Мансап мастығы
Әпсана-эссе
Мейманасы тасыған Самұрық деген қағанның бірі-бірінен өткен қызық пен шыжыққа толы ғұмырының бір күні ойын-той, бір күні сән-салтанат, бір күні жиын-жиналыс, кейбір күні саятшылықпен өтіп жатады.
Қаған ығай мен сығай нөкерлерін ертіп тағы бір алыс салбурын саятқа шығады. Сайын даланың үйір-үйір киігін қуа-қуа төрт тарабы бірінен-бірі айырғысыз сағым қуған бетбақ далаға шыққанын саятшылар сезбей де қалады.
Қайтар жолда ыстық аптапқа ұшыраған қаған тобының ауыз суы таусыла бастайды. Қағанды шөлден аман алып өту үшін алдымен қосшылар, онан кейін атшылар, одан кейін бапшылар... дегендей үлкен топтағылар өз-өз дәрежесімен үлес сусындарынан бас тартып жолда қала береді. Үшінші күні қағанның бас уәзірі өзінде қалған жарты торсық суын қаған иесінің қолына ұстатып, кеберсіген ерінімен бір мезірет айтып ол да айдала қалады.
Тағы бір күн өткенде небір шөлден жұлдыздай ағып өте шығатын қағанның ақ тұлпары да қайнаған аптаптан жер сүзе құлайды. Ең соңында қағанның сенімді күзетшісі ілбіс пішінді көк тазы да ұзын қызыл тілі одан әрі ұзара салақтап, бір төбеде шоқиған күйінде ол да иесіне қош айтысады.
Иен түзде жападан-жалғыз қалған қаған ең соңғы сарқын суын қақалып-шашала жұтып, бағытын да ұмытып ілбіп келе жатса, сексеуіл түбінде отырған біреуді көреді.
Құтқарушысы алдынан табылғандай қуаныштан есі шығап, сенделе басып әлгі жалғыз адамның алына келсе, басына бақырдай ғып сәлде ораған, жалаңаш етіне шекпен киген, жалаңаяқ табаны көнтеріге айналған дәруіш екен.
Келген адамды көрсе де көрмегендей көкжиекке көзін сүз.е.е.е.п жайбарақат отыр. Қаған қарлыққан дауыспен:
«Мен осы елдің ханымын, ізет-сәлемің қайда!?» деп, ақырды. (Ақыратын дауыс қалмаса да солай ойлайды) Дәруіш қоңыр дауыспен үн қатты:
«Иә, көріп отырмын, хандық деген сарайда ғана болатын нәрсе ғой, сахарада қайдағы хандық?» деп, таңданды.
Қаған осы кезде айналаға бір сәт көз салды да «а, мына дәруіш рас айтады-ей, анау аспандағы ақ бұлт басқа жаққа жаууға өз жайымен көшіп барады, мына тас төбеден күйдірген Күн де мені тыңдамайды, айдалада алаңсыз ұшып жүрген бозторғай да маған жалынышты емес... мынау дәруіш көлеңкелеп отырған сексеуіл де менен ештеңе сұрамайды ғой... сонда бұл дәруіш те менің хандығымды не қылсын!?» деп ойланып, алғаш рет қағандықтың түкке тұрғысыз екенін мойындап, жуаси қалды.
Ханның көзі дәруіштің мойынындағы асып алған тері торсық пен көнқапқа түскенде құрғап қалған тамағын жұтынып:
«Суыңнан берші, ей бейтаныс жан!» деді, хан жұп-жұмсақ дауыспен. Дәруіш:
«Сахарада су өте қымбат екенін білесің бе, адасқан адам. Мен түні бойы күзетіп отырып тамшыжапырақтан күні бойы ішетін суымды жинап аламын. Бір тостақ судың ақысына не бересің?» деді. Хан көзінен үміт оты жылт етіп:
«Бүкіл байлығымды!» деді. Дәруіш:
«Оған кепілдік керек!» деді. Хан белдігінен мөрін шығарып, алтын кісесінен қағаз алып қолхат берді.
Дәруіш мөлтілдеген бір тостақ суды ханға ұсынды. Хан малдас құра отырып, тостақтағы суды ауызына таятқанда өмірі бастан кешпеген ғажап күйге бөленді. Судың иісін сезді, сондай пәк, таза осы жасында еш түйсінбеген ғаламат иіс!
Тостақтағы суға көзі түскенде оның мөлдірлігіне тәнті болды, сансыз тамшы жиналып әрбірі өзіне мөлдірей, мүсіркей қарап тұрғандай көрінгенде, аяныш сезімі ханның кеудесінде жас сәбидей іңгалап, сонау періште балалық шағына оралғандай көзі жасқа шыланды.
Суға еріні тиігені сол еді, сөз жеткізсіз шәрбат дәмнен тілі ғана емес, бүкіл өнебойы ләззатқа бөленіп, құлағалы тұрған денесіне күш бітті. Хан дүр сілкінген қырандай серпіліп, енді бір тостақ су ішсе еліне жететіндей сеніммен:
«Ей, қайырымды жан, тағы бір тостақ су берші!» деді, өтінішпен. Дәруіш:
«Оның да ақысы бар» деді. Хан:
«Бүкіл сұлу әйелдерім мен бала-шағамды түгелдей!» деді де, айтқызбай-ақ, мөр басылған қолхатын ұсынды. Екінші тостақ су ханды аяғынан тұрғызды. Енді, үшінші тостақ суды ішсе, тіпті, қанат бітіп ұшып та кететін сияқтанды. Хан:
«Ей, мәртебелім! Тағы бір тостақ су қайырым етші!» деді, жалынышты үнмен. Дәруіш:
«Иә, сенде енді беретін нәрсе қалды ма?!» деді. Ханның дауысы дірілдеп, амалсыздық пішінде:
«Алтын тағым мен бүкіл билігімді де саған қидым!» деді.
Хан дәруіштің кепілдік сұраған сөзін естір-естімес күйде, қалтырған қолымен соңғы қолхатын да жазып ұсынды.
Жаны мен алтын тағы таразыға түскенде, алтын тақтың үстінде мәңгі жасайтындай жайсаң болып жүрген асқақ хан, тірішілік көзі бір тостаған судың алдында ең мүсәпір кепке түсті.
Тордан босаған құстай асқан мансапқорлықтың тұтқынынан босанған сәтте Қаған әлгі дәруіштің көз алдында қара қарғаға айналып аспандай ұшып көзден таса болды.
Дәруіш өзіне ханның қалдырған үш қолхатын сахарада соғатын кешкі самалға ұшырып отырып, рахаттана күлді.
«Апырай-ай! Адамдардың ең қымбат санаған үш нәрсесі үш-ақ тостаған судың құнындай екен ғой! Сонда да, алтын тақтың мәнсабы байлық пен әйелден де артық болып тұрғаны, адамның асқан мәнсапқор екенін әшкерелеп тұр-ау! Мен бұл қасіреттен құтылатын жолды өзімше тапқан екенмін ғой. Міне, Құдай менің көзімді соған жеткізді...» деді, мұңая ойланып.
Ал, дәруіштің өзі осы мансапқорлықтан қашып жүрген көрші елдің ханының үлкен ұлы еді. Сахарада адасып өлді, деген желеумен ел есінен мүлде ұмытылған-ды. Еркін далада киік сауып, бүкіл тірліктің тілін тауып, жаратылыстың Жаратушы Иесін танып, жалғыздықтан жаны жай тапқан жан болатын.
Адамзат тарихында шығыс пен батысты түгел бағындырып, аң мен құсқа да, жын-шайтанға да билік жүргізіп, балқыған мыстан көлдей тегене құйғызып... бүкіл бұйрығы қабыл болып, алып елді басқарып мансаптың шыңына шықса да, мансапты тек әділет жолына жұмсай білген Сүлеймен әлейхсәлам әділ қағанның үлгісі еді.
Одан кейін, Хақ дінді жер жүзіне таратудың жолын салған Хазреті Омар өз халқы не ішсе соны ішіп, не кисе солай киініп, сарай салмай, таққа отырмай, кемшілігін айтқандарға сыйлық беріп, өзін мақтағандарға айып салып, мансапты мансапқорлыққа емес, халыққа қызметке айналдырған соңғы Пайғамбардан кейінгі биліктің ұстазы болды.
Ал, біз болсақ, мансапты аярлыққа айналдырған, аярлықты ақылдылық санаған, мансаптың халыққа қызмет етуші жай құрал екенін тарс ұмытып, халықты мансаптың құлы болдырған, құл болуға көнбегендерді бүлікшіл деп айыптайтын сырқат санаға ұшыраған пақырлармыз.
Сөйтіп, «супермансапқорлық» деген сұмдық дертті бәріміз жабыла өзіміз қолдан жасап алып, енді соның бәлекетінен құтылудың жолын таба алмай қырғынға ұшыраудамыз.
Абай Мауқараұлы
Abai.kz