Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 716 10 пікір 4 Желтоқсан, 2024 сағат 15:51

Қыз алып қашу: Мәжіліс депутаттары дабыл қақты!

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметінен алынды.

Бүгін Мәжілісте бірқатар депутаттар қыз алып қашу мәселесін көтеріп, оны заң жағынан реттеу керек екенін айтқан болатын.

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметінен алынды.

Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты:

– Мен бұл заң жобасын әрине қолдаймын. Дегенмен де бір мәселені айтып кеткім келеді. Екінші оқылымға дейін қаралатын бір жағдай – өткен аптада Астанада университет студенттерімен кездестім. Олар: «Неге біздің мәдениет саласы, ақпарат саласы азаматтардың арасында заңды құрметтеу, заң бұзушылыққа төзімсіздік бойынша шаралар өткізбейді», - деген мәселе көтерді.

Қыз балалар маған ролик көрсетті. Онда қыз баланы алып қашқан. Қасында бір адам көндіріп айтып отыр, ал қыз бала өз еркіммен келдім дейді. Бұл ролик тик тик-токта да тұр, соны мазақ қылып жатыр. Бұл нағыз құқық бұзушылық, заң бұзушылық. Бірақ ешкім, ешқандай әрекет жасамаймыз.

Қыз балалар біздің құқығымыз қорғалмайды, заң жоқ деп ренжиді. Мысалы, белгілі әншілер сахнада ән шырқап жүр, теледидардан көрсетеді. Былай: «Алып қашамын, мейлі олай қаламан, келін қыламын сені қалай да анама», -  дейді. Тағы бір әнші: «Көресің, менің үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың, көндіремін, көнесің, қыз болып келесің, келін болып қаласың», -  дейді. Міне мәжбүрлеу. Соны біз теледидардан насихаттап көрсетіп жатырмыз.

Өздеріңізге белгілі, Ұлттық Құрылтайда  Мемлекет басшысы: «Елімізде алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде насихаттағысы келетіндер бар. Бұл мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық. Қараңғылық тіпті масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы құқы және бостандығы баға жетпес құндылық болу керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу керек және оны тек сынау жеткіліксіз, оған құқықтық баға беріліп біржола тосқауыл қою керек», -  деп тапсырма берген болатын.

Президент көктемде, наурыз айында тапсырма берді. Әлі ештеңе жасалған жоқ.

Ол тек қана Парламенттің, Ішкі істер министрлігінің жұмысы емес қой. Менің ойымша, біз заңда қатаң шектеу қоюымыз керек. Қыз алып қашу жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Өткен бір жылдың ішінде 13 алып қашу оқиғасы бойынша сотқа берілген болса, биыл тек қана Түркістан облысында 8 айдың ішінде 18 оқиға орын алды.

Көбейіп барады. Оның себебі - нақты шаралар жоқ. Мен өзім депутат ретінде алдында қаралған заң бар, зорлық-зомбылық бойынша, соған ұсыныс бердім. Зерттеп қарадық. Мысалы адам алып қашу туралы 125-ші бап бар. Соның ішінде қаралады дейді. Онда қаралмайды. Ол баптың ішінде егер үш-төрт күн ішінде босатып жіберсе, жауапкершілікке тартылмайды деген қосымша бар. Сонда қалай? Қыз көнбейді, көндіреді, қағаз жаздырады, ұялтады, мәжбүрлейді, үш-төрт күн ұстайды, әбден абыройы төгіледі, сосын жібере салады, оған ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды.

Үш жылдың ішінде 214 оқиға бойынша қылмыстық іс қозғауға ұсыныс берілген, оның 10-ы ғана сотқа жеткен, қалған жерде қылмыс құрамы жоқ деп жаба салған. Сотқа бармаған, полицияға бармаған қыздарымыз қаншама?..

Менің бірінші берген ұсынысымды жоққа шығарды. Қазір де бердім ұсынысымды, Президенттің де тапсырмасы бар. Барлық мемлекеттік органдар қарсы шықты. Мен қазір тағы ұсыныс беріп отырмын. Қайта қарап, қыз алып қашуға қатысты бөлек нормалар енгізейік, өйтпесек болмайды.

Міне, жақында Маңғыстауда ақпарат құралдарына шықты, қызды алып қашқан, видеосы да бар. Қыз көнген жоқ, жолда машинадан секіріп түседі, денсаулығына зиян келеді, қашады. Алайда екі ретте де қылмыстық іс жабылды. Ол қыз әлі жүр, кімге барарын білмейді.

Тек қана Парламент,  Ішкі істер министрлігі десек, біз қоғам болып бұл дертке қарсы тұра алмаймыз. Президентің айтқан тапсырмасын бірге орындауымыз керек.

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметінен алынды.

Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:

– Бүгін маңызды заңды қарап жатырмыз. Мен қолдаймын. Жастарымыздың тәрбиесіне, бірінші кезекте біліміне ден қойып отырмыз ғой. Жаңағы Әбенов мырза көтеріп отырған дұрыс мәселедеп есептеймін. Күлетін зат емес. Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Ол қазір етек алып кеткен жағдай. Себебі, 21-ғасырда әке-шешесімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адам салып алып кететін ол тауар емес, ол зат емес, ол адам ғой. Оның өмірлік тағдырына әсер етеді. Бұл заңның аясында қаралатын нәрсе емес шығар. Бірақ Парламенттің төрінде қоғамдағы кез-келген өзекті мәселе талқылану керек.

Сондықтан көтеріп отырған мәселе өте дұрыс деп есептеймін. Жігіттерге түсінбеймін, нақыл сөз бар ғой. «Қыз құлағымен, жігіт көзімен сүйеді», деген. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт, ол не қылған жігіт? Көшеге барып, қызды бүктеп-бүктеп салып алады деген не масқара? Дамыған қоғамда, жетілген қоғамда, мәдениетті қоғамда өмір сүретін болсақ, мәдениетті жағдайға келуіміз керек қой. Басқа ұлттың біреуінде мұндай жасамайды. Жасап жүрген өзіміз соны. Басқа жерде естідіңіз бе? Еуропада, Ресейде, қасымыздағы басқа көрші республикаларда, қызды ұрлайды деген. Менің үш қызым бар. Бәрін де алдынан келіп, өтіп, сөз байласып, құда түсіп алғанды бәріміз де жақсы көреміз.

Мынау қоғамдағы үлкен дерт қой. Үлкен мәселе. Бұған қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек! Бұл бала-бақшадан бастап, балалардың миына сіңіріп қоятын зат болу керек.

Отбасында, білім ордасында, бұл мәселе бірінші кезекке қойылу керек. Білім министрлігі, Мәдениет министрілігі осы жағынан дұрыстап жұмыс жасау керек. Тәрбие мәселесіне әбден көңіл бөлмесек, бұдан да сорақылар болып жатыр ғой. Қазір телеграмм каналды ашып қалсаң, тіпті оқығың келмейді. Қызды зорлап кетіпті, қызды ұрлап кетіпті, баланы зорлап кетіпті, өлтіріп кетіпті, ата-анасын балтамен шауып тастапты, кілең сондай әңгіме. Әлеуметтік желіні ашу мүмкін емес.

Сондықтан Ерлан Жақанұлы бұл мәселені Парламент болып, депутат болып дұрыстап күн тәртібіне қоюымыз керек, Президенттің тапсырмасын орындауымыз керек!

Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:

– Шынында өте өзекті мәселені көтеріп отырғ біздің депутаттар. Бұл қоғамдағы айғайлап тұрған проблема. Бұл туралы Президенттің де тиісті тапсырмасы бар. Өкінішке орай ол әлі аяғына дейін жеткізілген жоқ, орындалуы.

Сондықтан бұл мәселені бүгінгі заңның аясына бұл келмейді, бірақ алдымызда Қылмыстық Кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті қарайтын алдымыздағы отырыстарда заң жобалары келе жатыр ғой, екі заң жобасы. Сол заң жобасының аясында қарау керек деп ойлаймын.

Депутаттар Жаңбыршин мырза бар, Әбенов мырза сіздер өздеріңіздің ұсыныстарыңызды беруге құқықтарыңыз бар осы бойынша. Басқа депутаттар да қолдайды деп ойлаймын. Және бұл мәселеге тек қана моральдық ғана емес, заңдық тұрғыдан да баға берілуге тиіс!

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048