Жұма, 8 Қараша 2024
Әдебиет 276 0 пікір 8 Қараша, 2024 сағат 13:27

Бағы жанған Бақытжан...

Сурет qazaqstan.tv сайтынан алынды.

Әдебиет

Қазақтың Қадырына айналған ақиық ақын Мырза Әли:

Айтамыз біздер ақын деп,
Жырлары от боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған, - деп жырлағандай, қазақ поэзиясында өр мінезді, асау, арқалы ақындар аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – айтулы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақытжан Алдияр десек, әсте жаңылысына қоймаспыз. Сол ақын бауырымыздың  бүгінде Ердің жасы – елуге толып отырған жағдайы бар.

Адам баласының ең бірінші бақыты – есімінің көркем болуы дейтін болсақ, бүгінгі кейіпкеріміздің шынымен-ақ аты затына сай сыңайлы. Біз көзін көрген, ұзақ ғұмыр кешкен, дүйім елге асқан сыйлы атасы Алдияр ақсақал ма, әлде әкесі Алдаберген Алдиярұлы, анасы Фатима Айтуғанқызы ма, кім білсін, оған осындай әдемі ат қойыпты. Сірә, мына өмірде Бақытты жан болсын деген асқақ арманмен, үкілі үмітпен жарық дүние есігін ашқан сәбиге  Бақытжан деп есім-сой қойған шығар, бәлкім. Сол Бақытжан бүгінде Ердің жасы – елуге толған мерейтойын туып-өскен жері – күншуақты Оңтүстік өңірінде барлық сән-салтанатымен атап өткелі отыр. 14 қараша күні сағат 16.00-де тәбәрік Түркістандағы Фараб кітапханасында, ал ертеңіне тағы да  сағат 16.00-де Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығында айтулы ақынның, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақытжан Алдиярдың шығармашылық кештері ұйымдастырылмақ.

Бақытжан қасиетті Нұх Пайғамбардың кемесі қайырлаған киелі Қазығұрт ауданымен аттас қасиетті таудың баурайында туып-өскен. 1974 жылы 20 қазанда Тұрбат ауылында дүниеге келген. «Атасының баласы» болғандықтан әке-шешесінен қаймықпастан ерке болып ұлғайғаны даусыз. Қарапайым ауыл баласы  аттың құлағында ойнап, қой-қозы баққан, домбыра шертіп, ән-күй тартқан,  асық ойнап, аң аулаған. Туған жеріндегі Ақпарақ өзеніне шомылған. Тұмса табиғатпен етене араласқан.

Қаршадайынан оқу-білімге асқан зеректік танытқан бозбала  мектеп оқушылар арасында өткен облыстық айтысқа қатысып, Бас бәйгені жеңіп алған екен. Мектепте  сабақты жақсы оқығанымен, қиғаш қылықтары да  аз емес көрінеді. Бұзықтау, еркелеу, қиялилау болған сыңайлы. Махаббаты тым ерте оянып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін апайына ессіз ғашықтық сезім танытқан. Кейіннен сол апайының: «Баласың ғой, не білесің?» - деп ағыл-тегіл армансыз жылағанын өз көзімен көрген. Бұл жайында ақынның 1999 жылы жазған «Орыс тілі апай» атты балладасы бар. Неге екені белгісіз ақыр-соңында сол апайы ауылдан біржола кетіп қалған екен.

Махаббат жыршысы демекші, тағы бірде өзбек қызына көз қиығын салып көрген. Онысы мұны «Наманганға кетіп қаламын», - деп үркіткен. Өкінішке орай, Бақытжанның сол ғашығы өзіне-өзі қол жұмсап, мәжнүнталға асылып қалған. Бұл жайындағы «Гүлбахор» деп аталатын балладаны да ақынның  кітабынан оқығанбыз.

Жоғары білімді маман атанып, тіл жанашыры атанып, шәкірт тәрбиелеуді мақсат-мұрат тұтқан Бақытжан тәбәрік Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи  атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Шымкент бөлімінің (қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті) филология факультетін бітірген. Аталмыш  жоғары оқу орнының талантты түлектері – Исраил Сапарбай, Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Әбілда Аймақ, Әмзе Қалмырза секілді аға ұрпақтың ақындық жолын сеніммен жалғастыруға талпыныс жасайды.

Ол алдымен  айтыскер ақын ретінде танылған. Осы жолдағы ұлағатты ұстазы, ақындардың ханы, бегі Қаныбек Сарыбаевтан өнегелі тәлім-тәрбие алып, шыңдала түскен. Қимас досы әрі күйеу баласы  Бекарыс Шойбековпен бірге айтыс өнерінің қыр-сырына бар ынта-ықыласымен қаныға бастаған. Сөйтіп, қос құрдас талай Аламан айтыстарда жүлдегер атанған. Кейіннен бұл екеуінің жолы екі айырылған. Бекарыс айтыс өнерін өмірлік серік етсе, ал Бақытжан жазба  поэзияға ауысқан.  Қазіргі таңда ол егемен еліміздегі үздік   таланттардың, дара шыққан дарындардың санатынан саналады.

Жауһар жазушы, рухани  ағасы Мархабат Байғұт: «Мен оның шығармаларын шыдамсыздықпен күтіп, көбірек оқығым келіп жүретіндердің қатарындамын. Біз Бақытжанмен бірге жұмыс істейміз, бір мекемеде мемлекеттік қызмет атқараыз. Баяғыда, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын мен оған: «Сен айтысты (ақындар айтысын айтып отырмын) біржола қойып, жазба жағымен болсаң қайтеді?» - деп едім.  Менің сол сөзім әсер етті ме, өзінің һәм ішінде жүрген жағдаят па, кім білсін-ай, біздің Бақытжан содан соң ақындар айтысына қатыспады. Қатыса қояйын деп қызбаланбады. Айтыстың да өзіндік өзгеше орны бар болар, ұлтымыздың қайталанбас қасиеті шығар, алайда, айтысыңыз басқа да, өнер ретіндегі жазба өлеңнің жөні мүлде өзгеше ғой. Айтыстың артықшылықтарын мойындай тұра көркем құнарлы жалқы ғана жырға айырбастай алмайтынымыз рас қой, кейде...

Кейде Бақытжан Алдиярға айтысты қоя қойсаңшы деп ақыл айтып, обал жасадым ба деп те ойлаймын. Шынтуайтына келсек,  оның айтыскерлік таланты да осы күнгі жеті-сегіз мәшине ұтқан   айтыс ақындарынан  бір мысқал да  кем емес-ті. Осы уақытқа дейін жеті-сегізге жеткізбесе-дағы үш-төртеуіне ие боп үлгерер  еді. Амал нешік. Алдиярыңызда  айтыс ақыны емес, жазба шайыр болғандығынан бір мәшине де жоқ қазір», - деген мөлдір мұңын жасырмай жазғаны жадымызда.

Бақытжанның өлеңдері тұңғыш рет 1995 жылы Шымкенттегі «Жыр додасы» деп аталатын ұжымдық жинаққа енген екен. Шығармалары бұдан бөлек тағы үш  ұжымдық жинақта жарияланған. 1998 жылы Шымкенттегі «Жібек жолы» баспасынан «Көзайым» деп аталатын жеке жыр жинағы жарық көрген. 2001 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған. «Сезім кілті» (Шымкент), «Құбыла» (Алматы, «Үш Қиян» баспасы, 2006), «Қазығұрттың қоңыры» (Алматы, «Жалын» баспасы, 2012), «Ақпарақ» (Алматы, «Қазығұрт» баспасы, 2017) атты жыр жинақтарының авторы.

Ол Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары, 2014-2018 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық филиалының директоры қызметін атқарған. 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

«Ер жігіттің басына нелер келіп, не өтпеген?!», - демекші, өкінішке орай ақын бауырымыздың  ешкім күтпеген жерден кездейсоқ «істі» болып қалған жағдайы да бар. Бұл туралы ол өзінің «Сот залынан репортаж» деген өлеңінде баяндайды.

Ақынның алған атақ, марапат, сыйлықтарына келетін болсақ, ол жайлы ауыз толтырып айта аламыз. «ТұранӘлемБанк» акционерлік қоғамы ұйымдастырған республикалық мүшәйраның, тағы басқа көптеген республикалық, Халықаралық мүшәйралардың жүлдегері. Түркияның Бүкілдүниежүзілік  түркі жастары әдебиетін қолдау қоры сыйлығының,  Халықаралық «Сорос-Қазақстан» қоры әдеби сыйлығының, Мәлік Ғабдуллин атындағы сыйлықтың, «Серпер» жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының  лауреаты. Қазақстан Республикасы Президенті тағайындаған арнайы стипендияның қос дүркін иегері.

Бақытжан Алдиярдың ақындық өнерін атасы Алдияр ақсақал: «Шырағым, менің ақындығым  әкем Ержан шешеннің тобығынан келуші еді. Сен тізесіне жеттің-ау», - деп бағалаған екен.

Жалпы, ақын шығармашылығына оң баға берген қарымды қаламгерлер аз емес. Енді солардың кейбіріне тоқталып өтейік.

***

«Оңтүстікте мен білетін сұрапыл бір сары бар. Ол – Бақытжан Алдияр».

(Қадыр Мырза Әли).

«Маған осы бір «шалдың баласының» лирикасы ұнайды. Содан соң... оқырманның сезімін елітіп барып, селт еткізер әдіспен шалт қимыл жасап, өлеңнің арнасын кілт бұрып жіберетініне еріксіз жымиям».

(Тұманбай Молдағалиев).

«Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде».

«Халықтық, қазақы  ұлттық көркемдік уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тіл, Алдиярлық діл – ақынның айрықшылығы».

Ең алдымен Бақытжан – бәріміздің үнемі  бір бүйіріміз бұрып тұратын кәдімгі нағыз қазақы ауылдың жыршысы. Оның ауылға деген сағынышы,  махаббаты, балғын балалығына деген аңсары «Ауылға жазған арзулар»  топтамасындағы жырларының әрбір шумағынан  айқын сезіледі».

(Мархабат Байғұт).

«Қалампырлы шәйдің жұпарындай бұрқырамаса да базары тарқамаған балқаймақтай байбаламсыз, байтақ даласына, асқар тауларына сүйенген Бақытжан Алдиярдың шығармашылығы тағылым танытарлық тұста».

«Бақытжан өлеңдеріне  терең сезім, отты мазмұн өмірге құштарлықтың лайықты лапылы тән. Дәуір тынысын жеткізуде  жадағайлыққа ұрынбайды.

Халық поэзиясының қазынасынан  қаныққан ақын  табиғатқа, туған ауылына тәуелділігін  бейнелі, өнерлі суреттермен келісті кестелейді».

(Нармахан Бегалыұлы).

Қасымхан Бегманов өзінің «Оңтүстік» деп аталатын өлеңінде:

Шымқаланың елеусіздеу кафесінде отырмыз,
Ескі әйнекті төбелейді ақ жаңбырлы соқыр күз.
Талайлардың өр екпінін мысыменен басатын
Ал жанымда ойға батқан, арманы асқақ жас ақын», - деп ой толғайды.

***

Ақын Бақытжан Алдияр оқырман қауымға аудармашы ретінде де танымал. Оның Шығыстың төрткүл әлемге әйгілі ақындары – Маулана Хұсайын Шайық Атаидің 260, ал Мұхаммед Заһираддин  Бабырдың 119 ғазалын қазақ тіліне тұңғыш рет көркемдеп, толық тәржімалағанын біз айрықша мақтаныш сезіммен тілге тиек етуімізге болады.

Қылшылдаған қырық жасқа толғанында ақын «Артыма қарасам, қорқамын...», - деп ізбасарларының аздығына алаңдаған тұғын. Құдайға шүкір, бүгінде Батырхан Сәрсенхан, Дәурен Айманбетов, Мұқағали Кенжетайұлы, Әлімжан Әлішер, Сүндет Сейітов, Арайлым Мұратәлиева, Салтанат Айдарбекова, Ақбота Бейбітбек, Эльмира Есқожа  секілді бір шоғыр жастар өздерінің жарқын жырларымен поэзия көкжиегінен көрініп келеді.

Бақытжан бауырымыз бүгінде Қазақстанның Оңтүстік астанасы, әдебиет, мәдениет, өнердің ордасы - Алматыда тұрады. Солай дегенмен, оның бір аяғы шырайлы Шымкент шаһарында сияқты. Олай дейтініміз, оны  екі күннің бірінде егемен еліміздің Үшінші мегаполисінен жиі кезіктіре аласыздар. Ара-арасында тәбәрік Түркістаннан да төбе көрсетіп қалады. Қаламгер қауымның сан түрлі мерейтойлары, шығармашылық кештері мен баспа бетін көрген жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімдеріне қатысып, өз ойын ортаға салып келеді. От ауызды, орақ  тілді ақын қай кезде де айтар сөзін тура әрі кесіп, шындықты  шыжғырып айтады.  Біздің Бақытжанның жазған өлең-жырлары мен мақалаларынан, баспасөз беттеріне берген сұхбаттарынан  соны айқын аңғаруымызға болады. Сол себепті де болса керек, қайда тұрса да, қайда жүрсе де елі мен жерінің, туған халқының  қамын күйттеп, терең ой-толғаныста жүретін жомарт жүректі шайырды жұрттың бәрі жақсы көреді.

Ердің жасы – елуге келіп отырған айтулы ақынға ұзақ та бақытты ғұмыр, зор денсаулық,  шығармашылық жетістік, толағай табыс тілейміз. Жазар дүниең көбейсін, бауырым!

Әбдісаттар Әліп,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы

Шымкент қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1132
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2351
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2366