не деген ақша?! Бұл Барменқұловтың ақшасы ма? Сонда 640 миллион теңгені біздің тілімізді табанға таптасын деп төлеп отырмыз ба, әлде одан басқа футболды білетін адам жоқ па әлемде? Грузия Франциядан маман шақырып, Еуроның плей-офф кезеңіне шығып жатқан жоқ па? Сол сияқты біз де белгілі футбол державаларынан шақырмаймыз ба ақыр алапат ақша төлеп жатыр екенбіз?!
Ал 640 миллион теңге алатын Черчесовтың футболымызды ұшпаққа шығаратыны қайда? Черчесов келгелі бері ұлттық құрамамыз әр ойында алды 4:0 болып, ойсырай жеңілуде. Бір рет қана ең бірінші ойында өзіміздің Алматыда болғасын Норвегиямен өліп-өшіп зорға теңесті... Есеп 0:0. Одан кейін тек ұтылу! Словениядан 3:0 болып оңбай жеңілді. Австриядан 4:0 болып ойсырай жеңілді. Ең ақыры кеше 13 қазанда өз елімізде, Алматыда тағы да Словениядан 1:0 болып ұтылды. Қайта Черчесов келгенге дейін біздің футболдың жағдайымыз анағұрлым жақсы еді... Бұндай масқара жеңілу бұған дейін баяғыда, 2012-2013 жылы әлем чемпионатына іріктеуде ғана кездескен... Одан кейін бұлай Черчесовше шегіне жеткен құлдырау болмаған! Сонда біздің Федерация әлпештеп, ақшаға көміп отырған Черчесов басқаратын ұлттық құраманың қақпасына 4 айдағы 4 ойында 8 гол кірген!?. Қарсыластарға бір де бір гол салмаған! Сонда 640 миллион теңгені Черчесовке өзіміздің ұлттық құрамаға қаптаған гол салдырып, ойсырай ұтылғанымыз үшін төлеп отырмыз ба? Яғни, біз Черчесовке біздің ұлттық құраманың қақпасына қарсылас командалар салған әр гол үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз жылдық жалақысына шақсақ!? Қателеспеңіз, қарсыластарға салған гол үшін емес. Өйткені, осы уақытқа дейін, қарсыластарға біздің Черчесов басқаратын құрама бір де бір гол салмаған…
Сондықтан, бұрын парламентте айтып, қанатты сөзге айналып кеткендей: «Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті!». Бұған дейін 2021 жылы жасаған депутаттық сауалымызда анықталғандай, сол кезде бір жылда футболға 133 миллиард теңге бөлінген. Ол сол кездегі бағамен 100 мектептің ақшасы. Далаға кетіп жатқан халықтың ақшасы!
ПҰЛЫМЫЗДЫ МАҚТАЙТЫН, ТІЛІМІЗДІ ТАПТАЙТЫН ЧЕРЧЕСОВКЕ ШЕКТЕУ БОЛА МА? БІЗ ЧЕРЧЕСОВКЕ МИЛЛИОНДАРДЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ ҰТЫЛҒАНЫ ҮШІН, ТІЛІМІЗДІҢ ТҰТЫЛҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕП ЖАТЫРМЫЗ БА?
Президент спорт саласын тазалауға, тәртіп орнатып, жетістік пен нәтиже шығаруға жіберген Ербол мырзаның ерлейтін кезі келіп тұр. Ал мұндай игі істе біз әрқашан қолдауға дайынбыз.
Қазыбек Иса
Ақын, Мәжіліс депутаты
Abai.kz