Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2024
Әдебиет 177 0 пікір 18 Желтоқсан, 2024 сағат 13:04

«Әдебиет – кәсіп қана емес, ұлы миссия»

Сурет: qazaqadebieti.kz сайтынан алынды.

Биылғы жылы Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық ұйым ретінде пәрменді қызмет атқарып келе жатқанына – 90 жыл. Бастауында Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты алыптар шоғыры тұрған шығармашылық ұйым қазақ қоғамымен қанаттасып бірге жасап келеді. ХХ ғасырдың жүгін арқалап, ХХI ғасырдағы өркениеттің көшіне керуен қосқан Жазушылар одағының бүгінгі тыныс тіршілігі мен бет алысы қандай? Одақтың Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов мырзамен осы және өзге де сауалдар төңірегінде сұхбаттасудың сәті түсті.


– Мереке аға, бүгінгі сұхбатымыздың басты тақырыбы өзіңіз басқарып отырған Жазушылар одағының 90 жылдығы мен ұйымның кешегісі, бүгіні және ертеңі туралы болмақ. Алдымен айтарым: мерейтой құтты болсын!

– Иә, рахмет! Бұл жалғыз қатарында мыңнан астам мүшесі бар Одақтың, қаламгерлер қауымының ғана мерейтойы емес, бұл – барша оқырман қауымның тойы!

Бұл – кешегі тарихымызға сабырлы да салиқалы баға беріп, ұлт әдебиетінің бүгінін бағамдап, болашағын бағдарлауға мүмкіндік беретін айтулы дата.

– 90 жыл – ғасырға бет алған толағай жыл. Бүгінгі Жазушылар одағының пролетариат жазушылар ұйымынан бастау алып, капиталистік қоғамның қатаң экономикалық талаптары мен пікір алуандығын, сөз және шығармашылық бостандығын тұтас қамтыған XXI ғасыр өркениетіне сай қызмет атқарып жатқан шығармашылық ортаға айналуы – бірнеше кітаптың мазмұынына арқау болары анық. Сонда да осы Жазушылар одағы бастан өткерген кезеңдерге қандай баға берер едіңіз?

– Кез келген қоғамда рухани саланың алар орны бар. Қысқаша айтқанда, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси формация қандай – ел тұрмысы сондай. Алайда, әдебиет мен мәдениеттің орны бөлек. Шығармашылық қауым қашанда өз заманынан бір қадам болса да алда жүреді. Сонысымен бұл сала ерекше құнды әрі маңызды. Яғни, озық әдебиет – қоғам мен мемлекет дамуының рухани кепілі.

Шығармашылық ұйымымыздың тарихы кешегі Совет одағының, содан кейін Тәуелсіз Қазақстанның тарихымен жалғасады. Өз халқымен бірге қаламгерлер де сталиндік тоталитарлық жүйенің зардабын шекті, саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Зиялы қауымның кез келген ұлттың дамуындағы прогрессивті ролін сезініп, большевиктік жүйе, ең алдымен, ұлттың айбоз ұлдарына шүйлікті.

Социалистік индустрияландыру кезінде де жазушылар өз заманының жаршысы бола білді. Екінші дүниежүзілік соғыста қаламгерлер қаламымен бірге қару ұстап, майдангерге айналды.

Сталиндік кезеңнен кейінгі жылымық жағдайында ақын-жазушылар сол талаптар шеңберінде біршама шығармашылық еркіндікке қол жеткізді.

Қазір бәріміз езу тарта еске алатын тоқырау заманында да қазақ қаламгерлері уақыт шындығын жаза білді. Сол кезде сатира жанрының ерекше дамуының өзі не тұрады.

Қазір баршамыз жапа-тармағай жабыла жамандап жатқан ескі Қазақстан тұсында да қазақ жазушылары қаламын қолынан тастаған жоқ. Иә, мойындау керек, ол тұста да билікке жағымпазданған қаламгерлер болды, бірақ жазушылардың басым көпшілігі халқымен бірге өмір сүрді, халықтың мүңын мұңдап, жоғын жоқтап, қоғамға ой салар сүбелі шығармалар жазды. Сол істердің басы-қасында бірегей ұйым ретінде Жазушылар одағы тұрды.

– Мереке аға, кез келген ұйым басшысымен ерекшеленеді. Өзіңізге дейін Жазушылар одағын басқарған тұлғалардың әрқайсысы несімен, қандай жетістігімен ерекшеленді деп ойлайсыз?

– Иә, әр басшының кезінде Уақыт пен Қоғам, Оқырман қойған талаптар әрқилы болды. Одақтың әрбір басшысының ұйым тарихында алар өзіндік орны бар. Одақ басшылығының төріне озған әр төраға ұйымды басқарған тұстағы саяси жағдаймен, басшылық ету стилімен, адами қасиетімен ерекшеленді.

Ілияс Жансүгіров Одақтың негізін қалады, оның қалыптасуына орасан зор еңбек сіңірді. Максим Горький секілді тұлғалармен достығының арқасында КСРО құрамында болған қазақ елінің әдебиетін сол кездегі ортақ алаң – Совет одағы әдебиетінің алаңына шығаруға атсалысты. Сәбит Мұқанов та осы үрдісті жалғап, Абай, Махамбет, Жамбыл секілді ұлыларымызды бүкілодақтық оқырманға танытуға жағдай жасады. Үкімет басшылығында болған Әди Шәріпов ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салды. Жазушылар ішінде жалғыз ғана Социалистік Еңбек Ері атағын алған Ғабит Мүсірепов ықпалды тұлға ретінде Одақтың беделін арттыра түсті.  Бір ғана мысал, біз отырған тарихи ғимаратты 1954 жылы Ғабең жоғарғы жақпен тартысып жүріп, Қазақстан Жазушылар одағына алып берген. Мұндай сәттерді ұмытуға бола ма? Ал Жұбан Молдағалиев КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ретіндегі атақ-абройын ұйымның жағдайын жақсартуға, советтік кеңістікте қазақ әдебиетін насихаттауға арнады. Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде насихаттауға атсалысты. Қалдарбек Найманбаев шетелдегі қазақ әдебиетінің өз Отанына, төл оқырманына оралуының бастауында тұрды. Нұрлан Оразалин ұйымды ең қиын уақытта – социалистік, жоспарлы экономикадан нарыққа көшу кезеңінде басқарды. Сол тұста мемлекеттік идеология басында отырған кейбір басшылар қоғамдық бірлестіктерге: «Өз күндеріңді өздерің көріңдер», – деп, ол ұйымдарды сыртқа тепті. 22 жыл Жазушылар одағын басқарған Нұрлан Оразалин ұйымды аман алып қалуға, ғимаратын сақтап қалуға көп еңбек сіңірді. Ұлықбек Есдәулетов пандемияның қатал тыйымдары мен шектеулеріне тап бола тұра, Одақ жұмысын жандандыра білді.  Ол да Әнуар Әлімжановтар сияқты Қазақстан Жазушылар одағының беделін халықарлық ұйымдардың қызметімен ұштастыруға ұмтылды.

– Сіздің Одақ төрағасы болып сайланғаныңызға бір жарым жылдан асты. Сіз жұмысқа кіріскенде, Одақта жұмыс істейтін бір азаматтың бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол: «Одақ тіріле бастады, оған адамдар келе бастады. Одақта жұмыс істейтіндер бұрынғыдай тал түсте бильярд ойнамайтын болды», – деген еді. Өзінің 90 жылдығын ұйым қандай жетістіктермен қарсы алып отыр?

– Ең алдымен айтарым, күнделікті қызметімізде біз, ең алдымен, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауын сезініп келеміз. Байқасаңыз, Жаңа Қазақстанда рухани өмір, әдебиет пен мәдениет мәселелері мемлекеттік деңгейде жаңаша мән-мазмұнға ие болып отыр. Президентіміздің тікелей бастамасымен кітап культі орныға бастады. Оның өзі ұлттық әдебиетіміздің дамуына өзгеше серпіліс беріп отыр.

Өзінің бір сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жазушылар Одағы ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ екенін» атап өтіп еді. Өз қызметімізде біз Президентіміздің осы жоғары бағасын басшылыққа алып отырамыз.

Бір жарым жыл ішінде жұмысымызды түбегейлі қайта құрдық десем болады. Тәртіп бар жерде нәтиже бар. Облыстағы өкілдіктерге деген талап күшейді. Мақсат бір: аппараттағы әрбір қызметкердің, облыстағы өкілдердің жұмыс тиімділігін арттыру.

Жастармен жұмысты жүйелі жолға қою мақсатында «Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне үміткер» жобасын қолға алдық. Бұл жоба Қазақстан Жазушылар одағының Жарғысына сәйкес 12-20 жас аралығындағы талантты балалар мен жасөспірімдерге арналған. Аталған жоба аясында 6 облыстан 15 үміткер қабылданып, 2025 жылдың басында олардың жеке кітаптары жарық көреді.

Бірқатар бастамалар Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі арасындағы стратегиялық әріптестік негізінде жүзеге асырылды.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігін басқарып отырған Аида Ғалымқызының әдебиетімізді көркейтуге деген ықпалды игі істеріне біз, жазушылар, аса ризамыз.

Нақты жобаларға келсек, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы жас қаламгерлерді қолдауға, Қазақстанның әдебиет саласында жаңалықтар мен өзгерістерді танытуға бағытталды.

«Жазушылардың әдеби шеберлік мектебін» ұйымдастырдық. Ол жас қаламгерлердің шеберлігін арттыруға арналған. Жазушылар мен ақындардың тәжірибелерін бөлісуі шығармашылық жолын енді бастап жатқан таланттарға көп тағлым берді.

Жас жазушылардың кітаптарын ашық түрде талқылау, оларға қолдау көрсету үрдісі қалыптасып келеді. Ол қызу пікірталастар жаңа шығармаларды насихаттаудың тиімді жолы болып отыр. Бұл тәжірибені біз жалғастыра бермекпіз. Болашақта Қазақстанның өзінің Әдебиет институты болса деп армандаймыз. Бұл ойымызды Үкімет қолдайды деп ойлаймыз.

Демеушілерді тартып, қомақты гранттар беріп, жас авторларға кітап жаздыру тәжірибесі де өз жемісін бере бастады: қоғамдағы өзекті тақырыптарға арналған шығармалар оқырманның ілтипатына ие болуда.

«ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты жобаның тарихи, танымдық маңызы зор болды. Жоба аясында қазақстандық жазушылардың еңбектері зерттеліп, әлемдік әдебиетке үлес боп қосылған тарихи және әдеби еңбектері қайта жаңғырды.

Шындығын айтсақ, бүгінгі әдеби процестің бір кемшін тұсы сол: бізде кәсіби, сапалы да жүйелі әдеби сын жоқтың қасы. Қазақстанда жылына 4-5 мың жаңа кітап шығады екен. Кітаптың көп болғаны жаман емес. Алайда сол кітаптардың сапасына кім баға беріп жатыр? Сол себепті біз Жазушылар одағындағы жанрлық секциялардың, соның ішінде әдеби сын секциясының жұмысын жандандыруды қолға алдық. Сын түзелмей кітаптардағы мін түзелмейді. Осы жұмысымыздың жемісін бара-бара көре жатармыз.

Әдебиет тек қана Астана мен Алматыда жасалмайды. Кең байтақ еліміздің оқырманы өздері сүйіп оқитын қаламгерлермен жүздескісі келетіні рас. Оған қоса, әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері тағы бар, оларды негізінен Астана мен Алматыда шоғырланған ақын-жазушылар біле бермейді. Сол себепті Жазушылар одағы Басқармасының көшпелі пленумдарын облыстарда өткізуді қолға алдық. Бұл бастама өз нәтижесін беріп те жатыр. Күні кеше ғана Жазушылар одағы Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп, қасиетті Түркістан қаласында «Әділетті Қазақстан: ғасырлар ғұламалары және Түркістан» деген тақырыпта көшпелі пленум өткізді.

Жазушылар одағы өзінің халықаралық байланыстарын да күшейте түсті. Шет елдердегі әріптестерімізбен шығармашылық қарым-қатынас жүйелі жолға қойылып келеді. Ең басты мақсат – ұлттық әдебиетіміздің ең озық үлгілерін басқа елдерге таныту. Осы тұрғыда әлемдік кітап көрмелеріне Қазақстанның әдеби кітаптарын да көптеп қатыстыруды қолға алу керек.

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, қазіргі цифрлық заманның талаптарына да лайықты жауап беруге тырысудамыз. Жазушылар одағы әлеуметтік желілерде күн сайын ақпарат таратып отыр. Жақында Жазушылар одағының «Қаламгер» атты Ютуб арнасын аштық. Бұл арнаның басты контенті  – қазақ әдебиетінің бүгінгі ахуалы, Жазушылар одағының тыныс-тіршілігі, ақын-жазушылардың жаңа шығармаларын таныстыру, Жазушылар одағының басылымдарын насихаттау, өмірден өткен көрнекті қаламгерлер туралы естеліктер архивін жинау болмақ.

Цифрлық мүмкіндіктерді кітаптардың электрондық нұсқаларын шығаруға, автор мен оқырман арасында тікелей байланыс орнатуда кеңінен пайдаланбақпыз.

– Аға, мерейтойлық әңгіме болса да, ашығын айтайық, қоғамда, соның ішінде жастардың ішінде Жазушылар одағы ғана емес, басқа да шығармашылық ұйымдарға қатысты бір нигилистік пікір бар. Оның мәнісі мынада: бұл ұйымдар кезіндегі советтік жүйе тұсында құрылып, шығармашылық қауымды бір уыста ұстап, басқару үшін керек болды. Сол себепті мұндай ұйымдарға қатысты олар қиғаштау пікірлер айтады...

– Бізде бір жаман әдет бар: жаңаны қолға аламыз деп, өткенді түгелдей тәрк ете саламыз. Бірақ, саясат қана емес, физика заңдары бойынша, жоқтан бар пайда болмайды. Бүгінгі қоғам кешегі қоғамның жақсылығын да, жамандығын да мұра ретінде қабылдады, соның жақсысынан үйренуі, жаманынан жиренуі керек.

Иә, советтік кезеңде шығармашылық одақтар қатаң тәртіп пен тыйымдардың және цензураның жағдайында өмір сүрді. Нақты айтсақ, коммунистік партия өз дегенін істетті. Бірақ сол кездің өзінде қазақ қаламгерлері өз заманының шындығын айта алды.

Бүгінгі жағдай болса, мүлдем бөлек: Конституция мен заңдарға сай қоғамдық ұйымдардың жұмыс істеу мүмкіндігі кең. Сол себепті 90 жылдық тарихы бар, талай ұрпақтың маңдай терімен жинап-терген тәжірибесін бойына сіңірген, ұйымдық әлеуеті зор Жазушылар одағының мүмкіндіктерін қаламгерлер қауымының еңбек, әлеуметтік, шығармашылық құқықтарын қорғауға неге пайдаланбасқа?

«Бұрын солай болған екен» деп қолда бар қазынамыз бен құндылықтардан бас тарта саламыз ба? «Битке өкпелеп, тонымызды отқа жақпайық», ағайын.

Бүгінгі Жазушылар одағы 90 жылдық тарихы бар ұйымның заңды мұрагері ретінде жаңаша жағдайда, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған, «әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидатына сай жұмыс істеп келе жатқан бірегей ұйым. Басқа шығармашылық ұйымдардың да орны бөлек, десек те, бүгінгі таңда қарапайым халыққа ең танымал әрі сан жағынан ең үлкен шығармашылық ұйым – Жазушылар одағы. Қоғамдағы осы бірегей мәртебемізді нығайта түсу үшін өз басым бар күш-жігерімді жұмсаймын. Әріптестерімді де соған шақырамын. Мыңнан астам мүшесі бар ауқымды қоғамдық ұйым болғандықтан арамызда сыңаржақ сын айтатын әріптестер де жоқ емес.  Олардың бір қателігі – өзі мүше болып отырған Одақтың жұмысына қаламгер ретінде өзінің де жауапты екенін ескермейді. Сондықтан болашақта Одаққа мүше жазушылардың өз ұйымына жанашырлықпен қарауына жағдай жасаймыз.

Әрине, кітап жазу – жеке адамның шаруасы. Бірақ та кез келген адам, соның ішінде ақын-жазушылар, қоғамда өмір сүріп, қоғамнан тыс тұра алмайды. Сол себепті қоғамдық ұйым ретінде Жазушылар одағының қоғамға, қаламгерлерге, қалың орман оқырманға берері әлі де көп деп ойлаймын.

– Зиялы қауымға қатысты қалыптасып қалған тағы бір қасаңдау пікір бар екенін айтпасам болмас. Оның да мәнісі мынада: зиялы қауым өкілдері қоғамда болып жатқан резонансты оқиғаларға қатысты дер кезінде пікір білдірмейді. Осы сынға не айтар едіңіз?

– Бұл сөзіңмен, Әміржан, мүлдем келісе алмаймын! Бұл – тым ұшқары пікір.

Жазушылар одағының мүшесі болған, большевиктік режим тұсында ұлт мүддесін қорғаған Алаш арыстарын қайда қоямыз? «Оян, қазақ!» деп жырлаған Міржақып ше? Қаламгерлер кешегі коммунистік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған қысылтаяң кезеңде де, халық тағдыры қыл үстінде тұрған қиын кездерде халқымен бірге болды.

Жазушыларымыздың «Біртұтас совет халқын қалыптастырамыз» деген тұрпайы советтік идеология тұсында тарихи тақырыптарға ден қойып, қазақтың намысын оятқан көркем шығармалар жазуының өзі не тұрады?!

Тарихқа, тілге деген империялық, коммунистік көзқарас үстемдік еткен тұста Олжас Сүлейменовтің «Азия» сынды кітабына Мәскеудегі академиктердің қарсы шығып, өре түрегелгені ше?

1986 жылғы Желтоқсанда Жұбан Молдағалиевтің: «Өрімдей жастарымыздың алаңда қырылғанын көргенше, соғыста өліп қалуым керек еді!» – деп, сол кездегі басшы Колбиннің көзін бақырайтып тұрып сес көрсетуі ше?

1987 жылы Жаңаөзен оқиғасында ұлттық мәселе көтерілгенде жазушылар қазақ жастарының жанынан табылды. 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясы тұсында да біз, қазақ зиялыларының бір тобы, тапа-тал түсте атылып жатқан мұнайшыларды ашық қолдадық.

70 жылдық тоталитарлық үстемдік тұсында ұлттық сана-сезімнің сақталып қалуында барша жазушы қауымның еңбегі бар деп санаймын. Социалистік реализмнің қасаң да құбыжық талаптарына қарамастан өмір шындығын суреттеген көркем шығармалар болмағанда, қазіргі ұлттық сана қай деңгейде болатынын бір Құдай біледі!

Осы тұста бір маңызды нәрсе айтқым келеді: халықшыл, қоғамшыл болып, елде болып жатқан әділетсіздік пен басқа да қоғам дерттерін сынау міндетті түрде билікке қарсы болу деген сөз емес! Егер де билік халық қамын ойлап, орынды шешім қабылдап жатса, оны неге қолдамасқа? Билікті қолдаудың бәрін жағымпаздану не мінезсіздік деп тану – тұрпайылық!

Өз қызметінде Жазушылар одағы дәл осы қағидатты басшылыққа алып отырады.

– Жазушыларға қатысты жыл сайын «жаңғырып» тұратын тағы бір «дәстүрлі» пікір бар. Мемлекет тарапынан, Жазушылар одағынан сыйлықтар мен атақтар берілгенде міндетті түрде шу шығады, сыйлыққа қолы жетпей қалғандар әлеуметтік желілерде ерекше белсенділік танытып, өкімет пен Жазушылар одағын күстәналап жатады. Осы жағымсыз да жиіркеншті дәстүрді  қалай тоқтатуға болады?

– Әміржан, атақ-дәрежені кім жек көреді дейсің? Ондай қасиет, әдет жалғыз жазушыларға ғана емес, адамның көпшілігіне тән пендешілік емес пе? Алайда атақтың да атағы бар.

Әрине, халқыңа сіңірген адал еңбегің, шығармашылықтағы жетістігің бағаланып жатса, оның несі айып?

Ал жыл сайын берілетін атақ пен марапаттың соңы айқай-шуға ұласуына өз басым философиялық тұрғыдан қараймын. Нобель сыйлығының берілуі де кейде сынға ұшырап жатады емес пе? Бұл беделді сыйлықтың да саясиланып кететіні кейде жасырын емес қой? Мемлекет, Жазушылар одағы тарапынан берілетін сыйлықтардың тағдырын бір адам емес, көптеген мамандардан тұратын ұжымдық комиссиялар шешеді. Әділетті шешімнің бір кепілі – сол!

Әсіресе, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын берудің тәртібін әлі де жетілдіру керек. Бізде барлық мәдениет саласының одақтары бар. Олай болса, Мемлекеттік сыйлыққа әр саладан түскен ақын-жазушылардың, өнер адамдары – актерлердің, әншілердің, сәулетшілердің сыйлыққа түсетін еңбектерін тиісті шығармашылық одақтар ғана ұсынуы тиіс. Әйтпесе, кез келген ұйым ұсына алады деген тұжырым ескірді.

Ал сыйлықтар мен атақтар берілген соң кейбір реніштердің шуына келсек, авторлардың жеке қасиеттері емес, шығармалар, олардың көркемдік деңгейі талқылансын! Өкінішке орай, бізде кей жағдайда сыншылар адамдардың жеке басына тиісіп, өз пендешілігін танытып қалып, абыройсыздыққа ұшырап жатады. Оғаштау болса да айтайын, бір есептен бұл  да дұрыс шығар: оқырман кімнің кім екенін біліп жатады...

90 жылдықтан кейін ғасырлық мерейтой да алыс емес. Алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз.

– Алдағы жұмыс жоспарларымыздың негізгі бағыты – Жазушылар одағы мүшелеріне әлеуметтік, экономикалық, шығармашылық жағдай жасау, ұйымның мемлекеттік органдармен байланысын нығайта түсу. Ең бастысы – президенттен бастап үкімет, аймақ басшылары тарапынан қолдау бар. Мемлекетпен стратегиялық әріптестік орнатып жатырмыз. Мұның өзі қоғамда қаламгерлердің мәртебесін арттыруға тиісті құқықтық жағдай жасауымызға мүмкіндік береді. Нарық жағдайында ол оңай шаруа емес, көп нәрсе мемлекеттік органдардың ұстанымына байланысты. Ол жағын ашық айтуымыз керек.

Қоғамдық үйым ретінде Одақ әдеби процесті жандандыру мен өзіне тиесілі басылымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуда мемлекет қолдауымен бірге, демеушілерді тартуды жалғастырады. Бір қуантарлығы сол – қалыптасып келе жатқан ұлттық буржуазияда көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар бар екен. Кездесіп жүргенде бір байқағаным, олар да көркем әдебиет оқи бастаған секілді...

Отандық бизнесті демеушілікке ынталандыру мақсатында «Атымтай Жомарт» марапатын тағайындадық. Салтанатты іс-шаралар аясында рухани салаға қолдау көрсеткен кәсіпкерлердің алғашқы легіне осы марапатты тапсыратын боламыз.

Сөз соңында айтарым, әлем мен айнала сан құбылуда. Ең бастысы – болмыс пен сана өзгеруде. Әдебиет адамзат өмірінің бір саласы десек, ол да өзгеріссіз қалмаса керек.

Ұлт барда оның рухани айнасы – Әдебиет те бола бермек. Оқырман барда Кітап, ал Кітап бар кезде оны жазатын қаламгерлер де болады!

Мен тағылымды тарихы, баянды бүгіні бар қазақ әдебиетінің болашағына зор үмітпен қараймын. Жаңа заман жаңа таланттарды дүниеге әкеліп жатыр. Ең бастысы – Әдебиетке деген қазіргі оқырманның ілтипаты бөлек. Көркем әдебиеттен сусындаған, талғамы қалыптасқан, білімді, кітапқұмар оқырман қауымы қалыптасып келеді.

Өз басым Әдебиет – кез келген маман қолға алып тындырып тастайтын көп кәсіптің бірі емес, Әдебиет – қолына қалам ұстаған әрбір талант  иесіне Уақыт пен Заман жүктеген Миссия деп түсінемін. Сол ұлы Миссияны барша қаламгерлер қауымы лайықты атқарады деп сенемін!

Сұхбаттасқан – Әміржан Қосан

«Қазақ әдебиеті» апталығы

№ 49-50 13 желтоқсан 2024 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1874