Жұма, 3 Қаңтар 2025
Алыстағы бауырым 1578 4 пікір 30 Желтоқсан, 2024 сағат 11:31

Жанарыңда адамзаттық тұр қайғы

Суреттер: 1news.az сайтынан алынды.

Ұшақ апатынан аман қалған стюардессаға арналады.

Аспансерік қарындасым, бауырым,
Алыс емес саған менің ауылым!
Сен тап болған қасіретке талайсыз
Еліңменен мен де бірге ауырдым.

Аспансерік қарындасым, батылым,
Сын сағатта сыр бермеген батырым!
Зардап шеккен жас жаныңды жебеуге
Түркі бабам қолдасын деп шақырдым.

Аспансерік қарындасым, қанатым,
Жаралы ұшақ мекен таппай қонатын,
Ажал төнген талай жанды сақтады
Қасиетті жұмсақ жері қазақтың.

Аспансерік қарындасым, арлы әнім,
Әзербайжан қалың жұртың орманың.
Пендешілік қиянаттан қисапсыз
Үзілмесін көкте самғау – арманың!

Аспансерік қарындасым, шырайлы,
Өзіңменен әлем бірге жылайды.
Бүкіл дүние, патша тағы малы да*
Көз жасыңның тамшысына тұрмайды
Жанарыңда адамзаттық тұр қайғы!

Мұхтар Кәрібай

Дипломат, публицист, ақын

* Мағжан Жұмабаевтың өлеңінен

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар