Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 5545 9 пікір 29 Қараша, 2024 сағат 14:31

Күлік шайқасының (Куликово) құпиясы

Сурет: lenta.ru сайтынан алынды.

XIV ғасырда Әмір Темірдің бірнеше соққысынан айтарлықтай әлсіреп кеткен Алтын Орда хандығына, қоластындағы Русь алым-салық төлеуді мүлде азайтып жіберген еді.

Ал алым-салықсыз бүкіл әскерді, тіпті қарамағындағы ру-тайпаларды ұстап тұру мүмкін емес тұғын. Алтын Ордаға алым-салықты ең көп төлейтін және артығынан төлейтін Кавказ бен кәрі құрлықтың (Еуропа) бағынышты айтарлықтай бөлігі емес, тек осы Русь еді.

Жарайды, Тоқтамыс Әмір Темірден жеңілді дейік, бірақ өзіне бағынышты елдерді ыдыратпай ұстап тұру керек қой. Бір кездерде Батыл хан (Бату) құрған, дүниенің үштен екі бөлігін алып жатқан, алмас қылыштай жарқыраған Ұлы хандыққа орыс князьдіктерін тағы да тәубесіне түсіру керек болды. Ішкі тартыстың бір уақытында қолына билік тиіп қалған түменбасы Мамай Рүсті қайта шабуға дайындала бастады. Алтын Ордаға қарайтын бүкіл Еуразия даласындағы тайпаларды қанды жорыққа дайындады. Бұрын миллионға  жуық  әскер шығара алатын алып держава, осы жолы екі жүз елу мыңдай қыпшақ сарбаздарын қатарға қоя алды (тарихта осылай көрсетілген) .

Ұлы Шыңғыс хан Қытайды жүз мыңға толар-толмас әскермен тізе бүктіргенде, екі жүз елу мың атты әскер ғаламат күш емес пе?! Орыс князьдіктерінің ішінде ең алғашқы болып Алтын Орданың өздеріне қарсы шабуыл бастамақ ниетін Мәскеу князі Дмитрий Иванович естиді. Дмитрий Алтын Орда империясын жеңе алмасын о бастан түсінген еді.

Үш жарым ғасырдан аса өздерін бодандықта ұстап келе жатқан алып мемлекет - Темірлан империясы секілді өзімен теңдес державамен ғана күш салыстыруға лайық деуге болар. Алтын Орда Еуразия мен Еуропаның қай елін болсын ызғарлы айбынымен-ақ ығыстыра алатын. Дегенмен, бір айқасып қалуды мақсат тұтқан Дмитрий Иванович көптеген орыс князьдіктерінің қарсы болғанына қарамай қол жинай бастады. Бір емен ағашының бір иір бұтағы болуы тиіс қой.

Осы арада шегініс жасап, мына кітаптан үзінді келтірейік (из книги «Тайна Сталина»).

«1943 жыл. Сталинград шайқасында Кеңес әскерлері фельдмаршал Паулюстің армиясын талқандап, майдандағы жойқын соғыстың Кеңестер Одағының пайдасына шешіліп жатқан кезі.

Кремльдегі Сталиннің кабинеті. Сталин, Молотов, Ворошилов үшеуі кеңес құрып отырды.  – Гитлердің тұмсығын бұздық-ау әйтеуір, - деді Молотов қуанышын жасыра алмай. – Сіздің Шыңғыс ханмен теңдес туғаныңыз әрбір ісіңізден көрініп тұрады, Иосиф Виссарионович, - деді тағы да Молотов қожайынына жағынып қалғысы келгенін жасырмай.

Сталин қорқорын қолына алып, терезеге бұрылып кетті. Үндемей біраз тұрды.

– Сендер Куликово шайқасында жеңдік деп жаздыңдар. Солай ма?! – Ворошилов үндемеді.  Тегі, бұл тарихты білмейтін секілді. 

– Иә, солай ғой деймін, - деді Молотов атүсті білмейтіндігін жасырмай.

– Мен жас кезімнен әдебиетпен, өлең жазумен айналысқан адаммын, - деді Сталин. Тереңдетіп тарихпен де шұғылдандым. Шыңғыс хан әрбір ұрысқа шыққанда армиясынан басқа, өзінің қасында бес мыңнан кем түспейтін гвардия (кешіктен) ұстаған. Ең бір шешуші сәтте соның біразын ғана көмек ретінде майданға салып отырған. Бұл дәстүр Шыңғыс ханнан кейінгі ұрпақтарында да бұлжымас заң болған. Ал енді Куликово шайқасына келейік.  Алтын Орда екі жүз елу мың әскер төкті. Орыстар жүз елу мың әскерді майдан даласына әрең шығарды. Алтын Орда әскерлері ертеден әбден соғысқа үйренген, ат үстінде маймылдай ойнайтын сайыпқырандар әрі соғыстың қыр-сырын әбден меңгерген. Орыстың жүз елу мың әскерін біраз уақыттың ішінде түріп айдап шықты. Тым-тырақай қаштыңдар.

Тосқауылдағы князь Владимир Андреевич Серпуховский мен Дмитрий Боброктың таңдаулы екі мың әскері ойда-жоқта шыға келді. Бірақ, сол екі мың әскер, ең көп дегенде елу мыңы қырғын тапқан әлі екі жүз мың сарбазы бар Алтын Ордалықтарға тосқауыл бола ала ма? Әбден әлсіреп, жартысынан көбін жоғалтқан, рухы түскен, қашып келе жатқан орыс әскеріне көмек болар дейсің бе?! Екі мың әскерді Алтын Орданың екі жүз мың әскері бір шайқағаннан қалдыра ма? Сондай-ақ, Мамай қолбасшының қасында кемінде үш мыңдай гвардия тұрғанда Хан оларды да соғысқа салуы мүмкін ғой. Тіпті, салған да болар! Сонда біздің орыс тарихшылар біз жеңдік деп қалай өтірік ұялмай жазып отыр?!

– Жолдас Молотов, сіз мені Шыңғыс ханға теңейсіз, Шыңғыс хан тұқымы тұрмақ, оның ұрпақтары өмірде есесін жібермей, жеңілмей өткен. Менің ұзақ жылдар Шыңғыс хан тарихын іздестіріп оқығанымда, осыған санам жетті. Паулюстің армиясына қарсы, біз қанша двизия салдық, - деп сұрады Сталин қасындағы Ворошиловтан. Ол болса, 22 дивизия, - деп салды.

Ұлы Көсем (кітапта солай) сәл ғана бұрылып, – 25 дивизия аттандырдық, - деді. – Міне, сен қате айтып тұрсың! Тарихта осылай қате жазылады! (Сталин туралы пікірлер жинағы. «Сталиннің құпиясы» кітабынан).

Мәскеу бұл соғысқа тыңғылықты дайындалды. Алтын Ордамен келісімшарт жасасып, одан көмекке әскер алып тұратын Рязань, Владимир, Суздаль князьдіктері өз жасақтарын бермеді. Ат-тонын ала қашты. Тіпті, Тверь князі уәде беріп тұрып, артынан қалыс қалды. Бәрінің ойлағаны біреу еді – егер жеңіліс тапса, Алтын Орданың қыпшақтары өздерін аямайтындығын білді.

1380 жылы 31 шілде күні қатты шайқас басталды. Алғашында майдандағы әскерлер тең түсіп жатты. Бірақ көптің аты көп қой. Алтын Орда әскері орыстарды тұтастай темір құрсауға алып, қоршап алды. Барын салып, қанша айқасқанымен, орыстар тез сетінеп, кеми берді. Көбі қырылған, қалғандарының есі қашқан орыс сарбаздары ат-матымен артындағы Непрядва өзеніне қарғи бастады. Міне, осы кезде Дмитрий Боброктың екі мың әскері тасадан шыға келді. Дегенмен, өте кеш еді. Орыс әскерінің негізге күші тұтастай қырғын тапқан болатын. Тасадан шыққан Боброктың екі мың әскерін алтын ордалықтар көкпарға түскен лақтай жан-жағынан қоршап алып, тасталқанын шығарды.

Өзеннің арғы бетіне шыққан орыс жауынгерлері «Мәскеу қайдасың» деп тартып берді. Өзінің біраз кешіктенімен қырда тұрған Мамай қасында тұрған түрік жылнамашысына «Терледің, Мамай, ерледің Мамай», - деп күбірледі.

Осы соғыстан кейін Русь елі Алтын Ордаға тағы 170  жыл бойы алым-салық төлеп, бодандыққа қайта түсті.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1428