Бейсенбі, 5 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 934 23 пікір 3 Желтоқсан, 2024 сағат 15:58

Доллардың бағасы һәм теңгенің тағдыры: Халыққа қайтпек керек?

Суреттер: informburo.kz, egemen.kz, malim.kz сайттарынан алынды.

Қазір қазақ қоғамын алаңдатқан басты мәселе – доллар бағасының өсуі, теңгенің әлсіреуі. 2024 жылдың соңғы айларында теңге бағамы шатқаяқтап, доллларға шаққандағы құны құлдырады. Осыған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық деңгейінде 15,25% белгілеу туралы шешім қабылдады.

2024 жылдың 2 желтоқсанындағы жағдай бойынша: Айырбастау орындарында доллар бағамы 530 теңгеге жетті. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданған.

Қазақстанда жылдық инфляция қазан айында 8,5%-ға дейін өскенін хабарлаған болатын. Ал ұлттық валютаның әлсіреуі бірқатар ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен болғанын Ұлттық банк пен Үкіметтің лауазымды тұлғалары айтуда.

Сонымен, теңгенің тағдыры не болмақ? Бұл жағдайлар халық тұрмысына қалай әсер етпек? Біз есім-сойлары елге белгілі экономистерді сөзге тарттық.

ҮКІМЕТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ-БЮДЖЕТТІК САЯСАТЫН ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК!

Сурет: egemen.kz

Қайырбек Арыстанбеков, экономист:

– Рас, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгерту жөнінде шешім қабылдады. Қазіргі мөлшері 15,25% деп белгіленді. Оған себеп, соңғы кездегі валюта нарығындағы өзгерістер мен ішкі және сыртқа факторлардың ықпалынан болған кейбір үдерістер деп білемін.

Ұлттық банк туралы заңға келетін болсақ, «регулятордың» басты миссиясы - елде баға тұрақтылығын ұстап тұру. Демек, бұл шешім ең алдымен елде ықтимал инфляцияны болдырмау үшін жасалған шара.

Инфляциямен түбегейлі күрестің мәнін түсіндірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені, инфляция болған сайын халықтың жалақысы, тұрмыс деңгейі қиындай береді. Сол үшін де, алдымен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар, Президент жолдауында айта кетті, бізде қазіргі уақытта фискалдық және ақша-несие саясаты арасында теңгерімсіздік - дисбалланс орын алып отыр. Бізде инфляцияның өршуінің тағы бір себебі – Үкіметтің экономикалық-бюджеттік саясатына байланысты болып отыр. Яғни, бізде мемлекеттік бюджеттің шығындары соңғы бес жылда шапшаң өсіп, ұлғайып кетті. Мемлекеттік бюджеттік экспансия қуатты болғандықтан баға өсе береді. Сондықтан, инфляцияны тежеудің жолы – Үкіметтің экономикалық-бюджеттік саясатын қайта қарау керек. Базалық мөлшерлемені көтерудің басты мақсаты – инфляцияны азайту. Яғни, базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, көбісі нарықта емес, депозитте ұстауға мүдделі болады. Бірақ, айта кету керек, бұл процестің теріс жағы да бар. Базалық мөлшерлеме көбейген сайын, корпоративтік секторда несиенің құны қымбаттай түседі. Нәтижесінде, экономикалық тежеу болуы әбден мүмкін.

БІЗДІҢ ЭКОНОМИКАНЫҢ 60%-Ы ЭКСПОРТТАН ТҮСЕТІН ҚАРЖЫҒА ТӘУЕЛДІ

Сурет: malim.kz

Бауыржан Ысқақов, экономист:

– Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтеруі мәжбүрлі жағдай деп айтуға болады. Себебі, соңғы уақытта доллардың теңгеге шаққандағы құнының күрт өсуіне еліміздегі ішкі және сыртқа факторлар тікелей ықпал етіп жатыр. Бұл, бірінші кезекте, ел экономикасының жағдайын, яғни қаншалықты сыртқы факторға тәуелді екеніміздің көрсеткіші.

Америка Құрама Штаттарының қатаң экономикалық саясатты ұстануының өзі, біздің мемлекетке әсерін тигізіп жатыр. Яғни, АҚШ президенті сыртқы импортқа, Қытайдан келетін тауарларға БАЖ салығын 30%-дан 60%-ға дейін көтеремін деген шешімі дамушы мемлекеттер үшін тәуекелі жоғары көрсеткішке айналды. Себебі, біздің экономиканың 60%-ы экспортқа сатылған тауарлардан түсетін қаржыға тәуелді. Яғни, мұнай, газ, темір және тағы да басқа шикізаттар. Міне, біздің мемлекеттің халықаралық валютаға - доллардың бағамына тәуелді болғанымен есеп сұралып отыр.

Екіншіден, біздің мемлекеттік бюджеттің дамуы – тікелей доллардың бағамына және мұнайдың барреліне шаққандағы құнына байланысты болып отыр. Мәселен, 1 баррель 72-75 доллар көлемінде берілсе, 3 жылдың бюджетінде бұл бағадан түсіп кететін болса, кей шығындарды азайту қажет болады. Міне, осы себептер негізінде біздің теңгенің сыртқы факторларға тікелей тәуелді екенін көре аламыз. Осы жағдайларды ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға көтерді.

БҰЛ ЖАҒДАЙ ХАЛЫҚ ТҰРМЫСЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕДІ...

Халық тұрмысына қандай әсері бар десеңіздер, Қазақстанда екінші деңгейлі банктер тарапынан берілетін несие мөлшері көтеріледі, яғни несие алу қиындайды. Бұл халықтың әртүрлі тұтынушылық шығындарын төлеуге деген мүмкіндіктерін төмендетеді. Жалпы, экономикада белсенді экономикалық қызмет жасайтын орталықтардың көрсеткіштеріне де өз ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, бизнеске бағытталған несие көлемі де біршама деңгейде төмендейді және бізге келетін инвесторлардың да қарқыны да азаюы мүмкін.

Ұлттық банктің бұл шешімін девальвацияның алдын алуға бағытталған қадам деп ойлаймын. Бірақ бұл процесс қалыпты тәжірибеге айналмауы керек. 1 млрд долларды экономикаға емес, доллардың құнын түсіру үшін пайдалануымыздың өзі экономикалық заңдылық тұрғысынан аса құпталмайды. Сол үшін, егер теңгенің теңгерімділігін арттырғымыз келсе, теңгемен өндірілетін өнімдер санын көбейту қажет. Экспорт пен импорттың арасындағы пайда сальдасын, яғни тепе-теңдігін сақтауымыз керек. Бізден шығатын экспорттық өнімдердің ішіндегі дайын өнімдердің үлесін арттыру маңызды және бізге келетін импорттық өнімдердің үлесін азайтып, бізден шығатын өнімдерді көбейтуіміз керек. Сол себепті Ұлттық банктің бұл шешімі әртүрлі инфляциялық жағдайлардың алдын алуға бағытталғанымен, негізгі тұжырымдамасы экономикалық реформалардың қажеттілігін көрсетіп отыр деп ойлаймын.

Доллардың күрт өсуі, теңгенің құнсыздануына әкеліп соқтыратыны белгілі. Бұл халықтың төлем қабілеттілігіне кері әсерін тигізеді. Біздің тұтынатын тауарларымыздың 50%-дан жоғары мөлшері сырт мемлекеттерден келетін болғандықтан, азық-түлік, киім-кешек болмасын доллар бағасымен есептелетін болғандықтан, өзіндік құнының өсуіне, тұтынушы халықтың да төлем қабілеттілігіне кері әсерін тигізеді. Яғни, экономикалық кері салдарын да ескеруіміз қажет.

Материалды дайындаған Аружан Байжан

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1117