Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1067 0 пікір 29 Қазан, 2024 сағат 14:33

Оның ескерткіші – Жайыр тау!

Сурет А.Мұқибектің желідегі парақшасынан алынды.

Жәркен Бөдешұлы туралы бір үзік сыр

«Талантқа қиянат жасамау керек!» деген сөзді жай қарапайым халықтан гөрі, сол таланттың айналасында жүргендер өте көп айтады. Сөйте тұра, сол қиянатты жасайтындар да солардың өздері.

Жәркен Бөдешұлы өмірге өлең болып келді де, өлең болып кетті.

Тағдыр оның маңдайына Жайырда тууды, шекара бұзып Қазақстанға өтуді, Көкшетауға жер аударылуды, соңына Алатаудың етегіне барып мәңгілік тыныстауды жазыпты.

Ол тұрмысқа олақ, кісі бетіне жел болып тимейтін, тіпті өзіне жасалған қиянатты көре тұрып, біле тұрып, онымен күресуге бармайтын момын жан еді. Адалдық пен аңқаулық — оған біткен қос қанат.

Жәркен Бөдешұлын сырттай білетін ел оның бұл мінезін бегзаттық деп те бағалауы мүмкін.

Бір жағынан солайы солай.

Ал, біз секілді жақын жүрген адамдар оны анау «осалдығы» үшін кейде аяйтынбыз.

Жәкеңді табалағандықтан немесе жек көргендіктен емес, оған біткен ақындық жойқын талантқа деген шексіз құрмет «әттеген-ай!» - дегізіп тұратын бізді.

Талант болған жерде, онымен бірге қосанжарласып халтучиктердің де жүретіні заңдылық. Және оларда ар мен ұят, обал мен сауап деген қымбат құндылықтар өте аз болады.

Мүмкін, осындай ортаның да әсері ақын Жәркен Бөдешұлына «Қойшы, осылармен алысып қайтем!» - деп қолды бір сілтеп тастап, Алакөл асығынан келмей жүре беретін өзгеше мінез қалыптастырған шығар.

Қайдан білейік, әйтеуір біз таныған Жәркен Бөдешұлы алдымен бір Құдайға, сосын өзінің ақындығына сенген жан.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, әркім өз еңбегіне қарай бағаланып, өз үлесін алуға тиісті!

Ең қарапайым қағида — осы.

Бірде Сәкен Сейфуллиннің 110 жылдығына арналған мүшайрада Тұмаға – Тұманбай Молдағалиев бас бәйгені алды. Жәркен Бөдешұлы да сол мүшайрада тиісті орынға ие болды. Шара соңында жұрт фуршетке бас қойды. Тұмаға: «Ауытжан, кеттік! Үйге барып жуайық. Екеуміз ғана бір-бірімізге тост айтып отырғамыз ба, бәйге алғандардан бір жігітті ертіп алайық»-деді.

Мен: «Аға, Жәркен Бөдешұлы бола ма?»-дедім.

«Әрине, болады. Шақыр Жәркенді!»-деді, Тұмаға.

Тұмағаның үйіне келдік.

Күлтай тәте дастарқанды жайнатып қойыпты.

Жәркен аға сонша адамның ішінен Тұманбай Молдағалиевтың жалғыз өзін ғана шақырып ағанына дән риза болып, екі көзі жайнап, екі езуі екі құлағына жетіп, қатты қуанды.

Сол жылы Жәркен Бөдешұлы Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатқан болатын. Тұмаға сол Мемсыйлық беретін комиссияның мүшесі. Ол кісінің әріптестеріне де сөзі өтетінін білем.

Тұмаға киімін ауыстырғалы жатын бөлмесіне кетті.

Мен Жәркен ағаның құлағына сыбырлап, «Жәке, арақ та, басқасы да тұр, міне. Өзіңізді тік ұстап, жақсы отырыңыз. Сосын Мемсыйлыққа түсіп жатқаныңызды айтып, біраз дауыс жиып беруін өтін. Басқаны қайтесіз?!»,-дедім.

Аңқылдап отырған Жәркен Бөдешұлы есін бірден жиды. Демде сап-салмақты тұлға болып шыға келді. Дастархан басына Тұмаға да келіп, отырыс басталды.

Жәркен аға, айтар жоқ, сергек отырды. Керемет тілектер айтылды. Реті келгенде мен ескерткен өтінішті өте әдемі жеткізді.

Тұмаға бетін қаққан жоқ, «Жәркен, сен Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық ақынсың, өлеңдеріңді оқып жүрем...»,-деп, өз дауысын беретінін және Қадыр Мырза-Әліге де дауыс бергізеретінін айтып, тіпті қуантып тастады.

Мәз болғаны сонша, тағы сөз алып, «Бұл тостты Ұлы Тұмағаның жары Ұлы Күлтай жеңгем үшін алайық!», - деді Жәркен Бөдешұлы!

«Ауыт, мына Жәркеннен айрылмайықшы! Мынау біздің қасымызда жүретін жігіт екен!..»,-деп, Тұмаға мәз.

Жақсы кісіні тауып, ертіп келгеніме мен қуандым.

Жасыратыны жоқ, сол күні Тұмағаның үйінен біз теңселіп әрең шықтық.

Теңселіп жүріп бір такси ұстап, Жәркен ағаны үйіне зорға жеткіздім.

Байқұс үйден шыққан сәттен бастап, оң қолымен сол жақ ішкі төс қалтасына салып алған манағы мүшайрадан ұтқан ақшасын сыртынан тас қып ұстап алған күйі, үйіне сүрініп-қабынып үйіне кірді...

Құдай біледі, мен есіне салмасам, Жәркен аға сол күні Мемлекеттік сыйлық туралы Тұмағаға айтпас еді.

Көрдіңіз бе, Жәркен Бөдеұлы «Заманың түлкі болса, тазы болып шалуды» білмей өткен кісі.

Өкінішке орай, сол жылы Жәркен Бөдешұлы жарыстан құлап қалды.

Тұмаға оның өтпей қалғанын айтып, көпке дейін кейіп жүрді. Әрине, ол кісіге өкпе жоқ, өз дауысын берді. Келесі жылы тағы бір мәрте бақ сынып көріп еді, және мұрттай ұшты.

Сонымен, Жәркен Бөдешұлы Мемлекеттік сыйлыққа түсуді доғарып, екінің бірі алып жатқан «Алаш» сыйлығын дәтке қуат етті.

Оны қойып, бәлен ауданның немесе бәлен облыс, түгілен қаланың «Құрметті азаматы» деген ол кісіде атымен болған емес. Болмайды да!Себебі, туған ауылы шекараның арғы жағында қалған.

Мерейтойы болыпты, жыр кешін өткізіпті дегенді де естіген емеспін.

Үнемі өткізіліп тұратын мүшайраларда да соншалық бағы жана қойған жоқ. Талантының кемдігінен емес, таразының дұрыс еместігінен.

Қаныш Сатбаевтың жүз жылдығы қарсаңында өткен мүшайрада бас жүлдеге машина тігіледі. Нәтижесінде бас бәйгені Жәркен Бөдешұлы жеңіп алыпты. Бәйге берілетін тұста ол машина ізім-ғайым жоқ болып кетеді де, арқалы ақынға азнаулақ тиын-тебен ұстады.

Комиссия төрағасы болған Тұмағаның ықпалымен Мұқағали Мақатаевтың 80-жылдығы қарсаңында өткен мүшайрадан ынталандыру жүлдесіне ие болып, 200 мың теңге алды.

Сол екі жүз мың теңгенің өзі мүшайраға бөлінген арнайы ақшадан емес, өзгенің жүлдесінен үзіп-жұлынған ақша екенін біз жақсы білеміз.

Қалаға келген соң санасақ, екінші орынға ие болған Білісбек Әбдразақтың Нарынқолда қол қойып алған жүлдесінен 150 мың теңге кем.

Ертесі білдік, үшінші орынға ие болған Ырысбек Дәбейдің жүлдесінен 50 мың теңге жоқ болып шығыпты.

Сүйтсек, Жәркен Бөдештің жерлес екі інісінен 200 мың теңге суырылып алынып, оны анау қулар сол Жәркен ақынға «жүлдеге» тағайындапты.

Мұқағали ауылының жігіттері өздерінің бұл әрекеттерін өздерінше ақылдылыққа, тапқырлыққа балайтын көрінеді.

Бір сөзбен айтқанда, жерлес үш ақынның өз майына өздері қуырылды. Одан да сорақысы, басқа емес, дәл осындай пенделік қиянаттан көз ашпай ерте кеткен Мұқағали Мақатаевтың тойында қазақтың үш бірдей ақынына қиянат жасалғандығы болды.

Мәселе жүлде мен ақшада емес қой!

Ең қорлығы бөліп-жаруда, көзге ілмеуде, одан қала берді басынуда болып тұр.

Бұл енді көпе-көрнеу әділетсіздік! Шынын айтсақ, тексіздік!

Жасыратыны жоқ, қатты ренжідік.

Бір жағынан, көзіміз ашылды.

Бұл ортада «Жәркенский аңқылдақтықтың» қажеті аз екенін ұғындық.

Дау жоқ, Жәркен Бөдешұлының ақындық таланты өзгеше болды. Ешкімге ұқсамайтын сарындағы бөгенайы бөлек өлеңдер жазды. Жеке басының мұңы мен зары арқылы бүтін бір ұлттың тағдырын жырлады. Тағдырдың жазуымен бөлініп-жарылып қалған қазақтың сағынышын Жәркендей жырлаған ақын өте сирек кездеседі. Тіпті, жоқ деп айтуға болады. Жасы алпыстан асқанда қазақ өлеңіне екінші мәрте құбылыс болып келіп, бұрылыс жасады.

Әне, өзінің кіндік қаны тамған Шығыс Түркістанның қилы тағдырын екі-ақ шумаққа сыйдыра салды.

Айырылмай мұң мен қырсықтан,

Жөргекте жатып тұншыққан.

Ақ жаным саған ашиды

Аяулы Шығыс Түркістан.

Қайғылы қайсар анасың,

Көз жасқа толы шарасың.

Аңғалдық қылған батырсың,

Алданып қалған баласың!

Жәркен Бөдешұлының кесек-кесегімен тастайтын осындай ғажайып жырларын бүкіл қазақ ақындары мен жазушылары мойындады. Ол жырлар шекараның ар жақ-бер жағында ойқастап жүрді. Жұрт жастанып жатып оқыды. Оқып қана қойған жоқ, жаттап алысты.

Міне, сол ақын кеше өмірден озып еді, туған халқы жабыла жоқтап, күңіреніп аза тұтып жатыр.

Солай бола тұра, жоғарыда айттық, ол еңбегіне лайық ел қатары марапат пен сыйлыққа ие болған жоқ.

Неге?!

Оның бағаланбауына жұмсақ мінезімен бірге, маңдайына басылған «ҚНР» деген үш әріптің де әсері болғаны шындық.

«Үш әріп» – шеттен келген таланттардың маңдайына жазылған қатаң әрі сортаң тағдыр.

Онымен күресу үшін қажыр мен қайратың болуы керек екенін алдыңғы келген ағалардың басып өткен бұралаң жолы ұқтырып кетті.

Сөйтіп, 20 ғасырдың қанды қақпасынан аман құтылып келген қазақтың тау тұлғалы бір ақынына 21 ғасырдың қиянаты тұзағын көп құрды, жүлдесінен қағып отырды.

Көресіз әлі, қанша жерден ғажайып ақын болғанымен, ертең де Жәркен Бөдешұлына Қазақстаннан көше аты берілмейді, ескерткіш те орнатылмайды. Тірісінде бұйырмаған дүние, өлген соң қайдан орала қойсын?!

Бірақ, ол өз ескерткішін өзі орнатып кеткен ақын. Оның ескерткіші – Жайыр тау!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053