Жұма, 8 Қараша 2024
Аласапыран 997 2 пікір 30 Қазан, 2024 сағат 14:43

«Гибридтенген» геосаясат: Салдары сорақы боп барады

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.

Грузияда парламенттік сайлау өтті. Ресми ақпарат бойынша, билік басындағы проресейлік «Грузия арманы» партиясы сайлаушылар дауысының 54 процентін иеленді. Әрине, оппозициялық тәжірибесі мол, тек қана билікке көзқарас негізінде қақ жарылып қоймай, не Еуроодақпен, не Ресеймен ынтымақтасу мәселесі бойынша ойы екіге бөлінген мінезді елдегі қазіргі ахуал алаңдатарлық-ақ.

Мемлекет президенті Саломе Зурабашвили сайлау нәтижелерімен келіспей: «Біз ресейлік арнайы операцияның куәгері және құрбаны болдық, ол біздің халқымыз бен біздің елімізге қарсы жүргізілген гибридтік соғыстың жаңа формаларының бірі», - деп мәлімдеді.

Оның бұл сөзіне Ресейдің бұрынғы президенті, бүгінде РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев өзінің Х желісінде жауап берді:

«Грузияның марионетка президенті сайлау нәтижелерін мойындамай, төңкеріске шақырып, Конституцияға қарсы шықты. Мұндай жағдайда стандартты практика – биліктен босату мен тұтқындау».

Бұл Кремльдің басқа елде өткен сайлауға қатысты ұстанымы болса, тағы бір елде өтетін алдағы сайлау туралы да өзін постсоветтік кеңістікте қожайындай сезініп жүрген ресейлік биліктің тағы бір оғаш пікірі осы күндері «жарқ» ете қалды.

«Егер де 2025 жылы болуға тиіс президент сайлау кезінде белорус билігінің басына күн туса, Кремль қол ұшын созады».

Бұл Минскідегі ресейлік елші Борис Грызловтың сөзі. 2020 жылы Белоруссияда болған президент сайлауы кезінде Совет дәуірінен бері елді басқарып келе жатқан Лукашенкоға қарсы халықтың қалай көтерілгені есімізде. Енді жетінші рет (!) сайлауға түспек ойы бар авторитар басшының келесі жылғы сайлауда қандай қиындықтарға кезігетінін Кремль алдын-ала сезіп отырған сықылды. Содан болар, осындай ескертпе жасап жатыр.

Халықаралық қарым-қатынаста бір бұлжымайтын қағидат бар. Ол талап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 1965 жылы 21 желтоқсанда қабылдаған «Мемлекеттердің ішкі ісіне араласуға жол бермеу, олардың тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау туралы» Декларациясында тайға таңба басқандай жазылған.

Ол құжаттың алғашқы бабында: «Ешбір мемлекеттің басқа мемлекеттің ішкі және сыртқы істеріне қандай да болсын, тура не жанама, себептермен араласуға құқы жоқ» делінген.

Осыдан 59 жыл бұрын осы құжатты жазған адамдар XXI ғасырда «басқа елдің ісіне араласу» термині ұлғайып, жаңаша мән-мазмұнға ие болып, кешенді, гибридтік сипат алатынын білген-ау деймін. Өйткені онда тек қана қарулы күш көрсету әдісі ғана аталмай, мемлекет өміріне араласудың барлық (!) формалары, соның ішінде «оның саяси, экономикалық, мәдени элементтері» де аталған. Геосаясаттың өзі «гибридтеліп» бара жатқан мына құйтырқы заманда әлі де талай сойқан, сұмдықты көретін шығармыз.

Сол себепті Ресейдің ресми тұлғаларының басқа елдердегі сайлаулар туралы мына сөздері БҰҰ-ның басты құжаттарының бірін өрескел түрде бұзу деп қабылдау керек.

Бұл тақырыптың Қазақстан жағдайына тікелей қатысы бар деп санаймын. Өйткені, Украинаға қарсы ашқан соғысы Ресейдің бүгінгі басшылығының неоимпериялық ұстанымдарын одан сайын қоздырып жатқаны анық. Енді олар өліспей, беріспейді. Әрине, Путиннің жеке басына қатысты форс-мажор оқиға орын алса, немесе Батыс санкциялары мен тыйымдарынан әбден титықтап, бар байлығынан айрылған Кремль маңайындағы олигархтар бас көтерсе, жағдай шұғыл түрде өзгеруі мүмкін.

Бірақ оның бәрі әзірше «астыртын әрекет теориясы» аясындағы долбар ғана. Бүгінгі жағдай бөлек.

Қоғамда, сарапшылар арасында қисықтау бір пікір бар. Оның мәнісі мынада: «Билік өзінің кемшіліктерін жасыру үшін көп жағдайда ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерді тілге тиек ете береді, сөйтіп қоғамдық ойды басқа жаққа бағыттағысы келеді. Ол уәж өзекті емес».

Меніңше, бұл ағаттау пікір.

Ресейдің ресми тұлғалары басқа елдерге ықпалын сақтап қалуға бағытталған арам ойын ешкімнен жасырмай, ашықтан-ашық айта бастауы да соның бір айғағы болса керек. «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дегеннің бір сыңайы.

Иә, биліктің өне бойындағы кемшіліктер мен қателіктер жеткілікті. Алайда, мемлекеттік саясат жүргізуде, қоғамдық қызметте, ел мен әлемдегі ахуалға баға бергенде дәл осы, жоғарыда аталған қауіптерді ескеріп отыруымыз қажет деп санаймын.

Қоғамдық-саяси, әлеуметтік- экономикалық проблемаларға қатысты әртүрлі ұстанымы бар күштер мен жеке тұлғалар ұлттық мүдде, мемлекеттің тұрақтылығы, ортақ Отанымыздың Тәуелсіздігі секілді іргелі де киелі қағидаттар негізінде бірге болуы тиіс деп ойлаймын.

Қалғанының бәрі - бос та бөспе сөз, тұрпайы популизм, саяси конъюнктура мен технология, орынсыз амбицияны ақтау, ал кей жағдайда, ел болашағы үшін кесірлі ниет!

Әміржан Қосан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1132
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2350
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2360