Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 720 1 пікір 14 Қараша, 2024 сағат 15:54

Құлыбаев мемлекетке 1 млрд доллар қайтара ма?..

Сурет kommersant.ru сайтынан алынды.

Кейбір Telegram-каналдар олигарх Тимур Құлыбаевтың (Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы) билікпен келісімге келіп, 1 млрд долларға жуық қаражатты Қазақстанға қайтаруға дайын екендігі туралы жазып жатыр.

Бұл ақпараттың растығына кепілдік жоқ, бірақ оны таратқан Telegram-каналдардың инсайдерлік ақпаратқа қол жеткізе алатындығы белгілі деп пайымдайды Fragment. «Нұрсұлтанский соловей» каналына келген анонимді ақпаратқа сәйкес, Құлыбаев билікпен сотқа дейінгі келісімге келген.

Осы келісім бойынша, ол Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия арқылы 1 миллиардқа жуық қаражатты Қазақстанға қайтарады. Бұл келісімнің орнына Құлыбаев «Мемлекетке заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы» заң бойынша қудалаудан құтылады деген болжам бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Құлыбаев биліктің активтерді қайтару науқанынан тыс қалып келген. Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалды мемлекетке миллиардтаған долларлық активтерін қайтарған кезде, Құлыбаевтан тек 20 млрд теңгеге жуық қаражат өндіріліп алынды. Оның үстіне, бұл қаражат сот шешімімен өндірілді және Құлыбаевтың адвокаттары бұл шешімдерге шағымданып келеді.

Құлыбаевтың ерікті түрде қайтарған қаражатының көлемі белгісіз. Тек 2024 жылдың сәуірінде Атырау облысындағы су тасқынынан кейін 30 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жасағаны белгілі.

Ведомствоаралық комиссияның мәліметі бойынша, 2024 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша мемлекетке 1,5 трлн теңгеден астам немесе 3 млрд доллардан астам қаражат қайтарылды. Бұл қаражаттың басым бөлігі Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалдыдан, сондай-ақ Әлия Назарбаева сияқты басқа да туыстарынан өндірілді. Дегенмен, комиссияның жұмысына қатысты қоғамның пікірі ала-құла. Себебі «Ескі Қазақстанның» көптеген өкілдері, соның ішінде Динара мен Тимур Кулибаевтар әлі күнге дейін қудалаудан тыс қалып отыр. Құлыбаевтың бүкіл байлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында жинақталған және мемлекеттік меншікті заңсыз меншіктендіру арқылы қалыптасқан. Ол мұнай-газ саласында монополиялық ұстанымға ие болып, бизнесіне мемлекеттік қолдауды пайдаланды. Құлыбаев та, оның әйелі Динара Құлыбаева да күмәнді активтерден бас тарту немесе Қазақстан экономикасына келтірілген зиянды өтеу туралы ешқандай мәлімдеме жасамады. Құлыбаевтың 1 млрд доллар қайтару туралы келісімге келуі комиссияның жұмысына қатысты қоғамдағы наразылықтың нәтижесі болуы мүмкін.

Бұған дейін DALA INSIDE телеграм арнасы Құлыбаевқа Қазақстаннан шығуға уақытша тыйым салынғаны туралы ақпарат таратқан. Бұл да оның билікпен келіссөздер жүргізуіне себеп болған болуы мүмкін. Айта кетейік, Динара Құлыбаева Швейцарияда тұрақты тұрады және бір жылдан астам уақыт бойы Қазақстанға келген жоқ. Құлыбаевтың балалары да шетелде тұрады.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2085