ҚазҰУ студенттері өзекті мәселені дөңгелек үстелде талқылады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының білім алушыларымен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының «2-мақсаты аштықты жою» тақырыбында дөңгелек үстел өткіздік.
Аштық – қазіргі замандағы ең өзекті және шешімін қажет ететін ғаламдық мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда әлемде миллиондаған адамдар күнделікті тамақтану мүмкіндігінен айырылған. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мәліметінше, 2023 жылы шамамен 735 миллион адам аштыққа ұшыраған. Бұл көрсеткіш климаттың өзгеруі, қақтығыстар мен экономикалық теңсіздіктерге байланысты өсіп келеді. Студенттер аштық мәселесі неден туындауы мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрді. Ойларын айта отыра, аштық мәселесінің негізгі себептерін атап өтті:
Климаттың өзгеруі
Жаһандық жылыну ауыл шаруашылығына үлкен әсер етуде. Қуаңшылық, су тасқыны және басқа да табиғи апаттар ауыл шаруашылығы өнімдерін азайтып, азық-түлік тапшылығын тудырады. Африканың Сахараның оңтүстігіндегі аймақтары мен Азияның кейбір бөліктері осыған нақты мысал бола алады.
Қарулы қақтығыстар
Соғыстар мен ішкі қақтығыстар халықты азық-түлікке қол жеткізу мүмкіндігінен айырады
Экономикалық теңсіздік. Кедейлік – аштықтың басты себептерінің бірі. Дамушы елдердегі халықтың көпшілігі негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды.
Аштық тек физикалық әлсіздікке әкеліп қоймай, халықтың жалпы дамуына кері әсерін тигізеді. Тамақтың жетіспеушілігі балалардың өсіп-өнуіне, олардың білім алуға деген мүмкіндіктеріне және жалпы қоғамның болашағына қауіп төндіреді. Осы тұста ЮНИСЕФ өкілдерінің айтқаны бар. Былтыр дүние жүзі бойынша 36 жарым миллион бала үй күйсіз қалған. Оның 13 миллион 700 мыңы шет елге босып кетсе, қалғаны өз елінде тентіреп жүр. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тіркелген ең жоғары көрсеткіш дейді мамандар. Сарапшылар сондай-ақ соңғы 10 жылда әлемдегі босқындар саны 2 есе артқанын айтады. Оның тең жартысы бала. Мұндай мәселе туындағанда алдымен себебін анықтап, сосын шара қолданатынымыз бар. Сондықтан аштықтың таралу себебін іздейтініміз белгілі. Әлемде болып жатқан қақтығыстар, экономикалық қиындықтар, климаттың өзгеруі мен пандемия салдары жүз мыңдаған адамның аяқ-қолына тұсау салды. Сәйкесінше, тұрақсыздық орнап, мәселе артынан мәселе туындады. Мысалы, қақтығыс орнаған елді жұмыссыздық жайлады. Жұмыссыздық аштыққа, аштық халықтың елін тастап, босқын болуына әкеледі. Осы тұста БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің айтқаны бар. Ол қақтығыс аштық пен жоқшылыққа, аштық пен жоқшылық қақтығысқа әкелетінін айтқан.
Жоғарыда аталған тақырыпты талдай отыра, білім алушылар аштықты шеші жолдарын да ұсынып көрді:
- Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Климаттың өзгеруіне бейімделген жаңа ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу маңызды. Бұл өнімділікті арттыруға және азық-түлік тапшылығын азайтуға көмектеседі.
- Қақтығыстарды шешу
БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар қақтығыстарды тоқтату және бейбіт келіссөздер жүргізу бағытында жұмыстар атқаруы тиіс.
- Экономикалық қолдау
Кедейлікті азайту үшін дамушы елдерге қаржылық және техникалық қолдау көрсету қажет. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға болады.
Аштық – жаһандық күш біріктіруді қажет ететін мәселе. Әлемдік қауымдастық бұл мәселені шешу үшін бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана аштықты азайтуға мүмкіндік бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономикалық теңсіздікті азайту және қақтығыстарды шешу арқылы біз миллиондаған адамның өмірін сақтап қаламыз.
Тилегенова Д
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы
Лай С
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының білім алушысы
Abai.kz