Түркілік тұтастық паш етілді
Қарашаның ортасы түркі тілдес халықтардың тілі, ділі, құндылықтары жаңғырған ерекше сәт болды. Түркияның астанасы Анкара қаласында орналасқан ТҮРКСОЙ мен шахардың қалалық кеңесінде бірінен кейін бірі өткен Олжас Сүлейменов шығармашылығына арналған көрме, «Түркі әлемінің аналары» дөңгелек үстелі және халықаралық көрме – өзара үндесіп, түркі мәдениетінің басты құндылықтарын толық бір арнаға тоғыстырды.
ТҮРКСОЙ штаб-пәтерінде ашылған «Олжас Сүлейменов. Масштаб. Планета. Жер» көрмесі – ақынның әдеби мұрасын көрсету ғана емес, тіл мен сөздің рухани қуатын танытты. Бұл шара Әлемге танымал қазақ ақыны, академик, дипломат, тюрколог және Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің әйгілі «АЗ и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған еді. Көрмеге «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, ЮНЕСКО қамқорлығындағы «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі директорының орынбасары Салтанат Әшімова, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Түркиядағы өкілі Ержан Уәйіс, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрағасы Назипа Ыдырысқызы бастаған делегация қатысты.
Көрме Олжас Сүлейменовтың бейнетаспа арқылы жолдаған сәлемімен ашылды. Мұнда заңғар ақын, түркология ғылымының терең білгірі «ТҮРКСОЙ» ұйымының өзіне зор құрмет ретінде осындай шара ұйымдастырғанына алғысын білдіре келіп, «ТҮРКСОЙ» жобаларының әлем көшбасшыларының адамзат алдында тұрған өзара тәуелді шешімдерді естуіне мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Ақын ұйымның беделі артқан сайын дүниежүзілік қоғамдастықтың Түркі халықтарының мәдениеті мен тарихына деген қызығушылығының да өсіп жатқанын байқағанын жеткізіп, ғалымдардың енді түркілердің тарихи ықпалы тақырыбына бет бұратынына сенім білдірді. Осы ретте заңғар ақын әлемдік өркениеттегі түркілердің орнын ескергісі келмейтінін, оның көшбасшылық ролін жоққа шығарғысы келетін пайымдар, тұжырымдарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, түркілердің тарихын V ғасырдан бастайтын қазіргі тюркология — тым жас, тым тар өрісті ғылым. Шын мәнінде түркілердің дауысы әлдеқайда тереңнен келеді.Көшпелі даланың емес, адамзат өркениетінің ең көне қабаттарынан, шумерден келеді. Пирамидалардың тас қабырғасында тұрған жазулар — тек құдайлар мен патшалардың тілі емес. Онда көшпелі даладан келгендердің ізі бар. Таңбаның ырғағы, грамматиканың тынысы — бәрі бізге бейтаныс емес .Жылнамаларда «солтүстіктен келген» деп сипатталған тайпалардың тілі мен салты — кейінгі дәуірде түркілер деп аталған халықтың ерте симметриясы. Ғалымдар оны байқамайды, ал жазба өзі айтып тұр. Ал Аппенин түбегінен табылған оғыздық қабат — біздің тарихымыздың Батысқа да барғанын, қайта шығысқа бұрылғанын көрсетеді. Тасқа түскен таңба, тілде қалған түбір — ешқайда жоғалмайды. Түркітану ғылымы осы жәдігерлер негізінде даму керек.
Одан соң көрсетілген бейнефильмде Олжас Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылығының негізгі кезеңдері қамтылды. Бұл дүниеде ақын тұлғасының ауқымы мен гуманистік миссиясы Шығыс пен Батысты сөз, тіл және мәдениет арқылы тоғыстырған рухани көпір айшықталды.
Планетарлық ақын О.Сүлейменовтың еңбектері адамзаттық гуманитарлық ойларға тартып, рухын асқақтып, ізгі қадамдарға жол бастайды. Көрменің ашылуында сөз алған «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев бұл шараның осы тұрғыдан түркі әлемі үшін маңыздылығын атап көрсетті. Қазақтың ұлы академигінің еңбектері қоғамның барлық саласы үшін терең мағынаға ие, өзекті бастамаларға тірек екеніне назар аудартты.
Көрме барысында жазушының әдеби мұралары ұсынылды. Экспозицияға сирек басылымдар мен мұрағаттық материалдар қойылып, автордың– «Арғымақтан» бастап «АЗ и Я»-ға дейінгі шығармашылық жолын көрсетті. Оның өзегіндегі ана мен тіл тақырыбы ақын шығармашылығын тұтастай біріктіріп тұрған басты идея. Сондықтан бұл шараның рухани әсерін әрі қарай «Түркі әлемінің аналары: дәстүр және қазіргі заман» дөңгелек үстелі тереңдетіп, аналық рөлді әлеуметтік және мәдени тұрғыда қарастырды. Шараның мәні – рухани сабақтастықты, аналық құндылықтарды және түркі мәдени мұраларды қазіргі қоғамға бейімдеп көрсету, таңғы көрменің философиялық бастамасын нақты әлеуметтік-көрініске айналдыру болды.
Алқалы жиында Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген ғылыми және қоғамдық ұйым өкілдері ананың түркі қоғамындағы тарихи-мәдени орны, отбасы институтындағы рөлі, қазіргі заманғы әйел көшбасшылығы, жастарға рухани құндылықтарды жеткізудегі миссиясы жайлы сөз қозғалды.
Шараға келген қазақстандық аналар делегациясының көшбасшысы Қазақстан халқы ассамблеясы жаныдағы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай өзнің айырқша ұсынысымен назар аудартты. Назипа Ыдырысқызы дқңгелек үстелде ананың зерделі, парасатты және биік мәдениет иесі болуы қажеттігі жайлы ой қозғады. Осындай қасиетке ие аналар ғана саналы, іскер, көшелі ұрпақ тәрбиелеп, ұлт сапасын көтере алатынын айтып, түркі тілдес халықтар жастарын тәрбиелеуде ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырды. Сөзінің соңында:
– Ана тату болса, әлем тату. Ендеше бүгінгідей геосаяси ахуал шиеленіскен уақытта аналардың ауызбіршілігі ауадай қажет, - дей келіп, түркі халықтары аналарының қауымдастығын құру туралы бастама көтерді. Шанай ханым бұл орайда бүгінде Қазақстанда жиырма мыңға жуық ананың басын біріктіріп отырған Аналар кеңесінің тәжірибесі негізінде халықаралық қауымдастық жұмысын жандандыруға болатынын айтты. Түркия Президенті Ердоғанның көмекшісі, көпбалалы ана Шезия ханым, Әділет және Даму партиясы төрағасының орынбасары Решидэ Юксел, Түркияның Отбасы және әлеуметтік қорғау вице-министрі Леман Йенигүн ханымдар бұл ұсынысты жылы қабылдап, түбі бір түркі аналарының байланысын нығайтуға ықыласты екенін білдірді. Отбасы вице-министрі бастаманың маңызын «Аналар ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ құндылықты ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп, қоғамдағы ізгілікті, парасатты мәдениетті алға жылжытудағы маңызды тұлға. Сондықтан аналар даналығы, өнегесі, тәрбие ісіндегі озық үлгілері кеңінен тарап, ортақ тәжірибеге айналу керек. Ұрпақ тәрбиесінде шекара жоқ. Біздің озық ойларымыз, биік ұстанымыз, тәжірибеміз ортақ игілікке айналу керек» деп айқындады.
Осылайша бұл бас қосу ана тек отбасының діңгегі ғана емес, ана түбі бір бауырлас елдердің рухани сабақтастығын сақтайтын алтын арқау екенін көрсетті. Сөйтіп дөңгелек үстел – таңғы көрмеден алынған рухани әсерді нақты әлеуметтік контекстке аударды.
Анкара қалалық кеңесінде өткен халықаралық көрме – ананың рухани, мәдени және эстетикалық бейнесін көрнекі құралдар арқылы жеткізген мазмұнды шараға ұласты. Оған қойылған 100-ден астам артефактілер, фотосуреттер, инсталляциялар, дәстүрлі киімдер бірде тарих тереңіне бойлатса, бірде сана биіктігіне көтеріп, енді бірде жаңа дәуір көкжиегіне көз салдырды. Көрмеден орын алған түркі халықтарының ұлыларын дүниеге әкелген аналар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатарында заңғар жазушы Әбіш Кекілбайдың анасы Айсәуле Жұмабай, поэзия патшайымы Фариза Оңғарысынова, тамаша қаламгер Сәуле Досжан секілді қазақ халқының тарихи тұлғаларының болуы көкейде мақтаныш сезімін оятты. Енді бұл көрме бір ай бойы жұмыс істеп, келушілерге түркі жұртының ұлы аналарымен қауыштырады.
Көрменің ең әсерлі сәті ақ кимешек киіп, қолына шырақ ұстаған жазушы Камал Әбілқасымқызы Әлпейісованың ортаға шығуы болды. Қаламгер апамыз талант көп қырлы екенін ұқтырды Оның орындауындағы “Ұмай ана” қойылымы бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ананың ел мен жер амандығы, дүние тыныштығы жайлы аңсарын паш етіп, көрмеге қатысқан барша қауымның тілегін бір арнаға тоғыстырды.
Келушілер үшін естен кетпес сәт қазақстандық аналар делегациясының өздері арнайы алып келген ұлттық дәмдерден ақ дастархан жайғаны болды десек артық айтқандық емес. Халқымыздың қонақжай пейілінің салтанаты еді бұл. Қазақ бауырсағының түр-түрі, құрты, ірімшігі жентінің дәмі тіл үйіріп қана қоймай жүректерге ерекше жылулық сыйлағаны анық. Ал, ҚХА Аналар кеңесінің “Ақ орамал” акциясы өткен кезде бүкіл келушілер иығына бейбітшілік пен келісім символы ақ көгершін қонғандай күй кешті. Түркі әйелдері үшін ардың, абыройдың белгісіней ақ орамал сол күні бірінің келініне, бірінің қызына, бірінің анасына жолданды. Өйткені, көрмеге келген ерлер оларды анасына, жарына, қыздарына таласып тұрып алды. Бұл біздің құндылықтарымыз ортақ ел екенімізді көрсетіп әрі жақындатқан ғажап рәсім болды.
Осылайша үш шара мәдени экспедицияға айналып, түркі әлемінің рухани, мәдени және әлеуметтік тұтастығын бір арнаға тоғыстырды. Бұлар тек мәдени кездесулер емес, түркі дүниесінің рухани кодын танытқан, ана мәдениеті мен тіл арқылы болашаққа бағдар берген тағылым шара еді.
Айша Құрманғали
Abai.kz