Президент сұхбаты: Қоғам белсенділері бастамаларға үн қосты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты дүйім жұрттың қызу талқысына түсті. Әр аймақтың өкілдері мен қоғам белсенділері, сала мамандары және қарапайым азаматтар мақалада көтерілген мәселелер бойынша түрлі көзқарастарын жеткізуде. Атқарылатын жұмыстарды белгілеп, айтылған бастамаларды ел болып талқылау үшін бірнеше азаматтардың ой-пікірлерін оқырманға ұсынамыз.
Әлеуметтік саясаттың жаңа үлгісі қалпытасуда...
Әкім Тұрсын, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты:
– Мақалада барлық әлеуметтік мәселелер қамтылды. Мемлекет басшысы қолға алған әлеуметтік саясат халықтың әл-ауқатын жақсартуға, балалардың болашағын қамтамасыз етуге және білім беру, денсаулық сақтау жүйелерін дамытуға бағытталғанын байқадық. Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер көп. Дәрігерлер шетелде білімін жетілдіріп жатыр. Ақпараттық технология дамып жатқан заманда бұл құптарлық іс. Денсаулық сақтау саласы бойынша Алматы қаласын алып қарасақ, көптеген мақсат-міндеттерге біртіндеп жетіп жатырмыз. Қазіргі таңда азаматтарға сапалы медициналық қызмет көрсетілуі керек, жақсы жағдай жасауымыз керек. Осыған байланысты МӘМС бойынша алдағы уақытта орындалуы тиіс нақты тапсырмалар бар. Онкологиялық скрининг, кепілдендірілген медициналық көмек мәселелері қаралып жатыр. Алматы қаласы бойынша Мәслихат бірыңғай емханалар стандартын бекіттік. Емханаларда ерекше жандарға қатысты инклюзивті бағытқа көңіл бөлу, педиатриялық бағыт бөлек болуы тиіс, ересектерді қарайтын блок жеке болуы тиіс. Осы мәселелерді көтердік. «Балаларға арналған ұлттық қор» атты бірегей бағдарламасы аясында жас ұрпақ Ұлттық қордан төлемдер ала бастады. Ұлттық қор активтерінің тұрақты өсуі мен қосымша инвестициялық кірістің түсуі есебінен төлемдер жыл сайын ұлғайып отырмақ. Қазіргі уақытта 6,9 млн астам бала қолдауға ие болды. Мұндай бастамалар әлеуметтік теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
Білім саласындағы «Жайлы мектеп» бағдарламасы қабылданды. Президент барлық мектеп бір ауысымда оқуы тиіс деген тапсырма берді. Алматы қаласында мемлекеттік-жекеменшік форматында қолжетімді сапалы білім беретін жобалар жұмыс істеп жатыр. Білім сапасына қатты мән берілді. Мәслихат тарапынан жайлы мектептерді бақылау, қадағалау жүргізілуде. Одан бөлек жекеменшік мектептерге жағдай жасалынуда. Алматыда мектеп салынса оның инфраструктурасын құрып беру, паркинг салу секілді мәселелерге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп жатыр. Ондай кейстер қаламызда бар, бірнеше мектепке сондай жағдай жасалған. Ең бастысы елімізде әлеуметтік саясатты жетілдіру үрдісі жақсы жүруде.
Сондай ақ көңілімізден шыққан жері Президент тиісті Жарлыққа қол қойып, «2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама әрине көңілімнен шықты. Бастама жұмысшы мамандықтарға құрметпен қарауды дәріптейді, бұл жастарға нағыз маман болып қалыптасу үшін үлгі болмақ. Медицина саласының қызметкерлері бар, шағын және орта бизнесте еңбек етіп жүрген жұмысшылар бар, қарапайым еңбек адамдарын ұлықтау керек деген сөзі бізге үлкен дем берді.
Үкіметке берілген тапсырма деп қабылдадым!
Ғалымжан Керімбек, экономист:
– Мағыналы, ауқымды сұхбат болды. Президенттің Үкімет пен Парламентке үлкен сенім артып отырғанын аңғардым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда болып жатқан барлық жағдайдан хабардар. Президенттің ел дамуының негізгі мәселелеріне қатысты ұстанымдары мен көзқарастарын, басымдықтарын анық аңғардық. Негізінде экономика заңдылығы бойынша Үкімет болсын, мейлі жеке тұлға болсын, әрнәрсенің өз жоспары болуы тиіс және сол жоспарға сәйкес іс-әрекет жасаған абзал. Жоспарды алыс болашаққа емес, жақын жылдарға құрған дұрыс деп есептеймін. Осы мақалада Президенттің айтып отырғаны - бір жыл көлемінде атқарылуы тиіс шаруалар. Демек 2024 жылы не істелінді? 2025 жылы не істелінуі керек деген сауалдарға нақты жауап берілді. Жоспарымыз да дайын, тек әрекет қажет.
Үкіметке экономиканы әртараптандыру, теңгенің құнын арттыру тапсырмасы берілді. Өйткені бұл бүгінгі күннің ең көкейкесті мәселесі болып тұр. Өткен жылы теңге қатты құнсызданды. Бұған қатысты шаралар қабылдануы тиіс. Одан кейін орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, салық, несие, халықтың жалақысы, әлеуметтік жағдайы да толғандырады. Сұхбатта айтылған дүниелерді Президенттің Үкіметке, жергілікті басшыларға берген арнайы тапсырмасы деп қарастырамын. Еліміз озық елге айналуы үшін экономиканың барлық саласын дамыту қажет деп есептеймін.
Әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат бойынша көш бастап тұрмыз
Қазбек Дәуітәлі, заңгер:
– Сұхбатта қойылған 33 сұрақтың барлығы бүгінгі қоғамның көкейінде жүргендей өте өзекті болды. Бұл қатардағы сұқбат емес, «арнайы үндеу» ретінде қабылдануда. Осыған орай менің ойымша, Президент билігін зерттеушілердің құлағына алтын сырға деуге болады. Өйткені үндеудің екі түрі бой көтеріп отыр, біріншісі ресми, яғни заңмен бекітілген тәртіппен іске асады. Ал екіншісі бейресми, бұл дегеніміз мемлекеттік газеттердегі сұқбат, Ұлттық құрылтайдағы баяндамалары, үндеулері және тағы басқалары.
Бейресми үндеулерді қарап жүріп өзім бір артықшылық байқадым. Ол ресми форматқа сыя бермейтін кейбір түйткілді мәселелерге қатысты позицияны білдіруде қолайлы болып табылады. Мысал келтіре кетсек, Қазақстан қоғамының дінге қатысты дәстүрлі ұстанымы туралы пікірді Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында жария етті.
Жалпы журналист қойған сауалдар ішкі және сыртқы саясаттағы маңызды мәселелерді қамтыған. Шамамен 8 сұрақ сыртқы саясат тақырыбы туралы өрбіді. Қалғаны ел ішіндегі маңызды оқиғалар, гәлеуметтік саясат, қоғамдағы түрлі көріністер туралы болды. Кей жерлерде Президент жеке ұстанымы мен қарым-қатынасын ашық баяндайды. Өз басым Мемлекет басшысының саяси-құқықтық көзқарасын анықтау маңызды деп пайымдаймын. Себебі посткеңестік Қазақстандағы президенттік биліктің халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық-саяси ахуалға ықпалы өте зор. Мемлекет басшысының «Заң үстемдігі – демократияның ең биік шыңы» деп тұжырымдауы, оның көзқарасына легизмнің де тән екендігін аңғартады. Бұл дәстүрдің артықшылығы – үздіксіз және жүйелі реформаларды жүргізумен тікелей байланыстылығы. Сондықтан да саяси-қоғамдық трансформация мен экономикадағы өтпелі кезеңдер легизмнің өзектілігі мен құндылығын арттыра түседі. Алайда, бұл қысқа және ары кетсе орта мерзімді стратегияда ғана тиімді екендігін ескеруіміз қажет. Айта кетелік, Қазақстан бүгінде – әлеуметтік мемлекет. Бұл бұлжымайтын факті. Президент былтырғы Жолдауында республикалық бюджеттің 50% әлеуметтік салаға жұмсалатындығын айтқан болатын. Ең дамыған Скандинав елдерінде бұл көрсеткіш 60%-ды құрайды. Посткеңестік елдердің ішінде көш бастап тұрмыз.
Қоғаммен диалог орнатудың керемет үлгісі
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
– Президент Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан идеологиялық бағыт анық аңғарылады. Сұхбатта сөзсіз, саяси стратегиялық даму форматы көрініс тапқан, Үкіметке, Парламентке, атқарушы билікке бағыты берілген. Негізі, өткен жылы қоғамда жиі талқыланған мәселенің бәрі қамтылып, шешімін тапқанымен ерекшеленеді. Әсіресе, Үкіметтің жұмысы, экономикалық мәселе, теңгені құлдырап, доллардың қымбаттауы, жемқорлықпен күрес, саяси жүйе, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, сыртқы саясатты дамыту, қазақ тілінің өркен жаюына қатысты мемлекет басшысының пікірлері айтылыпты. Мемлекет басшысы халықаралық дипломатияның дағдарысына және көпжақты институттардың түйткілдеріне қатысты мәселелерді атап өтті. Еліміздің халықаралық саясаттағы алар орны, айтар сөзі және халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастыққа берер көмегі де тілге тиек болды. Қысқасы, қамтылмаған тақырып қалмады. Жалпы алсақ, бұл қоғаммен диалог орнатудың керемет үлгісі. Алып-қашпа әңгімелерге өз нүктесін де қоятын, әрі келешекке жоспар құрған келелі сұхбат шықты.
Abai.kz