Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ЖОО басшыларымен кездесті
Абзал Нүкенов: Жастар сапалы білім алып, дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға тиіс!
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті.
Кездесуде білім беру жүйесін дамыту, ғылыми зерттеулерді күшейту және жастардың қоғамдық, инновациялық әрі экологиялық бастамаларға көптеп қатыстыру жайы талқыланды.
Алматы еліміздегі ірі білім және ғылым орталығы. Қалада 35 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 211 мыңнан астам студент білім алып жүр, олардың 131 мыңға жуығы – өзге өңірлерден келген жастар. 14 мыңнан астам профессор-оқытушы құрамының әлеуеті қаланың интеллектуалды дамуына тікелей әсер етеді.
«Біз университеттерді Алматының зияткерлік келешегін айқындайтын стратегиялық серіктестер ретінде қарастырамыз. Білім сапасы жастардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайды, ал қалыптасатын құндылықтар – қоғамның тұрақтылығын, мәдениетін, инновациялық даму деңгейін және азаматтық жауапкершілігін нығайтады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Кездесуде мемлекет алдында сапалы білім беруді қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге заңға, тәртіпке құрметпен қарайтын, қоғам өміріне белсенді араласатын жауапты азаматтарды тәрбиелеу міндеті тұрғаны атап өтілді. Бұл бағытта жоғары оқу орындары студенттік бастамаларды қолдау, еріктілік қызметті дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ жастардың «Таза Қазақстан» сияқты экологиялық жобаларға қатысуы олардың қаланың экологиялық мәдениетін дамытуға нақты үлес қосып отырғанын көрсетті.
Алматы қаласы әкімінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің жұмысына да ерекше мән берілді. Бұл кеңес ғылыми қауымдастық пен зерттеу топтарын біріктіріп, қаланың ғылыми күн тәртібін дамытуға ықпал етеді. Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп тұрақты кездесулер мен форсайт-сессиялар өткізіліп келеді.
Кездесу барысында университет басшылары білім беру бағдарламаларын жетілдіру және қалалық құрылымдармен өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі ұсыныс білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша жаңа жобаларды дамыту және қаланың ғылыми әлеуетін нығайту бағытында жұмыс тобы құрылатын болды. Абзал Нүкенов конструктивті диалог алдағы ынтымақтастықтың табысты болуына берік негіз қалайды деген сенім білдірді.
Abai.kz