Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Абай.tv 2180 12 пікір 29 Қараша, 2024 сағат 14:56

Ескі һәм жаңа соғыс: Асадқа кім араша түспек?

Сурет: qafqazinfo.az сайтынан алынды.

Ливандағы соғыстың келісім сұлбасы енді-енді көріне бастаған секілді еді. Израиль мен «Хезболла» бітімге кеп, «ХАМАС» та ұрысты тоқтату туралы араша сұрағандай әңгімелер айтыла бастаған…

Сөйткенде, Таяу Шығыста «жаңа соғыс» басталып кетті. Анығы бұл қаны қата бастаған ескі жара, ескі соғыс!

Сирияның Асад режиміне қарсы антиүкіметтік әскери құрылымдары ұрысқа шықты. «Хаят Тахрир аш-Шам» дейтін топ бастап, өзге де топтар қостап, соғыс бастап жіберді. Мақсаты айқын. Асад режимін құлату. Асадтың қос жақтаушысы - Иран мен Ресей өзге соғыстармен әлек боп жатқан тұсты ұтымды пайдаға жаратуды көздеді, олар…

Ұрыс Сирияның ірі шаһарларының бірі саналатын Алепподан басталған. Қазір антиүкіметтік топтар әскері ентелеп басып, екпіндеп соғып келеді. Қазірге дейін ондаған елдімекенді, бірсыпыра маңызды ұрыс позицияларын, стратегиялық нүктелерді бағындырған. Тіпті, Алеппо мен Дамашықты жалғайтын жол да Асадқа қарсы күштердің бақылауына өткен.

Бұл Сирияда тұтанып жатқан 2020 жылдан бергі алғашқы ауқымды ұрыс.

Жасырары жоқ, Асад әскері ұйқыда. Қозғалысы тым сылбыр. Кей позициялардан тым-тырақай қашып жатқаны да жария болып үлгерді. Қысқасы - қарсыласуға мүлде қауқарсыз күйде екендіктерін көрсетуде. Ал антиүкіметтік күштер әскері қарқын үстіне қарқын қосуда.

Осы ұрыстар кезінде Асад армиясы жағында жүрген Ирандық ИРСК генералы, Асад армиясының әскери кеңесшісі - Киюмарс Пурхашемидің көзі жойылған.

Ал Сирия басшысы Башар Асад едел-жедел Мәскеуге ұшып кеткен. Көмек сұрау үшін, кеңес тыңдау үшін. Әрине бұл ұзынқұлақтың әңгімесі.

Антиүкіметтік күштердің әскер бастап, ұрысқа шығуына басты себептердің бірсыпырасы мынау:

1) Израильдің «Хезболланы» талқандауы һәм Сирия жақтағы Иран проксилерінің Израильден соққы жеп, әлісіреуі;

2) Ресей аймақтағы өз әскерінің едәуір бөлігін Сириядан алып кетіп, Украина майданына салуы.

Маңызды: Осы шайқастар кезінде Асад режимін қорғаушы «Вагнер» ЖӘК-тің оншақты жалдамалы жендетінің көзі жойылған. Асадқа қарсы әскер Ресей қарулары мен техникаларын олжалаған.

Антиүкіметтік жасақтар өздеріне бағындырылған аумақтарды Асад портреттері мен Ресей символикаларынан тазарта бастаған. Антиүкіметтік күштер: «Асад режимін қолдаушы Ресей мен Иран біздің дұшпанымыз», - дейді.

Айта кетейік, Түркия Асад режиміне қарсы күресуші құрылымдардың кейбірін ашық, кейбірін жасырын қолдайды. Олар Түркияның проксилері саналады. Осы шайқасқа техникалық көмекті де Түркия ұсынған. Жалпы Ердоған Сирия мен Ливиядағы проксилері арқылы Путиннің жүйкесін тиер әрекеттер жасап тұратыны тағы факт.

Қазір Алеппоның батысы түркияшыл күштердің бақылауында. 48 сағаттың ішінде Башар Асад 50-ден астам елдімекенді және 15 әскери блок-бекеттерін жоғалтқан.

Негізінен Сирия мен Түркия шекарасында тұратын түркімендерден тұратын көтерілісшілердің шабуылшы бригадалары Тель-Рифат пен Алеппо бағытында күрделі операция жүргізу үшін жөнелтілді. Сирия оппозициясының шабуылының ауқымы өсуде. Алдыңғы қатарлы жасақтар Алеппоның батысын бақылауда.

Қазір Түркия қолдап отырған Сирия ұлттық армиясы (СҰА) Таль-Рифааттың солтүстігінде ауыр бронетехника мен жауынгерлерді жинап, қаланы АҚШ қолдап отырған КЖП лаңкестік ұйымынан тазартуға дайындалуда.

Түрлі дереккөздердің хабарлауынша, барлық СҰА топтары Алеппо қаласына шабуыл жасау операциясын қолдаған. Осылайша, СҰА Түркияның артиллериялық қолдауымен Асад режимінің күштеріне қарсы екінші майдан ашты.

Ал ресейлік арнайы жасақ Менаг авиабазасынан, Тель-Рифат пен Алеппо қаласынан эвакуацияланды.

Сирия президенті Башар Асадты Ресейден басқа, Иран мен оған одақтас содырлар, соның ішінде ливандық «Хезболла» қолдайды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1441