Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 1432 5 пікір 6 Желтоқсан, 2024 сағат 13:08

Жазушының жаңа романы: «Күнге асығу»

Абай Құнанбайұлы суретінің авторы – Тоққожа Қожағұлов, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі.

Абай – Заманай сыры

Ұлы ақын әрі қайраткер Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушы Болат Жүнісбеков «Күнге асығу. Абай – Заманай сыры» атты, төрт тараудан тұратын роман-новелласын жазып бітірді. Бұған дейін автордың  хәкім сөзінің «сәулесімен» әдіптеп, жалғыз әріппен таңбаланған «У» атты роман-эссесі, тәуелсіз еліміздің бірінші қорғаныс министрі, бірінші Халық қаһарманы, кеңестер одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов туралы «отАсу» роман-дилогиясы жарық көрген.

Оқырманға жазушы, сондай-ақ хәкім Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайындағы «Абай сәулесі», «Ақиқат ұшқыны» атты зерттеулер мен мақалалар жинақтары және «Абайдың ақын ұлдары»  кітабымен танымал. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай басылған «Абай сәулесі» зерттеу еңбегі үшін ол халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған. Әдебиет сүйер қауым авторды «Шуақ» және «Ғайып» әңгімелер мен новеллалар жинақтары арқылы да біледі.

Б. Жүнісбеков жаңа шығармасының: Сүйіну, Күйіну, Суыну, Сейілу атты тарауларында мыңдардың арманы мен мұң-зарын мың біріншінің – Абайдың және бірнеше ұрпақтың өкілі –  Заманайдың жан сыры арқылы санаға тоқытады. Қазағын өркениет төрінен көруді аңсаған Абай – Заманай  сыры: Күннің, яки Жарықтың – ілім-ғылымның жасампаздығын паш етеді. Кітап мұқабасының бірінші және соңғы беттерінің жазушының немерелері: Аяжан (10 жас),  Алсу (8 жас), Саминаның  (7 жас) салған суреттерімен  безендірілуі де, оның өз ұрпағын Күнге «жетелеуінің» айғағы.

Бүгін, құрметті оқырман, Сіздердің назарларыңызға   «Күнге асығу. Абай – Заманай сыры» роман-новелласына автордың жазған алғысөзін ұсынып отырмыз. Кітап мұқабасының 1-ші бетін безендірген жазушының немересі – Болат Аяжан Берікқызы.

Алғысөз


АЙСЫЗ ТҮНДЕ

немесе мың біріншінің мұңы 

Ұлы адамдарды «заманынан ерте туған» дейтін сөз бар. Меніңше, ағаттық: олар ерте де емес, кеш те емес, тап дер шағында туғандар. Заманы «толғатып», зарыққан замандастарына жарықты меңзейтін  шамшырақтар.

Айсыз түнде «туғандар» – олар атар таңның сәулесі. Ұйқылы-ояу қалпы, мең-зең дағдарған ел-жұртын алға жетелейді. Темірқазықтай жол сілтеп, оң-солдарын ажыратып, босқа адаспауына қамқор болады.

Көшбасшылар заман зарынан қайысып, шөгіп кетпек емес. Ескірген салт, «етекбасты» күйбеңмен сыйыспайды. Қалғып-шұлғыған халықтың алға басуы үшін «қараңғылыққа» сәуле түсіріп, ақыл «көзін» ашады.

Олар Ай артынан Күн шығатынын айтып, ақиқатқа ұйытады. Қараңғылық қапасынан жол іздеп,  қасаң қоғамға қасқайып қарсы тұрады. Жарыққа ұмтылған жанға тозығы жеткен, ескі салт-санадан араша болады.

Демек, Күнге асығып, зарыққан замандас үшін бастарын қатерге тігеді: «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек» - деп толғанады ұлы Абай.

Қоғамда, әсілі қозғалыс туғызып, оны жасампаздыққа бастайтындар да ұлы тұлғалар. Олар заманның «көн-қалыбына» сыймайды. Өздері үшін емес, туған елінің, жалпы адам баласының бақыты үшін күреседі.

Мұнсыз, қозғалыс болмайды. «Өзгеріс басы – қозғалыс, қозғауға керек қолғабыс» - дейді хәкімнің інісі  Шәкәрім қажы. Кемеңгердің ой-тұжырымы ұлы философ Гегельдің «абсолютті идеясымен» астасып жатыр.

Абай патша үкіметі аяусыз қыспаққа алған заманда дүние есігін ашты: 1822 жылы «Сібір қазақтары туралы» жарғы  хандық билікті, ал 1868 жылғы реформа, Жаңа низам сұлтандық басқару жүйесін құрдымға кетірді.

Саржан сұлтанның (1825- 1836), Исатай – Махамбеттің (1836 - 1838) көтерілістері қанға боялды. Он жылға созылып (1837-1848), елімізді түгелге дерлік қамтыған Кенесары көтерілісінің «жарасы» әлі қанталап тұрған.

Басы бодандық «бұғауына» мықтап ілінген халықтың еңсесі басылып, қару ұстауға қауқары қалмаған еді. Құлдық «құрығы» алқымнан сығымдай түсті. «Оқ жетпес жерге, қылыш сермемес болар» - дейді халық даналығы.

Қос бүйірден қысып, жалаң қаққан» отарлық пен надандық «өртінің»  ортасында қалған қазақтың  амалы таусылған кезде Абай «қараңғылықтың көгінен жұлдыздай жарқ етті.

Хәкім Абай оқу-білім, яки ағартушылық жолды таңдады: «Тәңірінің күні жарқырап, Ұйқыдан көңіл ашар көз... Сонда ақын белін буынып, Алды-артына қаранар. Дүние кірін жуынып, Көрініп ойға сөз салар».

Ол «бейкүнә» күрес – ағартушылық жолына белін бекем буған болатын: «Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алып, кектеніп надан зұлымға, шиыршық атып, толғанады».

Абай надандық пен бодандыққа қарсы «сардар» сөзімен күрес ашты. Қараңғылық «бұлтын» серпіп жіберіп, жарыққа жол сілтейді. Туған халқына «бес дұшпанын» көрсетіп, «бес асыл істі» аманат етті.

«Өлмейтұғын сөзімен» өшпес өнеге қалдырған ақын – қазағының мәңгі құрдасы. Ол адамзат поэзиясының қазынасына  жауһар сөз, шырайлы ойымен олжа салды. Сөйтіп, туған халқын  дүние жүзіне мәшһүр етті.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы... Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын / Қазақтың келістірер қай баласы?..».

Хәкім табиғи дарынына нық сенімді: «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім... Қызыл тілім буынсыз, Сөзімде жаз бар шыбынсыз...» - деп, білім жолын нұсқап, ренішін де жасырмайды.

Абай туралы сөз ақыл-ойымды иін тіресе кимелейді. Олар бейне бір «бәйгеге» еліккен, заманның «беталысынан» үріккен сәйгүліктер секілді. Бір уақ, тіпті иелік бермей, жұлқи тартып, ала қашатындай алаңдатады.

Оның қайсысына «шалма» тастап, ен салсам екен... «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?.. Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де өлмегенмен боласың тең».

Ескі «соқпақты» текке шиырлап, босқа шаңдатпай, жаңағы «сәйгүліктердің» қайсысы мәреге артық даңғазасыз жеткізеді? Тұлпар деп дәме қылғаным, тұғыр болып шықса ше... «жабы» сөздің тақымы жазылмас.

Олай болғанда, тиегін ағытқан әңгіме пышырап, тыңдаушының көңілін қалдыруы да оп-оңай. Өзімді қойшы, Абай сәулесімен баураған оқырманға обал. Оның алтын уақытын ұрлауға батылым бармайды.

Сонымен неден бастасам екен? Ақын мұрасымен жаңа танысқанда жеңілдеу: «жаңалығыңды» жеткізгенше асығасың. Ал, Абай «теңізіне» біршама «бойлағанда», білмейтініңнің  көп екенін сезіп, еріксіз дағдарасың.

Бастапқыда «Абай қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы», «Алдымен жырлағаны – адам бақыты», «Жалқыға емес, жалпыға арнап жазды» десем, бұлар ақын «теңізі» лебінің жан сарайын ашқан алғашқы қуанышы екен.

Жалпы, біз хәкімнің өмірін,  оның туыстық және ақындық айналасының естеліктері арқылы білеміз. Ал, шындығында Абайдың өмір жолы, «нені сүйіп, неден күйгені», оның асыл мұрасында сайрап жатыр.

Ендеше, әдепкі әсерлеріме ешкімнің «өкпесі» бола қоймас. Хәкімге  ұзағырақ «серік» болып, сырласа алған адам рухани байиды. Бірақ, өлең теңізінің түбіне шөккен «шын асылға» жету зор еңбек пен ақылды тілейді.

Асыл мұрадан тірлікке қаптал жетерліктей  «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» тапқың келеді. Ақынның жан дүниесі өзіне шындап баурайды. Жүрегі – ашық, ойы  – терең, мақсатына берік оған жаның езіледі.

Нақұрыс надандық пен ноқай қара күштің азабын хәкіммен қоса сезінесің... Абаймен тым құрыса түсімде тілдескім келеді. Бәлкім, көп ойласам, ол мақсатыма да жетермін. Осы арман енді ойымнан шықпайды.

Ұйықтар алдында Хәкімнің мүбәрак жүзін елестетемін. Ұлы ақынның өлеңі мен өмірі туралы ойланамын. Кімді, яки нені көп ойласаң, соның түсіңе кіретіні бар ғой. Ойша сөйлесіп, ақыл-кеңесін тыңдауға ділгірмін.

Абай жасынан алғыр еді:  «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ». Соған орай «өзіне ой кіргелі ерік тимеген» ақынның халқының мүшкіл халінен жаны сыздайды.

Бұған кінәлі өзге емес, ең алдымен қазақтың өзі еді. Оның мал соңында салпақтап, оқу-білімнен кенже қалуын өзге жұрт өз пайдасына жаратты. «Білектінің әлжуазға» әлімжеттік жасауына таңдануға болар ма!?

Ол ерте есейіп, надандық сорын, «құлдық» қасіретін ерте түйсініп, қабағын мұң басады: «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілімнен» деп ағынан жарылады.

Әуезов айтпақшы, Абайды жасы қырыққа таянғанда жаза бастады деген ағаттық. Мұхтар Омарханұлына жүгінсек, Абай ерте бастан өлең жазды, бірақ құнттамады деген тұжырымға тоқтаймыз.

Қайраткер ақын шығармаларының бізге толық жетпеуінің тағы бір себебі, оның өлеңге, яғни өз өнеріне қояр талабы тым  жоғары. Осы себептермен жауһар мұра қолымызғаға толық тимеді десек, ақылға қонады.

Абайды да, ақынның кешегі мен бүгінгі, тіпті ертеңгі қандастарын, яки мың сан Заманайды да жан-жақтан қаумалаған сауал көп. Ұлы даланың соншалықты бейқам қалғаны қалай? Бодандыққа түсуінің себебі неде?

Хәкім ұйқысын ұрлаған сансыз сауалға жауап іздейді. Бұлай созыла беруі де мүмкін емес. Ұлы ақыннан кейін де ол қордалы мәселелердің, өкінішке қарай, талай ұрпақты қинап келе жатқаны да рас.

Амал қайсы, қараңғылықтың қалың бұлты басып тұр еді: «Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресіне» не шара?! Осыған қосылған бодандық «бұғауы» бұлқынса-ақ болды, бұрынғыдан бетер қылқындырады.

Ұлт келешегінен хәкім бәрібір үмітті: «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі». Бірақ, «жүректің көзін ашу» үшін қайтпек керек?

Ол қандастарын «бұлақша ағып ғаламға таралатын» сәулелі жырларымен оятады. Сүйіне әрі күйіне отырып, өз сөзін «ойға олақ, көңілсіз құлаққа» құюға тырысып бағады.

Көзінің алдындағы қазағына қарата айтқанымен, ақын барша адам баласының көкейіндегі арманды тербетеді:  «адамның баласын бауыр тұтуға» шақырып, адамзаттық биікке көтеріледі.

Өз басым ұлы ақын жайлы ойланғанда Абайдың жап-жарық, сәулелі, бірақ «соқтықпалы, соқпақсыз», тауқыметті сапарының сүйіндірген, күйіндірген, суындырған және сейілу кезеңдерін сезінемін.

Бұл төрт кезең – жай ғана уақыт өлшемі емес, хәкімнің жарыққа сүйінуінің, қараңғылыққа күйінуінің және «қаңқ етер түкті байқамас, жартас»  қауымнан суынуының, еркін елімен  бірге сейілуінің  төрт кезеңі.

Даралық пен даналықтың өзара өзектес, түбірі тамырлас төрт кезеңі. Оның біреуі олқы соқса, меніңше, ақын сыры да солғын тартпақ. Абай жырлаған мыңның мұңын, яки мың біріншінің мұңын  түсінуің де екіталай.

Бұл төрт кезең, сондай-ақ дала данышпаны Құнанбайдың Абайының, қазақтың Абайының адамзаттың мәңгі Күншуағына айналған жасампаз сапарының бірін-бірі жалғаған мәңгілік жолының төрт кезеңі.

Кешегі ата-әке, бүгінгі немере-шөберенің, яки Заманайлардың уыстан шығарып алған үміттерінің айнасы. Бұл, сондай-ақ тәуелсіз қазағының өткенге салауат айтып, ертеңге зор үмітпен сейілу кезеңі.

Ал, ұлылықтың осы аталған төрт  кезеңінің ара-жігін қалай ажыратамыз? Қабырғалы сауалға жауап іздеген жанға ақын өсиеті мен аманаты – Абай «сәулесі» көмектеседі.

Ол сәуле көзіңді ғана емес, көкірегіңді де ашатын құдірет! Айсыз түндегі Темірқазық секілді жолаушыны адастырмайды. Олай болса, ақын өмірі мен шығармашылығының біз таныған төрт кезеңі қандай?

Абайдың өмір мен өнер сапарының бірінші – «Сүйіну» тарауы ұлы ақынның мына бір жұмбағымен бірге шешіледі: «...Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең - әрнені білгендерің».

«Білмекке құмар» Ибраһим «үйренуге тоймаған» қасиетінің арқасында Ақиқат ұшқынын сезіне алды. Алғыр да зерек перзенті Әбдірахманға арнаған өлеңінде де өмірге, ғылымға іңкәрлікті ардақ тұтады.

Абай отбасында-ақ «жасынан түсін билеп, сыр бермеген»  Құнанбайдай қайраткер әкенің, дала данышпанының турашыл, қайтпас, әділетті мінезінен ақыл мен қайратты мирас етті.

Ақын «Басында әке айтпаса, ақыл жарлық, Ағайын табылмаса ой саларлық...», - дей келе, босқа өткен жастық дәуреннің зар тартқызатынын мойындатады. Сәулесі бар талапкер жастың сыналар жері де, міне осы.

Әжесі Зере мен анасы Ұлжаннан бала Ибраһим мейірім мен жанашырлықты бойына сіңіреді. Жүрекке жүгінеді: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек...».

Шынында да «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы, Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы. Сол жүректен жылылық, достық пенен / Бұлақша ағып  ғаламға тарамақшы».

Ол сәулелі шаңырақта дүниеге келді. «Мыңмен жалғыз алысып», сол мыңның мұңын мың бірінші болып жырға қосты. Ермек үшін емес, елінің бақыты үшін күресті. Бірақ, «сөз ұғарлық замандасы» (Шәкәрім) аз еді.

Заман, заман... Заманай...  Абай сөзі қазақты жаһанға  таныстырады. Ұлы даланы тоқыратқан қиямет-қайым тағдырды жария етеді. Қараңғылық қасіреті мен бодандық кесапатына күйінеді (екінші тарау).

Үш жүз жылдық отарлықтың зардабы, тіпті еркіндік алған соң да етектен тартып, алдымыздан кес-кестейді. Абай ұлы даланың бүгінгі мен ертеңгі ұрпақтарымен тағы да ой бөліседі .

Солардың бірі – алдыңғы, кешегі және бүгінгі мен ертеңгі Заманай ұлы ақын мұңын түсінсе керек. Адам бақытын армандаған кемеңгер  тұлғалардың бірі – Абай аманаты ешкімді де бейтарап қалдырмайды.

Арман... Алдыңа мақсат қойып, армандай білу де екінің біріне бұйырмаған. Қаншама жан күнделікті күйбеңнен белін жаза алмайды. Айналасын қарау түгілі, көзімен жер шұқып, еңкейген күйі өмірден баз кешеді.

Кеңес заманында ой-сана «қамаулы» болды. Отбасы, ошақ қасында «арқандалған» адам бар мен жоқты сол күйі қабылдады. Өзгеріс ойға кіріп-шықпады. Армансыз жанға басқа салғанға көнуден басқа лаж жоқ екен.

Уақыт алға жылжыған сайын адам табиғаты да жарқын бола түссе керек. Заманай өз ойын ішіне бүгеді: коммунизм құрылысшыларын – «жаңа адамды» тәрбиелеп жатқан қоғамда ондай еркін ой-пікірге орын жоқ.

Рас, әр заманның өз сыйы мен сыны,  қиындығы мен қуанышы болады. Бір қарағанда, кешегіміз бүгіннен, ал бүгініміз өткеннен өнегелі секілді көрінуі де мүмкін. Бірақ, көбінесе олай емес.   

Заманның мейлінше жарқын болуы тағдырлық сын кезеңдерде ұтымды шешім қабылдай білуге тәуелді. Ел-жұрттың рух көзін байлап, аяқ-қолын тырп еткізбей, қабылданатын шешімдер бәрібір баянды болмайды.

Тағы бір өкініштісі, ондай солақай, сойқанды саясат бір немесе бірнеше ұрпақтың өмірін ұрлап, үмітін үзеді, тіпті олардың санасын шырмап, тура жолдан адастырады, ертеңгі күнге деген сенім суалады.

Жоңғар шапқыншылығы, ақ патшаның отарлауы, 17-нің қанды төңкерісі мен тап күресі деген содырлы саясат, қасақана ашаршылық,  екінші дүниежүзілік соғыс,  30-шы мен 50-ші жылдардың қуғын-сүргіні...

Біз адамға – «қасқыр», қатерлі қоғамда өмір сүрген екенбіз. Орыс режиссерлері: В. Студеников, М. Григорьевтің  «Комедия строгого режима» фильмі (түсірген «Краун» бірлескен кәсіпорны) ызалы күлкіге буады.

Бұл аз десеңіз, «Мудромер» комедиясын қараңыз («Беларусьфильм» түсірген, қоюшы-режиссер Валерий Пономарев). Сонда Кеңес заманының кеселіне көзіңіз бұрынғыдан бетер ашылады.

Бодан заманда арман да қараң екен. Басқа түскен қиындық үшін Құдайды қарғау құлаққа сіңісті жайға айналды... «соқыр, шұнақ», тағысын тағылар. Кеңестің «жаңа адамы» компартияның сөзіне имандай ұйыды.

Олар, тіпті «шаш орнына бас алуға» даяр тұрды.  Әлі де  «...жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан –Құдай, ауыртқан Құдай емес» (Абай) екенін түсіне қоймаймыз.

Тірлік тауқыметі таптап тастағандар үшін күн көрудің өзі мұң. Бодан елде, жаңа айтқандай, арман дегенің әдірем қалады. Әрбір елдің адамгершіл сыпатын, оның азаматтарының арманшылдығымен өлшеген абзал.

Қысқасы, отарлық кіріптарлықта, тіпті тұтас ұлт арман түгілі, оның не екенін де ойға алмайды. Ойдан – ада, қойдан жуас, мұңлық мыңдардың арман-мұңын мың біріншілер – біртуар тұлғалар арқалайды.

Ұлы дала мың біріншілерге – ұлттың ұлыларына кенде болмаған. Солардың бірі – Абай қазағына бағдар сілтеуге жанын сала жүріп, таң алдындағы қара түнектен еріксіз суынады (үшінші тарау).

Ойлы адамға өмір сүру азап екен... Абай мұрасына үңілген адам алтын іздеуші секілді. Тек бір айырмасы, алтын іздеуші, оның мол жүлгесін тапса, төккен терінің қарымын еселеп қайтарады.

Ал, ақын-жазушы үшін ой түбіне «сүңгу» өз алдына, одан тапқан «асылды» оқырманға жарқырата жеткізе білуі парыз. Ең алдымен, жаңағы қазынаның «кілтін» қашан ұстағанша азапқа түсесің.

Сұрақ көп... мыңдардың мұңын арқалаған мың бірінші  мұң – Абай еді. Мың бір мұң... мыңның, яки халықтың, сол мыңның бірі – Абайдың мұңы! Таң атып, Күн шыққанда серпіліп, сейілудің басы (төртінші тарау).

Абай қара басы үшін емес, отбасы үшін емес, «қайран елі» үшін, «өмірге бақытты болу үшін келген» (Әбу Насыр әл-Фараби) адам баласы үшін қамығады.  Елінің ертеңіне алаңдап, еріксіз егіледі.

Өткен үш ғасырда қараңғылық пен бодандықтың екі жақты қыспағында көру мен естуден, айту мен танудан мақұрым қалдық. Егемендікке жетісімен туған ел «шаңырағынан» жарық «құйылғандай» еді.

Алайда, «батпандап кірген кеселдің мысқалдап шығатыны» ащы шындық екен. Осыны кейбір әділ, турашыл замандас  ескермейді. Әсіресе, экономикалық жүйе Ресеймен, өрмекшінің торындай, матасып жатыр.

Оны үзбес бұрын, жаңа қарым-қатынастар желі тартуы тиіс. Бұл ұзақ уақытты, сарабдал саясатты талап етеді. Күнбе-күн дүрліккен дүниеде текке арандап қалмай, халқымыздың  аман-есен өркендеуі бәрінен де қымбат.

Заманай... оны да кешегі, бүгінгі және келешек ұрпақтардың тағдыры ойландырады. Қашанда мықтының айтқаны орындалған. Қай заманда да әлжуаз күштінің көлеңкесіндей шарасыз. Бұған қалай өкпелерсің!?

Тірліктің заңы қатал. Мықты болса, қазақтың да өз төңірегін «уысында» ұстарына күмән жоқ. Алайда, күштінің де екі түрі болады екен. Біріншісі, өзі «соқыр, саңырау, санасыз», яки өзгені де «қапаста» ұстайды.

Ал, жаңағының екіншісі «көзі ашық» болғандықтан «әлсіздің» де адам баласы екенін естен шығармайды. Өз билігін жүргізе отырып, замандасының лайықты өмір сүруін, әділет пен адамдықты ардақ тұтады.

Олай болса, ғылыми-техникалық, озық технологиялық тәуелсіздікке   қашан жетер екенбіз? Ұлы даланы кезінде еркін жайлаған халықтың намысшылдығы ілім-ғылымды серпінді дамытуға да тірек болса қандай!

Алты алаштың адамгершілігі мен дархан көңілінен тапқан «олжасы» қайсы? Даналығы мен парасатының қарымтасы бола ма?  Заман-ай... Мың, бір мұң... Бұл – халықтың мұңы, сол көптің бірі – Абайдың мұңы.

Ол, сондай-ақ, кешегі, бүгінгі мен ертеңгі Заманайдың ел еңсесі биік болса екен деген тілегі. Өткеннің мұң-зары ұрпаққа мұраға қалмай,  оянған қазақ білім мен ғылымға – жарыққа, Күнге асықса деген ақжарылқап арман!

Ендеше бұл – сол мыңның, яки көптің мұңына мың бірінші боп  зарын қосқан Абайдың жанының сыры. Мың біріншінің мұңы, Абайдың және тәуелсіз заманда сейілген (төртінші тарау) Заманайдың сыры.  

Ұлы Абай мыңның мұңын жадына түйіп, оны жалғанның жарығына шығарды. Ал, біз – ақын-жазушылар ше? «Күннен туған» Мағжан ақын «...әдебиет – әдебиет үшін!» - деп, өркениет жолын меңзейді.

Сондай-ақ, Алты алаштың аспанына «Күн болып шығып,  мұздаған жүректі» жылытқан Сұлтанмахмұт ақынның да арманы Сіз бен бізге аманат. «Күннің» – білім мен ғылымның алдында надандық қауқарсыз.

Ендеше, сол Күнге де, бақытқа да жетерміз... Мыңның және мың біріншінің мұңнан арылатын күні туар.  Бодан заман азап еді. Еркін заманның етектен тартқан кедергілерінен де құтылатын заманға жетерміз.

«Мұнайды басты бауырға, Жауырды жаба тоқыды. Тонады әбден тоздырып, Жасырып, жоқты көкіді. Алтынды алды тонналап, Қордасын берді халыққа. Сорғаны жерден аздай-ақ, Пысқырмады салыққа...» - деймін.

«Қорлады әбден қазақты, Мазақ қып күлді жаһанға, Мақамға ескі саламын, Кәрімін әрі баламын. Жалыққан халық жарылды, Жарылмай енді не қалды. Шайнамай жұтты бәрін де, Жанымды енді жалмай ма?» - деймін.

Абай тапқан, Заманай  ұйыған бөтен жұртқа бодандықтан құтылудың ендігі қалған жолы – білім мен ғылым жолы екені кәміл. Барша адам баласы сол оқу мен тоқудың арқасында ғана толыққанды азаттыққа  жетеді.

Мұнсыз жеке адамның да, елдің де еңсесін тіктеп, басқалармен терезесі тең болуы екіталай. Кеше де, бүгін де, ертең де солай. Құлдықтан құтылудың, Күнге жетудің жалғыз жолы – Білім мен ғылым жолы.

Қай ұлтты болсын құртып жіберу үшін соғыс ашу емес, оны білімнен ажырату керек көрінеді. Соғысып береке таппайсың. Білімі артық, қаруы жойқын жау жойып жібермесе де,  тас-талқан етіп,  қиратып тастайды.

Іс жүзіндегі теңдік пен тәуелсіздікке білім мен ғылым ғана жол ашады. Олай болса, өркениет сапарында кенже қалуымыздың себебін, тағы да қайталаймыз, өзгеден емес, өзімізден іздегеніміз абзал.

Өскелең ұрпақ бойында ұлттық мақтаныш пен ұлттық намыс сезімін қалыптастыру парыз. Ұлттық намыс білім мен ғылымға жетелеп, ұлттық мақтаныш өркениет көшінің алдына шығаруынан үміттіміз.

Абай сөзінің сәулесі әрқашан көкейкесті әрі жасампаз болып қала бермек. Кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі Заманай да хәкімнің ұлағатына жүгінеді. Асыл мұра бізге Адам деген атқа лайық болу үшін де қымбат!

Болат Жүнісбеков

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1675