«Екі күю бір жанға әділет пе?»
Редакциядан: Осыған дейін Abai.kz ақпараттық порталында белгілі т.ғ.к., Йасауитанушы Зікірия Жандарбек ағаның тағы бір дін ғалымы, Йасауитанушы Досай Кенжетай мырзаның атына қарата жолдаған үшбу хатын жариялаған едік.
Мақала: «Досай мырза ақ пен қараны ажырататын әділ қазы ма?» деп аталған. Портал бетінде 9 желтоқсан күні жарияланды.
Жуырда редакциямыздың электронды поштасына аталған мақалаға қатысты филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ясауитанушы, фольклортанушы, ақын Болат Сағынбекұлы Қорғанбеков талдау мақаласы келіп түсті. Біз пікір еркіндігі қағидасын ұстана отырып, Болат Қорғанбековтің мақаласын Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының талқысына ұсынып отырмыз.
Ескерту: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Мақала авторының пікірі редакция ұстанымын білдірмейді және мақалада аты аталған жекелеген тұлғалар жауап беремін десе, портал бетінде жариялайтын боламыз!
«ЕКІ КҮЮ БІР ЖАНҒА ӘДІЛЕТ ПЕ?»
Қасында отырған адамға дүрбімен қарайтын, Дәурен Дариябек жүргізетін «Sadaq Media» ютуб арнасына теолог, дінтанушы, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай сұхбат беріпті. Оның болмысы мен тұлғасын бұрыннан бір адамдай білгендіктен, қайран қалмасақ та, «мұнысы несі» дедік. Сұхбат өте көлемді, 1 сағат 42 минутқа созылған. Ащы ішектей шұбалған бұл әңгіменің көп бөлігі – Досайдың бұрыннан айтып келе жатқан нәрселері. Жаңалығы – Исматулла мақсымға қатысты айтқандары ғана. Демек ұзын сонар әңгіменің басты көздегені де осы. Нақтырақ айтсақ, жала мен ғайбаттан ширек ғасырдан астам көз ашпай келе жатқан Исматулла мақсымның қара пиарын тағы да жаңғырту және қоюлату.
Досай көпшілікке әбден танымал, белгілі ғалым. Оны танымалдылыққа жеткізген қоғамда ушығып тұрған дін мәселесі ғана емес, оның ішінде, Исматулла мақсымға және «зікіршілер» атанған оның шәкірттері мен қолдаушыларына қатысты қоғамдық дау мен «Сопылар ісі» деп аталған сот үдерісі де болды. Осы істе ол көпшілік назарында болып, дақпырты мен дабырасы артып, адами және пенделік сипаттары жан-жақты ашылды. Содан бері оның Исматулла мақсым мен «зікіршілерге» қатысты көзқарасы сан құбылды. Журналист Амангелді Жұмаш жақында жазған постында оның бұрын «Бірақ онда елге деген, билікке деген реніш жоқ» деген сөзі мен осы жолы айтқан «жеті жылдық түрме бар, зорлық-зобалаң бар, соған деген өкпе бар, наз бар, билікке» дегендерін екі сөйлейтініне мысал еткен екен. Бұдан басқа да осындай қайшылықтары жетеді. Исматулла мақсымның Маһдидің нөкерімін деген жариялауына дейін ол әлеуметтік желілерде мақсым мен шәкірттерін шынайы бағалап жүрді. Бір кезде «Ясауия тариқатының ошағын маздатып отырған» жалғыз жан ретінде де көрсеткен еді. Әрине, әлеуметтік желі ақпараттарының барлығы дерлік ұзақ уақыт сақтала бермейді, бірақ сақталып қалғандарының өзінен Досайдың бұған қатысты қырық құбылғаны тайға таңба басқандай бедерленіп қалған. Кеше де: «Тыңдаса, тыңдады, естісе естіді. Ешқайсына өкпем жоқ. Светқали ағам да өзімнің ағам, Саят ол менің досым», – деді. Осындай сөздеріне қазір мүлде сенбейтін болдық. Ол Исматулла мақсымға да, Светқалиға да, Саятқа да ешқашан дос болған емес. Оның «достығының» артында салмағы, өтеуі бар. Оның доспын деп тұрып, бір мезетте дұшпаннан бетер қаскөйге айналып шыға келетінін әр жерде және аз көрген жоқпыз. Бұнысын жұрттың да байқайтынын есепке алған болу керек, өзінің ұстанымдық тайғақтығын Имам Маһди идеясына қатысты болған өзгерістей етіп көрсетуге тырысыпты. Мұнысы өтірік! Өйткені Исматулла мақсым сонау 2004 жылдың өзінде-ақ өзін «Маһдидің нөкерімін» деп жариялаған болатын. Оны Досай жақсы біледі. Сол кезде «оянбаған» жаулық қатынас қазір неге аяқ астынан туындады? Бұған менің біршама өз жауабым бар.
Досайдың «достығы» басынан-ақ уақытша болған. Әрдайым Исматулла мақсым мен шәкірттері қиындықта қалған кезде оның «достығы» артады да, олардың беделі ел алдында көтеріле бастаған сәттен кейін біртіндеп жауға айнала бастайды. Бұл құбылыс бір емес, бірнеше рет қайталанған, мен оның куәсімін. Әңгіме болып отырған Исматулла мақсымның жариялауынан кейін менің өзіме: «Ана шалдарың не деп жүр? Қайдағы Маһди? Ясауилікте Маһди идеясы жоқ» деген болатын. Мен Қожа Ахмет Ясауидің төл шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың «Ақырзаман» шығармасында Маһдидің жырланатынын айтқан кезде, оған қарсы ләм деген жоқ. Ол соған дейін Бақырғаниде Маһди ұғымның бар екенін я өзі білмеген, я мені білмейді деп ойлаған. Қайсысы болса да, шынайылық емес. Одан соң да бұл тақырып бірнеше рет көтерілді. Ең ақырында, мен Сүлеймен Бақырғанидан бастап күні кеше, кеңес дәуірінде өмір сүрген Сарымолда (Балмағамбет Балқыбайұлы) ақынның шығармаларына дейін бұл идеяның дүркін-дүркін жаңғырып отырғандығы жөнінде әлеуметтік желіде пост жарияладым. Бәрінен хабардар болып жүретін Досайдың оны оқымаса да, естімеуі мүмкін емес. Дегенмен де, осы әңгімелерден кейін бұрынғыдай Ясауи жолында Маһди идеясы жоқ дегенді шегелеп айтпайтын болды. Енді ол Құранда жоқ дегенге көшіпті. Құран мәтінінде Маһди жөніндегі хабар айқын көрінбесе де, ол хадистерде нақты айтылған. Осыны біле тұра, Құранда жоқ деу – Құран мен хадисті бір-біріне қарама-қайшы қоюмен бара бар. Әрине, бұл жердегі әңгіме сахих хадистер туралы. Демек, Пайғамбарымыз с.ғ.с. Құрандағы тұспал мәтіндерден Маһди идеясын дәл тауып, оны хадис түрінде жеткізген. Бұл жерде біз «тауып» дегенді көпшілікке ұғынықты болу үшін ғана айтып отырмыз, әйтпесе, хадистер де аят сияқты Алладан келген хабар болып есептеледі. «Алладан басқа Маһди жоқ» дегенін Пайғамбарымызға қарсылық демей, не дейміз? Маһдиді күткен адамдардың уақыты «түрмемен, сосын аяғы жаназамен бітсе», Сүлеймен Бақырғанидан бастап, Сарымолдаға дейінгі тұлғалардың тағдыры неге олай болмады? «Маһди деген сөз саяси ислам тақырыбына кіретін» болса, сол ғұламалар да саясиланған исламның өкілдері болды ма? «Өзіңді өзгертесің – дүниені өзгертесің» деген Құраннан шығатын мәнді Маһдиге қарсы қойсаң, оның арғы жағында Пайғамбарға да қарсы қойғаның. «Сырттан келіп, мені өзгертетін болса, значит мен адам емеспін» деген сөз өзіңнен басқаның бәрін мойындамау емей немене? Бүйтсек, «Единица болмаса, Не қылады өңшең нөл» деген Абайды да эпистемологиялық қателікке ұрынған деуіміз керек болады.
Бұл идея ясауилікте жоқ дегенін де дәл осыған ұқсас түрде терістеуге болады. Ясауидің төл шәкірті ғана емес, орынбасары да болған Сүлеймен Бақырғанидан бұл идеяның орын алуы оның ұстазында да болғандығын күмәнсіз айғақтайды. Қожа Ахмет Ясауидің бізге жетпеген еңбектері көп екенін білеміз. Сол еңбектердің бірінде бұл идеяның айтылғаны сөзсіз.
Досай «Құранда жоқ» дегеннен басқа, осы кезге дейінгі жалған Маһдилердің көп шыққандығын, олардың өмірінің соңы баянсыздықпен, трагедиямен аяқталғандарын дәлел етеді. Бұл «дәлелдің» де астарына терең үңілсек, негізсіз екені оңай анықталады. Оны Досай біле алмайтын дәрежедегі адам емес. Логикасы тастай, білімі де жетеді. Егер исламда Маһди идеясы жоқ болса және жалпы мұсылмандардың одан хабарсыз қалып, оған деген берік сенімі болмаса, жалған Маһдилер де шықпаған болар еді. Жалған Маһдилердің барлығы – сол мұсылмандардың сенімін пайдаланып туған теріс құбылыстар. Жалған Маһдилердің тіпті, шын Маһдидың дәуірінде де көптеп шығатындығы хадистерде айтылған. Демек, бұл фактілердің барлығы Досайдың, әлде Досайға ықпал етіп отырған өзгелердің айтылмыш көзқарасын ақиқат ретінде таныта алмайды.
Досайдың бойындағы тағы бір қайшылық иманның аздығынан немесе тіпті жоқтығынан туындайды. Өзі позитивизмді, материализмді, атеизмді терістеп, үнемі олардың зардаптары туралы айтып жүргенімен, өз танымы да олардан алыс кетпейді. Ол оның әулиелер кереметін жоққа шығаруынан да көрінеді. Тіпті Пайғамбар мұғжизасын да мойындамайды. Миғраж оқиғасын түпсаналық үдеріс етіп көрсетіп, сынға қалғаны да осыған дәлел бола алмақ. Бірнеше күншілік жердегі керуен тартқан адамдар көрген, қазіргі ғылым да ізі бар екенін анықтаған Пайғамбарымыздың айды екіге бөлу оқиғасын қалай түпсанамен байланыстырады екен деген сұрақ менің көкейімде үнемі тұрады. Құранда ғана емес, басқа киелі кітаптарда да бар Мұса ғ.с.нің асасы, Ибраһим ғ.с.нің отқа жанбауы сияқты кереметтерді де бұл қисынмен қалай мойындайсың. Досай өзінің Құдайдың кереметіне сенбейтін иманын дінтанушы ретінде жасырудың орнына оны Исматулла мақсымның шәкірттерін қаралау жолында құрал етіп қолданады.
Д. Кенжетайдың ұстазды идеалдандыру үрдісін Исматулла мақсымды ғана қаралауға қолдана алмайтыны анық. Ол – барлық сопылық жолға тән дәстүр. Сондықтан оны сопылықтың кемшілігі ретінде атап өтуге мәжбүр. Сонда әрісі түркілік, берісі қазақтық болмыс тұтастығының кепілі ретінде көрсетуге өзі тырысатын сопылықтың не мәні қалады? Және оны зайырлылық тұрғысынан терістеген болады. Сол күйде зайырлылық принципін ұстанып, қатып қалса да бір сәрі, жоқ, олай емес. «Мына жамағатшылық психологияны тоқтату керек (сонда ихуан шарты қайда қалады? – Б.Қ.). Одан кейін, сопылықтағы осындай тенденциямен жүріп жатқан чаттар бар емес па, мұның бәрін тоқтатпасақ бір күні бұл оба сияқты ғой» дегендерін қай зайырлыққа жатқызуға болады?
Досайдың Исматулла мақсымның қоғамдағы әсер-ықпалының барысын қалт жібермей бақылап отыратындығы, оның рухани ілімінің көпшілік алдында сәл болса да беделінің өсе бастағанын дереу көріп, ізінше сол ықпалды жою әрекетіне кірісіп кететіні бұрыннан да белгілі болған. Бір кезде өзі мойындаған Исматулла қаридың тақуалықтан сүрінбейтіндігі, нәпсімен күресті әбден меңгеріп, мақтанға жол бермейтіні, шариғат шарттарын қалтқысыз орындайтыны, парызбен шектелмейтіндігі, есепсіз көп нәпіл амалдарын орындайтыны, интеллектілік өткірлігі, батини ілімінің ұшқырлығы, пақырлығы сияқты қасиеттерінің бәрін бір сәтте жуып-шайып, «фанатизмге ұрынған» дей салуы еш ақылға сыймайды. Мақсымның өзін солай айтпаса да, Саятты айтқаны бәрібір сол бағалауға жатады. Жас бала болса бір сәрі, бірі қарттық, бірі жігіт ағасы жастағы, өмірдің талай өткелектерінен өткен, әбден қалыптасып болған адамдарды аяқ-астынан фанат боп кетті деу қай ақылға сияды?
Досайдың құбылмалылығы тек қана Исматулла мақсымға ғана емес, өзге де діни топтарға деген ала-құла қатынасынан көрінеді. Бұл жерде оның Маһди идеясына қарсылығы ғана емес, өзге де көпшілікке беймәлім себептерінің бары байқалады. Атап айтайын: Маһдидың шығуы жайында хабарларын неше жылдан бері үзбей насихаттап келе жатқан Құрбанәлі ишанды дәл осы дәрежеде қауіпті идеяның авторы, фанатизмге ұрынған топтың басшысы ретінде атаған да, көрсеткен де жоқ. Керісінше, оны өзінің әр түрлі жиындары мен ғылыми конференцияларының қонағы етуден шаршаған емес. Саяхатшылардың, ориенталисттердің, ғалымдардың еңбегінде айқын көрініс тапқан Қожа Ахмет Ясауи зікірінің басты қағида-шарттары мен ережелерін толық сақтаған Исматулла мақсым мен оның шәкірттерін бірде-бір ғылыми жиынға шақырып, таныстырмақ түгілі, қажет кезінде барынша тасада қалдыруға тырысады. Әрине, дәл осы тұста «Ясауи» вокалды-шығармашылық тобын Түркиядағы фестивальдарға қатыстырғанын айтып ақталуына болады. Бірақ ол өз елімізде болып жатқан шара емес. Шынтуайтына келгенде, ол мұндай аз-кем жақсылықтарын міндет қылмауы керек, ясауитанушы ретінде ол үшін міндет болуы тиіс еді, бұдан әлдеқайда артық қызмет етуі керек еді. Құрбанәлі ишанды ғана емес, басқа да дінге азды-көпті қатысы бар адамдарды Ясауи жолына қатысты етіп көрсетуге күш салумен келе жатыр. Сондайлардың бірі – Қазақстан жұртшылығы мүлдем танымайтын Ихсанулла Ахрари деген біреуді Ауғанстаннан алып келіп, ясауия шайхы етіп таныстырғысы келгені де біраз әңгіме болды. Ихсанулла да оның саяси мақсатын біліп қойған болуы керек, Қазақстанның ақпараттық аренасында бұдан кейін қайтып көрінбеді. Желіде оны шейх ретінде «танытқан» жазбалар да жоғалып кетіпті. Исматулла мақсымның інісі, ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Ахмет Торбайды ғылыми конференцияға шақырып, ағасын жамандауға мәжбүрледі. Бұл – өзіміз көзімізбен көрген жағдай. Айтпақшы, Ахмет те сол жиында баяндамасын бастан-аяқ Имам Маһдиге арнады. Маһди десе төбе шашы тік тұратын Досайды бұл баяндама неге шошытпады? Ағасын жамандай қоймаған Ахметке, модераторлығын пайдаланып, сұрақ қойып, қақпақылдап, мақсым туралы бір-екі ауыз келеңсіз әңгіме айтқызуға ықпал етті. Осы жиында «Бұл кісі кім? Ғылыми атағы бар ма? Ғылымға не қатысы бар?», – деп сұрақ қойған мені сотқа бергізуге дейін барды. Міне, оның «достығының» сиқы. Бұл да Досайдың көпшілікке түсініксіз құбылуларының айрықша бір көрінісі болды.
Ясауи ілімі мен тәжірибесінің толыққанды жалғастығы екені анық көрінетін Исматулла мақсым тағлымын ысырып қойып, Қырғызстандағы Ясауи жолының әйтеуір болмашы бір тамтығы қалған лахчилерді үздіксіз насихаттады. Исматулла мақсымды да айтқанмын, мақтағанмын деуі мүмкін. Бірақ өзге тариқаттарды насихаттау мен қажет кезінде көтермелеу жөнінен келгенде, оның Исматулла мақсым мен шәкірттеріне қатынасын салыстыруға да келмейді. «Зікіршілерді» мақтаса, ол жерде де Досайдың сөзсіз бақай есебі болатынын жоғарыда айттым. Тағы да қайталаймын, Досайдың «зікіршілерді» мақтаған тұстары – олардың басына бұлт үйірілген және қоғамға ықпалы жүрмей тұрған кездер. Шамасы, Досай олар «енді осымен бітті» деп есептеп, сол тұстан ұпай жинап қалғысы келетін болуы керек. Әйтпесе, «Сопылар ісі» кезінде негізгі тағылған айыптардың барлығы дерлік түбінде Досайдан шыққаны аңғарылады. «Маһди идеясын көтерген», «изажатсыз Ясауи силсаласын жүргізген», «Ясауи жолын пайдаланған», «шиғалармен байланысы бар» деген сияқты айыптаулардың барлығында Досай көзқарасының іздері сайрап жатыр. Досайдың «достығының» дұшпанның қастығынан да әрмен екенін осылай бағамдадық. Құшақтап тұрып, пышақ сұғатынның нағыз өзі. Мұны Зікірия Жандарбек жақсы байқаған екен: «...Бұл Маһди деп жүргендер мен «АллаТра-ны» қолдаушыларды қоғамнан оқшаулау керек, (Түрмеге жабу керек деген сөзі ғой)...», «Оның негізгі мақсаты осы жоғарыда аттары аталған жандарды түрмеге отырғызса, бар арман-мұраты орындалады», – депті ол. Шынында да, «Қоғамнан аластау керек» деген сөз, сыпайылап айтылғаны болмаса, «түрмеге қайта тоғыту керек» дегеннен айырмашылығы аз. 10 жылын азапты түрмеде өткізіп келген ақсақалға жаны ашитындай жай адамшылық, тіпті қазақшылық та жоқ.
Досайдың құбылғыштығы мақсымды жамандауынан ғана емес, оның ісін өзгеге оп-оңай тели салатынынан да байқалады. Осы жолы да Алтай қазақтарының діни білімі мен қызметіндегі бұрынғы имам Рәтбектің қолтаңбасын көргендігін асқан бір ризашылықпен, шалқыта айтыпты. Күлкілі. Әрине, Рәтбектің ықпалы мүлде жоқ та емес шығар. Бірақ одан да зор ықпалдың болғанын басқалар білмесе де, Досай біледі ғой. «Ясауи» тобы Қазақстанға, Ресейге және Монғолияға тиесілі Алтай аймақтарын түгел аралап, үш жыл қатарынан концерт берді, Ясауи ілімін насихаттады. Ол іс нәтижесін беріп, Қосағаштан, өзге аймақтардан жастар келіп, Шәкәрім медреселерінен тағылым алып қайтты. Досайдың өзі айтқандай, «қазақ халқының тарихы мен рухани тағдыры байланған» сопылық жолдың әсер-ықпалына бұрынғы муфтидің бірер баланы оқуға жіберіп, арагідік айтқан уағыз-насихаты ілесе алады ма? Осыны біле тұра, Досай «көрмес түйені де көрмес» болып отыр. Бұрын Исматулла мақсымды ислами құндылықтардың теңдессіз иесі ретінде атап, бұл жолы «өзінің надандығын ислам деп көрсетіп жатқан» деп құбыла салған Досайға таңданыс ракурсын өзгерте салу не тұрады дедік те қойдық.
Сұхбатты жүргізуші Дәурен Дариябекпен екеуінің өзара келісімі бар ма деп те түйдім. Неге десеңіз, жүргізуші бүкіл қоғам білетін Исматулла мақсымның еңбегін елеместен, әлемде жалғыз Досай ғана бар сияқты көтермелейді, дәріптейді. «Сіз үнемі ащы айтасыз ғой, жалпы» деп, теңдессіз батыл, бетке айтқыш ретінде көкке шарықтатады. Әйтпесе, Досай кім, Исматулла мақсым кім? Әдемі қызды көргенде көзі мен нәпсісіне ие бола алмай қалатын Досайды таңнан ала қара кешке дейін «елім», «жұртым» деп көзінің жасын төгіп, Құдайдан халқына бақыт тілеп отырған, қаншама адасқан жанды оң жолға бұрып, бақытқа бөлеу үшін он жыл азапты өмір кешкен Исматулла мақсымнан жоғары қоймақ түгілі қатарына қоюға бола ма?! Қазағы, елі үшін жанын беруге дайын кісіні жамандап отырған адамды осыншама көкке көтеру есі дұрыс адамның ісі ме? Досай да оның дәріптеуін одан әрі өршітеді. «Екі жұдырығым түйіп атып тұрдым» деп, министрге қарсы жасаған эмоциясын мақтанышты екпінмен әңгімелеп кетеді. Осы орайда, менің айтқым келетіні: «Сен, Досай, Түркістанда оқыған кезіңде, қасыңда жүрген студент жастарға тыныштық бермей, келіп ұрып-соғып, тонап кететін қаланың бұзықтарына қарсы осылай жұдырығыңды түйіп шықсаң жарасар еді. Жұдырықты түю мәселесі сондай кезде ғана керек. Керісінше, сен олардың алдында мүлдем басқа күйге түсетініңді өзім көргенмін. Ал сол жастардың біразын Исматулла мақсым өзі көрмей-ақ, шәкірттері арқылы-ақ дұрыс жолға баулып, елге қызмет етуге тәрбиеледі».
Дегенмен, Досайдың бетке айтқыштығын, қажет жерінде кесіп сөйлейтіндігін, түбірімен жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ол өзінің интеллектуалдық тұрғыда шамасы келетін, осы мәселеде тұралата алатын адамдардың алдындағы мінезі ғана. Ал Досайдың Түркияның бұрын мәдениет министрі, кейін ХҚТУ-дің үстінен қарайтын Өкілетті кеңестің төрағасы болған Намык Кемал Зейбектің алдында құрақ ұшып, құрдай жорғалап жүргенін өзім көргенмін. Кемал Зейбектің де шалыс кетіп, қате сөйлеген кездері аз болған жоқ. Оны өзіміз көргенбіз. Бірақ ол жерде жұдырығын түйіп, ұшып тұрған, бетіне басқан Досайды көрген жоқпыз. «Мен ешкімге жағымпаздана алмаймын» дегенін бізден басқа адамға айтса болады. Керісінше, көлеңкедей еріп, әр жағынан бір шығып жүгіріп жүрді. Сол Намык Кемал Зейбектің Өкілетті кеңесті басқарған кезінде Түркістанды, нақтырақ айтқанда, Қазақ-түрік университетін әр түрлі діни ағым өкілдері жайлағаны мәлім. Бұл жөнінде сондай бір топтың ішінде болып, кейіннен олардың түрлі жағымсыз істерінен шошыған журналист-студенттер Шарапат пен Айнұр екеуі 2005 жылы республикалық «Жас қазақ» газетінде бірнеше мақала жазғаннан кейін, Зейбектен бастап, оның командасының басым бөлігі Қазақстаннан аласталды. Депортацияланды деп айтпай-ақ қояйын. Олай десем, ресми құжат көрсетуіме тура келер. Оған қатысты артық әңгіменің керегі жоқ. Бізде көп нәрсе жабулы қазан күйінде қалады ғой. Әйтпесе бұл жағдай республикалық деңгейде дүрбелең туғызуы тиіс болатын. Осыған байланысты, ректор демалыста жүрген проректорлардың бәрін шұғыл түрде жинап, университетте жабық жиналыс өткізген. Сол екі студенттің ісін талқылап, қысымға алмақ ойлары да болған. Алайда, газет редакциясының алдын ала дайындаған сақтық шаралары мен қорғауының арқасында олардың оқуларына да, өздеріне де зиян тимей, аман қалды. Егер бұл оқиғаның саяси астары, мемлекеттік қауіпті сипаты болмаса, мұндай деңгейде қозғалыс тумас еді. Сол кезде түркиялық оқытушылардың жасырын жиындар өткізіп, бір-бірін «пилот бөлгесі (десант)» деп атап, қандай да бір астыртын саяси міндеттер бөлісіп жүргенін кезінде Зікірия Жандарбек те айтқан болатын. Досай саясат іздесе, әуелі өз қасынан, осындай жағдайлардан іздеуі керек еді. Кемал Зейбектің басқаруы кезінде көбейген түрлі діни ықпалдағылардың қандас студенттерімізге де теріс әсері көп болды. Өзім кездескен өте белсенді екі топтың тоқсан пайызға жуығы сондай діни ықпалдың шылауына шырмалып, мен олармен екі апта бойында үздіксіз сұхбат өткізгенім бар.
Кемал Зейбек Өкілетті кеңесті басқарып жүрген кезде көп уақытын Түркістанда өткізді. Қожа Ахмет Ясауи жөнінде кітаптар жазды. Кеңестік атеизмнің құрсауынан шыққан қазақ жұрты Ясауидің атын білгенімен, оның ілімінен, мәдениетінен мақұрым қалған еді. Осындай күйдегі Түркістан жұрты К. Зейбекті ясауитанушы есебінде қабылдады. Алайда, оны «ясауитанушы» деп айта қалсаң, түрік ғалымдарының мырс етіп, кекесінмен күлетінін байқап жүрдік. Сөйтсек, бұл жұмыстар Түркістан қаласы тұрғындарын түріктендіру бағытында жүргізілген екен. ХҚТУ-да жүргенімде басқа факультеттің ғылым-білімге құштарлығы бар бір студенті маған көп үйірсектеді. Сұрайтын сұрағы көп болатын. Ізденісін байқаған болса керек, Зейбек те онымен жиі сұхбаттасып жүрген. Бір күні менен ол: «Зейбек қандай адам?» – деп сұрады. Мен ол кезде түрік ағайындарының бәрін періштедей көретінмін. «Түркі бірлігін ойлаған қамқор адам ғой», – деп жауап бердім. Ол сұраулы жүзбен маған біраз таңданыспен қарап тұрды. Соныма қазірге дейін өкінемін. Сол бозбала Зейбектің «қамқорлығымен» Түркияға барып біраз оқып келді. Басқа не шаруамен айналысқанын білмеймін. Сол жігітті он жылдай араға салып Астанада жолықтырдым. Адам танымастай өзгерген. Тәкәппар. Ең бастысы, қазақты менсінбейді. Өзі шағын зауыт ашып алған екен. «Қазақтар әлі күнге дейін үкімет асырайды деген түсініктен айырыла алмай жүр», – деп қояды. Мен оның баяғы ұлтын сүйетін таза жүрегінен түк қалмағанын байқадым. Одан басқа да Зейбектің соңынан ілесіп Түркияда біраз болып келген жігіттердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, қызығушылығы, киім киісі түріктерге барынша ұқсап, тіпті, сөйлеу мәнері де түрік арасында өскен қазақтар сияқты қазақшаны акцентпен сөйлеп келетінін талай көрдім. Қайта олардың қасында Досай, «кәламді» «келам», «маламатияны» «меламатия» деп, сол сияқты көптеген терминдерді түрікшелегені болмаса, қазақы қалпын көп жоғалта қоймаған.
Зейбектің аузында Ясауи жүргенімен, ісі Ясауи жолынан алыс болды. Түрлі діни ағымдағы түркі әлемінен келген студенттер көбейді. Өзге діни бағыттағы пансионаттар қаптап кетті. Оның соңының не болғанын жоғарыда айттым. Досайдың да ясауишілігі одан алыс емес. Оның құбылғыштығының тағы бір сырын мен осы тұстан іздеймін. Қожа Ахмет Ясауидың «Кәпір болса берме, берме азар» деген сияқты концептуалдық көзқарастарын желеу етіп, Ясауи жолын жалпақ шешейлікке дейін ұрындырып жүргені осыған қатысты. Ол мәселеге келгенде, уахаби ма, салафи ма қандай ағым болсын, «шаруаң болмай өзіңмен айналысу керек» деген идеяны талай айтты. Ол үнемі радикалды ағымдармен күресіп жүрген түр жасағанымен, олардың біздің қоғамда жүре беруін іштей құптайтын да сияқты. Осы сұхбатында да: «Бұлар да ислам деп жатыр ғой. Бұлар сенің тарихилығыңды мойындап жатыр. Құндылығыңды қабылдап жатыр. Санасына сезіліп жатыр» деп бір көңірсітіп қойыпты. «Христиандықты, кришна, бірдеңе-шірдеңе қабылдап жатса» дей келіп, оның қасында бұл жақсырақ қой деген емеурін тастапты.
Дәурен Дариябектің Досайды елде жоқ, батыл, бетке айтқыш, теңдесіз ғұлама көріп, дұрысын айтқанда, көрсетіп отырғаны да Түркияға барып тіреледі ме деген ой да еріксіз туады. Сұхбаттың соңында түрікше бұлбұлдай сайрағанына қарап, Түркияда оқығандардың бір-бірін ғана мойындайтындары несі екен деген сұрақты тудырса, ол осы сұхбатты көргендіктен ғана туып отырған жоқ. Бұған дейін сан рет көрген жағдайлардан пайда болған.
Бір қызығы, Досайдың сөзі мен ісі сияқты жазбаша және ауызша мәтіндерінің арасында да айырмашылық көп. Хатталып қалатын, сақталып қалатын болғандықтан, жазба мәтінге ол барынша сақ. Ал ауызша сөйлеуде өзінің немесе өзіне ықпал етуші бөгде бір беймәлім біреулердің қалауына сай сөзін құбылта береді. Ол жолда оңтайлы қаруы да бар. Ол – өзі айтқандай, «ғылыми шаблонда сөйлеу». Ол екінің бірі бойлай бермейтін ғылыми оралымдармен қарапайым көпшіліктің санасын сарсытып, ойын он саққа бөліп, содан кейін өзінің қалауына қарай құбыла сөйлей береді. Бұны Исматулла мақсымға да қатысты айттық. Әйтпесе, Исматулла мақсым түрмеде болған кезде, ұлттық, адами құндылықтардың мақсым мен оның шәкірттерімен бірге жоғалғандығын, салафизм және өзге де рухани дерттердің өршіп кеткендігін әдемі айтқан болатын. Бұны неге айтты десек, тағы да Досайдың өз пайымына барып тіреледі. Ол сол сәтте түрменің әбден қиындығын көріп, зәрезап болған Исматулла мақсым мен шәкірттері бұрынғы ісіне беттей қоймады деп есептеген болар. Енді бұлар халыққа ықпал етуден кетті, аренадан аластатылды деп санаған шығар, әйтеуір осындай ізгі ойларын аямай өрбіткен еді.
Алайда, нәтиже Досай күткендей болған жоқ. Хикметшілер әлемді шарлап, хикмет айтып кетті. Исматулла мақсымның, төрт қабырғаның ішінде отырып-ақ беделі күрт артты. Керек болса, оны алпауыт мемлекет Ресей шақырып, бүкіләлемдік діндер жиынында сөйлетті. Ол жерде Маһди идеясын ашық айтты. Осының барлығы Досай күтпеген жағдайлар. Сондықтан да ол ежелгі қызғанышы десек аз болар, әлде идеяластарының ыңғайына орай, жаңа рөлге қайта кірді. Досайдың үнемі көпшілікті ықтырып, айтқанын өткізудегі тағы бір тәсілі – Ұлттық қауіпсіздік комитетімен байланыста екендігі және оларға өзінің дегенін жүргізе алатындығы жайындағы емеуріндер. Бұл жолы да ол сол тәсілін қолданды. Аталмыш комитет өздерінің аттарын Досайдың бұлай жеке мақсатына қалаған кезде пайдалана беруіне тосқауыл қоюы керек деп есептеймін.
Психологияда «сублиминалды жарнама» немесе «25-ші кадр» деген атау бар. Ол – адам санасының бейсаналы қабатына ықпал етіп, жалған ақпаратты орнықтырудың ойдан шығарылған әдістемесі. Киномотографиядан алынған бұл атаудың мәні мынада: адамның көру қабілеті бір сәтте 24 кадрды ғана айқындай алады. Одан тысқары кадр бірден адам психикасының бейсаналылығына әсер етеді. Ал бейсаналылықтың сана арқылы өңдеуден өтпеген түрлері адамның өз пікіріне айналып қала береді. Оны сана сараптауынан өткізетін ойшыл адамдар аз болғандықтан, ондай тәсілдің қалың көпшілікке әсері өте күшті болады. Сондықтан да сағаттап дәлел айтқан нәрседен елеусіз ғана беріле салған фактінің ықпалы артық түсіп жатады. Досай мұны да жақсы меңгерген. Көп пікірлерін дәлелмен, қисынмен айтып келе жатып, ара-арасына өзінің саясатына сай, шындықтан алыс, дәлелсіз ойларын тығып та жібереді. Мәселен, оның: «Бұрынғы біздің достарымыз бізге соғыспен келеді»; «Бұрынғы ескі достарымыз тек қана балтамен өз жүзін көрсетуі мүмкін»; «Көптеген партиялар өтірік партия»; «Нәтижеде Путинді Маһди деп тұр» дегендерінің бәрі дәл осы 25-ші кадр тәсілімен көпшілікке сіңіріп жібергісі келетін ақпараттары. Барлық адам әрекетінің қозғаушы күші ретінде жыныстық құмарлықты яғни нәпсәни күшті көрсететін З. Фрейдті өзінің ұстазы санаған К.Г. Юнгтің архитиптерін де Ясауи ілімімен осылайша оп-оңай байланыстыра салыпты. Бұл да өзінің «түпсаналық» концепцияларын бекіту үшін керек болған шығар.
Досай қанша мәдениетті, ілім-білімді, ғылымды болса да өзінің астамшылдығы мен тәкаппарлығын жасыра алмай қалып жатады. ҰҚК болсын, министр болсын, ректор болсын, ол үшін бақа-шаян деңгейінде тұратындай әңгімелейді. Дін істері комитеті сияқты құзырлы органдар мен теолог, дінтанушыларды, министрлерді Қазақстандағы дін проблемаларымен үйлестіре алатын «бір-ақ адаммын» деп ашықтан-ашық айтады. Мен бұл пікірін күлкімен ғана қабылдаймын. Мәселен, Досай өзі айтып жүргендей, дінтанушы фиқһ, кәлам, ақида сияқты ілімдерден терең білу керек деген талапқа өзі сай емес. Әрі-берісін былай қойғанда, өзі зерттеп жүрген Ясауи хикметтерінің жарық көрген нұсқаларының да мәтінін толық білмейді. Оны бірнеше рет байқағанмын. Мәселен, мен дінтанушы Асқар Сабдиннің қасында Досайдың дін проблемаларын білуі өте мардымсыз деп есептеймін.
Қорыта айтқанда, Досайдың құбылғыштығының діни, рухани мәселелерге деген көзқарасының сынаптай сырғып тұратындығының себептерін тексеру керек. Мұндай адам біздің қоғамымыз үшін аса қауіпті. Осы қалпында ол діни жамағаттардың арасында ғана емес, керек болса, мемлекетаралық жанжалдарға себеп болып кетуі де әбден мүмкін. Сондықтан да, оны түбегейлі зерттеп, Түркиямен және басқа да елдермен байланысын тексеру керек. Түркия дегенде, әңгімемді бұл жерде мемлекет деңгейінде айтып отырған жоқпын. Түркиядағы түрлі діни, конфессиялық және саяси топтар жөнінде сөз қозғап отырмын.
«Құбылу» дегенде бірден миф еске түседі. Өйткені, мифтің «этиологиялық» деген жанрлық түрі құбылуға негізделеді. Онда белгілі бір жаратылыс, табиғи және мәдени ерекшеліктер мен әлеуметтік нысандар бір түрден екінші түрге ауысып, құбылып отырады. Мифтанушы С. Қасқабасов мифтік құбылулардың адамның өте шаршағандықтан ұйықтап кетуінен, кінәлі болуынан, зор қауіптен құтылу қажеттілігінен деген сияқты үш түрлі себебін көрсетеді. Досайдың құбылуы да бұдан бір кем емес. Бірақ оның құбылуларының себептері беймәлім. Оны қарапайым адам анықтай алмайды. Анықтаса құзырлы орындар, онда да, топ болып, ұзақ зерттеулердің, тексерулердің нәтижесінде ғана анықтауы мүмкін.
Ал Исматулла мақсымға келсек, енді ол кісіні мазалауды, жөнсіз қаралауды тоқтату керек. Ол кісінің елге тигізген пайдасы қандай немесе зияны болды ма деген мәселелерді түбегейлі зерттеп білместен, енді бұрынғыша қара күйені жаға берудің мерзімі бітті деп білемін. Менің Исматулла мақсымға қатысты осы кезге дейін түйген бір ойым: ол кісіні жамандайтындардың барлығы қаралауды үнемі біреулердің тапсырысымен жасайды. Ал Исматулла мақсымды зерттеу деген мәселе мүлде қолға алынған емес. Ясауи ілімі мен Исматулла мақсымның арасындағы байланыс туралы да зерделенген жұмыс жоқ. «Ғылыми шаблонда сөйлейтін» Досайдың бұл мәселелерді неге көтермейтіні де жұмбақ. Ғылыми танымды басты орынға қоятын адамның зерттелмеген мәселені кесіп-пішіп сөз етуі де артық. Оның ақпарат құралдарында елді ақымақ көріп, қарама-қарсы екі полярда қалағанынша сөйлей беруін шектеген дұрыс. Абай атамыз: «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деп, Құдай үшін, елі үшін он жыл жазықсыз күйген мақсым сияқты жанның екінші күюін Құдайдың өзі қаламайтынын білдірсе, Досай қайта-қайта азапқа салуға құштар. Сонда Сүлеймен Бақырғаниға, басқа көптеген сопылық жолдың өкілдеріне, Абайға, жалпы қазақ халқына көзқарасы қайшы келе беретін Досай кім деген сұрақты да күн тәртібіне қоятын кез келді. Тиісті орындар осы сұрақтың жауабын түбіжіктеп іздесін.
Б.С. Қорғанбеков,
филология ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы, фольклортанушы
Abai.kz