Жұма, 8 Қараша 2024
Әдебиет 2132 6 пікір 30 Қазан, 2024 сағат 14:08

Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз (Жалғасы)

Суреттер Н.Маханның мұрағатынан және adebiportal.kz сайтынан алынды.

Басы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз...

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Үшінші бөлім

«Қобыз сарыны» ғылыми монографиясы – Мағауиннің өзіне деген сенімінің көрінісі һәм сол авторлық сенімнің құнарлы жемісі де болыпты. Алдыңғы тарауда шығармашылық өнер иелерінің өздеріне, өз талант күшіне деген сенімдерімен бірге, көріпкелдік қасиет те болады деп айтып, Қадыр Мырза Әлінің «Жазмышынан» біраз мысалдар келтіргенбіз.

Меніңше, көріпкелдік – ішкі түйсік. Ал, осы ішкі түйсік кез-келген адамда бар қасиет. Бірақ, ол әр кімде әрқалай. Біреуде аз, біреуде көп. Мысалы: көптеген адамдар өзінің бірдеңеге қуанатынын не ренжитінін алдын ала сезеді. Бұл – ішкі түйсік. Осы айтылған ішкі түйсіктің кең тұрпатты дамыған түрі – көріпкелдік. Мүмкін... мұны да ішкі түйсік дерміз. Дөп басып айту қиын. Қалай десек те, жоғарыда аталған бұл ерекшеліктер – адам бойына Алла тағала сыйлап, ана сүтімен бірге дарыған үлкен қасиет екені – анық.

Айтпағымыз: Кең тұрпатты ішкі түйсік, не болмаса көріпкелдік деп атап отырған осы қасиеттер Мағауинді де айналып өтпепті. Ол өзінің 1996 жылы жазған «Менінде»: «Август бүлігінен соң империя бір жола ыдырады. Жұртта қалған жалғыз өзін Советтер Одағы деп жариялай алмаған бейшара үкіметің ақыр түбінде тәуелсіздік туралы шешім қабылдады. 1991 жыл, 16 желтоқсан, кешкі сағат 7 болатын. Мемлекеттік радио, теледидар күнделікті, кәкір-шүкір көп хабардың арасында селқомсоқ қыстыра салды. Көкшетауда астық жиналып бітті деген ақпар алдында «қуанышты хабар» деген анықтама берілуші еді, тым құрыса сондай жөргемі де жоқ. Бұл – компартия асырап жеткізген көсемдердің көзқарасы болатын. Оларға түбінде неге апарып соғары белгісіз азаттық емес, қалай отырса да қарны тоятын құлдық өмір қымбат еді. Ал,  халық қуанды. Ақ түйенің қарны жарылды, еркіндікке жеттік, құдая тәубә десті. Сол кеште санасы бар мыңдаған қазақ шаңырағында жарық жанды. Сен де қуандың», – деп жазыпты. (М. Мағауин «Мен» 8-бет)

Дәл осыны айту үшін ешқандай көріпкелдіктің қажеті жоқ. Бұл – тарих! Дәл осылай болғаны және ақиқат!

Кеңестер Одағы құрамындағы он бес республика бірінен соң бірі өз тәуелсіздігін жариялап жатты.Бұрынғы шеңбер ішінде ең соңында Ресей мен Қазақстан қалды. Содан бір күні Ресей өз тәуелсіздігін жарияласын. Қазақстан алапес шығып жұртта қалдырып кеткен үйдей болып, Кеңестер Одағының ескі жұртында жалғыз қалды. Содан соң барып, марғау қимылмен, селқос түрде, 1991 жылдың 16 желтоқсанында өз тәуелсіздігін жариялады.

Жазушы М. Мағауин өзінің ғұмырбаяндық «Мен» роман-эссесінде, халқымыз ғасырлап күткен тәуелсіздікті, тәуелсіздік болғанда да, тарихта өте сирек, Алланың рахман сыйындай болып, бейбіт түрде келген тәуелсіздікті жариялаудағы Қазақстан өкіметінің сол тұстағы қимыл-қозғалысын тарихи шындық тұрпатта, реалистік сипат негізінде суреттеген.

М. Мағауин жазғандай, 1991 жылдың 18-21 август аралығында болған ГКЧП (Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет) бүлігінен соң Кеңестер Одағы ыдырауға бет алды. Құрамында он бес республика бар, алып территория иесі – Кеңестер Одағы деп аталатын бұл мемлекет енді қалай өмір сүрмек? – деген сұрақ күн тәртібінде бірінші тұрды. Сол тұста, Кеңестер Одағында коммунистік партия басшылығы жойылып, Кеңес Одағы біртұтас президенттік мемлекет боламыз деген мәселе көтерілді. Іле-шала Кеңестер Одағы коммунистік партиясының бас хатшысы М. С. Горбачев 1990 жылы 15 мартта Кеңестер Одағының президенті болып сайланды. Дәл осы тұста Москва қаласының мэрі Борис Елцин мен М. С. Горбачев арасындағы саяси текетірес басталды. Горбачев кейбір демократиялық өзгерістер арқылы бұрынғы Кеңестер Одағын сақтап қалғысы келсе, Б. Елцин сол кездегі Украина басшысы Леонид Кравчук, Белорусия басшысы С. Шушкевич бастаған топ Кеңес Одағы құрамындағы республикаларды тәуелсіз мемлекет деп танып, Кеңес Одағының орнына ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы) ұйымын құрайық дейді.

1990 жылдардағы Белорусь республикасының басшысы Станислав Шушкевич 2013 жылы Украинаның белгілі тележурналисі Дмитро Гордонға берген сұхбатында: «1991 жылы августте Беловежеск конференциясында бұрынғы Кеңестер Одағының орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру басты мәселе болды. Конференция СССР президенті М. С. Горбачевтің келісімінен тыс, Белорусиядағы «Беловежеское пуще» деп аталатын ормандағы мемлекеттік саяжайда өтуге тиіс болатын. Горбачевтан құпия түрде өтуге тиісті бұл конференцияға Украинадан – Кравчук, Ресейден – Елцин, Қазақстаннан – Назарбаев қатысуға уәде берген-ді. Кравчук пен Елцин келді де, Назарбаев келмей кешігіп жатты. Мен Назарбаевқа телефон соғып, қашан келесің? – дегенімде, ол: «Қазір самолетіме жағармай құйып жатыр, содан соң тіке Белорусияға ұшамын», – деді. Белорусияға ұшып келмек болған Назарбаев самолетіне арнап, Белорусия Қауіпсіздік Комитеті арнайы «әуе дәлізін» жасады. Бірақ, ол кешігіп жатты. Назарбаев Горбачевқа кетпеді ме екен деп ойыма күдік кірген мен бірден Горбачевтың көмекшісіне телефон шалып, Горбачевті сұрағанымда, ол: – Горбачевта Назарбаев отыр, – деп жауап берді», – дейді. Міне солай, Назарбаев уәде беріп тұрып, ТМД құру туралы бірінші Беловежск конференциясына келмей қалған.

Журналистің Назарбаев ТМД құруға неге қарсы болды? деген сұрағына С. Шушкевич: – Ол Горбачевтің – Сені СССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы етемін деген уәдесіне сенді, – деп жауап береді. Журналист: – СССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болу керек, – деген сөзіне С. Шушкевич: – Жоқ, СССР Жоғарғы Кеңесі, – деді.

Меніңше, Шушкевичтің сөзіне толық сенуге болады. Себебі, Горбачев СССР президенті болып сайланатын 1990 жылдың 15 мартынан кейін Назарбаевты Горбачевтің қасынан жиі көруге болатын. Сол кезеңнің өзінде-ақ, Назарбаев СССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болады екен, –   деген сөз, халық арасында желдей есіп тұрды.

Назарбаев СССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы не СССР Министрлер Кеңесінің төрағасы бола ма, мәселе онда емес. Мәселе: Назарбаевтің соңғы минутқа дейін СССР-дың қайта құрылатынына сенуінде болып отыр.

Кеңестер Одағы – Еуразия құрлығын тұтас алып жатқан территория жөнінен әлемдегі ең алып мемлекет болатын. Сол мемлекеттің Министрлер Кеңесінің төрағасы – өте үлкен лауазым. Міне, осы лауазымға қандас бауырымыз Назарбаев лайық болып шығыпты. Мәскеуде үлкен қызметке ілінген Рысқұловтан кейінгі екінші қазақ – біздің Назарбаев, – деп талай адам сол уақытта лепіріп, мақтанып та жүрді.

Тарихтың сол кезеңіндегі Горбачев пен Назарбаевтің «жылы қарым-қатынасы» мен Белорусь басшысы С. Шушкевичтің Украина тележурналисі Д. Гордонға берген сұхбатындағы Назарбаев туралы айтқандарын еске ала отырып; СССР-дың қайта құрылатынына сенген Назарбаев пен оның айналасы, Кеңестер Одағының ескі жұртында жалғыз Қазақстан ғана қалған соң, амалдың жоқтығынан ел тәуелсіздігін жариялауға мәжбүр болды деп ойлауға толық негіз бар.

Қалай десек те, 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияланған Қазақстан тәуелсіздігі – талай адамға амалдың жоқтығынан жарияланған тәуелсіздік секілді болып көрінгені – анық.      Бұл – тарих, болған жағдай!

Сонымен тәуелсіздік жарияланды. Содан соң «Менде» Мағауин жазғандай «... жұрт іргесін бекіту, елдің еңсесін көтеру, мемлекеттік сыпатымызды айқындау... тағы қаншама кезегімен шешілетін, орайымен жасалатын игілікті жұмыстар тұрған...» («Мен» 8-бет)

Алдымыз нұрлы болашақ, барақат заман деп түсіндік. Алыстағы сол нұрлы болашаққа үлкен үмітпен қарадық. Ұзақ қарадық... Ширек ғасыр...  Мүмкін одан да көп...

 

Дәл осы кезең туралы М. Мағауин өзінің ғұмырбаяндық эссе-романы «Менде»: «Екінші жылы сездік, үшінші жылы білдік, төртінші жылы түңілдік, бесінші жылы... өлу ғана қалыпты...», – деп бір-ақ түйіпті. (8 бет, «Мен»).

Міне, бұл нағыз көріпкелдік болатын!

Жазушының ұлы Едіге Мғауиннің куәлік етуі бойынша, Мұхтар Мағауиннің «Мені» Батыс Еуропа, Чех республикасы, Прага қаласында 1996 жылы жазылған. (М. Мағауин, «Мен». 605-бет, Алматы, «Қағанат» 2002)

Яғни, тәуелсіздік алған соң бес жылдан кейін жазылған кітабында: «Баяғыда біз қуанған күні қара жамылып еді, керісінше болуға тиіс екен. Жоқ, біз қуана берейік. Бірақ, алдағы уақытта жалмауға, тонауға, шашуға, сатуға... бір сөзбен айтқанда, менің ата-бабамның ғасырлар бойы жасаған, сақтаған бар байлығын жеке мүддесіне пайдаланып, бүкіл қазақ халқын қайыршы кебінге түсіруге, ақыл-естен айырып, бір жола тоздырып жіберуге еркіндік алған балшабектер әулеті ұлан-асыр той жасауға тиіс екен. Рас, дәл сол күні тойлай алмады, бірақ, одан бері әр күні той болып келеді», – деп жазып, («Мен», 9-бет) тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның алдағы отыз үш жылын, бәлкім, одан да көп, алда әлі қанша жылға созылары белгісіз бүгінгі Қазақстанның жай-күйін қалай дәл болжаған?! Осыны қалай көріпкелдік демессіз?...

Жалғаны жоқ, дәл бүгінгі күндегі Қазақстанды осыдан отыз үш жыл, дәлірек айтсақ жиырма сегіз жыл бұрын Мағауин айтқандай – Тонап жатыр... жеп жатыр...тоятын емес! Бір ғана мысал келтірейік:

2024 жылдың 15 мамырында «Азаттық радиосы» мен «Abai.kz» порталы халықаралық зерттеу-сараптау орталығы «Оси-Си-Арпи» сайтының ақпаратына сүйенген халықаралық «Власть» журналының: «Қазақстан билік өкілдері Дубайдағы жылжымайтын мүліктерін әйел, бала-шағасының атына рәсімдеген», – атты құжат арқылы дәлелденген ресми ақпаратын жариялады. Бұл ақпараттық тізімде жарияланған кісі есімдеріне қарап отырып, ә, дегенде, Қазақстан үкіметі отбасыларымен бірге Дубайға көшіп келген бе? – деп ойлап қалғандайсың. Себебі, тізімде жарияланған жылжымайтын мүлік иелерінің барлығы да халыққа өте таныс, есім-сойы ресми ақпарат құралдары арқылы күнде айтылып жүрген үкімет мүшелері немесе олардың әйелдері не балалары. Бірнеше жүз миллион доллар тұратын Дубайдағы жылжымайтын мүлік иелерінің тізімін бастап тұрған бұрынғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің жас тоқалы – Әсел Құрманбаева. Одан кейінгі орында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің экс-төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің әйелі Венера Баймырзаева, мемлекет мүлкін талан-таражға салған жемқорлығы үшін түрмеге отырып шыққан Қазақстанның экс-премьер министрі Серік Ахметовтің ұлы Даниал Ахметов. Жоғарғы сот төрағасы болған Қайрат Мәмидің ұлы Асқар Жұмағалидің шешесі де Дубайдан құны бірнеше миллион доллар тұратын үй сатып алған.

Бұл тізімде кімдер жоқ дейсің?...

Экс-премьер министр Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметов, Қостанай, Түркістан облыстарының әкімі болған Өмірзақ Шөкеевтің ағасы Серік Естай, экс-президент Назарбаевтың құдасы Құлыбаевтар, Алматы қаласының қазіргі әкімі Ерболат Досай, Назарбаевтің немере інісі Қайрат Сатыбалды, Алматы облысының экс-әкімі Баталовтың әйелі Бағда Баталова, Ішкі Істер Министрі болған Ерлан Тұрғынбаевтің ұлы Марлен Тұрғынбаев... Міне, осылай кете береді...

Бұл тек бер жағы ғана. Бұрынғы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына тиесілі ұлт несібесінен ұрланған миллиардтаған доллар тұратын байлығын біз бұл жерде сөз етіп отырғанымыз жоқ.

«Оси-Си-Арпи» сайтының ақпаратына сүйенге халықаралық «Власть» журналында жарияланған Дубайда жылжымайтын мүлкі бар Қазақстан билік өкілдерінің тізімінде  халық сенім білдіріп сайлаған бұрынғы Елбасы-президенттің кейінгі жас тоқалынан бастап, экс-мемлекеттік шенеуніктер мен оның отбасылары. Олар мемлекеттік қызметті – ұрлауға, тонауға берілген шексіз кепілдік һәм мүмкіндік деп түсінген секілді.

Ұлт алдындағы міндет, қарыз бен парызды былай қойғанда бұдан өткен қандай күнә мен қылмыс болуы мүмкін?... Мұндайды қазақ: «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын», – деп бір-ақ қайырған. Бір анық: Күллі халыққа ортақ ұлттық байлықты тонап, ұрлап, аз жылда миллиардтаған доллар тұратын байлыққа ие болып жатқан жеке тұлғалар мен отбасылар – кешегі балшабектер мекені Кеңестер Одағы шекпенінен шыққан мемлекеттер мен әлемдегі авторитарлы-диктатуралық жүйедегі мемлекеттерде ғана бар.

Айтпағымыз: Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын жазушының «Менінде» айтылған: «Алдағы уақытта жалмауға, тонауға, шашуға, сатуға... бір сөзбен айтқанда, менің ата-бабамның ғасырлар бойы жасаған, сақтаған бар байлығын жеке мүддесіне пайдаланғандардың... Әр күні той болып келеді», – деген Мағауин сөзі, көріпкел-әулиенің сөзі болып шығыпты. Мұны қалай жоққа шығарарсың.

Жазушы өзінің ғұмырбаяндық мемуарында тәуелсіздіктен кейінгі саяси-әлеуметтік жағдайды да бірер сөзбен тамаша тұжырымдап өткен. Ол былай дейді: «Ты что, против советской власти? – Сен немене, совет өкіметіне қарсымысың?» Қандай ауызды болмасын жабатын, қандай кеудені болмасын басатын осындай сөз бар еді. «Сен немене, тәуелсіздікке қарсымысың?» Мұндай доңайбат сауал жоқ. Байырғы балшабектер коммунизм ұранын жамылатын еді. Бүгінгі балшабектер ешқандай жамылғысыз-ақ ойына келгенін істей береді. Бірақ жаңағы, болмаған сауалдың әрбір көңілде тұрған дайын жауабы бар. Мен тәуелсіздікке қарсы емеспін дейді. Мен жақтаймын дейді. Сондықтан үкіметімнің саясатына күмән білдірсем... онда... елімнің тәуелсіздігіне көлеңке түсірген болам. Жасап жатыр, жөндеп үлгермей жатыр, жөндеп жатыр, оңдап үлгермей жатыр... Онсыз да төңірегің толған жау, етектен алғандай болмайық дейді. Бұл – ең тәуір деген зиялыңыздың пікірі. Ал көпшілік қауым үкімет пен партияның айтқанына көніп үйренген. Ал үкіметің мен партияң қазақ болып туған жанның бәрін дорақ деп есептейді» («Мен», 9-бет)

Автор өте дұрыс көрсеткен: «Бүгінгі балшабектер ешқандай жамылғысыз-ақ ойына келгенін істей береді». Бұған ең бірінші кезекте өзіміз, бүгінгі мемлекет құрушы қазақ халқы – өздерінің тарихи міндетін терең түсіне алмай кінәлі боп отырған жағдайы бар. Бұл – бір. Екіншіден, қазақта «арзанның жілігі татымас», - деген сөз бар. Түсіне білген адамға мағынасы аса терең сөз. Алланың рахман сыйындай боп, ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік – аспаннан түскендей, шұғыл түрде, бейбіт жолмен тез келді. Сондықтан да тәуелсіздік көбімізге «арзанның жілігі» болып көрінетін секілді. Анау Украина секілді өз тәуелсіздігіміз үшін кеудемізді оққа төсеп, қан жұтқанда, бәлкім, тәуелсіздігімізді басқаша бағалаған болар ма едік, әлде, қайтер едік?...

Ядролық қару иесі, әлемдегі ең мықты екі мемлекеттің бірі болып есептелетін Кеңестер Одағы аяқ астынан, картоннан жасалған үйшіктей болып, бөлініп-бөлініп құлап түсті де, КССРО құрамындағы он бес республика – он бес тәуелсіз мемлекет болып шыға келді. Бұлай болады екен деп ешкім де күткен жоқ. Ақиқатын айтар болсақ: Сол тұстағы қазақ қоғамы да, үкімет те, тәуелсіз мемлекет құрып, ал мемлекет құрушы қазақ халқы болса, бойына демократиялық құндылықтар жинақтаған тәуелсіз ұлт ретінде еркін өмір сүруге дайын емес еді. Үшіншіден, мемлекетімізде ханның өзі жеке билік жүргізіп, бір тайпа елді жалғыз ақсақал басқарып, оның ақ дегенін – алғыс, қара дегенін – қарғыс деп қабылдайтын қазақ қоғамы, жалғыз адам билік жүргізіп, жоғарыдағылар не айтса соны мүлтіксіз орындайтын авторитарлы жүйеге бейім қоғам болатын. Осындай авторитарлы жүйеге бейім қазақ қоғамын жетпіс жыл бойы «коммунистік диктатура» басқарғандықтан, жоғарыдан келген әлдеқандай пәрмен мен бұйрықтар сараптау, талқылаудан тыс – мүлтіксіз орындалып жататын.

Дәл осындай қоғамдық ахуал мен әлеуметтік-психологиялық ішкі қатынастарды жете түсінген билік басындағы бүгінгі балшабектер, өздері қолдан жасаған парламент арқылы, Ата Заңымыз – Мемлекеттік Конституциямызды қалауынша өзгертіп, өздеріне ыңғайлы заң шығара отырып, күллі ұлтқа ортақ байлығымызды өз жеке мүдделеріне пайдаланып, ойына келгенін істеп бақты.

Автордың: «Көпшілік қауым үкімет пен партияның айтқанына көніп үйренген. Ал, үкімет пен партияң қазақ болып туған жанның бәрін «дорақ» деп есептейді», - дегендегі «үкімет пен партия» бұрынғы коммунистік жүйе ғана емес, ол – бүгінгі билік! Әділетсіз өткен сайлау нәтижесінде, өздеріне ыңғайлы етіп жасақтап алған парламент арқылы, Ата Заңымызды қалауынша өзгерте беретін бүгінгі биліктің халықты «дорақ» деп есептейтіні ешкімге де жасырын сыр емес.

Ал енді, елдің ертеңі мен ұлттың болашағын ойлайды дейтін зиялы қауым – табиғатынан қорқақ һәм екіжүзді. Мен бұл жерде жалпы зиялы қауымға тән табиғи ерекшеліктерге тоқталып отырмын. Болмаса, олардың ішінде ара-кідік болса да ұлттың сөзін сөйлейтін қайраткерлер қай заманда да молынан ұшырасып отырған. Ақылды әрі көп оқыған зиялылар өздерінің қорқақтығын жасыру үшін: «...жасап жатыр, жөндеп жатыр... оңдап үлгермей жатыр... Онсыз да төңірек толған жау, етектен алғандай болмайық», - деп көлгірсиді. Жазушы өз қорқақтығын сұлу сөзбен бүркемелеген зиялылардың психологиялық жай-күйін суреттеуде, айтары жоқ – дәл ондыққа тигізген. Ал, бүгінгі таңдағы «ұлт зиялысы» дәрежесіндегі кейбір ағаларымыздың екіжүзділігін дәлелдеп, сөз шығасы ету – басы артық жұмыс. Кейбір «зиялыларымыздың» Назарбаев билік басында тұрған кезінде Назарбаев турасында айтқан сөздерімен, Назарбаев биліктен кеткеннен кейінгі сөздерін дәл қазір салыстырып жатудың өзі – мен үшін өте жиіркенішті.

М.Мағауин өзінің ғұмырбаяндық эссе-романы «Менде» бүгінгі таңдағы қазақ зиялылары мен қазақ қоғамының жай-күйін публицистикалық стильде, аз сөзге көп мағына үстей отырып, екі-ақ абзацқа сыйғызыпты. Біз мұны жазушы талантының жаңа қырын айғақтайтын тағы бір ерекшелік деп бағаладық. «Зиялылар» дегеннен еске түсіп отыр, кеше Жаңаөзен «қандыөзенге» айналып, күллі қазақ зиялылары аузына «құм толтырып отырғанда» жалғыз Мағауин «Оқ атылды» деп, Жаңаөзен оқиғасының бар шындығын күллі әлемге паш етті. Бұл – Мағауинді мақтау емес,бәлкім... Мағауинмен мақтану...

М.Мағауиннің «Мені» көркем шығарма емес. Мұнда жазушы ойынан жинақталып жасалынған көркем образдар мен оқиғалар жүйесі жоқ. Жазушы өз дәуірінде көріп-білгенін, өмірден сезіп түйгені мен өз басынан өткізген оқиғаларды – өзіндік көзқарас арқылы суреттей отырып, «эссе стилінде» оқырман назарына ұсыныпты. Ара-кідік аты аталып қалатын кейіпкерлер түгелімен өмірде болған «тарихи тұлғалар». Сол «тарихи тұлғалар» жазушы шығармасында өз есімдерімен аталыпты. Сондықтан да, М.Мағауиннің «Мені» жанрлық ерекшелігі жөнінен «эссе стиліндегі» ғұмырбаяндық роман дейміз. Автор болған оқиға мен ойлаған ойын өзінің қалыптасқан жеке көзқарасы арқылы суреттейді. Біз мұны «эссе стиліндегі» ғұмырбаяндық романының өзіндік ерекшелігі деп бағаладық.

Байқағанымыз: жазушы Кеңес өкіметін жек көреді. Жай ғана жек көрмейді, өте жек көреді.

1998 жылдың 8 қаңтар күні, Алматы қаласындағы Мемлекеттік Қызмет академиясындағы кездесуде: «Бізде әскери полициялық мемлекет болды. Дүмше мемлекет болды. Адамзат тарихындағы ең құдай атқан мемлекет Совет Одағы болды», - депті. (М.Мағауин. Шығармалар жинағы. 13 – том. 366-бет. Алматы, «Қағанат» - 2002)

Жазушы тілімен айтқанда, адамзат тарихындағы ең құдай атқан мемлекет Совет Одағы туралы М.Мағауин өзінің «Меніндегі» монологында: «Сенің ең соңғы серпінің – Советтік империяның түбіне жеткен Август бүлігінен үш күн бұрын жарыққа шыққан «Сары қазақ» болыпты. Кейіпкердің заманға айтқан керез сөзімен бітетін еді ғой: «Қарғыс! Қарыс атсын! Көріңде өкір! Қан жалдап тудың, қанға тұншығып өл! Адамзат тарихындағы ең қаралы, ең қапас, зұламат заман, халықтардың қарғысы атсын сені». Содан соң: «Бұл сөздер ХХ ғасырда барынан түгел айрылған ең бақытсыз қауым – алаш жұртының аузында табиғи әрі зілді естіледі екен», - деп түйіндепсің. (М.Мағауин. «Мен» 7-бет)

Монологтың жоғарғы тұсын кейіпкер сөзі десек те, соңғы түйін сөз – жазушы ойы. Автордың Кеңес Одағы туралы айтқан Мемлекеттік Қызмет академиясындағы сөзін де, «Менде» айтылатын жазушы монологындағы авторлық ойды да жоққа шығармаймыз. Дей тұрғанмен, жазушы монологында айтылғандай, қазақ халқы ХХ ғасырда барынан түгел айрылған ең бақытсыз халық па?

Иә, бізде әскери-полициялық мемлекет болды. Басқаша ойлайтындардың бәрі мемлекеттік күштік құрылымдарының көрінбейтін бақылауында еді. Цензура. Ой еркіндігі, сөз, баспасөз бостандығы мүлдем болған жоқ. Шығармашылық һәм қоғамдық ғылымдар бойынша жазылған зерттеу еңбектер түгелімен мемлекеттік цензураның қатаң бақылауында болды. Бір сөзбен айтқанда рухани езгі.

Ой еркіндігі – тек коммунистік идеология бағытында ғана болды. Сөз бостандығы ретіндегі осы кішкене ғана еркіндікті  пайдаланғысы келген адамдар, «коммунистиік өзара сын» деген желеумен бірін-бірі аямай сынап жатты. «Коммунистік тұрғыдағы» сында адамның жеке намысы мен құқығының тапталуы – қалыпты жағдай болатын. Мұның соңы жоғарыға жазылған арызға ұласатын. Кейде ойлаймын, Кеңестік идеологияның «коммунистік сыны» ұлтымызды арыз жазғыш, арызқой болуға үйретіп кетті ме? – деп.

Үшінші бөлімнің соңы

Жалғасы бар

Нұрғали Махан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1132
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2344
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2354