Жылан жылы жұтам деп емес, қазынаңды күзетем деп келсін!
Сөз басын келген жылдың атымен бастауды жөн көрдік...
«Жылан жылы» қазақ дүниетанымында ежелден қиыншылықтар әкелетін, осы жылы аса сақ болу керектігін ескеретін жыл ретінде қабылданып келетіні жасырын емес. Оның да жөні бар, өйткені, табиғатпен етене араласқан қазақ халқы табиғаттағы тіршілік иелерінің пайдасы мен зиянын қатар саралап отыруға үйренген. Сөйтіп, ол осы түсінікті «жылдың атына» жалғап (проекциялап), жылға соған сай анықтама беретін болған. Соның бірі – жылан.
Әдетте, кез келген мақұлықтың «пайдалы‑зиянды» жағы оның адам өміріне тигізер әсерімен бағаланады. Мысалы, «қой» ‑ мамырлаған бейбіт өмір көрінісі, «жылқы» ‑ тұяғы қатты болса да, адамның өресін кеңейтетін, оған қанат бітіретін киелі жануар, «доңыз» ‑ тоңмойын жануар ретінде табиғи апаттарды әкелуі мүмкін және осылай жалғасып кете береді. Сол қатарға «жылан» да енеді: «жылан» ‑ тасада жатып шағатын, адам өміріне қауіп төндіретін, үйге енгені «жаман ырым» саналатын жәндік қатарында. Осы тұрғыда «жылан», «шаян» және бірқатар жылдар «қауіптірек» саналады.
Бұл, бәлкім, дұрыс та шығар, себебі, жыл мен жыл бірдей болуы мүмкін емес. Ендеше, табиғат аясында өмір сүретін халық тек қана жыл мезгілі мен айларын есептеп емес, сонымен қатар, он екі жылдық циклды да бірыңғай «жануарлық» ретке келтіріп, соған сай өмір сүру тәжірибесін өзгертіп, жетілдіріп отыруы заңдылық болса керек...
Дегенмен, қазақ халқы ондай жылдардың қатеріне қарсы тұратын «өз имунитетін» де қатар алып жүруге бейімделген. Мысалы, «келген жыланның басына ақ құйып, үйден шығарып жіберу» ырымын осыған жатқызуға болады. Неге десеңіз, қазақ дүниетанымы антропоморфизмге толы: қазақ қаласа «тасқа да тіл бітіреді», «әр жануардың өз киесі бар» деп санайды, оларға да белгілі бір деңгейде «саналы тіршілік» тән деп санайды. Сол себепті, үй маңайлаған бөрінің бөлтіріктеріне тиіспейді, жүрген жерінің табиғи ареалын ластауға жол бермейді: ешбір себепсіз шөпті жұлмайды, жәндікті жаншымайды, құс қанатын қырқпайды...
Міне, биылғы келген жылан жылын қазақ халқы осындай дүниетаныммен, осындай дәстүрімен қарсы алды деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, жылан да өз қазынасын қызғыштай қоритын тіршілік иесі, жәндік... Оны әлеуметтік желіні бақылап отырып анық байқауға болады. Соның нақты мысалы ретінде бір ғана жазбаны келтіру жеткілікті деп ойлаймын. Себебі, ондағы Астана «Ел ақсақалдары кеңесі» қоғамының атынан берілген батада қазақ дүниетанымы өте дәл көрсетіліпті:
Келген Жылан «шағаман» деп емес ‑ елге «жағамын» деп келгей,
«Жалмаймын» деп емес ‑ «кем кетігін елдің жалғаймын» деп келгей,
Ұлу салған ылаңды ‑ жалап-жұқтап жоқ қылам деп келгей.
Мал толтырып далаға ‑ халықты тоқ қылам деп келгей!
Жанұяны баққа ‑ дастарханды асқа толтырам деп келгей!
Тәңіріміз берекелі, мерекелі отбасы болуды нәсіп еткей!
Жаңа жыл табысты болғай!
Тілек қабыл болсын!
Тиыштық Байзақұлы,
Елорда ақсақалы.
Енді осы батаны қабыл алыңыздар Қазақ Елі! Жылан жылдарыңыз құтты болсын, құт‑береке әкелсін!
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz