Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Естелік 1069 2 пікір 7 Қараша, 2024 сағат 12:26

Іздеушісі болса

Сурет jebeu.kz және almaty.tv сайттарынан алынды.

«Мен бір күні оларды ұмытсам, Құдай, сен мені ұмыт!»

Бұл сөзді поляктың азаттық сүйгіш ақыны Адам Мицкевич арғы ғасырдың басында айтқан. Өз ұлтын орыс отарынан босату жолында жанын қиған достары туралы айтып еді. Оның ойынша Отанның азаттығы үшін күресіп, жан қиған батырларын әр поляк білуі, оны қай заман, қандай кез болса да, поляктың әр ұрпағы есте ұстауы керек екен. Мәңгілік мемлекет құратын мәңгілік ұлттың баласы сөйтетін көрінеді

Біз ше?

Берік Әбдіғали есімін тізген Алаштың мың әскерінен сіз нешеуін білесіз?

«Өзің айтшы» десең, атамекенім Тарбағатайдан шыққан 6-7 кісіні ойланбастан атаймын. Жәкулә Күшікұлы, Итбаев Ережеп, Отыншы Әлжан, Әбілмәжін Түсіпұлы, Ғазез Қалбан, Мырзасадық Құрбанғажы… деп.

«Олар кім?», десең:

Жәкулә 1880-1885 жж. Омбы фельдчерлік техникумын таусып, әскери дәрігер болды. Пржевальск губерниясының хатшысы деңгейіне жетті. 1909 жылы бәрін тастап, Тарбағатайға оралып, болыс болып, ел-жерінің есесін қорғады. 1913 жылы «Қазақты жеке мемлекет жасауға талпынды» деп істі болды. Ол - Ақ отаршыдан аман қалғанмен, Қызыл отаршының қырына ілінді. Шәуешекке өтіп, саяси әрекетін сонда жалғастырды. Алаш қайраткерлерін сонда шақырды. 1933 ж. жасырын барған НКВД жансыздары Шәуешекте атып кетті.

Итбаев Ережеп 1920 жылдың алғашқы жартысында Қазақтың Ресеймен шектесетін сегіз мың шақырымдық шекарасын өлшеп, сызып шыққан үш кісінің бірі. Ол үшеу - Әлімхан Ермеков, Уәлихан Танашев, Ережеп Итбаев. Олар Ахмет Байтұрсынұлының басшылығында болды. Әлихан Бөкейхановтың сөзіне құлақ асты.

Отыншы Әлжән Алаш әскерінің қолбасшысы. Қасық қаны қалғанша берілмеді. Қызылдармен соңына дейін соғысып, азаттық үшін жанын пида етті. Әзиз тәні Тарбағатайдың күнгей бөктеріндегі зеңбірек оғынан құлаған тамның астында қалды.

Әбілмәжін Түсіпұлы көкесі Жәкуләнің қамқорлығымен Верныйда мектеп оқыды. 1912-1917 жж. Варшава ветеринар университетін тауысты. Қайта оралып, Алаш қозғалысына араласты. Кеңес Одағы орнаған соң, қазіргі Қапыланбектегі ветеринар техникумын құрды. Өзі доссет еді. 1936 ж. «Кіші Алаш Ордашы» деген қылмыспен Ертай Ермеков екеуі бірге атылды. Ертай ол — Әлімхан Ермековтың інісі еді.

Ғазиз бен Мырзасадық — екі достың екеуі де Алаш әскерінің офицері. Оны біз Б.Әбдіғалидың кітәбінен көрдік. Мырзасадықтың қызы Нәзипәнің жиған-терген жазбаларынан білдік. Олар Қызылдар келгенде бірі - Семейдің атқару комитетін, енді бірі - сотын басқарыпты. 1928-30 жж. екеуі де Шәуешекке өтіп, ондағы қазақтарға мектеп ашумен мықтап айналысыпты. Сол жақтың жерлік билігімен келісіп, халқын сауаттандыруға құлшыныпты. Он жылда жүздеген мектептің ашылуына, Алаштың оқулығын, төл жазуын ол елде орнықтыруға күшін, ісін беріпті. Ондағы екі миллион қазақтың күні бүгінге дейін Байтұрсынұлы жазуын қолданатыны сонан.

Біз бұның бәрін қайдан білдік. Іздеушісі болғаннан білдік. Есте сақтаушысы болғаннан, еске салушысы болғаннан білдік.

Сондай ата-баба рухын құлшына іздеушінің бір – Асқар еді. Осы толғаныс та Асқарды еске алудан туды.

2012-13 жж. Асқар Жәкулин Тарбағатай асып, Ақсуатқа сапарлап, атасы Жәкуләнің ізін шалған. Омбыға кісі жіберіп, мұрағат ақтарған. Кітаптар шығарып, деректі фильмдер түсіртіп, облыс ауқымындағы аламан шаралар ұйымдастырып, Жәкулә рухын жарыққа шығарған.

Біз сол бір тарихи шаралардың арқасында Жәкуләні ғана емес, оның досы Итбаев Ережепті, Әбілмәжінді, Шалымбетовтерді білдік. Жәкуләнің қызы Ғазиза Мұхамметжан Тынышбаевқа тұрмысқа шыққанын, олардан ұрпақ қалғанын білдік.

Асқар арамызда жоқ. Ол қайтқалы да он жылға таяды. Ал осы жылдарда Жәкуләні еске алу шарасы толастаған жоқ. Оның жары Жәйнә мен ұрпақтары Алашшыл атасына арнап жыл сайын нешеме шара өткізеді. Соның бірі - Білім министрлігімен бірлесіп, орта мектеп оқушылары арасында Шығыс Қазақстан облысы бойынша жыл сайын өтетін химия, биология олимпиядасы. Бай-бағлан болу бір басқа, баба мұратын ұстану - ол бір басқа екен ғой.

Кешелі-бері аяулы баурым Асқар Жәкулин туралы ойлап жүрдім. Қарашаның 7 сі оның туған күні болатын. Ол — атасы Жәкуләні ұрпақ санасына орнықтыра отырып, ең маңыздысы - ұрпақ жадына ұлы бабаларының арман-мұратын да біртіндеп сіңіріп келеді екен.

Сіз де қолыңыздан келгенінше сөйтіңіз. Біз Алаш азаматтарын ұмытқан күні олардың ұлы мақсұттарын да ұмытамыз. Ел болу үшін де еркіндік аңсаған ерлеріміз есімізде тұрсын.

Сіз, сізді айтам... Алаш арыстарынан кімді білесіз? Балаңыз ше?

Алмас Ахметбекұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1988