Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024
Алаң 1349 48 пікір 9 Желтоқсан, 2024 сағат 13:52

Сирия: Башар Асад билігі құлады. Сириядағы қазақ сарбаздары қайтпек?

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: telegraf.com, CNN және Дмитрий Дегтяров.

Сириядағы Асадқа қарсы күштер 27 қарашада Асадқа қарсы соғыс ашып, аз күнде Дамашыққа дейін жетті. «Хаят Тахрир аш-Шам» бастаған Асадқа қарсы әскер Идлибтен бастап, Халеб (Алеппо), Хама, Хомс секілді маңызды қалаларды алды. Ең ақырында ел астанасы Дамашықты алып, Башар Асад билігінің құлағанын мәлімдеді.

АСАДТАР ҚАШТЫ: 54 ЖЫЛДЫҚ ОТБАСЫЛЫҚ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ ҚҰЛАДЫ!

Премьер-министр Мұхаммед Ғази әл-Жалали мемлекетті басқаруды халық таңдаған топқа өткізуге дайын екенін айтты. Бұл жаңалықты Сирия халқының көбі қуана қарсы алды. Дегенмен мұнымен бәрі түзеледі деуге келмейді. Жағдайға алаңдап өзге елге кетіп жатқан тұрғындар да бар.

Сирия премьер-министрі Мұхаммед Ғази әл-Жалали: «Мен мемлекетті тастап, ешқайда кеткенім жоқ. Өйткені бұл менің елім, ал мен соның азаматымын. Сириядағы саяси жағдай тұрақталғанын қалаймын. Біздің елдің көрші мемлекеттермен, бүкіл әлеммен жақсы қарым-қатынас орнатуға қауқары жетеді. Бірақ бұл мәселемен енді Сирия халқы таңдайтын жаңа үкімет айналысады. Біз оны қолдауға дайынбыз», - деді.

Ал «Хаят Тахрир аш-Шам» лидері Әбу Мұхаммед әл-Жолани Дамашық қаласындағы мемлекеттік мекемелер билік ресми түрде берілгенше премьер-министрдің бақылауында қала беретінін мәлімдеді.

Әл-Жолани осыған дейін CNN-ге сұхбат беріп: «Біздің ақырғы межеміз - Дамашық! Мақсатымыз - Асад режимін құлату. Біз осы мақсатқа жету үшін қолда бар барлық құралдарды пайдалануға құқылымыз. Режимнің жеңілуінің дәнегі әрқашан оның ішінде болды... Ирандықтар уақыт ұту арқылы режимді жандандыруға тырысты, кейіннен орыстар да қолдау көрсетуге тырысты. Бірақ шындығы сол - бұл режим өлді! Сирия бір билеуші ерікті шешімдер қабылдайтын жүйеге емес, институционалдық басқару жүйесіне лайық», - деген еді.

27 қарашада басталған соғыс 8 желтоқсанда Дамашықта нүктеленді. Нәтижеде – Башар Асад отбасын ертіп, Ресейге бас сауғалады. Ресей билігі Асад пен оның отбасына саяси баспана ұсынды. Ол Ресейдің Сириядағы әскери базасына қашып барып, Ил-76 әскери ұшағымен қашқан.

Осылайша, әкелі-балалы Асадтар династиясының 54 жылдық қанды билігі нүктеленді. Башар Асад билігі 11 күннің ішінде құлады.

Сирия сыйырдың бүйрегіндей бытырап жатқан мемлекет. Бүгінгі Сирия – жұлым-жұлымы шыққан ел. Өзі 14 облыстың жерінен құралады. Онда кімдер жоқ дейсіз?.. Террорлық топтар да, радикалды-діни топтар да көп. Түркияның, АҚШ-тың проксилері бір-бір аймақты ұстап отыр. Израиль Голанды алған. Бір жақта күрдтер автономия сұрап, ол тұр. Тағы бір жақта түркімендер бас бермей, ол тұр. ДАЙШ та бар ол жақта. Тайпалық бөліністер тағы бар. Қысқасы, бұлардың әрбірінің өз мүддесі бар. Көп жағдайда олар бір-бірін мойындамайды.

СИРИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ САРБАЗДАРЫ АМАН БА? ОЛАР ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛА МА?

Бізді алаңдататыны – Сирияда Қазақстанның бітімгерлік күштері бар! Биылғы жылдың наурыз айында БҰҰ миссиясы аясында «соғысушы тараптар арасында атысты тоқтату» тапсырмасын орындау үшін 139 қазақстандық әскери қызметкер Голан жотасына жіберілген.

«Голан жоталарында БҰҰ миссиясын жүзеге асыратын қазақстандық әскери контингенттің жауапкершілік жағдайы шиеленісті, бірақ тұрақты», - деп бағалануда. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде айтылды.

«БҰҰ бақылаушы күштерінің өкілетті шенеуніктері сириялық және израильдік тараптардың өкілдерімен үнемі байланыста. Бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдануда...», - делінген хабарламада.

СИРИЯ ЕНДІ ҚАНДАЙ МЕМЛЕКЕТ БОЛАДЫ?

Сарапшылар Сирия енді қандай мемлекет болады дегенге қатысты 5 түрлі болжам жасайды. Қараңыз:

1) Сирия демократиялық Республикасы!

Өзара келіспеушілігі мен идеологиялық қайшылығына қарамастан оппозициялық фракциялар альянс құрады.

2) Сирия Ислам Республикасы!

Бұл нұсқаның негізгі ойыншысы - «Хаят Тахрир аш-Шам» болмақ. Билікті сол ХТШ өз қолына алады.

3) Израиль ықпалындағы Антишиіттік мемлекет!

Антишиіттік мемлекет құрылады. Онда Израильдің ықпалы басым болады.

4) Сирия федеративтік Республикасы!

Бұл нұсқа бойынша Сирия бірнеше жартылай тәуелсіз территориялық бірлікке бөлінеді. Олар АҚШ ықпалында болады. Бұл этникалық және діни қайшылықтарына қарай бөлінеді.

5) Сирияның дезинтеграциялануы!

Бұл ең радикалды нұсқа. Бұл нұсқа бойынша Сирия бірнеше бөлікке бөлінеді. Әрқайсысы бір біріне бағынбайтын дербес территориялар болады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1671