Мұнайшылар дауы: Таған Қашанов кім?
Жаңаөзен мұнайшыларының тақырыбы қоғамда қыз-қыз қайнап тұрған тақырыптардың бірі. Әсіресе Жаңаөзендегі «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» (БЖБ) мекемесінің жұмысшыларының ереуілдеп тұрғанына аз уақыт болған жоқ.
Осының алдында ғана Жаңаөзендегі ереуілшілер алдына барған «ӨзенМұнайГаз» АҚ Бас директоры Жанболат Саймағамбетовтың боқтық сөздер айтқаны әлеуметтік желілерге желдей тараған. Ереуілдеген мұнайшылардың алдына барып, диалогқа шақырған Саймағамбетовтың сөзінше: Ереуіл басталған алғашқыда 2000-ға жуық адам жұмысқа шығудан бас тартқан. Кейін әрқайсына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талап-тілектері ескеріліп, диалог арқылы көпшілігі жұмыстарына оралған. Қазір 280-нен астамы ғана қалған.
Ал видеода ол Саймағамбетов дөрекі сөйлеп, ұрсып тұрған адам «Барлау жұмыстары басқармасы» мекемесінің кәсіподақ төрағасы Таған Қашанов деген кісі көрінеді.
Осыдан соң, әлеуметтік желілер мен БАҚ-қа дәл осы Таған Қашановқа қатысты да тың ақпараттар тарады. Оның өткені мен қазіргі қызметіне қатысты деректер тарауда. Онда:
Жаңаөзенде мұнайшыларды ереуілге бастап жүрген белсенді Таған Кашановтың мекемеде көлік жүргізушісі ретінде бір, профсоюз лидері ретінде екі айлық алатыны, айлық табысы 2 млн теңгеге жуықтайтыны айтылады. Мақсаты – профкомнан айырылып қалмаудың қамы екені баяндалады.
Онан соң, Таған Қашановтың «қылмысты өткені» жайлы сөз болады. Нақтылап айтқанда есірткімен ұсталып, істі болғаны айтылады. Оқиға 2021 жылдың 4 сәуірінде, Ақтау халықаралық әуежайында болған. Таган Қашанов Ақтаудан Шымкентке ұшар алдында, әуежай тексерісінен өткен. «Рапискан» құрылғысы арқылы тексерістен өтіп жатқанда, шұлығының ішінен есірткі заты табылған.
Желідегі ақпаратта: Қашановтың өзіне тағылған айыпты толық мойындағаны, соның негізінде ҚР-сы ҚПК-нің ст.ст.387-390, 392, 393, 395-398, 401-402, 529 баптарын басшылыққа алып, Кашанов Таган Ботабекұлын Қазақстан Республикасы ҚҚ-нің 296-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танығаны айтылады.
Ескерту: Материалда аты аталған жекелеген тұлғалар пікір білдіреміз десе, олардың да пікірлерін жариялайтын боламыз.
Әзірге екі видеоға қатысты ақпарат осы. Қалғанын оқырман өзі таразылай жатар...
Abai.kz