Тасмағамбетов НАТО-ның Ресейге жақындауынан қауіптенеді...
Иманғали Тасмағамбетов НАТО-ның Ресей мен Беларусь шекарасына жақындағандығын айтты.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Тасмағамбетов Солтүстік Атлантика альянсының әскери белсенділігі артқан тұста кез келген сценарийдің мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, бас хатшы Ресей мен Беларусьтің батыс шекараларына әскери блоктың шабуылдаушы инфрақұрылымының жақындауына жауап ретінде Ресейдің ядролық доктринасына өзгерістер енгізілгенін еске салды: ‑ «Әлемде теңдесі жоқ «Орешник» гипердыбыстық қаруының ұрыс жағдайында сыналуы мықты қарсыластардың назарынан тыс қалмайтыны — маңызды фактор», — деді Тасмағамбетов. Сондықтан Тасмағамбетов НАТО-ның Ресей мен Беларуське басып кіруін мүмкіндігін «абсолютті жауапсыздық» деп атады.
Қазақтар Иманғали Тасмағанбетовты өте жақсы біледі, бірақ, қоғамда пікірде ол туралы пікірлер біркелкі емес: біреулер оны ұзақ жылдар Назарбаевқа қалтқысыз қызмет еткен, жер сату туралы заңды енгізуге барын салған, Назарбаевтың бастапқы халықтан жасырып Швейцарияда тыққан ақшасы жария болып кеткенде, оны мүлтіксіз қорғаған, көп жылдар бойы «Қазақстанның екінші президенті» деген атаққа басты үміткер болған тұлға деп санаса, бірқатар қауым оны қазақтың ұлт зиялысы, қазақ мәдениетінің қолдаушысы, ерлігі мен серілігі бар нағыз қазақ жанашыры деп қабылдайды.
Иманғали Нұрғалиұлының өзі де осы уақытқа дейін өзінің мемлекеттік қызметімен емес, өзін қоғамдық қайраткер ретінде көрсетуге ұмтылып келді. Оның еліміздегі белгілі актерлар, киноактерлар, суретшілер, жазушылар мен ақындар ортасында достары көп. Міне, олар шығармашылық тұлғалар болуы себепті, қоғамда Иманғали Нұрғалиұлының жағымды образын жасауға көп еңбек сіңіруші еді... Олардың айтуынша: Иманғали – батыл тұлға, ол –мемлекетшіл тұлға, ол – қазақтың намысын қорғайтын, есесін ешкімге жібермейтін тұлға, ол – Қазақстан президенті болуға лайық тұлға деп сипатталып келді...
Бірақ, уақыт өте келе, Назарбаевтың оған деген қабағы қырын тартып, ол шетке ығыстырылды. Бірақ, ол қоғам назарынан тыс қалған жоқ ‑ әлі де сол деңгейден табылуда... Алайда, адамды уақыт өзгертеді, өмір өз тезіне салады деген рас па дейміз. Себебі, жоғарыда айтылған сөздерден «бүгінгі Иманғалидың» бұрынғы Иманғалиға мүлдем ұқсамайтынын байқаймыз...
Неге?
Мәселен, «НАТО Ресей мен Белорусь шегарасына жақындады» деген сөзін алайық... Бұлай десек, «НАТО бұған дейін өзіне мүше емес Швеция мен Финляндияны өзіне күштеп қосып алыпты‑мыс» деген ой туады. Ал, шындығында, Ресей өзінің Украинаға «жариялаусыз соғыс» ашуы арқылы, одан қауіптенген бейтарап Швеция мен Финляндия елдерін НАТО‑ға өз еркімен кіруге мәжбүрледі емес пе? Ендеше, Имекең айтқан бұл фраза «Біз НАТО‑ның Ресей мен Белоруссия шегарасына жақындауына себепкер болдық» деп айтылуы керек еді ғой...
Екіншіден, «НАТО‑ның әскери белсенділігі артқан тұста» деп қайырады ОДКБ жетекшісі... Бірақ, солай де отырып, ол НАТО‑ның шабуылдаушы күштерін не себептен ретке келтіріп жатқанын айтпады. Бұл да түсініксіз. Өйткені, Ресейдің ешбір одақтас мемлекеттерін ескертпей, олармен ақылдаспай, Украинаға қарсы арнайы соғыс операциясын бастап кетуі, содан бері бүкіл Ресей ақпараттық жүйесі «Біз ядролық қаруды қолданамыз» деп жар салуы, оны Путиннің өзінін бастап, БҰҰ қабырғасында Ресей өкілінің ашық айтуы – НАТО‑ны қандай іс‑шаралар қолдануға мәжбүрлейді? Әрине, күш жинақтауға мәжбүрлейді. Осыны, өзі де бір елдің Қорғаныс министрі болған Иманғали Нұрғалиұлы білмейді дегенге кім сенеді?
Үшіншіден, «Орешник» атты зымыранның әскери қимыл жағдайында сыналуын ол бір ерлікке балағандай айтыпты. Ал, енді, осының салдарынан Украинаның да өз атом бомбасын жасауға «ресми рұқсат» алғаны рас қой. Өйткені, 1994 жылғы Будапешт Меморандумына сай Украина ядролық қарудан бас тартқаны үшін оның бейбітшілігіне кепіл болушы елдің бірі Ресей, одан өзге Англия және АҚШ еді ғой. Соған сай, Ресей өзінің баллистикалық зымыранымен ядролық қарусыз ел – Украинаны атқылауға еш құқы жоқ болатын. Бұл жерде Батыс елдеріне «ойланатын» нендей мәселе бар? Жоқ. Тек бір мәселе бар, ол ‑ ертең зымыранның өздеріне ұшып келу мүмкіндігі туралы ғана болмақ...
Болмаса, «біз ешбір елге шабуыл жасамаймыз» деп отырған НАТО‑ның «болашақ шабуылдаушы мүмкіндігін» ғана айтып, енді, осы болжамды ОДКБ үшін нақты «қауіп‑қатерге» айналдыру кімге керек? Әрі, ОДКБ‑ға мүше өзге елдер үшін лигитимді емес соғысты бастаған агрессордың басына төнер «мүмкін болар қауіпіне» өзге елдер ойланбастан «бас шұлғиды» дегені қай сасқаны?
Ал, енді, оның «НАТОның Ресей мен Белорусқа басып кіру мүмкіндігі абсолютті жауапсыздық» дегенін қалай түсіну керек? Кім, қашан Ресейге және Белорусқа «басып кіріпті»? Факті қайда? Оны айтып жүрген «сезікті секірер» деген тарап емес пе? Бүкіл Еуропаның, Батыс әлемінің, дүниежүзілік жүзден астам мемлекеттердің айтатыны бір ғана сөз: «Ресей, соғысты тоқтат, әскеріңді Украинадан шығар, БҰҰ бекіткен территориялық заңды орында, Украинаға тигізген шығынды қалпына келтір, әскери қылмыскерлер жазаға тартылсын» дегендей сөз емес пе?
Қазір, әскери күштерді эскалациялау, соғысу әлемдегі бірде‑бір елге пайдалы емес. Осыны бүкіл әлем біліп отыр... Ендеше, ОДКБ әскери блок ретінде НАТО‑мен жауласу емес, достасу жолдарын іздегені дұрыс болар еді...
Имекең осыны айтса, онда оны нағыз ер азамат деп атар едік қой...
Abai.kz