Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 1554 8 пікір 29 Қазан, 2024 сағат 12:43

Моңғолия сапары: Кешегі тарихтан бүгінгі саясатқа дейін...

Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ухнаагийн Хурэлсухтың шақыруымен Моңғолияға мемлекеттік сапармен кеше барды. 

Ұлан-Батыр әуежайында еліміздің делегациясын Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэг қарсы алды. Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер, сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.

РЕСМИ ҚАРСЫ АЛУ РӘСІМІ: САП ТҮЗЕГЕН АТТЫ ӘСКЕР

Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі Үкімет үйі алдындағы Сухэ-Батыр алаңында басталды. Құрмет қарауылы және сауыт киген салт атты моңғол жауынгерлері сап түзеп тұрды.

Құрмет қарауылы бастығының рапортынан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды, мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Әрі қарай қос елдің Президенттері шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Енді аталған келіссөздердің жай-жапсарына тоқтала кетейік:

МОҢҒОЛИЯ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҢЫЗДЫ СЕРІКТЕСТЕРІНІҢ БІРІ!

Президент Тоқаевтың айтуынша, «Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ».

Қазақстан Президенті:

– Құрметті Президент, Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет. Бүгін біз екіжақты маңызды құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қоямыз. Бұл қадам елдеріміздің барлық деңгейдегі ықпалдастығын жандандыруға арқау болмақ. Сондай-ақ қос халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін, – деді.

Моңғолия Президенті:

– Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болған еді. Еліміз Сіздің бүгінгі сапарыңызды екіжақты ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспективті бағыттарын айқындайтын мезет ретінде қарастырады. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды, – деді.

ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ?

«Мазмұнды әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту перспективасына айрықша мән берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия кешені, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды», - деп хабарлады Ақорда.

КЕҢ ҚҰРАММЕН ӨТКЕН КЕЗДЕСУ: КЕШЕГІ ТАРИХТАН БҮГІНГІ САЯСАТҚА ДЕЙІНГІ ӘРІПТЕСТІК ЖАЙЫ

Онан соң Қазақстан және Моңғолия Президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті:

– Қазақ және моңғол халықтары – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері. Ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру екі елдің мүддесіне сай келеді. Біз моңғол халқына үлкен құрметпен қараймыз және Моңғолияның жетістігіне әрдайым қуанамыз. Қазіргі уақытта Сіздің бастамаңызбен ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар қолға алынды. «Vision-2050», «Азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігі», «Салауатты моңғол ұлты» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасында тығыз парламентаралық және үкіметаралық байланыстар қалыптасқанын еске салып, ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды

– Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен индустриясы, өнеркәсіп, инвестиция, жаңа технологиялар, ғарышты игеру салаларында ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтарды екі ел үкіметтері уақтылы және сапалы жүзеге асыруы қажет деп санайды.

Әрі қарай Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың мән-маңызына тоқталып, Қазақстан моңғол студенттері үшін квота санын ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ екі ел ғалымдарын ортақ бай тарихи мұрамызды бірлесе зерттеуге шақырды. Президент өз сөзінде экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм бағыттарында бірлесе жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

– Қазақстандық туроператорлар моңғол туристеріне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан ежелгі Түркістан қаласын таныстыра алады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның мазары тұрған Ұлытау облысын және басқа да туристік орындарды көрсетуге болады. Сондай-ақ біз Моңғолиямен Алтай туризм кластерін дамытуға және ортақ туристік бағыттарды қалыптастыруға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентін келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

МОҢҒОЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: ҚАЗАҚСТАН ШЫҒЫС ПЕН БАТЫС АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР!

Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолияның Қазақстанмен екіжақты байланыстардың барлық бағытын нығайтуға бейіл екенін растады. Ол осы жолғы қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.

Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанды Моңғолияның маңызды серіктесі, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір екенін атап өтті.

Оның сөзінше, Ұлан-Батыр Қазақстанның экономикалық даму тәжірибесіне ден қойып отыр. Сонымен қатар сауда, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты жобаларды тиімді жүзеге асыруға айрықша мән береді. Атап айтқанда, Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу туралы ұсынысын қолдады.

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ?

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы;

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

4. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Моңғолияның Жол және көлік саласын дамыту министрлігі арасындағы автомобиль жолдарын дамыту туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы жоспар;

6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

7. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Моңғолияның Бас ветеринариялық басқармасы арасындағы ветеринария қызметі және карантин саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Моңғолияның Цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

11. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Моңғолияның Атом энергиясы жөніндегі комиссияның атқарушы кеңсесі арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052