Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6260 8 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 12:09

Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз (Жалғасы)

Суреттер Н.Маханның мұрағатынан және adebiportal.kz сайтынан алынды.

Басы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз...

Екінші бөлім

«Мен болмасам ұрпағымның көкірек көзі ашылмайды», – деген сенім ғана – Қазақ әдебиеті Бұқар жыраудан, жоқ, жоқ Бұқар жыраудан емес, оның бергі жағы Махамбеттен басталады, – деп жүргендерге ол не бәрі жиырма жеті жасында жазған «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясы арқылы Қазақ әдебиеті тарихының көкжиегін төрт жүз жылға кеңейтіп берді. Жәй ғана кеңейтіп берген жоқ, Қазақ әдебиеті тарихын Қазтуған жырау, Асан Қайғы, Доспанбет, Шалкиіз, Жиенбет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар, Көтеш, Шал ақын секілді жыраулардың шығармаларымен толықтырып, ұлтымыздың көркемдік ойлау жүйесінің деңгейінің сонау шырқау биікте екенін, сол кезеңдегі тарихи-әлеуметтік жағдайларды сипаттай отырып, тамаша дәлелдеп шықты.

Бұл аталмыш жыраулар ішінде сол кезеңдегі Қазақ әдебиеті ғылымында Асан Қайғы мен Бұқар жырау есімдері ғана белгілі боп, олардың шығармашылықтары біршама зерттелген болатын. Асан Қайғы мен Бұқар жыраудан өзге жоғарыда аты аталған жыраулар туралы Қазақ әдебиеті ғылымы да,  әдебиет зерттеуші ғалымдардың өздері де, ол жыраулардың өмірі мен шығармашылығынан мүлдем бейхабар еді. Сондықтан да әдебиет зерттеушісі көптеген ғалым профессорларымыздың өзі Қазақ әдебиеті тарихын XVIII ғасырдағы Бұқар жыраудан қайырып, Асан Қайғыны аңыз кейіпкері ретінде ғана түсіндіретін. Әрине, өз кезеңінде Асан Қайғыны Шоқан, М. Әуезов, Б. Кенжебаевтар біршама зерттеп жазған болатын. Шоқан Асан Қайғыны «дала философы» деп атады.

Ал Асан Қайғы турралы М. Әуезовтің: «Асан Қайғы жайындағы әңгіменің екінші, халыққа жат, бөтен саналы түрлері тағы бар. Ол аңыздағы Асан – халық мүддесімен қабысатын Асан емес, хан сарайының ақылшы сыншысы, санашыл болған Асан. Бұл Жәнібек ханға ақыл айтады. Құладынға қу ілдіргенің жаман ырым, қала салғаның жаман қылық деп сынап шенейді. Мұндағы Асан кертартпа феодалдық заңның санашылы болып шығады», – деген (М. Әуезов «Әр жылдар ойлары» Алматы 1959) пікіріне қарсы М. Мағауин өзінің «Қобыз сарыны» монографиясында: «Асан – XV ғасырдың перзенті, сол заманның салт-санасы, идеологиясы Асанға да жат емес, сондықтан біз бұл жерде мәселеге тарихи көзқарас тұрғысынан келуге тиіспіз. Асан хандық үкіметтің берік болғанын қалайды. Сондықтан, Жәнібекті ата жорасын бұздың деп сөгуі әбден мүмкін. Асан ханның орыс шеберлерін алдырып, сарай  салдырғанын да ұнатппайды. «Мұның жаман ырым» – дейді ол,– сарайды салған – кәуір, алатын да, кәуір болады.

Аңызда Жәнібектің орыс шеберлерін шақыртып, ғимарат тұрғызуын біз анахронизм деп қараймыз. Тарихта мұндай оқиғалар болған. XV-XVI ғасырыларда көшпенді Ноғайлар сарай не басқа да құрылыс салу қажет болса, Москвадан «қала салушы шеберлер» сұратып алатын. (Г. Перетяткович. Повольже в XV и XVI веках Москва, 1877, стр 145-146.)

Асан атына байланысты  кең тараған сөздің бірі – кейін Бұқар шешті дейтін қысқа толғау. Мұнда Асанның өз тобының мүддесін көздегенін көреміз. Асан өмір сүрген XV ғасыр – Шығыс Европаның тарихында ұлы өзгерістер болып жатқан дәуір еді. Күні кеше Алтын Орданың тепкісінде жатқан орыс елі қайта көтерілді. Москва күшейе бастады, бірлі-жарым қақтығыста өз қаруының салмағын көрсетіп те қалды. Алтын Орда шылпара боп ыдырап, оның орнын өзара қақтығыстан басқаны білмейтін дербес хандықтар басты. Ал орыс мемлекетінің қуаты күн сайын артып келе жатты.

Асан Қайғының өз дәуірінде болып жатқан өзгерістердің мәнін ұғынып, байыбына жете түсінгендігі көрінеді. Бұл, әрние, Асанның үлкен ақыл иесі, ойшыл болғандығының тағы бір айғағы.

Кейін бірнеше ғасыр өткен соң «орыс мәдениетінің қазақ халқы үшін игілікті әсері болатынын» ғайыптан болжап білу, әрине, мүмкін емес-тін. Сондықтан Асанды кінәләу, сыпайылап айтқанда парықсыздау болар еді», – дейді. (М. Мағауин «Қобыз сарыны» моногрфиясы. Ғасырлар бедері. 31-32 – бет. Алматы, Жазушы – 1991)

Дәл осылай депті. 1965 жылдың 11 – қазан күні. «XV-XVIІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» тақырыбына, филология ғылымының кандидаты атағын алу үшін болған диссертация қорғау сәтіндегі ғылыми кеңесте, мүйізі қарағайдай ғылым докторлары, профессор, академиктердің алдында. Диссертант Асан атасының ұлт әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі мен еңбегін айтып ақтап, қорғарда, өзінің ұстазы, ғұлама ғалым М. Әуезовтің Асан Қайғы турасындағы пікіріне де қарсы келіпті. Ешкімнің беделі мен атақ-абыройына да қарамапты. «Платон менің ұстазым, бірақ, маған шындық қымбат», – деген Аристотель сөзін бағдаршам еткен тәрізді.

Жоғарыда жақша ішінде көрсетіп өткеніміздей, Асан Қайғы жөнінде М. Әуезовті сынаған Мағауиннің сөзін автордың 1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан «Ғасырлар бедері» кітабына енген «Қобыз сарыны» монографиясынан алдым. Ал, айтылған уақытын Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық Хамса роман-эссесінің «Қия жолдар» бөлімінен таптым. Қоспа жоқ, дәл осылай болған секілді. Диссертация қорғау сәтінде Қазақ әдебиеті тарихы XVIII ғасырдан басталады деп жүргендерге: – Жоқ, Қазақ әдебиеті тарихы XV ғасырдан, тіптен одан арғы уақыттан басталады, –  дей отырып, Әуезовтей ғұламаны сынау – атақ, абырой, ақшадан бас тартқан көзсіз ерлік болатын. Себебі, ғылым кандидаты болмасаң, талай жылғы зерттеу еңбегіңнің текке кетуі былай тұрсын – мардымсыз қызмет, төмен жалақы, ғылым ордалары болып есептелетін Ұлттық Академия мен Университет есіктері сен үшін жабық! Осының бәрін біле тұра, кешегі аспирант М. Мағауин өзінің диссертациялық еңбегін қорғау сәтінде, ұлт әдебиетіндегі өзі ашқан жаңалық – «XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы» үшін, жанын шүберекке түйіп, биік құздан тұңғиыққа секіргендей көзсіз ерлік жасапты.

Адамның бір аты – пенде. Жеке бастың мүддесіне келгенде пендешілікке бармайтын адам некен-саяқ. Ұлт әдебиеті тарихының тағдыры таласқа түсіп жатқан тұста М. Мағауин жасаған іс-әрекет – ұрпаққа үлгі боларлықтай ерлік.

Қазақ әдебиеті тарихы XVIII ғасырдағы Бұқар жыраудан басталады, – деп жүрген біздің ағаларымыздың біразы сыныққа сылтау іздеп, Әуезовті сынаған Мағауиннің сөзіне шап беріп: «Бізді қойшы, Әуезовке тиісіпті. Ешкімді сыйламайды, ешкімді мойындамайды. Диссертациялық еңбекте маркстік-лениндік идеология тұрғысындағы талдау жоқ, тек тамсану», – деп, ғылыми кеңесте Мағауин еңбегін қатты сынайды. Автор диссертациясын қорғап шығудан үмітін үзе бастаған сәтте сөз алған Совет Одағының батыры, академик ағамыз Мәлік Ғабдуллин дауды басып, диссертацияға жоғары баға беріп, ғылыми кеңес мүшелерінің бетін бері  бұрған секілді. Автордың жазуы бойынша, арада жиырма үш айдан кейін, Москвадағы жоғарғы аттестациялық комиссия М. Мағауиннің диссертациясын бекіткен көрінеді. (М. Мағауин. «Мен» 454 бет.) Диссертация 1968 жылы «Қобыз сарыны» деген атпен ғылыми монография ретінде дербес кітап болып, баспадан жарық көріпті.

Байқағанымыз: Автор өзіне жақсылығы өткен адамдарды да, төмен тартып, кедергі келтірген адамдардың да ешқайсын ұмытпаған. Әлгі диссертация қорғайтын ғылыми кеңесте Мәлік Ғабдуллин мен Бейсенбай Кенжебаев есімдерін ғана алғыспен еске алады да, қалған ғылыми кеңес мүшелерінің есімдерін атамай, жанама кейіпкер ретінде жалпы сұлбасын суреттеумен ғана шектеліпті.

Көкіректе шемен боп бір сұрақ тұр. Ол – ғылыми кеңесте Мағауин суреттеген «сұлбалардың» көксегені не? Мағауинді қорғатпау ма? Ал, Мағауинді қорғатпай құлатып жіберді делік. Сол тұстағы Қазақ әдебиеті ғылымында қаптап жүрген ғылым кандидаттарының бірі кем болды. Одан олар не ұтады? Әлде, Қазақ әдебиетінің тарихы XV ғасырдан басталады деген Мағауин ашқан жаңалық ұнамады ма? Бұл жаңалықта адам шошырлық не бар?

Анығына келгенде, М. Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясы – «Ресейге қосылғанға дейін қазақта тарих та, әдебиет те, мәдениет те болған жоқ. Барлығын алып келген мына біз – ұлы орыс халқы», – деген ұлы орыстық, Кеңестік-шовинистік отаршыл тұжырымға қарсы жазылған, антитезис сыпатындағы әдеби-тарихи зерттеу болатын. Бұл еңбектің Қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін қандай жаңалық алып келгенін ғылыми кеңестегі «сұлбалар» түсінбеді емес, түсінді! Түсіне тұра қарсы шықты! Неге? Жауап біреу-ақ!

Отарлық жүйеде аяқ-асты болып тапталып, жойылуға жақындаған ұлттық намыс пен ұлттық сананың өз деңгейінде көрініс бермеуінен де олар Қазақ әдебиеті  тарихының тамыры тым тереңде жатыр деген тұжырымға «аттандап» қарсы шықты. Қарны тойса болды, белгілі  шеңбердің ішінде ғана қожайынның қолынан жем жеп үйренген мақұлық секілді, жайлы өмірге әбден үйренген «сұлбалар» – тәуелсіз өмір ғана ұлттық сананы қалыптастырып, адамзатты өркениеттің даму жолына тура бастайтынын білмейтін. Оны олар түсінбейтін де. Адам бойындағы тоғышарлық, көре алмайтын қызғаншақтық секілді аса жағымсыз қасиеттер ұлттық сананың төмендігінен пайда болады. Бұл жерге жершілдік пен рушылдық секілді «қазақы кеселді» де қосып қойыңыз.Ұлттық сананың негізі – ұлттың тарихы мен әдебиетінде жатқанын жақсы түсінген отаршылдар өмір бойы отарланған елінің ұлттық санасын жоюды ғана ойлап, «ұлт зиялылары» деп аталатын сол ұлттың оқығандарының ішінен айтқанға көніп, айдауға жүретіндеріне түрлі ғылыми атақ пен марапат бере отырып, олардан жаны бар «сұлбалар» жасауға тырысты. Бұл «сұлбалардың» бар білері – өздерінен жоғары тұрған қожайындарының бар айтқанын мүлтіксіз екі етпей орындау! Болды. Қалғаны маңызды емес.

Осы «сұлбалардың» : «Мағауин ешкімді мойындамайды, сыйламайды. Әуезовтің өзіне тіл тигізді», – дегендері жәй сылтау. Олар М. Әуезовтің Асан Қайғы туралы жазғандарын білмеді деп ойлау – әбестік. Білген. Тек, олар М. Әуезовтің Асан Қайғы туралы айтқандарын саралап, Мағауиннің Асан Қайғы туралы тұжырымымен салыстырмады.

М. Әуезов Асан Қайғы туралы алғаш рет 1925 жылы «Әдебиет тарихы» зерттеу еңбегінде жазыпты.  Асан Қайғы турасында М. Әуезовпен ғылыми пікірталасқа барған Мағауин, өз пікірін ғылыми негізде дәлелдеп шықты, – деп айтылған бір ауыз сөзімізге қарап, Асан Қайғы туралы жазған М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» еңбегінің ғылыми негізі төмен екен деп ойлап қалуға болмайды. Анығына келгенде, М. Әуезов жазған «Әдебиет тарихы» еңбегі – Қазақ әдебиеті үшін аса құнды ғылыми еңбек. Әдебиет оқулығы есебінде жазылған Әуезовтің «Әдебиет тарихы» еңбегі – саяси тапсырыстағы қысымынан тыс, ғылыми негізде жазылған еркін ойлы оқулық-монография іспеттес ғылыми зерттеу. Сталин тұсындағы репрессияда «бұғатталып» қамауға түскен бұл еңбектің толық нұсқасы – М. Әуезовтің елу томдық академиялық толық шығармалар жинағының төртінші томында, 2014 жылы М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлерінің құрастыруымен жарияға шықты. 1925 жылы жазылып, 1927 жылы жеке кітап болып басылып шыққан бұл еңбекте М. Әуезов: «Қазақ ескілігі жалғыз қазақтікі емес, жалпы түркі жұртының ескілігі деп санауға керек», – дей отырып, Қазақ әдебиетінің тарихын ең бірінші болып: 1. Ауыз әдебиеті, 2. Түркілік әдебиет, 3. Ислам дәуіріндегі  әдебиет, 4. «Қазақ елінің өз қанынан туып, өз сүтімен өскен әдебиет» деп төрт топқа бөліп, XVІІI ғасырдан бастап Ресей  империясының отаршыл саясатының құрбандығына айналған дәуір әдебиетіне «Зар заман әдебиеті» деген атау береді. Абылай дәуірінен шамалы бұрын өмір сүрді деген Асан Қайғыдан бастап, XIX ғасырдың екінші жартысы Абайға дейінгі дәуірді М. Әуезов «Зар заман әдебиетіне» жатқызады. Асан Қайғы өмір сүрген дәуір турасында  М. Әуезов: «Асан айтты деген сөздерді қазақ тарихымен салыстырып көрсек, бұл адам ең алдымен Әз-Жәнібек ханның тұстасы болуға қисындайды. Тарихта Әз-Жәнібек Қобыландының тұстасы. Бұл ноғайлы қазақ бірлігінің заманында хандық құрған адам. Ол кезде қазақ елінің алдында орысқа қарау деген мәселе туған да емес, ешбір жанның басында ондайлық суық ой келген де емес», – дей келіп:

                              Арасынан қытай, орыстың
                              Қорған сап тыныш жатырсың               
                              Өзің Жәнібек, елден асқан батырсың
                              Ертісті өрлеп орыс жүр
                              Тіл алсаң іздеп қоныс көр
                              Бұл арадан көшпесең
                              Айтқаныма түспесең
                              Орыс алар қалаңды
                              Шулатар қатын-балаңды, – осы өлеңдегі орыс, қытайдың ортасында отырған қазақ, Ертісті өрлеп жүрген орыс, бодан болғалы отырған ел жат жұртқа құл болмас үшін ауа көшуді ем көрген басшылар, барлығы да Абылай дәуірінің суреті емес пе? Абылайдың өз заманы,  болмаса оның алдындағы 30-40 жылдай бұрын болған хандардың анық белгісі емес пе? Сондықтан, Асан өмір сүрген заманды Абылай дәуірінің айналасынан іздеу керек деп білеміз», –  дейді. (М. Әуезов. 50 томдық толық шығармалар жинағы. 4-том. 210-211 бет.)

Өте қисынды ой. Асан Қайғы туындысы деп танылған өлеңдер арқылы М. Әуезов Асанның өмір сүрген уақытына болжам жасайды.

М. Мағауин де өзінің «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясында Асан Қайғының өлеңдері деген:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер
                               Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер, – деген толғаулары арқылы, немесе:

Ай, хан, мен айтсам білмейсің,
                               Айтқаныма көнбейсің...

Болмаса:

Қырында киік жайлаған
                               Суында балық ойнаған
                               Оймауыттай тоғай егіннің
                               Ойына келген асын жейтұғын
Жемде кеңес қылмадың, – деген толғауларын мысалға келтіре отырып, Асан Қайғы – XV ғасырда өмір сүрген Жәнібек ханның замандасы деген пікір айтады.

М. Әуезов ойы бойынша, Асан Қайғы – Абылай ханның заманының айналасында өмір сүрген адам болса, М. Мағауиннің жазуы – Асан Қайғы XV ғасырда өмір сүрген. Әрине, екі автор да өз ойларын Асан Қайғының толғаулары деген өлең жолдары арқылы дәлелдеуге тырысқан.

1959 жылы жарық көрген «Әр жылдар ойлары» кітабындағы мақаласында Әуезов Асан Қайғы турасында: «Жәнібек ханның ақылшысы, халыққа жайлы қоныс іздеген халық қамқоры», – деп айтып келеді де: «Асан Қайғы жайындағы әңгіменің екінші халыққа жат бөтен саналы түрлері тағы бар. Ол аңыздағы Асан халық мүддесімен қабысатын Асан емес, хан сарайының ақылшысы, сыншысы, санашылы болған Асан», – дейді. (М. Әуезов. «Әр жылдар ойлары. Алматы, «Ғылым» -1959. 245-247 беттер»)

М. Әуезов 1925 жылы жазған «Әдебиет тарихы» еңбегінде Асан Қайғыны Абылай ханның замандасы, Әз-Жәнібек ханның тұстасы болуға қисынбайды, – десе, 1959 жылы жазған «Әр жылдар ойлары» еңбегінде Асан Қайғыны: «Жәнібек ханның ақылшысы, – дейді. Әз-Жәнібек хан мен Абылай ханның арасы жобамен екі жүз жылдан асып жығылады. Өз еңбектерінде Асан Қайғы туралы екі түрлі пікір айтқан М. Әуезовті кінәләудан аулақпыз. Оған Хан, Сұлтан, бай мен би – үстем тап өкілдері, халық жауы, деген кеңестік идеология бірінші себеп болса, екіншіден; 1925 жылы жазған «Әдебиет тарихы» еңбегінде қолда бар халық ауыз әдбиеті үлгілері туралы: «... азға қанағаттанған, азды тілеген мөлшердің өзіне де тола алмай, шала болып қалғаны бар», – деп, Әуезовтің өзі қолда бар ауыз әдебиеті үлгілерінің өте аз мөлшерде болғанын ашық мойындайды. Үшіншіден, зерттеп біле келе авторлық пікір мен көзқараста өзгеріс болуы бек мүмкін. Әсіресе, осы үшінші себеп ғылымда жиі ұшырасатын жағдай екені белгілі. Десек те, 1925 жылы жазған Әуезовтің «Әдебиет тарихы» еңбегі – Қазақ әдебиеті тарихын ғылыми негізде дәуір-дәуірге бөле отырып, Қазақ ауыз әдебиетін түрлі жанрларға жіктеген қазақ әдебиетіндегі алғашқы ғылыми еңбек.

М. Мағауин ғылым – дәлел мен дәйек, содан соң қисынды жүйе қағидасы бойынша: «Асан Қайғы Жәнібек ханның замандасы, ақылшысы. Ол XV ғасырдың перзенті», – дей отырып, М. Әуезовтің: «Асан Қайғы Жәнібек ханның ақылшысы, халық мүддесімен қабысатын Асан емес» деген сөзіне қарсы: – Асан – XV ғасырдың перзенті, сол заманның салт-санасы, идеологиясы Асанға да жат емес. Біз бұл жерде мәселеге тарихи көзқарас тұрғысынан келуге тиіспіз. Сондықтан, Асанды кінәләу сыпайылап айтқанда парықсыздық болар еді, – деген ғылыми пікірі, Мағауиннің диссертациясы талқыланатын ғылыми кеңестегі «сұлбалардың»: «Ойбай, Мағауин ешкімді сыйламайды, мойындамайды. Әуезовтің өзіне қарсы шығып отыр», – деп шу көтерген оқиғасына  ұласқан-ды.

Ғылымда жеңімпаз да, жеңілуші де жоқ. Пікірталас қана бар. Кейінгілерге қалатыны – пікірталас нәтижесінде пайда болған жүйелі негіздегі ғылыми көзқарас қана.

Сөз басында айттық, М. Мағауинге дейін Қазақ әдебиеті ғылымында аңыз кейіпкері ретіндегі Асан Қайғы мен XVIII ғасырдағы Бұқар жырау есімдері ғана белгілі болатын. Асан Қайғы мен Бұқар жырау арасындағы төрт жүз жыл – Қазақ әдебиеті үшін мүлдем белгісіз еді. Әдебиет тарихының хронологиясында осы төрт жүз жылдың орны бос тұрған-ды. Міне, осы бос кеңістік – төрт жүз жылды, әдебиет тарихын зерттеуші аспирант Мұхтар Мағауин жиырма жеті жасында Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиенбет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Көтеш, Шал ақындардың есімдері арқылы, олардың шығармалары мен өмір сүрген заманын тарихи-әлеуметтік тұрғыдан зерттей отырып толтырды. Есеміз толып, өшкеніміз жанғандай болған.

XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы хақында М. Мағауин жазған ғылыми зерттеу еңбектің аты – «Қобыз сарыны». «Қобыз сарыны» монографиясын ғылыми негізде сараптау, біздің бұл жолғы міндетімізге жатпайды. Десек те, жыраулар поэзиясы турасында сөз қозғаған бірде-бір зерттеуші «Қобыз сарыны» ғылыми монографиясын айналып өткен емес. Осыдан-ақ «Қобыз сарынының» ғылыми салмағын анықтауға болады. Бір анық бар. Ол: М. Мағауин өзінің «Қобыз сарыны» ғылыми монографиясы арқылы ұлт руханияты мен қазақ әдебиеті ғылымының қоржынына естен кетпес еселі үлес қосты. Кейде ойлаймын: Егер, М. Мағауин «Қобыз сарынынан» өзге мейлі қандай жанрда болсын ештеңе жазбағанның өзінде де, бір ғана ғылыми монографиясы арқылы М. Мағауин есімі қазақ әдебиеті тарихында мәңгілікке қалған болар еді.

Тіл оралымы аса бай, тарихи-танымдық әдеби зерттеу – «Қобыз сарыны» монографиясы ғылыми еңбек болса да, көркем әдебиет секілді түсінікке жеңіл, тартымды әрі қызғылықты оқылады. Еңбекте XV ғасырда өмір сүрген Қазтуған жыраудан бастап, XVIII ғасырдағы Көтеш, Шал ақындарға дейінгі аралықта өмір сүрген жыраулар өмірі мен шығармашылығының көркемдік жүйесі – ғылыми негіздегі тарихи-танымдық тұрғыдан аса нанымды суреттелген.

Екінші бөлімнің соңы

Жалғасы бар

Нұрғали Махан

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972