Цифрлық дәуірдегі ақиқат күресі
Бүгінгі дәуір адамзатқа жаңа мүмкіндіктер ұсынумен қатар, үлкен қиындықтарды да ала келуде. Ақпарат өндірісі мен оның таралу жылдамдығына ілесу барған сайын қиындап бара жатқан заманда, коммуникация экожүйесі түбегейлі өзгеріс процесінен өтуде. Алайда бұл өзгеріс үдерісі оң ілгерілеуді қамтумен бірге, адамгершілік, мәдени және рухани сынақтарды да қоса алып келуде.
Технологияның қарқынды дамуы күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған жасанды интеллект пен алгоритмдерді жай құрал ретінде ғана емес, сонымен қатар күштердің тепе-теңдігін қайта анықтайтын ықпалды факторға айналдырды.
Ақиқат пен жалғанның арасындағы шекара күн өткен сайын бұлдырланып, адамзат “ақиқат дағдарысы” деп сипаттауға болатын белгісіздіктер торына тап болуда. Осындай үлкен сынақтармен бетпе-бет келген біз бұл мәселелерді еңсерудің жалғыз жолы тиімді коммуникация стратегияларын әзірлеу екенін жақсы білеміз.
Технологиямен бірге түбегейлі өзгеріп жатқан коммуникация экожүйесінің мүмкіндіктері мен қауіптерін қоғам игілігі үшін тиімді талдап, басқару – біздің басты міндетіміз. Қазіргі даму үрдістері қоғамдардың коммуникация саласындағы әдеттерін өзгертіп, цифрлық медиа өміріміздің маңызды бөлігіне айналды. Бұл өзгерістің ең таңқаларлық тұсы – жасанды интеллекттің коммуникация процестеріне тигізетін әсері арқылы байқалады.
Жасанды интеллект құралдары біздің әлемімізді және барлық салаларды жылдам өзгеріске ұшыратуда. Бүгінгі таңда жасанды интеллект стратегиялық коммуникацияда ойлау жүйесін түбегейлі өзгертетін күш ретінде көрініс табуда. Деректерді талдау, мазмұн жасау және дағдарысты басқару секілді салаларда ұсынып отырған мүмкіндіктері бірнеше жыл бұрын ғана елестету қиын болған жылдамдық пен тиімділікті қамтамасыз етуде. Кеше ғана ғылыми-фантастикалық фильмдерде ғана көрінетін идеялар бүгінде әркімге қолжетімді бола бастады.
Алайда, технологияның бұл оң бағыттағы ілгерілеуі дұрыс мақсатта пайдаланылмаған жағдайда, цифрлық қаруға айналу қаупін тудырады. Deepfake технологиясын қолдана алатын жасанды интеллект түпнұсқа мен жалған мазмұнның айырмашылығын анықтау мүмкін емес жағдайға жеткізіп, қоғамдардың сенімін бұзады және ақиқат дағдарысын тереңдетеді. Бұл өз кезегінде дезинформация, манипуляция және этикалық нормалардың бұзылуы секілді құбылыстардың салдарын одан әрі күшейтеді.
Алгоритмдер басқаратын әлемде адамдардың тек өз “жаңғырық бөлмелеріне” қамалып, қоғамдық бөлінуді күшейтуі және ақиқаттың орнын манипуляцияның басуы қауіпті жағдай туғызады. Мұның бәрі жасанды интеллектті этикалық қағидалармен басқарудың маңыздылығын айқын көрсетеді. Жасанды интеллекттің цифрлық кеңістіктегі қолданылуы есеп беру, ашықтық және этика секілді көптеген мәселелерді күн тәртібіне шығарып отыр.
Жақында Газада орын алған қайғылы оқиғалар кезінде жасанды интеллект қолдаған дезинформацияның халықаралық қауымдастықты адастыру үшін қалай пайдаланылғанына бәріміз куә болдық. Әлеуметтік желілерде дезинформация алгоритмдер арқылы жылдам таралып, шынайы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі шектелді. Соның нәтижесінде, болған оқиғалар мен адам құқықтарының бұзылуы туралы шынайы ақпараттың жұртшылыққа жетуі қиындай түсті.
Технологиялық және цифрлық мүмкіндіктердің адамзатқа тигізген зор пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл мүмкіндіктерді жаман ниетпен пайдаланатындардың жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретіні де ақиқат. Мұндай күйретуші әсерлерге қарсы, Түркия ретінде біз стратегиялық коммуникация механизмдері арқылы жалған ақпараттың таралуын тоқтатып, ақиқатты қорғауға және халықаралық қауымдастыққа дұрыс ақпарат жеткізуге барынша күш салудамыз.
Цифрлық қауіп-қатерлер туралы хабардарлықты арттыру және медиа сауаттылықты дамыту бүгінгі күннің сан алуан тәуекелдерімен күрестегі басымдықтарымыздың бірі болып табылады. Цифрлық кеңістіктегі ауқымды өзгерістерді басқару үшін жаһандық ынтымақтастықтың маңызы күн өткен сайын артуда. Түркия ретінде біз ақиқат үшін күресте халықаралық ынтымақтастықты қолдайтын әрекеттерімізді жалғастырудамыз.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның “Түркия ғасыры” визиясы аясында, бұл өзгерістер дәуірінде ел ретінде стратегиялық ұстаным танытып келеміз. Біз технологияны адамзат игілігіне бағыттауды, қоғамдық пайда мен ақиқатты басты орынға қоятын коммуникацияны негізге аламыз. Осы жаңа дәуірде стратегиялық коммуникацияны белгісіздіктерді басқарудың және сенімділікті қалыптастырудың басты құралы деп білеміз. Түркия бұл бағытта ұлттық және халықаралық деңгейде белсенді рөл атқаруда.
Президенттік Коммуникация басқармасы ретінде жүргізіп отырған дезинформациямен күрес жұмыстары көптен бері ақиқат дағдарысына қарсы табандылықпен әрекет етіп, осы салада тиімді шешімдер әзірлеуде. Біз дағдарыстық коммуникацияны жасанды интеллект қолдайтын стратегиялық коммуникация процестерінің ең маңызды қолдану салаларының бірі ретінде бағалаймыз.
Кризис жағдайларында дұрыс ақпаратқа тез қол жеткізу және қоғамды тиімді түрде хабардар ету өмірді құтқаруда шешуші рөл атқарады. Осы мақсатта Түркия жаһандық және ұлттық деңгейдегі коммуникация механизмдерін жетілдіруді жалғастырып, сенімді және шынайы ақпараттың таралуын қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етуде.
Цифрлық дәуірдің өзгерістер желін айқын сезінген осы кезеңде, 2024 жылдың 13-14 желтоқсанында өтетін “STRATCOM: Халықаралық стратегиялық коммуникация форумы” – мүмкіндіктер мен тәуекелдерді жаһандық деңгейде терең талқылайтын бірегей алаң болып табылады. Форум әлемнің түкпір-түкпірінен мемлекеттік сектор, медиа, академия, азаматтық қоғам және жеке сектор өкілдерін біріктіріп, стратегиялық коммуникация экожүйесінің болашағына бағыт беретін идеялар тоғысатын орталыққа айналады.
Алайда STRATCOM-ды тек қана форум ретінде қабылдау жеткіліксіз. “STRATCOM: Халықаралық стратегиялық коммуникация форумы” цифрлық дәуірдің қиындықтары мен ақиқат дағдарысына қарсы ортақ ерік-жігер қалыптастыруға мүмкіндік беретін жаһандық үндеу ретінде де маңызға ие. Бұл жаһандық үндеудің мәні жасанды интеллект пен стратегиялық коммуникацияда орын алған төңкерістердің үлкен жауапкершілікті талап етуімен айқындалады.
Біз адамзаттың ортақ болашағы үшін ақиқат, ар-ождан және әділет қағидаттарынан айнымай әрекет етуіміз қажет екенін терең түсінеміз. Түркия осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, тек аймақтық деңгейде ғана емес, жаһандық деңгейде де үлгі болуды жалғастырады.
Фахреттин Алтун
Түркия Республикасының Коммуникация басқармасының төрағасы
Abai.kz