Трамп Ақ үйдің жанындағы атысты теракт деп атады
Ұлттық гвардияның екі қызметкері ауруханаға жеткізілді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үй маңында болған атысты террорлық әрекет деп атады.
Белгілі болғандай, Ақ үйдің маңында белгісіз адам Ұлттық гвардияның екі қызметкеріне оқ атқан. Олар ауруханаға жеткізілді.
Трамп Ауғанстаннан АҚШ-қа келген барлық адамды тексеру қажет екенін айтты. Себебі Ақ үйдің маңындағы атысқа 29 жастағы Ауғанстан азаматы күдікті деп танылды.
"Біз Байденнің кезінде Ауғанстаннан елге кірген барлық шетелдікті тексеруіміз керек. Сондай-ақ бұл елге пайдасы жоқ, мұнда болуға лайық емес кез келген шетелдікке қатысты барлық қажетті шараларды қабылдауымыз қажет. Егер олар елімізді сүйе алмаса, бізге ондай адамдардың керегі шамалы. Америка ешқашан да террордың алдында бас имейді ", – деді АҚШ президенті.
The New York Times жазуынша, 29 жастағы ер адам АҚШ-қа Байден әкімшілігінің "Одақтастарды қарсы алу" бағдарламасы аясында келген. ABC News-тің үш дереккөзі Ауғанстан азаматының өткен жылы босқын мәртебесін алу үшін өтініш бергенін және оны 2025 жылы алғанын айтты.
Abai.kz