Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2213 2 пікір 29 Қараша, 2024 сағат 14:20

Адасып жүрмін азат күнде анық

Көрнекілік сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Бақыт іздеп

Аспан желмен сыбырлайды, жел сезініп жер мұңын,
Жатқан жанып жанар таулар дала жамап жыртығын.
Теңіз толқып бұлқынады, күркірейді көк аспан,
От ойнайды, дауыл соғып, адам жалғап сұмдығын.

Жетпес танып жер ананың мейірімін ғаламат,
Жанталасқан жаны күйбең, нәпсі билер сана дат.
Сан құбылыс болып жатқан жаратылыс әлем дүр,
Шешілмеген шешімі жоқ, көкейде ой көп сұрақ.

Бақыт іздеп жер бетінде жүрмін күйбең күй кешіп,
Тияалмадым бар нәпсімді түйсігіммен түйсініп.
Сарпаң сапар сандал күнім, топрақпын тозаңдай,
Ар санамда азап шектім  шындығыммен тұншығып.
27 қыркүйек, 2023 ж.

Аңғал күн

Арқалатып аңғал күн, ащы мұңды,
Күн өткізем бір ойдың жетегімен.
Арқау етіп арыма бар шындықты,
Менде бір күн әйтеуір кетем білем.

Барам шөгіп пенденің сұмдығынан,
Құрығына бойламас қулығы да.
Сарпаң сапар сабылтар сана тұман,
Жармасады арамза ой шылбырыма.

Сенім артам, риясыз сенем кімге,
Заманым ба, алдамшы болған саяқ?
Түсінбеген пендені, пенде біліп,
Жалқы оймен отырмын өзімді аяп.
10 наурыз, 2023 ж.

Өзге емес...

Жер бетінде жасап келді  парасатты бір халық,
Шындығымен өз рухы да болмысымен шыңдалып,
Бар тарихы жарты әлемді салтанатпен билеген,
Даласында өшпес терең тарихымен із қалып.

Ай сыйпаған тұлымынан шуағымен күн сүйіп,
Көк Тәңірі табындырған салт-санаңа сыр құйып.
Жебе тартқан, алмас қылыш, ат үстінде асынып,
Тұлпар мінген, қыран баптап даласында шың биік.

Парасатпен,  дәстүр тұнық тектілікпен салты кең,
Жеті тектен жеткен сыр бар,  ұлылықтың нарқымен.
Жетім жылап, жесір мұңын жатқа сырын шақпаған,
Ел билеген ері батыл, қызы ұяң  салтымен.

Көшке ілесіп,  тәуелсіздік  ұлы дала теңдікпен,
Бар әлемнің қатарына туын биік тең тіккен.
Қона алмаған тұғырына тіл жасыйды қайтейін,
Ана тілін сыйламаған тексіз ұрпақ ездіктен.

Дүмше молда мәңгүрт өсіп, қызтекесі қаптаған,
Келімсіктер төріңе кеп, намысыңды таптаған,
Бұл қазақты тілден безіп, таяздыққа бет бұрған,
Тасада жүр дұшпан күтіп адасуын аңсаған.

Ұлы Үйсін, Найман, Керей, қасиетті  Сақ бабам,
Аманатын ардан биік ұлылығын сақтаған.
Жанын беріп, арын сақтап, өр намыспен күн кешіп,
Ұлттық рухын биік ұстап, жерін жатқа сатпаған.

Адасып жүр, қанша ұрпақ ұлт тағдырын ойламай,
Тарихының шындығына парасатпен бойламай.
Жаңаруды жаттан іздеп өз халқына ор қазған,
Өзге емес, өз қазағым мәңгүрттікпен озғаны-ай.
06 қараша, 2021ж.

Адасып жүрмін азат күнде анық

Адасып жүрмін азат күнде анық,
Ырқына көніп сананың құлдық.
Жанбай жатып сөнгенмін тағы,
Жалтақтап жүріп жағымпаз болып.

Келемін үнсіз жат тілде сайрап,
Жоғалып бара жатқаным рас,
Намысты биік  тәркі еткенмін,
Тілімді төмен көремін қораш.

Атақ пен шекпен, абырой іздеп,
Ұяттан бездім дүние үшін.
Тонатып жатырмын барымның бәрін.
Қарабасымның қамы үшін шіркін.
Кеткені қашан қанағатымның,
Шалажан болып бара жатрымын.

Ұятым өліп, намысым шөгіп,
Рухымды жаншып жерлеуге көнгем.
Ез мінезімнен бе екен,
Мәңгүртпін анық.
Ит тірлік күнім, қу нәпсім үшін,
Салтымнан тозып, күйредім тілден.

Тыныштық деймін бейбіт күн мынау,
Құл болып жүріп еркіндікті аңсап,
Тәуменді болып тәуелсіз күн де,
Тәркі етіп келем тәуелсіздігімді.

Өзгенің жүрмін күйітін күйіттеп.
Безінген тілден безбүйрек бе екем?!...
Қасірет бар ма күйреуден асқан?
Күн кешіп келем мәңгүрттік дертпен.
25 қараша, 2024 ж.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Ырысбек Жанболатұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1444