Бейсенбі, 9 Қаңтар 2025
Мәйекті 624 2 пікір 8 Қаңтар, 2025 сағат 14:15

Біз білмейтін Құнанбай...

Сурет: baribar.kz сайтынан алынды.

Жазушы Таласбек Әсемқұловтың сценариі бойынша режиссер, актер Досхан Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» фильмі – қазақ киносындағы тарихи қаһармандар қосынына қосылған қомақты үлес екен. Киноны көргеннен кейінгі алғашқы түйген ойымыз осы болды.

Жасыратыны жоқ, біздің бар білетініміз – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай. Оны да ұлы жазушымыз өз басы сол заманда біраз түртпекке түсіп, қыспаққа алынған соң, кемеңгер Абайдың кемел бейнесін аман алып шығу мақсатында, саясаттың салқынына құрбан еткен жартыкеш тұлға, жағымсыздау образ еді. Яғни әу баста Әуезов ойға алған толыққанды Құнанбай емес-ті. Бірақ кейінгі ұрпақ Абай әкесін сол кеңес заманындағы көзқараспен – аса қатал, өте діншіл, тым ескішіл деп қабылдағаны анық.

Ал кинодағы Құнанбай бізге басқаша әсер етті. Экраннан біз әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын, әрбір сөзін екшеп айтатын, шешім шығару үшін ұзақ ойланып-толғанып, таразы басын тең ұстауға тырысатын, әр байлам-кесімінің ар жағында одан кейінгі ел іші, адам тағдыры қалай боларына алаң көңілі сезіліп тұратын дана Құнанбайды көрдік. Қодар-Қамқа оқиғасын естіген замат «ел ішіндегі жел сөз болар, қағыс естіген біреудің қауесеті шығар» деп, жігіттерін жай-жапсарды анықтауға, нақты куәлер табуға жұмсауы – ашуын ақылға жеңдірген сабырлы жанның мінезін ғана емес, «біздің елде ондай сұмдықтың болуы мүмкін емес» деген ішкі үмітін, «жалған ақпар болып шықса екен» деген жанашырлық тілеуін аңдатады. Өкінішке қарай, атасы мен келінінің масқарасы рас болып шығады да, Құнанбайдың ру билерімен ақылдаса отырып, қатаң шешім қабылдауына тура келеді.

Осы бір олай тартсаң өгіз өлетін, былай тартсаң арба сынатын дүдәмал дау туралы толғану барысында оған көпті көрген анасы Зеренің қосқан ақылы да көкейге қонымды көрінеді. Тап осы көріністе режиссер-Досханның керемет шешіміне куә боламыз. Киіз үй іші. Зере анамыздың жанында от жанып жатыр. Құнанбай сәл арырақта ойланып отыр. Құнанбайды ірі планмен көрсеткенде оның екі жағында да от алаулап тұрғандай болады. Қодар мен Қамқаны жазасыз қалдырса – мұндай масқараға кешіріммен, тіпті көз жұма қарағаны болмақ, ал ол екеуін жазаға тартса – рулы ел, қауым жұрттың назасына қалуы да мүмкін, яғни екі оттың ортасында тұрған бидің тығырыққа тірелген кейпін керемет тұспалдайды.

Ел ішіндегі басқа да дау-дамай, барымта-жанжалдардың түйінін шешуде де Құнанбайдың қара қылды қақ жарар әділдігі, алдымен ел тыныштығын ойлайтын кемеңгерлігі байқалып отырады. Оязға арыз айдаушылардың жаласымен абақтыға жабылып, тергеуге түскенде де оның сөзге шешендігі, ой алғырлығы, ұстанымына адалдығы көрініс табады. Орыс майоры қандай қитұрқы сұрақ қойса да, Құнанбай дәлел-дәйегімен қарсы уәж айтып, шенеунікті сүріндіре береді. Кенесарымен қандай байланысы барын, оған Тәттімбетті не үшін жұмсағанын тәптіштеп сұраған ұлыққа шынын айтып: «Мен өз қазағыма қарсы оқ атпаймын деп орта жолдан аттың басын тарттым. Өйткені мен ең әуелі Алланың құлымын, сонан соң барып патша өкіметінің қызметкерімін», – деп жауап береді.

Қажыға барғаны, мешіт салдырғаны, мектеп ашқаны кинода нақты көрсетілмесе де, оның түрмеде де қолынан кітабы түспеуі, киіз үйдің бірінде әлдебір жас молданың балаларға «әліп», «би» жаттатып жатуы, фильм соңында бала Абайды ертіп Зере анасының басында Құран оқытуы, күмбезі күнмен таласқан мешіт үйінің көрінуі – мұның бәрі Құнанбайдың дінге берік, иманы кәміл адам екенін байқатады. Құнанбай-Барақ линиясы да жақсы шыққан: бастапқыда үнемі дауласып, көзқарастары үйлеспей, пікірлері келіспей, былайғы жұрт «бір-біріне ата жау» санап жүрген екі би ақырында құшақтасып табысады. Құнанбай итжеккенге айдалып бара жатқанда, Барақ би қисапсыз жылқысының қыруарын шығындап, кепілге төлеп, биді құтқарып қалады. Жанына топ жігіт ертіп, жолдан қайтарып алған Құнанбаймен көрісіп тұрып, Барақ: «Бекем бол, би, Зере анамыздан айрылып қалдық», – дегенде кейіпкерлермен бірге жүрегі қан жыламайтын, көңілі босамайтын жан болмас, сірә.

Өкінішке қарай, екі-үш-ақ рет көрінетін бала Абайдың ойыны да, сөйлеуі де шынайы шықпапты. Бұл – тек «Құнанбайға» ғана емес, жалпы кейінгі жылдардағы қазақ киносына тән кемшілік. Талантты балаларды таба білмейміз бе, әлде сол жеткіншектерді жетелеп, шынайы ойната алмаймыз ба – әйтеуір бір кемшілігіміз бар. Сосынғы бір мәселе – киім мәселесі. Қазақта қара, қоңыр, қарақоңыр, сұр, қарасұр түстерден басқа түс болмаған ба мүлде? Фильмдегі Құнанбайдан басқа қазақтардың бәрі осындай сүреңсіз, сұрқай киініп, өздерінің де, туындының да реңін бұзып-ақ тұр. Кейбірінің шекпен-шапаны тіпті малқораның ішінде әлденеше рет тайып-жығылып тұрғандай қи түстес, көң сипаттас, шалдың шақшасындағы насыбайдай күңгірт жасыл бірдеме. Тым болмаса қыз-келіншектерді жөндеп һәм сәндеп киіндіруге болмас па еді? Олардың киімдерінің түсі де жаңағы сұрықсыздықтан асып кете қоймаған: түсі оңыңқырағандай сезілетін ақшыл немесе сұрғылтым көйлек, киіз үйдің өңіне ұқсас қоңырқай қамзол, т.б. Сонда қызғалдақтай қан қызыл, раушан гүліндей ашық қызыл, сарғалдақтай сары, жыңғылдың күлтеленген ұшындай күлгін, масаты майсадай жасыл, көркем көлдей көгілдір, мамық мақтадай аппақ, қырмызыдай қызғылтым түстер қайда? Мозаикадай сан құбыла құлпырған осы рең-бояуларды, нақыш-өрнектерді құрығанда қыз-қырқындардың киімдерін әсем кейіптеу үшін сәтті пайдалануға болар еді ғой.

Дау болған тағы бір көрініс – фильмнің басындағы жалаңаш әйелдің тісімен «бұйда шешуі». Мәселе ондай салттың қазақта болған-болмағанында емес. Болған екен делік, алайда соны экранға алып шығуда қаншалықты мән бар? Д.Жолжақсыновтың өзі сұхбатында «Мұны алып тастағанда да, қалдырғанда да ештеңе өзгермейді» депті. Сонда «ештеңе өзгертпейтін» көрініс фильмге не сән беріп тұр? Онысын білмедім, бірақ бір зияны – бұрын әке-шешемізбен де, ұл-қызымызбен де бірге отырып кино көре беретінбіз. «Құнанбайдың» бас жағындағы әлгі эпизодта мен – әке-шешемнен, балаларым – менен ұялып отыратын болдық. Сол ғана...

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір