Бейсенбі, 5 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 507 0 пікір 3 Желтоқсан, 2024 сағат 15:03

Боздап өткен боз жігіт – Бөлтірік ақын

Сурет: alatau-zhuldyzy.kz сайтынан алынды.

Халықтың басынан өткен тауқыметті жылдардың ащы шындығын бір кездері ауыл адамдары отыра қалса болды, әңгіме етіп те, өлең-жыр, қиса-дастан етіп те айтып, бала-шағаның құлағына құймақтай құйып отырушы еді. Зейінді, зерделі балалар жаттап алып, бір-біріне ылғи айтып жүретін. Менің де сол боз бала шағымда Дәмен Шалбайұлы деген жігіттің домбыраға қосып айтып отырған бір бәйіті есімде қалған болатын.

Дәменнің айтуы бойынша, Албан елінің Қызылбөрік руынан шыққан Бөлтірік деген ақын көп өлеңді өсиет, нақыл, әзіл-қалжың, өтірікке құрастырып айтса да, мына бір өлеңді шырылдап тұрған шындықты айтқан екен:

Баласы Бәйдібектің Албан еді,
Қой, жылқы қарқараны алған еді.
Қарқара Текеспенен жеріміз бар,
Жылқыға анық қызыр шалған еді.
Ақ патша Екатерина зұлым әйел,
Алдымен қазақ жерін жалмап еді.
Қаратып елді түгел алған патыша,
Адамға бүгін салық салған еді.
Николай бала бер деп айтқаннан соң,
Қытайға Албан үркіп барған еді.
Айырған мал мен бастан бір-ақ жылда,
Опасыз мынау неткен жалған еді.
Басымнан өткен істі баяндасам,
Демеңдер мынау қандай зар жақ еді.
Асының асыл тауы – жайлау, қыстау,
Көктеуім ағынды өзен аржағы еді.
Мұзарттың  қамауында жатқаным да,
Жылаған боз баланың арманы еді.
Қоршаған бізді иіріп көп әскердің,
Ішінде көп сандысы қалмақ еді.
Бермесең жосының деп қалағанын,
Халықты қайта айдап салмақ еді.
«Малымды ал, басымызды қоябер» деп,
Жалынғаннан басқа сөз қалмап еді.
Қонысын қорлық көріп босатқан ел,
Артына қайтып тірі бармақ еді?
Осымен түгел бердік қалағанын,
Ішінен мал-мүліктің жарағанын.
Құдірет басқа салса көреді екен,
Қасқырдай адамды адам талағанын.
Дүре бастық дейді екен өздерінше,
Құйрықты жалаңаштап сабағанын.
Аларманға айла көп дегендейін,
Қорқытудың істеді бар амалын.
Аш бұрлығып, ыңырсып жатқандарға,
Арпаның үлестірді қара нанын.

Лабасы қалдың кейін Қабанменен,
Мен кеттім атты жаяу шабанменен.
Албанның топтан озған сан жүйрігі,
Жабымен бірдей болды сабан жеген.
Бір жылдың төрт мезгілі секілденіп,
Құбылған басқа түсті заман деген.
Туған жер, қалдың кейін Қарабұлақ,
Кетіпті Албан баба сенен ұзап.
Қолында қалмақ шерік пенде болдық,
Қамауда қатынменен бала жылап.
Әйтеуір өлмегенге шүкірлік  қып,
Отырмыз жақсылықты алдан сұрап.
Торғайдай тозып кеткен қайран елдің,
Кім ие болар екен басын құрап.
Өсербай қалдың кейін Суықтоғай,
Қалаңда жасаушы еді сарт пен ноғай.
Бұралған тал шыбықтай байдың қызы,
Сатуға болып отыр қойдан да оңай.
Күбірті қурайлының арасаны,
Көптіктен адам қойдай адасады.
Сапырған сары қымыз қайран Албан,
Арпаға ат жейтұғұн таласады.
Бәрінің көрген күні мынау болса,
Біреуге біреу қайтіп қарасады.

***

Ақ сарайдың мырзасы,
Жатушы елім керіліп.
Құдай берген екі аяқ,
Бір басуға ерініп.
Сарыбұлақтан мен көштім,
Елмен бірге желігіп.
Сарышығанға келгенде,
Мен көзіме жас алдым.
Асының тауы көрініп.
Ар жағында елімнің,
Талайы қалды бөлініп.
Заманның артын бақты ма,
Қалды екен олар не біліп?
Белдескен екі орыстың,
Біреуі қалар жеңіліп.
Албанды құдай қор қылды,
Шекараға айдатып,
Пенде қылды пендеге,
Қолдарын артқа байлатып.
Сауатым жоқ жазуға,
Отырмын тілді сайратып.
Көшіп келдім Текеске,
Күреден өтіп айналып.
Отырмадым дәрияға,
Жарым айдай жайланып.

***

Суасудың басынан көшіп түстім Ілеге,
Жердің жөнін айтпаса, білмеген жан біле ме?
Денсаулықтан басқаны Құдайдан аса тілеме.
Малай болып істедік сарт пен дүңген, сібеге.
Қарсылық қылсаң еріксіз айдайды Дутың Күреге.
Барып қалсаң күреге , құйрықты төсе дүреге.

***

Ат жалынан мал тапсаң,
Бекер емей немене.
Әке-шешең бар болса,
Мекең емей немене.
Алдыңда ағаң бар болса,
Көкең емей немене.
Артыңда інің бар болса,
Нөкер емей немене.
Мұның бәрін сайраған,
Бөкең емей немене.

1916 жылы үркінге байланысты оқиғалар мен қиса, бәйт, өлеңдердің көбі өз кезінде жазылмай қалып, тек құйма құлақтар да берен-саран сақталып қалғандары ғана айтылып жүрген. Дәуірдің өтуімен оларда ұмыт болып баражатыр. Әсеттің: «Менен де сорлы ақын өтті ме екен, бір сөзі баспа орнына берілмеген» деп армандағанындай, қайран Ырыскелді, Бөлтірік қатарлы бұлбұл көмей ақындар да баспа бетін көрмек түгілі, сол заманның запыранын ішке жұтып, бір ауыз жылы сөзде ести алмай сұм өмірден өттау шіркін!

Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегі

Автордың «Мен таныған шындық» атты кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1117