Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Әдебиет 460 0 пікір 27 Желтоқсан, 2024 сағат 13:55

Құштарлық құпиясы – тән жұпары

Сурет: aromo.ru сайтынан алынды.

Ер мен әйелді өзара ынтықтыратын не сиқыр? Кеуде түкпіріндегі тән тілегін түртіп, сезім шарпуын үстейтін құдірет не? Көптің ішіндегі көңілің ауған бір жанға көзсіз еліктірер, жіпсіз байлар тылсым күштің сыры қандай? Заманауи зерттеушілердің еңбектері қос жыныс өкілдерінің бір-біріне деген ынтызарлығын оятатын нәрсе – кәдімгі тәннің, яғни дененің иісі екенін дәлелдеп отыр.  

Мұрынның бәрі бірдей, тек сезіну – әрқилы

Адам баласы айналадағы ақпарат атаулының 90 пайызын көз бен құлақ арқылы қабылдайды екен. Мұрын байғұстың еншісіне небәрі 2-ақ пайыз тиіпті. Алайда бізді қай мағынада болсын естен тандыруға сол екі пайыздың өзі де жетіп жатыр. Әлдекімге ақыл-естен айрылғанша ынтығуымызға да, немесе, керісінше, біреуді иттің етінен жек көруімізге де иіс сезуге икемді осы мүшеміз тікелей әсер ететін болып шықты. Онсыз көзбен көрген көркем бейне мен құлақпен естіген тәтті лебізде титтей де құн қалмақ емес.

Мәселен, сырт көзге аса жарасымды көрінбейтін жұптар таныстарымыз арасынан аз кездеспейтінін еске түсірейік. Қай жағынан да бір-біріне мүлде кереғар келетін соларға қарап отырып, кейде «апыр-ай, осылар бірін-бірі қайдан тауып, қалай табысқан?» деп таң қалатынымыз да жасырын емес. Өйткені біз бірінші кезекте жұптардың сыртқы сипатынан үйлесім іздегіміз келеді. Ал шын мәнінде бұларды табыстырған, мыңдаған-миллиондаған адамның арасынан бір-бірін адастырмай тапқызған тылсым күш – пенде баласының санасынан тысқары тұрар Тәңір сыйы, тән жұпары. Өзгеге сезілмейтін, бөтенге білінбейтін, тек өздерін ғана еліктірер ерекше дене иісі.

Дүниеде түрі бір-бірінен айнымай қалған жандар жиі кездескенімен, өзара иісі дәлме-дәл сәйкес келетін пенделер – жоқтың қасы. Сосын, бір қызығы, иіс қана емес, оны сезіну, қабылдау да – әр адамда әрқилы болады. Мысалы, сіз бұрышталған-тұздалған шалқан салатының ащы иісін жақтырмай, анадайдан-ақ тыжырына бастайсыз делік, ал ол, керісінше, менің тәбетімді аша түседі. Демек, біреуге ұнаған хош иістің екінші біреуді де дәл солай еліктіруі міндетті емес және бұл адамдардың мұрнының бір-бірінен артық-кемдігінен де хабар бермейді. Әркімнің иіс түйсігі һәм иіс қабылдау қабілеті – әрқилы, айрықша. Басқаша еш себеп жоқ.

Иіс түйсігін алдау мүмкін емес

Тақырыптың сырын аша түсу үшін хайуанаттар әлемінен де мысал келтірелік. Жан-жануарлардың ұрық шашып, ұрпақ өрбітер кезеңінде иістің қандай маңызды рөл атқаратынын түсіндіріп жату артық болар. Күйті келген биенің бойынан айғырдың аңсарын ауғызар айрықша жұпардың аңқуы, тау бұғысының өзіне жұп іздеген кезде денесінен өзге жыныс өкілдері үшін ерекше тартымды иіс бөлуі – ұрпақ жаяр уақыттың жақындағанын сездірген табиғи заңдылықтың көрінісі, санадан тыс түйсіктің нәтижесі. Былайғы уақытта бір-бірімен біте қайнаса жайбарақат жайылып жүрген үйірдің ойда-жоқта ойран-топыры шығып, жұптасу кезеңі аяқталған соң бәз-баяғы байсалды қалыпқа ауысатыны да сондықтан.

Рас, біз олардан әлдеқайда саналымыз, табиғи түйсіктен гөрі ақыл-парасатқа көбірек мән береміз, дегенмен бәріміздің жаратылысымыздың түп-тамыры бір екенін ұмытпауымыз керек. Иә, әу баста адамның да бар әрекеті иіс сезу мүшесіне бағынған. Тек дамудың келесі сатысына өтіп, орнымыздан тұрып, тік жүре алатын болған соң ғана көру-есту мүшелеріне басымдық бергенбіз. Бірақ әуелдегі иіс түйсігі сонда да санамыздан тыс жұмыс істеп тұрады. Әйтпесе жаңа ғана дүние есігін ашқан нәресте қалайша анасының омырауын адаспай дөп табады? Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, сәбилер туғанына апта толмай жатып-ақ анасын иісі арқылы ажырата алады екен!

Маугли туралы бәріміз де білеміз. Титтейінен жабайы аңдардың арасында өскен ол да бірінші кезекте жанарына емес, танауына сенген екен. Редьярд Киплинг кейіпкерінің прототипі болмаса да, сол секілді 11 жасына дейін Бразилия ормандарында өскен, 1801 жылы жалба-жұлба күйінде табылған жабайы бала – Витор да айналасындағы бүкіл зат, тіршілік атаулыны иісі арқылы ажыратқан. Арада бірнеше жыл өткенде қайта жоғалып табылған ол өз ұстазын иісінен таныған.

Адам баласы өмірде өз психикасына 70 мыңнан астам алуан түрлі иістердің әсер ететінін сезбейді де. Себебі, оның бәрі санамыздан тыс жүріп жатады. Расында да, біз иістің қандай болатынын білмейміз ғой! Оларды қалай айырамыз, бір-бірімізге қалай түсіндіреміз? Біз оларды тек ненің иісі екенін анықтап барып қана айта аламыз: мәселен, гүлдің иісі, нанның иісі, шіріген жұмыртқаның немесе қидың иісі... Иіс атаулының не жағымды, не жағымсыз түрлері ғана бар. Тіршілікте ешқандай да бейтарап иіс жоқ.

Табиғи иіске жетер ештеңе жоқ

Жазушы Патрик Зюскиндтің «Парфюмер» атты романында иіс әлемінің адам санасына билік жүргізуі, кісінің келбетіне ғана емес, өмірлік образына да тигізер әсері шебер суреттеледі. Яғни адамдар иіс патшалығының құдіретіне әбден мойынсұнған секілді. Мұны жиі-жиі суға түсіп, дезодорант пен иісмайдың түр-түрін қолдануға құмарлығымыз да дәлелдей түседі.

Шыны керек, адам баласының ойлап таппаған нәрсесі жоқ. Соның бірі – иіссу. Оларды жасау барысында да жануарлардың бір-бірін ынтықтырар тәжірибесіне сүйену жиі кездеседі. Сондай-ақ жәндіктердің назарын аударып, оларды өздерін тозаңдандыруға шақыратын өсімдік иістерін де осындай мақсатқа пайдалану мысалдары жеткілікті. Иіссуларды көп қолдануға олардың ертелі-кеш бір тынбайтын жарнамасы да аз әсер етпейді. «Үстіңізге «Акс» дезодорантын себінсеңіз, сізге селт етпейтін әйел заты қалмайды» деп күн сайын қақсап жатқан соң, қай жігіт қарап қалсын!

Алайда қазір зерттеушілер бәрібір адамның табиғи иісіне ештеңе жетпейтінін айтып отыр. Сіз қандай керемет әтір себінгеніңізбен, өзге жыныс өкілі ол жасанды иістен гөрі, бойыңыздағы табиғи жұпарға ынтығады. Өйткені ол жұпар ұрпақ жалғастыруға деген табиғи түйсікті қоздырады. Адам тәнінің төл иісін ешқандай иіссу кетіре алмайды. Психолог Хавелок Эллис «Әтірдің мақсаты – табиғи иісіңіздің жағымдылығын күшейтіп, жағымсыздығын сездірмеу» екенін сонау 1906 жылы-ақ айтып кеткен. Яғни жасанды иіссуларды өз иісіңіздің игілігі үшін ғана пайдаланыңыз деген сөз.

Қалалық жерлерде жүргізілген сауалнама нәтижесінде әйелдердің 83%-ы мен ерлердің 75%-ы парфюмерия бұйымдарын пайдаланатыны мәлім болды. Адамдардың 51%-ы оларды «денеміз жұпар аңқып тұруы үшін қолданамыз» десе, 37%-ы – «тартымдылық үшін», 3%-ы – «өз тәніміздің иісінен құтылу үшін» деп жауап берген. Сауалнамаға қатысушылардың 53%-ы «өзімді тер иісінен қорғағым келді» десе, 47%-ы «тер сіңген иісіміз өзгелерді жирендірмесін» деген ұстанымға сүйенген.

Жақсы ас жесең, жұпар аңқисың

Әтір жасаушылар иістің құдіретін жақсы білген. Мәселен, әйгілі «Шанель №5»-ті насихаттайтын жарнама мәтінінде былай делінген:

«Алтындай сары шашты ару айдында жүзген аққудай қасымнан қалқып өте шықты. Бойымды бейтаныс бір сиқыр сезім дір еткізді. Бұрын-соңды сезініп көрмеген ғажайып хош иіс! Жүрек лүпіліндей нәзік, тән ләззатындай тәтті, саз тылсымындай жұмбақ жұпар! Еріксіз бұрылып, ере жөнелгенімді сезбедім. Ауада аңқыған айрықша иіс айналаны нұрландырып барады. Ант етуге бармын: бұл – әтір емес, бұл – әйел жұпары, оның нәзік тәнінің нәрі, мені өзіне шақырған сиқырлы иіс! Торға шырмалған көбелектей күйдемін. Мен оған көрмей жатып, ынтық болдым».

Мұндай сөздерден соң әйел біткен «Шанель №5» әтірін сатып алу үшін дүкенге жүгірмегенде қайтсін...

Дене иісі қалай пайда болады, неден қалыптасады? Бақсақ, ол – біздің терімізде, жыныс органдарымыздың шырышты қабықтарында болатын көптеген микрофлоралар мен бактериялардың қызметінің өнімі екен. Тері һәм шырыш бактериялары денеміздегі тер мен май бездерінен бөлінген заттарды қорыта ірітіп, құрамы сан алуан элементтерден тұратын жаңа түзілім – дене иісін қалыптастырып шығарады. Еркек иісіне – әйелдің, әйел жұпарына – еркектің ынтызар болатын себебі, қос жыныс өкілдерінің ағзаларындағы өзгешеліктерге байланысты деседі. Бір қызығы, адам өз иісін өзі сезе бермейді. Сондықтан да «бойымнан жағымсыз иіс шығып тұрған жоқ па екен?» деген қорқыныш оның көкейінен еш кетпейді. Адамның дезодоранттарға деген әуестігі де осыдан туындайды.

Тері мен шырышты қабық микрофлорасы – адам ағзасындағы біртұтас микрофлора құрамына кіреді. Оның негізгі бөлігі – тоқ ішекте орналасқан. Яғни әлгі тері һәм шырыш бактериялары – ішек микрофлорасының «филиалдары» ғана. Демек, денеміздің иісінің қандай болуы – не ішіп, не жегенімізге де байланысты. Нағыз ағзаға қажетті және пайдалы тағамдарды ішіп-жесек, ол дұрыс қорытылып, бойымызға жақсы сіңсе, денеміздің иісі де жағымды болмақ. Ал қалай болса солай тамақтанып, дұрыс сіңбеген қалдық ас тоқ ішекте ұзақ тұрып қалып, бүліне бастаса, иісіміз қайдан оңсын?..

Дегенмен таяуда ғалымдар адам ағзасындағы микрофлоралардың белсенділігін реттейтін ас қоспаларын ойлап тауыпты. Медицинада оларды «пребиотиктер» деп атайды. Мұның өзі алдағы уақытта адам баласы өз иісін де игеруге қол жеткізетінін аңғартады.

Сәкен Әбдіғаппарұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2064