Бейсенбі, 21 Қараша 2024
Білім 323 6 пікір 21 Қараша, 2024 сағат 14:21

Қазақ білімінің қара шаңырағы: ҚазҰУ қалай озды?

Суреттер ҚазҰУ баспасөз қызметінен алынды.

Кеше қазақ жоғарғы білімінің қара шаңырағы – ҚазҰУ-де, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 90 жылдыққа орайластырылған баспасөз туры өтті. Аталған шараға барып қатыстық. Соңғы жылдарда атқарылған шаруаларды көзбен көріп, атқарылатын жоспарларды естіп-біліп қайттық.

90 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХ: ҚАЗҰУ – ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ

Қазақ жоғары білімінің альма-матері, қара қазаны – еліміздегі ең көне университеттердің бірі саналады. ҚазҰУ 1934 жылы ашылған. 1991 жылдың қазанында әлемнің екінші ұстазы деп әйдіктелетін Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі дәл осы университетке берілген.

Ал 2022 жылдың шілдесінде Қазақстан Үкіметінің қаулысымен ҚазҰУ-ға «зерттеу университеті» дейтін ерекше мәртебе берілген.

ҚАЗҰУ-ДЕ НЕ ӨЗГЕРДІ? ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ БАР?

Баспасөз турын ұйымдастырудағы көзделген мақсат та – осы қос сұраққа жауап беру болса керек-ті. Аталған шарада: «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы, ҚазҰУ-дегі жөндеу жұмыстарынан өткен №9 жатақхана, география және табиғатты пайдалану факультетінің 10 зертханасы, Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, суперкомпьютер орталығы, химия және химиялық технология факультетіндегі ғылыми зертханалар таныстырылды.

«Farabi Hub»

«Көлемі 5 мың шаршы метрді құрайтын бұл орталықта (хабта) креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалар жүзеге асырылады. Ғимарат замануи үлгіде жасақталып, ерекше дизайнмен безендірілген. Мұнда әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан», - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Дәл осы бірегей хабта: Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология ғылыми-зерттеу институты, Сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы орналасқан.

Шара барысында ұйымдастырушылар Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары мен ҚазҰУ-дың ZTE, BASF, Binlin корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жұмыс нәтижелері мен таныстырды.

ҚАЗҰУ ҒАРЫШҚА МИКРОСПУТНИК ҰШЫРАДЫ

32 млрд теңгенің 400 жобасы: Иә, дәл қазіргі уақытта қара шаңырақ – ҚазҰУ-де 32 миллиард теңгенің 400-ге тақау жобасы жүзеге асырылуда.

Солардың ішіндегі ең озық жаңалығы – ҚазҰУ Қытайдың Солтүстік-Батыс политехнологиялық университетімен бірлесіп, ғарышқа микроспутник ұшыруда жоспарлап отыр.

«Бұл ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, аталған салада білікті мамандарды даярлауға, ортақ нано және микро спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Яғни жерді зерттеу жұмыстарын қашықтықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді», - дейді ҚазҰУ ғалымдары. Микрожерсерікті ғарышқа ұшыру келер жылға жоспарланған екен.

ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫ

ҚазҰУ – білікті маман даярлап шығаратын кәсіби цех қана емес, ғылым ордасы. Егер Жоғарғы оқу орындарының рейтингі білім алушылардың жалпы саны ғана емес, оқытушылық-профессорлық құраммен, олардың ғылыми жарияланымдарымен, соның ішінде әйдік Scopus журналындағы жарияланымдармен өлшенеді десек, бұл критерий бойынша да ҚазҰУ өзгелерден көші ілгері. Статистика былай дейді: Қазір ҚазҰУ-дің оқытушылық-профессорлық құрамы 2233 адамды құрайды. Ал олардың ғылыми жарияланымдары 13 475-ке жеткен. Соның ішінде биылдың өзінде 1836 ғылыми жарияланым болған.

Сөйткен, ҚазҰУ ғалымдары ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлінінің Ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің мегагрантын жеңіп алған. Бұл грант – Батыс Қазақстандағы стратегиялық маңызды міндеттерді, соның ішінде аймақтың экологиялық-әлеуметтік дамуына, су ресурстары мен экожүйесіне (жануарлар мен өсімдіктер дүниесі) қатысты проблемаларды шешуге арналған жобаға берілген. Жоба 3 жыл ішінде іске асырылмақ. ҚазҰУ ғалымдары осы мақсатта БҚО-ға арнайы барып, су тасқынына байланысты зерттеулер жүргізген.

Бұдан бөлек, ҚазҰУ ғалымдары биыл 3 млрд теңгенің тағы бір мегагрантын жеңіп алған. Жоба бойынша ғалымдар – қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлейді.

«Қоғамның түрлі салаларына қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді әзірлеу – бұл технологиялық прогреске ықпал етеді және мемлекеттік тілдегі онлайн қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді», - дейді ғалымдар.

ҚАЗҰУ ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГТЕ ҚАЙ САТЫДА?

Қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың жаһандық білім ордалары арасындағы рейтингтегі көрсеткіштері де ауыз толтырып айтарлықтай. Қараңыз:

Азияның үздік университеттерінің арнайы рейтингін түзетін «QS Asia University Rankings» есебінше, ҚазҰУ 29-шы орынға табан тіреген екен.

Ал «QS Asia University Rankings: Central Asia» санаты бойынша ҚазҰУ Орталық Азиядағы бірінші жоғары оқу орны болып танылған.

«QS Graduate Employability Rankings» деген тағы бар. Ол бойынша, ҚазҰУ түлектерді жұмысқа орналастыру рейтингінде 201-250 орын алған Орталық Азиядағы алғашқы жоғары оқу орны.

«QS World University Rankings» рейтінгінің 2024 жылғы есебі бойынша, ҚазҰУ 163-ші орынға жайғасып, әлемнің ең үздік 200 ЖОО қатарына кірген.

ЖАТАҚХАНА – «ҚАЛА ІШІНДЕГІ ҚАЛА»

16 факультет, 72 кафедра, 7 ғылыми-зерттеу институты, 33 ғылыми орталығы, ұжымдық қолданыстағы 2 ғылыми зертханасы, 140 ғылыми-оқытушылық мақсаттағы зертханасы және ең бастысы 29 мыңнан асатын студенты бар ҚазҰУУ-дың БАҚ-та көп талқыланған мәселелерінің бірі – жатақхана тапшылығы. Бұл жалғыз ҚазҰУ-дың емес, жалпы алып мегаполис Алматыдағы барлық ЖОО-ларға тән мәселе десек қателеспейміз.

Қала ішіндегі қала дейтін ерекше статусқа ие «әл-Фараби қалашығында» ұзын-саны 15 жатақхана бар екен. Баспасөз турын ұйымдастырушылар қонақтарға қайта жөндеуден өткен жатақханаларды таныстырды.

Әрине, ҚазҰУ-ге 90 жыл толды. Ал мұндағы жатақханалардың қолданысқа берілгеніне алды 60 жылға жуықтаған. Сәйкесінше, студенттер жатақханалары да тозған. Біраз уақыт бұрын Мәжіліс депутаттары ҚазҰУ жатақханаларының ескергенін айтып, Парламентте мәселе көтерген.

Осы жолғы шара барысында ұйымдастырушылар жатақхананың күрделі жөндеуге дейінгі және кейінгі жай-күйі көрсетті. Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта әрленген. Есік-терезе ауыстырылып, электр жүйесі жүргізілген. Ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі қайта ауыстырылған.

«Қазіргі таңда ҚазҰУ қалашығында 15 жатақхана бар. Ағымдағы оқу жылында 3 жатақханаға күрделі, 12 студенттер үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 4000 матрас, 4000 жамылғы, 4000 жастық, 4000 жайма комплектісі жаңадан алынды. 250  унитаз, 150 раковина, 735 шкаф, 1065 тумба, 450 үстел, 1050 кітап сөресі, 1065 орындық ауыстырылды. Жатақханалардағы асханаларға 120 тоңазытқыш пен 120 электр плитасы пайдалануға берілді. Бүгінде ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі аясында 3 жаңа жатақхананың құрылысы қолға алынбақ. Тоғыз қабатты 3 студенттер үйінің әрқайсысы 677 орынға, барлығы 2 031 орынға арналған», - дейді ҚазҰУ шаруашылық-меңгерушілік бөлімі.

ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНАЛАР

Сонымен қатар, баспасөз туры аясында журналистер ҚазҰУ-дегі 10 инновациялық зертханадан тұратын география және табиғатты пайдалану факультетіндегі «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының жұмысымен танысты.

Аталған орталықта ғалымдар су ресурстарының сапасын талдау, топырақ құрамын зерттеу, климат өзгерісін бақылау, экологиялық қауіптің алдын-алу, отандық туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізеді екен. Соның ішінде: орталық мамандары су тасқынының алдын алу, салдарын анықтау және жер сілкінісіне мониторинг жасау бойынша жұмыстар атқаруда.

ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ЗЕРТХАНАСЫ

ҚазҰУ-де «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай зертханасы бар екен. Аталған зертхана Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге  мониторинг жасайды. Қазақстан мен Қытай бірлесіп ашқан зертхана Орталық Азия бойынша жұмыс істейтін, табиғат ресурстарына мониторинг жүргізетін жалғыз  орталық.

ӘЛЕМДІК СУПЕР КОМПЬЮТЕР – ҚАЗҰУ-ДЕ ТҰР!

Иә, аталған баспасөз турының ең тың жаңалығы – суперкомпьютер орталығы болды. Әлемдегі 600 мықты суперкомпьютердің бірі - осы әл-Фараби университетінің базасында тұр!

2019 жыл. Қазақстан мен Қытай басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин жолыққанда қол жеткізілген келісімнің бірі – Қазақстанға суперкомпьютер әкеліу болған. Ал 2024 жылғы Си төрағаның Қазақстанға келісімінде аталған суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнату жайы мақұлдастырылған.

«Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және отандық IT саласын дамытуға септігін тигізеді. Орталық Азияда ең қуатты саналатын құрылғының жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Қазіргі таңда құрылғыны орнату жұмыстары жүргізілуде», - дейді ҚазҰУ басшылығы.

Онан соң химия және химиялық технология факультетінде жаңадан ашылған «Farabi Chem Science» кластерінің жұмысы, мұндағы 9 зертхана атқарып жатқан жобалар таныстырылды.

Ал шараның қорытындысы ретінде БАҚ өкілдері мен ҚазҰУ басшылығы арасында баспасөз жиыны өтті. Жиын барысынеда ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Дүйсенов 50 жылдық тарихы бар ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі басталатынын айтты.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1431
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3197
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5094