Сенбі, 2 Қараша 2024
Әдебиет 7959 25 пікір 24 Қазан, 2024 сағат 13:00

Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз...

Суреттер Н.Маханның мұрағатынан және adebiportal.kz сайтынан алынды.

Жиырма бес томдық толық академиялық шығармалар жинағы жарық көрген қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин шығармалары ішінде ең көп сыналған туындылары – «Көк мұнар» және «Мен».

Өткенде жазған «М. Мағауиннің «Көк мұнары» хақында» атты зерттеу еңбегімізде: «Ол кезде мектеп оқушысымыз. Әдеби сыннан қалыс кезіміз», – деп жазған болатынбыз. Сондықтан да «Көк мұнардың» қалай сыналғанын білмеймін. Ал, «Менді» кімнің қалай сынағаны есімде жақсы сақталып қалыпты.

Жазушының ұлы Едіге Мағауиннің жазбаша куәлік етуі бойынша, Мұхтар Мағауиннің бес бөліктен тұратын ғұмырбаяндық «Мен» атты хамса роман-эссесінің «Шытырман» атты бірінші кітабы алғаш рет 1997 жылы «Жұлдыз» журналының №5,6 сандарына басылып шығады да, екінші кітап – «Қия жолдар» 1998 жылы «Жұлдыз» жорналының №8,9 сандарында жарияланады. (М. Мағауин. Шығармалар жинағы, 6-том 605-606 бет. Алматы, «Қағанат» 2002)

Атап өтер мәселе: Ә, дегенде «Жұлдызда» басылған «Меннің» журналдық нұсқасын жалпы оқырман қауымы жылы қабылдады. Тіптен: «Шығармада тарих үшін, әсіресе, «Қазақ әдебиеті тарихы» үшін аса қажет дүниелер бар екен», – деп, жоғары баға берген әдебиетші ағаларымыз да болды. Осыдан көп уақыт өтпей, іле-шала 2002 жылдары екі Мұхтар – Мағауин және Шаханов арасындағы «Шыңғыс хан дауы» басталды да кетті. Ақиқатқа тура қарап, анығын айтар болсақ, ұлттық тарихымыздың «ақтаңдақ беті» – «Шыңғыс хан» турасындағы дауда, ғылыми айтыстан гөрі «бәдік айтыс» үрдісі басым болды. Бәдік айтыс соңы, бейәдеп сөзбен атысқан зиялы қауым – жазушылар арасындағы «қалың төбелеске» ұласты. «Шыңғыс хан» дауындағы «бәдік айтыстың», «ережесіз төбелесіне» қаны қызған біздің кейбір жазушы «зиялы ағаларымыздың» шынайы бет-бейнесін көріп: «Ел болашағын ойлар ұлт зиялылары еді. Осы дәрежеге дейін неге төмендеді? Қарғысқа ұшырадық па?!» – деп, ойға қалған кезіміз де болды.

Кеңес Одағы ыдырап, партиялық бақылау мен цензура жойылып, тәуелсіздік тұсындағы сөз бостандығына ие болып, топ-топқа бөлінген біздің жазушылар «Шыңғыс хан» дауы тұсында, бас пен көзге төпелеп, бірін-бірі аяған жоқ.

Меніңше, 2000 жылдардың басында өзі бастаған «Шыңғыс хан» дауының соңғы нүктесін араға 10-15 жыл салып, төрт томдық «Шыңғыс хан» ғылыми зерттеу еңбегі арқылы М. Мағауиннің өзі қойды. Бірақ, бұл – өз  алдына бөлек әңгіме.

Десек те, өз кезінде екі Мұхтар арасындағы «Шыңғыс хан» дауы – Қазақстан Жазушылар Одағынан асып, қалың оқырман көпшілікті де шарпыды. Дау қазақ жазушыларын екі қосынға бөліп, соңы “»ережесіз жекпе-жек» деуге де келмейтін «қалың төбелеске» ұласқанын жоғарыда айтып өттік.

Міне, осы «ережесіз төбелесте» М. Мағауиннің жеке басын кемсітпек болған кейбір сыншылар жазушының «Менінің» жағасына жармасты. Алдында ғана журналдық нұсқасы оқырман тарапынан жылы қабылданған «Мен», «Шыңғыс хан» үшін болған «қалың төбелесте» қосақ арасында күйіп кетті. Сол тұстағы М. Мағауиннің «Мені» туралы жазылған сын мақалаларда сынның қос қанаты – зерттеу де, талдау да болған жоқ. Жазылған мақалаларда автордың жеке басына тиісу, намысына тиіп кемсіте сөйлеу, мінеп, мұқату басты орынға шықты. Дәл қазір баяғыда өтіп кеткен «Шыңғыс хан» дауын еске алудың өзі бір ақырет...

Қашанда ұлттың болашағын ойлап, Ұлт сөзін сөйлеген қасиетті Қазақ Әдебиетінің халық алдындағы беделі мен абыройы дәл сол кезеңдегідей еш уақытта төмендемеген болуы керек. «Ұлт зиялысы» аталған жазушылар бір-бірінің жеке намысына тиіп, ауызына келгенін айтып жатты. Меніңше, «әдеби киллер» дейтін жексұрын термин де дәл осы кезде қалыптасты. Сол тұста маңайына сөзін сөйлер жақтастарын жинап алған М. Мағауин де қарап қалған жоқ. «Қарап қалған жоқ» дегеннен гөрі, «айтпаған сөзі қалған жоқ» деген дұрысырақ шығар. Басқасын былай қойғанда, Ш. Айтматов пен М. Шаханов турасындағы 2002 жылы «Алтын Орда» гәзеті мен 2003 жылы «Жұлдыз» жорналының №1 санында жарық көрген «Ешкі жетектеген екеу» атты көлемді мақаласының өзі неге тұрады? Әділет үшін айтып өту керек: Меніңше, Мұхтар Мағауин пенде ретінде сүрінсе, дәл осы тұста сүрінді. Шығармалары мен шығармашылық жолын талдай отырып, әділетпен сынаса бір жөн-ау, Ш.Айтматов пен М. Шахановтың жеке бастарына сонша шүйлігіп, қарадүрсін балағатқа тең төмен сөз айтудың түкке де керегі жоқ еді. М. Мағауин бір мақала жазды екен деп Ш. Айтматов пен М. Шаханов есімдері әдебиет тарихынан сызылып тасталмайды ғой. Сол уақыт, «Қасқыр құдай болған күн» дегендей, пенделік сезім жоғары көтеріліп, қиюы қашып, қарғысқа ұшыраған сәтсіз бір кезең екен дә...

Жеке-жеке алғанда Ш. Айтматов та, М. Шаханов пен М. Мағауин де өз шығармалары арқылы Ұлт әдебиеті, қала берді Әлемдік әдебиет тарихында өзіндік орны бар үлкен классиктер. Бірақ, болар іс болды... Шер ағаң айтқандай «Бір кем дүние»...

Кез-келген өнер иесінің, әсіресе жазушылардың екі қыры бар. Бірі – жазушылық, екіншісі – пенделік. Қалың оқырман қауымы үшін олардың пенделік қырының түкке де қажеті жоқ, олар ұлт тарихында жазушы ретінде қалады. Пенде ретінде емес. Пенде демекші... Толстойдың «Дневнигін», Достоевскийдің «Хаттарын» болмаса, мына өзіміздің Қадырдың «Иірімі» мен «Жазмышын», немесе, қазір көзі тірі классик ақынымыз Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаятын» оқып көріңіздерші. Кімде жоқ ол пенделік?...

Адамзат ақыл ойының данышпаны хәкім Абай:

Қаны қара бір жанмын,
Жаны жара, – деп, реквием-өлеңі «Өлсем орным қара жерде» өз пендешілігін мойындап кетті емес пе?

Қалың қауымға керегі пенде Абай емес, ақын, хәкім Абай. Атап өту абзал: Біз қазір ұлы ақын, хәкім Абайдың ұлт өнеріне сіңірген сан алуан еңбегі үшін «пенделігін» де білгіміз келеді. Ғибрат үшін, тарих үшін. Сондықтан да, бір заманда М. Әуезовтің өтініш-қолқалауымен жазылған Абайдың ұлы Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» деп аталатын естелігі, кейінірек жазылған тағы бірнеше естелік пен інісі Шәкәрім қажының: «Ағам Абай өз заманынан озған дәнішмән кісі еді. Қор елде туды да, қор болып өлді», – деген бір ауыз сөзінің айналасынан күні бүгінге дейін ұзап шыға алмай келеміз. Ақын өмір сүрген қоғамды сезініп, түсіну үшін хәкім Абайдың «пенделігінің» өзіне де ұлт өнерінің тарихы аса зәру. Бізге пенде Абай жеткен жоқ. Себебі, пенде Абай уақыт сүрлеуінде көміліп, ұмыт болған. Бізге жеткен ұлы ақын, хәкім Абай!

Дәл сол секілді, бізге керегі пенде Мағауин емес, бізге керегі жазушы, ұлт тарихының жоқшысы һәм түгелдеушісі ғұлама ғалым – Мұхтар Мағауин. Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», «Қобыз сарыны», төрт томдық «Шыңғыс хан», «Алтан Орда» секілді тарихи-танымдық ғылыми зерттеу еңбектері, біздің жоғарыда айтқан: «М. Мағауин ұлт тарихының жоқшысы һәм түгелдеушісі», – деген тұжырымдарымызға толық дәлел.

Адамзат тарихындағы болашаққа қазақ халқы ұлт ретінде жетер болса, сол алыс болашаққа  М. Мағауин пенде ретінде емес, жазушы, ғұлама ғалым ретінде жетпек! Өмір заңы сол: Пенденің пендешілігі уақыт көшінде ұмытылады! Ал, ұлт өнері мен тарихына сіңірген еңбек – уақыттың ұлы көшімен бірге мәңгілікке ұласпақ!

Сонымен сөз, пенде Мағауин туралы емес, ғалым һәм жазушы Мағауиннің «Мені» туралы болмақ.

Менің ойымша, М. Мағауиннің «Менінің» сол тұстағы қазақ зиялы қауым өкілдері болып есептелетін әдебиет сыншылары тарапынан қатал сынға ұшырауының үш түрлі себебі болды. Біріншісі, шығарманың аты – «Мен».

Поэзиядағы «менге» құлағы әбден төселген әдебиет сыншыларына, проза жанрындағы шығарма атауының «Мен» деп аталуы – тосын естілді. Проза жанрында қара сөзбен жазылған жазушы шығармасының «Мен» деп аталуы – сол тұстағы қазақ әдебиеті үшін тосын жаңалық екеніне де  ешкім мән беріп жатпады. Екіншісі – жазушы таланты. Иә, иә – жазушы таланты.           М. Мағауиннің жеке басын қалай күйелеп балағаттаса да, әдебиет әліпбиінен ғана хабары бар, ең төмен деңгейдегі сыншының өзі де оны «талантсыз», «халтурщик» деп атай алмас еді. Жиырма жеті жасында «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясы арқылы Қазақ әдебиеті тарихының керегесін төрт жүз жылға кеңейтіп, отызға енді келген жасында жазған «Көк мұнар» романы арқылы сол тұстағы қазақ әдебиетінде модернистік жаңалық болып есептелетін «натуралды-реализм» бағытын алып келген, басқа шығармаларын айтпағанның өзінде, қалың оқырман мен кәсіби тарихшылардың жоғарғы бағасына ие болып, Мемлекеттік сыйлық алған екі томдық диалогия – «Аласапыран» тарихи романының авторы М. Мағауиннің «Мен» деп аталатын ғұмырбаяндық роман-эссе жазуы – біраз ағайынның ішіне шоқ түсіріп, сыныққа сылтау болғаны анық. Үшінші – мінезі. Мақтаншақтау едім деп «Мен» атты ғұмырбаяндық роман-эссесінде жазушының өзі де мойындайды. Талант – Алланың сыйы. Ол біреуде бар, біреуде жоқ. Бардың барлығы – жоққа әмәндә қызғаныш тудырмақ. Өзі талантты, әрі мақтаншақтау болса, әрине, ол мінезі айналасына қызғаныштың қызыл уын сеуіп, түрлі келеңсіз, сыңаржақ әңгімеге желеу һәм себеп болатыны ақиқат. Талант пен осы мақтаншақтау мінезіне өз құнын біліп, анау-мынауды мойындамайтын жазушының, басынан сөз асырмайтын тік мінезін қосыңыз. Бұл – «айсбергтің» су бетіндегі көзге көрініп тұрған бергі жағы ғана. Сол тұстағы жазушылар арасындағы ішкі қарым-қатынасқа құрылған түрлі “саяси-ахуалға” байланысты, мұнан өзге себептердің болуы да бек мүмкін...

Ең өкініштісі сол: Жоғарыда атап өткеніміздей, М. Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық роман-эссесін сынаған авторлардың ешқайсысының еңбегінде сынның қос қанаты – зерттеу де, талдау да болған жоқ. Олар: «Мағауин «Мен, мен, мен» деп көкірек керіп, айқайлаудан өзге ештеңе білмейді. Оның өзімшілдік «эгосы» – 200 бәлкім, 500 пайыздан асады» дей келіп, жазушының қара басына тиісіп, шығарманың «Мен» деген атауына жөнсіз негізде соқтыға берді. Қазір ойласам, сол тұстағы сыншылардың кітапты соңына дейін толық оқып шыққанына күмәнім бар.

М. Мағауинге дейін қазақ әдебиеті проза саласында «Мен» деген ешкім  болған жоқ. Сондықтан да М. Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық мемуарының атауы ә дегенде тосын естілгені анық. Ал поэзиядағы «мен» қалыпты жағдай.

Қарыңды қағып су қылдым
Суыңды сілкіп бу қылдым, – дағы (Т. Жароков «Күн тіл қатты») «мен» өр мінезді, асқақ сезімді «мен» болса,

Махамбеттің:

Мен, мен едім, мен едім
Мен Нарында жүргенде,
Екі Тарлан бөрі едім,– дегі «менде» азуын айға білеген бөрі едім, болған едім»,– деген назалы ақынның өткеніне деген мұңлы сағынышы бар.

Ал, Абайдың:

Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің алақтап,
Құр қарайсың аспанға,– өлеңіндегі «менде» наданды келемеждеп, өзіне ешкімді тең көрмеген өр кеуде ақынның тәкәппар сезімі көзге анық көрініп тұр.

Үш өлеңде үш түрлі «мен» бар.

Ал, Мағауиннің «менінде» бұл аталған үш түрлі; асқақ сезім, болмаса, өткенге мұңлы сағыныш, не өркеуде тәкәппарлық «меннің» бірде-бірі жоқ. Оның «Мені» тіптен бөлек «Мен».

Анығына келгенде, М. Мағауиннің «мені» – барлық сыншылар бір ауыздан атап өткен «Мен, мен, мен» деп көкірек ұру емес.

М. Мағауиннің «Мені»  – жазушының өзі өмір сүрген заманы мен ортасы  авторлық көзқарас тұрғысынан байыпталған ғұмырбаяндық мемуар сыпатындағы шығарма. Мұнда отарланып, рухани бостандығынан айырылған ұлт зиялысының ғылым мен әдебиеттегі азапты трагедиялық өмірі – өз басынан өткізген оқиғалар арқылы баяндалады.

Бір сөзбен айтқанда, М. Мағауиннің «Мені» – жазушының ғұмырбаяндық жаназабы. Онда автордың айналасы мен қоғамына деген өзіндік көзқарасы, өкпесі мен назасы, күйініші мен сүйініші, ұстаздарына деген шәкірттік алғысы, болашақта жазушы боламын деген жастарға берген ақыл-кеңесі, адамдардан көрген жақсылығы мен кесапатты жамандығы бәрі-бәрі бар. Кейіпкерлерінің барлығы да, өмірде болған “тарихи” адамдар. Сондықтан да, Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық эссе-романы – болашақ тарихшылар мен қазақ әдебиеті ғылымының тарихын зерттеймін дейтін маман-зерттеушілер үшін сараптай отырып пайдаланатын таптырмас дерек көзі. Ол жерде «мен, мен, мен» деп көкірек ұрған бір ауыз сөз жоқ. Реквием сыпатындағы жаназабы мен толғанысын қағаз бетіне түсіріп отырған қандай жазушы «мен, мен» деп көкірек ұра алады? Саналы ғұмырын ұлтына қызмет етуге арнаған, шын мәніндегі «ұлт зиялысының» жаназабын терең зерттеп түсінбей жатып, мазақ еткендей солақай сынның «улы жебесіне» байлау, берісі – күнә, арысы адамгершілігіміз бен ұлттық санамызға сын.

Сондықтан да, бір кездердегі «дәуірлер ауысқан» аласапыран заманда солақай сынның өзекті тақырыбына  айналған М.Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық «Хамсасын» бүгінгі күнгі әдебиет ғылымындағы жаңа бағыт – «эссе-монография» пішімінде талдауға тырыстық.

Хамса – араб сөзі. Тура мағынасы – бес деген сан есімді білдіреді. Шығыс әдебиетінде қалыптасқан үрдіс бойынша «Хамса» бес кітап немесе бір кітаптың бес бөлімі емес. Олар әрқайсысы өзара үндес, тақырыптас, бірақ, әрқайсысы өз алдына дербес, туыстас бітімді, бөлек-бөлек бес шығарма. Шығыстағы «Хамса» әдеби дәстүрі – шығыс әдебиетіне жаңа өрнек алып келген Әзербайжан халқының классик ақыны, түркі әлемінің ұлы ойшылы Низами Гәнжауидің (1141-1209) «Сырлар қазынасы», «Хұсырау-Шырын», «Ләйлі-Мәжүн», «Жеті ару», «Ескендірнәма» атты бес дастан топтамасымен тығыз байланысты. Низами Гәнжауидің «Хамса» топтамасына кірген жоғарыда аталған бес дастаны өзара үндес, тақырыптас, бөлек-бөлек бес шығарма. Сол секілді М. Мағауиннің «Мен» атты роман-эссесінің «Ғұмырбаяндық хамса» аталуына қарағанда, өзара үндес, бөлек-бөлек бес кітаптан тұратын, бес шығарма болса керек. Әзірге оқушының қолына тигені екі кітап. Бірінші кітап – «Шытырман» 1997 жылы «Жұлдыз» журналының 5-6-шы сандарына басылса, екінші кітап – «Қия жолдар» 1998 жылы «Жұлдыз» журналының 8-9-шы сандарында жарияланды да, іле-шала бұл аталған екі кітап М. Мағауиннің 2002 жылы Алматы қаласы, «Қағанат» баспасынан шыққан он үш томдық шығармалар жинағының алтыншы томында қайта басылып, жарияға шықты.

Жазушының ұлы Едіге Мағауиннің куәлік сөзіне қарағанда, ғұмырбаяндық хамса «Меннің» алғашқы екі кітабы «Шытырман» мен «Қия жолдар» ең алғаш – 1998 жылы белгілі жазушы Қоғабай Сәрсеке басқарған «Гаухар» баспасынан жеке бір кітап болып басылып, өз оқырманына жол тартқан сыңайлы.

М. Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаянды хамсасының алғашқы кітабы «Шытырманда» – қасиетті Құран-Кәрімнің 68-сүре, 1-аятындағы: «Қаламға және оның жазуына серт», – деген жолдар эфиграф ретінде алынып: – Бисмиллаһ ир-рахман ир-рахим! Өзіңе тура баста...» деген сөздермен басталған.

Өздеріңіз ойлаңыздаршы, қасиетті Құран аятын эфиграф етіп алып, ұлы жаратушы, құдіреті күшті бір Алланың атына сиынудан басталған шығармасында, бір Аллаға өзін серік еткендей етіп, «Мен, Мен» деп көкірек қағып, өлшеусіз ауыр күнәға бататындай – жазушы Мұхтар Мағауин тым қаражаяу, сауатсыз, надан емес еді ғой.

Жоғарыда айттық, тағы да қайталаймыз: М. Мағауиннің жеке басын қалай күстаналаса да, оны ешкім де білімнен мақрұм қалған сауатсыз, надан еді, – деп айта алмайды.

Иә, Мағауин «Мен» деп жазды бірақ, ол «мен» есімдігін тіптен бөлек, басқа мағынада қолданды.

Ол былай дейді: «Мен. Мен... Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: Тегім – кісі, дінім – ислам, нәсілім – түрік, ұлтым – қазақ, ұраным – Алаш, есімім – Мұхтар, сойым – Мағауин, туған жылым – Миләди 1940, бүгінгі жасым – елу алтының үстінде...»

Бұл жерде сыншылардың доғал найзасына көп іліккен, Мағауин жазған «Мен» есімдігіне үрке қарап, шошына берудің еш жөні жоқ. Автор бұл жерде өзі туралы мағлұмат беріп отыр. Бар болғаны сол!

«Мен... Мен Кіммін?» дейді автор.

Қазақ тілінде адамзат тегіндегі адам баласын «Не?» деген сұрақ арқылы емес, «Кім?» деген сұрақ арқылы анықтайды. Тек адамға ғана «Кім?» деген сұрақ қойылады. Бұл – заңдылық!

Ал, «Мен кіммін?» деген сұрақ – пенде баласының бүтін болмысы мен күллі пайым-түсінігін анықтайтын аса күрделі философиялық сұрақ. Айта кету абзал: Мен кіммін? – деп анау-мынау жөпшенді, жеңіл-желпі адамдар емес, «Өлсем орным қара жердегі» хәкім Абай секілді, өмірдің өрін тауысып, артта қалған өміріне есеп беріп, өткеніне ақыл көзімен мұңдана қарап тұрған аса күрделі тұлғалар ғана өз-өзінен сұрай алса керек. Анығына келгенде, М. Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық хамса эссе-романы жоғарыдағы «Мен кіммін?» деген бір ғана сұрақ төңірегінде ой қорытады. «Мен кіммін?» – деп өзіне-өзі сұрақ қойған автордың қысқа жазған ой-толғау іспетті монологын тебіренбей оқу мүмкін емес. Оқушы алдына бар болмысымен бүкпесіз келіп, жан сырын ақтарған жазушы «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары» деп аталып, қазір тарихқа айналған сол кезеңдегі заманы мен қоғамы және өзі туралы бар шындық ақиқатты ақ қағаз бетіне түсіріпті.

М. Мағауин жан сыры іспеттес өз монологында: «Өте ұзақ ғұмыр кешіппін. Өмірдің көбі өткен, азы емес, әлдеқандай бір бөлшегі ғана қалған. Абай атам айтқандай, келер заман – көк тұман. Сәуле көмескі, үміт буалдыр. Сен... Сенің кесімің әуел бастан белгілі. Тозаңнан жаралдың, топыраққа айналасың. Ештеңе өзгермейді. Бірақ... Ұрпағың бар емес пе! Бүкіл ұлысың, ұлтың алдындағы тар кешу немен тынбақ? Азаматыңды қажытып, жеткеніңнің жігерін құм қылып, бәсіре байлығыңды талапайға салып, жұртыңды біржола тоздырып бара жатқан заманға қарсы тұрар қайла бар ма? Сен білмейсің. Білсең де жүзеге асыра алмайсың. Сенің білгенің, қолыңнан келері жазу ғана еді. Сонымен қанағат таптың. Сонымен өміріңді ұзарттың. Кеудеңді басқан кер заманда қасірет, зардың өзі күш беріпті... Саған сол тар күндердің өзінде күш берген немене? Сенім болса керек. Өзіңді өте жақсы көретін едің. Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады. Мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмытылады, атаның әруағын арқалап жүрген – жалғыз өзім, алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін – Мен, Мен ғана. Мен болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды. Мен, Мен... деп ойладың»,– дейді.  («Мен» 7-бет )

М. Мағауинді доғал сынның улы жебесіне байлаған әйгілі «Мен» жазушы монологында осылай көрініс берген-ді. Жансыры іспеттес кішкене ғана осы монологтан өзге, ғұмырбаяндық роман-эссенің бірде-бір жерінде жазушы «мен» есімдігін қолданып, ішкі сыр-толғанысын жарияға шығармапты. Жазушының жансөзі реквием-монологында ғана қолданған «мен» есімдігін сол тұстағы сыншылар қаумалап жүріп ұстап алып, әдебиет сыншысы ретінде саралап, талдап жатпай-ақ, Мағауиннен соң оны ешкім қолданғысы келсе де, қолдана алмастай етіп ту-талақайын шығарды. Олар өздерінің сол тұстағы іс-әрекетіне адамгершілік пен адами қарым-қатынас ғылымы – этика тұрғысынан да ойланып, мән беріп жатпады.

Жалпы оқырманға өркөкіректеу лепесте айтылғандай болып көрініп, сол тұстағы әдебиет сыншыларын шошытқан Мағауин қолданған қазақ тілінің “мен” есімдігі болатын.

«Мен, Мен ғана, Мен болмасам ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек көзі ашылмайды. Мен, Мен... деп ойладың. Аз ба, көп пе, бар жасаған еңбегің – осы сенімнің ғана көрінісі.»

«Мен, Мен болмасам... Мен жазбасам, ұрпағымның көкірек көзі ашылмайды», – бұл  жазушының өзіне деген сенімінің ғана көрінісі емес, алдағы күннің міндеті де. Сенім һәм міндет...

Дәл осындай міндет пен сенім ұлттың ертеңін ойлап, өзегі өртеніп, өткенін түгелдеймін дейтін әрбір ұлтшыл шығармашылық тұлғада қалыптасуы шарт. Біздің ойымызша, ұлт алдындағы қарызы мен парызын ойлаған әрбір жеке тұлға «Мен», – дей отырып, өткеніне есеп беруге тиіс.

Қазақ тіліндегі «мен» есімдігінің Мағауин қолданған нұсқадағы мағынасын сол тұстағы әдебиет сыншылары – қара орман қалың оқырманға, жөн сілтер тәрбиелік тұрғыдан ғана емес: «Әдебиет – ардың ісі», – қағидасы тұрғысынан да талдап түсіндіріп жатпады. Әділеттен аттады. Теріс ниетке бұра тартты.

Тілімізде «Пешенеңе жазылған» деген тіркес бар. Оны Ісләмдық мұсылман түсінігінде «жазмыш» деп те атайды. Міне осы жазмыш туралы «Жазмыш» деген кітап жазған қазақтың біртуар дарынды ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде“жазмыш” сөзі туралы мынандай анықтама берілген: «Діни наным бойынша әуелден белгіленіп қойылды-мыс дейтін талай-тағдырдың бұйрығы». Жазмыштың орысша баламасы – «рок». Орыс ағайындар бұл сөзді қалай түсіндіреді екен деп, Владимир Дальдің сөздігіне үңілдім. Ол да  «жазмыш» сөзінің негізгі мағыналарының бірі ретінде – «Судьба, предопределение, участь неминучая, суженое», – деп ұғындырыпты”, – дейді. (Қадыр Мырза Әлі, Жазмыш. Алматы, Атамұра 2004. 7-бет)

Байқап отырғандарыңыздай, «жазмыш» сөзінің қазақша, орысша баламалық мағыналары бір-бірінен алшақтап, ұзай қоймаған. Жалпы өнер иелерінің, оның ішінде ақын-жазушылардың, әсіресе ақындардың пешенесіне әуелден белгіленіп, тағдыр-талайына жазылған жазмышты зерттеп, оған бір том еңбек арнаған Қадыр ақын, әлгі «Жазмыш» атты кітабын «Көріпкел-әулиелік» «Даңқ», «Аш жалаңаш ағайын», «Ауру», «Дерт» тағы сол секілді бірнеше бөлімге бөле отырып, өнер иелері, оның ішінде  ақын-жазушылардың көбінің көріпкелдік қасиеті болған дейді де, мысалыға Николай Гумилев,  Лермонтов, Грибоедов, Анна Ахматова, Омар Һайям, Неміс ақыны Георг Гейм, түрік Назым Хикмет, румын Михай Эминеску,әзірбайжан Мирза Галиб, ағылшын-американ ақыны Унистен Хью, өзіміздің Мәшекең-Мәшһүр-Жүсіп Көпеев тағы да басқа шығыс, батыс өнер иелерінің өмірінен нақты мысалдар келтіреді. Ойланып қаласың... Бұған Мұхтар Мағауиннің не қатысы бар? – деп айтар кейбір ағайындар.

Ойлап қараңыздаршы... М. Мағауин өзінің «Мен”» атты ғұмырбаяндық роман-эссесінде: «... Мен күреспесем, ежелгі мұра бір жола ұмытылады... Алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін – Мен, Мен ғана», – деп жазды. Бұл – 1996 жыл. Рас, оған дейін «Қобыз сарыны» атты ғылыми-зерттеу монографиясы арқылы Қазақ әдебиеті тарихының көкжиегін төрт жүз жылға кеңейткен жазушы, тоқсаныншы жылдардың бас  жағындағы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, ұлт тарихына сусап отырған халқы үшін «Қазақ тарихының әліппесін» жазды. Бұл кітап – соқырға таяқ ұстатқандай, жалпыға бағыт-бағдар беретін Ұлттық тарихымыздың «әліп-биі» болатын. Ішінде жүрген соң білеміз; М. Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесінің» мектеп оқушыларына тарих пәнінен қосымша оқулық ретінде тигізген пайдасы ұшан-теңіз болды. Бүгінгі күнде де дәл солай.

1996 жылдары «Мен» жазылып жатқан тұста «Қобыз сарыны» да «Қазақ тарихының әліппесі» де жеке-жеке кітап болып басылып, оқырман қолына тиген шығармалар болатын.

Ал, сонда... «...ежелгі мұра бір жолға ұмытылады», – деп, жазушы нені меңзеп отыр?

Жазмыш пен әулиелік туралы босқа сөз қозғағанымыз жоқ. Меніңше, болашақта жазушы ұлтымыздың мың жылдық тарихын бір өзі түгелдеп шығарын сезген. Мүмкін, әулиелік... Әлде, ішкі түйсік... Қалай ойласаңыз да өзіңіз біліңіз. Арада ширек ғасыр өтпей жатып-ақ М. Мағауин «ежелгі мұра» – төрт томдық «Шыңғыс хан» мен «Алтын Орда» деректі тарихи зерттеуін ғылыми негіздегі хикаят тілінде қызық та, түсінікті етіп жазып, ұлтының мың жылдық тарихын түгелдеп бергені анық! Бір ұлттың мың жылдық тарихын түгелдеп беру – некен-саяқ ғұламаға ғана бұйырар бақ! Бір анық бар, ол – кез-келген өнер иесі, шығармашылық тұлғаның алдына қойған өз жеке мақсаты болады. Бірақ, сол аталған нысаналы мақсатына шығармашылық дарындардың мыңнан – бірі, бәлкім миллионнан бірі ғана жеткен. Мойындауға тиіспіз, миллиондардың ішінен бірге ғана бұйырар бақты – жаратушы иеміз Мағауинге бұйыртыпты.

Мүмкін, өзіне ғана тиесілі осы бақты іштей түйсінген жазушы «Мен, Мен ғана» деп жазған болар. Ұлтының мың жылдық тарихын түгелдеп берген адамға не деп жазса да, қалай жазса да жарасады. М. Мағауиннің соңғы жазғандары мен түрлі каналдарға берген сұхбаттарын үзбей қадағалап жүремін. Бірақ, жазушының ұлт тарихын түгелдеуде өзінің сіңірген еңбегін айтып «Мен... Мен» деп көкірек ұрғанын еш жерде байқамаппыз. Адамның бір аты – пенде. Мүмкін, М. Мағауиннің бір жерлерде көтеріле сөйлеген жері болған шығар, бірақ, «Мен, Мен» деп көкірек ұрған жері жоқ! Ойсыз, көкірек ұрғыш даңғойға бәрін көріп, біліп отырған жаратушы бір Алла мұндай бақ пен бақытты пешенесіне жазбаса керек.

Мүмкін кейбіреулер, қайдағы мың жылдық тарих? Шыңғыс хан тарихына сегіз жүз жылдан енді асты ғой дер. Жөн сөз. Бірақ, М. Мағауин жазған төрт томдық «Шыңғыс хан» деректі  ғылыми-зерттеуінің бірінші томы «Шыңғыс хан және оның заманы» деп аталады. Бұл кітапта Шыңғыс ханнан арғы Көк түркілердің «Орхон-Енисей»жазбасындағы Тоныкөк заманы қамтылып, ұлтымыздың мың жылдық тарихының арғы жағы, әлемдік тарихта «Скифтер» деп аталған «Сақтар» мен одан бергі Ғұн тарихы арқау болған. Бұл айтылған екі мың жылдан астам тарихымыздың соңғы мың жарым жылы кезең-кезеңнен дәуірлерге бөлініп, сол дәуірде өмір сүрген далалық түркі тайпалар тарихы, олардың сенімі, шаруашылығы, генологиялық тегі, антропологиялық пішімі мен әдеп-ғұрыптары, салт-дәтүрлері түрлі ғылыми зерттеулердегі дереккөздеріне сүйене отырып сөз болады. Шындап, санамалап келсек: «Шыңғыс ханның» төрт томдығы мен «Алтын Орда» тарихына «Қазақ тарихының әліппесін» қоссаңыз, ұлтымыздың екі мың жылдан астам тарихы алдыңыздан атойлап шыға келері хақ! Бұған сенбесеңіз, Мағауиннің біз жоғарыда атап өткен тарихи ғылыми-зерттеу еңбектерін түгел оқып шығыңыз. Сонда, менің айтқандарыма көзіңіз оңай жетеді. Айтып өтетін бір мәселе: Мен жоғарыда атап өткен Мағауин жазған тарихи зерттеулер – ғылыми деректерге сүйене отырып, қалың көпшілікке түсінікті хикая түрінде, хикаят тілінде  жазылған. Қызғылықты оқылады, оңай түсінесіз, әрі ғылыми негізі де жоғары.

Жоғарыда аталған «Шыңғыс хан», «Алтын Орда», «Қазақ тарихының әліппесі» – ұлт тарихын сөз еткен тарихи-зерттеу еңбектер болса, қазақ әдебиеті тарихы ғылымының керегесін төрт жүз жылға кеңейткен М. Мағауиннің XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы туралы – «Қобыз сарыны» ғылыми-монографиясы – тарихымыздың көркем шежіресі іспеттес әдеби зерттеу.

Бір сөзбен айтқанда, жат жұрттың қолымен жазылған ұлтымыздың жұлмаланған жетім тарихын түгелдеген М. Мағауин – бүтін бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жалғыз өзі атқарыпты. Қазақ деп аталатын халық өзін ұмытпаса, М. Мағауиннің ұлт тарихын түгелдеудегі еңбегі ұмытылмақ емес. Бұл – хақ! Бар саналы ғұмырын ұлттың жадын жаңғыртып, ұлт тарихын түгелдеуге арнаған Мағауинді – «Ұлт зиялысы» дәрежесіне көтерілген бағы бар бақытты ғалым һәм жазушы деп айтып жүрміз. Жазып та жатырмыз. Бірақ, осы «бақыт» пен «бақ» сөздерінің арғы тұсында жазушының көзге көрінбейтін жаназабы мен қыруар еңбегі тұр. Бір ғана мысал келтірейін: Төрт томдық «Шыңғыс ханның» бірінші томын жазып шығу үшін ғана М. Мағауин жүз қырық жеті қосымша әдебиет пайдаланыпты. Бұл – қалыңдығы әртүрлі жүз қырық жеті кітап деген сөз. Жалпақ тілмен айтқанда бір кітапхана. Біз кітапхана, –  деп айтып отырған пайдаланған әдебиеттердің көбісі – Ежелгі Қытай, Моңғол, Азия және Батыс Еуропа архивтерінен алынған мұрағаттық жазбалар көшірмесі болса, қалғаны Шыңғыс хан туралы дүние жүзі ғалымдарының ғылыми-зерттеу еңбектері. Бұл – «Шыңғыс ханның» бірінші кітабында  ғана пайдаланған қосымша әдебиетттер. Төрт томнан тұратын «Шыңғыс хан» деректі хикаясын жазып шығу үшін бірінші томда пайдаланған ғылыми әдебиеттер санын төртке көбейтіңіз. Сонда төрт том «Шыңғыс ханды» жазу үшін автор алты жүзге жете қабыл қосымша әдебиет пайдаланыпты. Яғни, оларды жазушы зерттей оқып, қорытып, сараптап шыққан. Бұл айтып болмайтын қыруар еңбек, ұйқысыз түндер һәм мазасыз ойлар...

М. Мағауин «Шыңғыс ханның» бірінші томындағы айқындама сөзінде: «Бірінші кітап, Ұлы қағанның өзі емес, туған жұрты турасында. Тікелей дайындық жұмысымен қосып есептегенде толық үш жыл уақытым кетті», – дей келіп, Шыңғыс хан турасында жазылған дүниежүзі ғалымдарының ғылыми-зерттеу еңбектеріндегі ұстанған түрлі танымдық бағыттарды саралай келе: «Әрине Шыңғыс хан және оның заманын тану, зерттеу, ақыр түбі қорытып жазу үстінде аталмыш санаулы еңбекпен ғана шектеліп қала алмайсыз. Орталық Азия мен Ежелгі Қытай өз алдына, бүкіл Европа тарихы, жалпы адамзаттың даму жолына қатысты кең көлемді мағлұмат керек. Мұның бәрін бұрыннан білдім дегеннің өзінде, тақырыпты тікелей игеру үстінде тағы қаншама нақты ақпарат қажет болады. Кейде бір ғана деректі дәйектеу үшін әлденеше кітапты саралайсыз», – дейді. Бір сөзбен айтқанда, адамзатқа электр жарығын сыйлаған өнер тапқыш-данышпан ғалым Т. Эдиссонның: «Талант – бір пайыз, қалған тоқсан тоғыз пайызы – тер», – деген сөзі ақиқат шындық болып тұр.

Адамзат тарихындағы «Шыңғыс хан» тарихы – әлемдік тақырып. Өздерінің діни, саяси һәм әлеуметтік көзқарастарына орай әлем тарихшыларының ішінде «Шыңғыс хан» тақырыбына үн қоспағаны некен-саяқ. Солардың біразының еңбектерімен де ғылыми ұстанымдарымен де таныспыз деп жүрсек, Мағауиннің «Шыңғыс ханындағы» пайдаланған әдебиеттер тізімінде біз атын естіп білмеген қаншама Ежелгі Қытай мен Орталық Азия ғалымдары жүр.

Мағауин өзінің «Шыңғыс хан» атты төрт томдық ғылыми еңбегінде Шыңғыс хан турасындағы батыстық және шығыстық көзқарастарды логикалық ғылыми-жүйе тұрғысынан саралай келе, Ұлы Қаһан туралы әлемдік тарих ғылымында күні бүгінге дейін талас тудырып келе жатқан  күрделі мәселелер турасындағы өз қөзқарасын ғылыми негізде тамаша дәлелдеп отырады. Түркілік түсінік пен ұлттық көзқарасты ту еткен Мағауин пікіріндегі ғылыми ой – дәлелді һәм пайымдық ауқымы да аса кең.

Біздің түсінігіміздегі М. Мағауиннің «Шыңғыс ханы» – әлемдік «Шыңғыс хантануға» қосылған сүбелі  үлес. Алла бұйыртып жатса, бұл ойымызды талдап жазып, түсіндіре жатармыз. Бұл – алдағы күн еншісіндегі бөлек тақырып.

Қазіргі сөз М. Мағауиннің «Мені» хақында.

Жазу мақсатымызға орай, сөз басында, адам баласының тағдыр-талайына бұйырған жазмыш туралы, көріпкелдік туралы сөз қозғап едік. Себебі, М. Мағауин өзінің «Меніндегі» жан-сыры іспеттес реквием-монологында: «... Мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмытылады... Мен, Мен ғана. Мен болмасам ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек көзі ашылмайды. Мен, Мен... деп ойладың», – деп жазып еді.

Өмірін тағдырына бағындырған адам ғана өзінің тағдыр-талайына сеніп, пешенесіне жазылған жазмышын білетін секілді. Ғұмыр-тағдырын белгілі мақсатқа арнаған адам ғана: «... Мен күреспесем... Мен болмасам... ұрпағымның көкірек көзі ашылмайды, Мен... Мен», – деп жаза алса керек. Бұл жердегі «мен» – жазушының өз талант күшіне деген сенімі һәм келер ұрпақ пен ұлт алдындығы перзенттік борышы мен міндетінің көрінісі.

Еңбегіміздің алдыңғы бөлімінде айттық, тағы да қайталаймыз: Жазушы бұл жерде «Мен, Мен», – деп көкірек ұрып отырған жоқ. Оның «Мені» – ең бірінші өзіне жүктелген міндет, содан соң өз күшіне деген сенім. Сенім басты орынға шықпаған жерде, шығармашылық жұмыстың алға жылжымайтыны – ақиқат.

Жалғасы бар...

Нұрғали Махан

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 291
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 439
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 301